Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

3.5.3 Тілтаным теориясының универсалды антропологиялық ұстанымдары

Кезінде К.Аханов «Тіл білімі «Адам баласы қай заманда және қалай сөйлеп үйренді?» деген сұраққа жауап беру барысында антропологиямен жақындасады. Антропология – адамның биологиялық табиғаты, органикалық тіршілік ішінде адамның алатын орны, алғашқы адамның пайда болуы, адамның адам тәрізді жануардан айырмашылығы, көне заман мен қазіргі замандағы адамның морфологиялық типтері туралы ғылым» [2; 26-б.],- деп көрсетті. Танымдық ғылымның да нысанын адамзат атаулының ойлау әрекеті, оның қабылдау мен пайымдау өзгешеліктерін қамтитын ментальды процестері құрайды. Бүгінгі күні тілтанымның өзекті ғылыми ұстанымдары қатарында антропологиялық немесе антропоцентристік тұжырымдарды зерттеу, олардың уәжді қорытындыларын дәйектеп талдау да аса қажет міндеттердің бірі болып табылады. «...бұл ғылым – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым» [10; 44-б.] деп кезінде лингвистика міндетін айғақтаған С.Аманжолов пікіріне сүйенер болсақ, қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық антропология ұстанымдарына адамдардың әрекетінен, тану, білу, қоршаған ортамен байланысу ерекшеліктерінен бастау алатын маңызды қағидалар тізбегі, сол арқылы қазіргі лингвистикалық зерттеулердің аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін ілімдер жүйесі жатады. Танымдық саланың өзегін құрайтын жеке тұлғалардың ішкі даму принциптері, жан-жақтан келіп түсетін хабарларды өңдеу мүмкіндіктері адамның қимыл-әрекеттері мен қозғалыстарын, сыртқы құбылыстармен сабақтасқан болмысын пайымдауға септігін тигізері сөзсіз. Адамның танымдық әлемі шексіз болғанымен, оның негізгі қорытындылары, жадыда сақталар құрылымдары, тәжірибелік қорын жинақтар көзқарастары мен тұжырымдары, ең алдымен, тіл мен ойлаудың үздіксіз байланысынан туындайтыны да ақиқат. Оған дәлел ретінде ғалымдар бұрыннан белгілі «құрылымдардың, бағдарламалардың, жоспарлардың, амал-тәсілдердің» [134; 8-б.] адам санасында орын алып, қажет жағдайда жүзеге асып отыратындығын атап көрсетті. Лингвистикалық зерттеулердің антропоцентристік қағидаларға негізделген танымдық өзгешеліктері адамға тән қабылдау, ойлау, сұрыптау, қорытындылау әрекеттерін басшылыққа алатындықтан, оның негізгі мақсат-міндеттерін хабарларды өңдеу, олардың қабылдану мүмкіндіктерін айқындау, тілдік құралдардың экстратанымдық табиғатын нақтылау, адамның «әлемнің тілдік бейнесін» сипаттайтын ішкі-сыртқы танымдық белгілерін айғақтау секілді өзге де мәселелер құрайды.

«Тіл ғана сана мен ойлау процестерін табиғи негізде түсіндіруге жол ашып бере алады, себебі оның астарында ойлау әрекетінің вербалды нәтижелері ғана жатқан жоқ, оның негізінде тіл арқылы пайымдалып зерттелетін сананың функционалды-құрылымдық ерекшеліктері туралы мәліметтер жинақталған» [134; 9-10-бб.], сондықтан тілтаным адамзат әрекетімен сабақтаса қалыптасқан, оның өмір сүру құралын айқындайтын, жаратылу ерекшелігін сомдайтын ғылыми жүйе болып табылады. Тіл әрі құрылымдық лингвистиканың, әрі когнитивтік тіл білімінің нысаны бола тұра, өзінің универсалды табиғатына орай әр қырынан талданып зерттеледі. Алғашқы түрі тіл, сөз бен оның грамматикалық формасы, сөйлем, мәтін сынды тілдік бірліктерге сүйене дамыса; танымдық негізде ол адамның қажеттіліктерін, мақсаттарын, уәждерін, практикалық және қатысымдық әрекеттерін басшылыққа ала тұжырымдалады. Құрылымдық лингвистикаға қарағанда, тілтаным ғылымы үшін адамзат тілі тек мағына мен форма бірлігінен тұратын құрылым ғана емес, ол адамның барша болмыс-бітімімен ұштасқан күрделі көрсеткіш, маңызды танымдық қағидалар жиынтығы деп есептеледі.

Тілтанымда адам қоғам мүшесі, психофизиологиялық ерекшеліктерден құралатын индивид, ойлау мен тану әрекеттері арқылы өзі іспеттес басқа субъектілермен қарым-қатынас жасайтын тұлға ретінде ұғынылады. Оның антропологиялық тұжырымдары өз алдына жеке емес, өзге ғылыми жүйелермен, теориялармен байланыса өрбиді. Айталық, қатысымдық прагматика, дискурс теориясы, когнитивтік антропология, әлеуметтік психология, жасанды интеллект, сөйлеу актісінің теориясы және т.б. Аталған ілімдердің қай-қайсысы да тіл мен танымның өзегін құрайтын адамдық фактордың құндылығын дәйектеуге мүмкіндік береді, өйткені қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі А.Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, адам мен оның өзіндік әлемі сана мен танымның барша жетістіктерін айқындайтын маңызды амалдардың бірі болып табылады. «...адамда екі ғалам болады – ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты адамның рухына қараған жағы – ішкі ғалам болады да, онан басқалары – басқа адамдар, мақлұқтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады» [20; 225-б.] деген тұжырым негізінде ғалым адамның ішкі және сыртқы ғаламдық белгілерін зерделей отырып, оларды тілдік құралдардың қолданылу аясын сұрыптап талдауда кеңінен пайдаланды. Автордың пайымдауынша, адамның рухани әлемі мен қоршаған дүние негіздері өзара тығыз байланыста дами келе, оның ойлау, сөйлеу, тану, қабылдау әрекеттерін түсіндіруге, қатысымдық болмысын уәждеуге және белгілі бір тақырыптық идеялық мазмұнда өрбітуге жол ашады. Бір-біріне ауыса отырып әрі бір-бірін толықтыра дамитын бұл екі ғалам адамның барлық болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, мақсат-міндетін анықтап қана қоймайды, сонымен қатар оның «ес және іс әрекеттерін» де, қиял-арманын да жан-жақты талдап көрсетуде, олардың себеп-салдарын дәлелдеуде шартты қажеттілік деп танылады. Айтылған пікірдің шындыққа ұласу деңгейін сұрыптау мақсатында тілші «...адамның ілтипаты тысқарғы ғаламға, бірде ішкергі ғаламға көбірек ауатын орындары болады...Кейде тысқарғы нәрсе өте қорқытса, яки өте қуантса, я болмаса өте тамаша күйде болып таңдандырса, адамның ісін алып, ілтипатын а өзіне аударып кетеді. Кейде қайта адам өз ойы, өз қиялы, өз көңілінің күйімен болып, айналасындағы болып жатқан уақиғаларды, істеліп жатқан істерді, тамашалы тысқарғы ғаламды байқамай қалады. Бұл адамның ілтипатын тысқарғы ғаламнан ішкергі ғалам аударып алып кеткен уақытта болады. Кейде тысқарғы, ішкергі екі ғаламның да күші бірдей болып, ілтипатымызды бірдей түсіреді» [20; 227-б.],- дей отырып, адамның ішкі не сыртқы әлемінің үстем болуы негізінде байқалатын ерекшеліктерге тоқталды. Бірде адам көңілі билейтін не болмаса белгілі бір сыртқы жағдайлардың әсері көбірек сезілетін фактілерді басшылыққа алған ғалым тілдік құралдарды да, сөз өнері үлгілерін де антропологиялық зерттеулер мен қорытындылардың дереккөзіне айналдыра сипаттады. Осы негізде зерттеуші екі ғаламның «түйісу» [20; 294-б.] нормаларын тілге тиек ете келе, таным мен тілдік дамуды «зор іліктіктің» [20; 226-б.] нәтижесі деп түсіндірді. «Анайы заман» мен қазіргі уақыт туындыларын салыстыра талдаған А.Байтұрсынұлы тіл өркендеуін өзектейтін шарттар қатарында адамның танымдық болмысына баса назар аударды. Тілші әр заманның шығармасы сол кездегі «тысқы ғаламды» қабылдап бейнелеудің құралы болады деген тұжырым жасады. «Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нәрселерді ғана танумен болады. Есі әбден кіргенше өзгеден өзін айырмайды. Өзгенін істегенін істеп, дегенімен болады. Есейген сайын өзінің өзгеден басқалығын біліп, өзіне ұнағанын істеп, ұнамағанын істемей, қиықтық шығара бастайды...Өз алдына мұңы, мұраты, мақсаты, мүддесі болып, сол мұрат-мақсатына жету талабына кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғалам екеуі кездеседі...» [20; 294-б.]. Олай болса, тілтанымның антропологиялық ұстанымдары, ең алдымен, адам табиғатындағы қасиет-қабілетінен бастау алатындықтан, тілдік құралдардың статикалық немесе динамикалық қалпын, мағыналық өрісін сұрыптау, олардың әлеумет, заман, халық ұғымдарымен байланысын анықтау – барлығы дерлік танымдық бірліктердің көмегімен жүзеге асатыны сөзсіз. Лингвистика саласында антропология тұжырымдары мен ұстанымдарының кеңінен қолданыла бастауы тілдік ізденістердің жаңа бағытын сұрыптап қана қоймайды, олар адам табиғатын алуан түрлі сыртқы және ішкі фактілер негізінде зерттеу негізін құрайды. Айталық, Қ.Жұбанов тұжырымдары адамзат тіліне сипаттама беруден басталып, оның жалпыға ортақ құндылығын айқындауға бағытталды. Автордың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты еңбегінде «адам баласының тілі», «адам санасының жемісі», «адам тәжірибесінің қорытындысы» [8; 42,44-бб.] сияқты тіркестерді жиі кездестіруге болады. Адам, сана, тәжірибе, тіл ұғымдарын ажырамас бірлікте қарастырған ғалымның ХХ ғасырдың басында-ақ тілдің антропологиялық сипатын дәйектеуі қазақ тіл білімінде жаңа зерттеулердің бастамасын құрды. Танымдық тұрғыдан адам әрі әлеуметтік, әрі психологиялық, әрі этномәдени мінездемелер тұтастығымен ерекшеленсе, оның айқындаушы және дамытушы құралы ретінде тіл мен тілдік құралдар жүйесінің қарастырылу қажеттігі даусыз, сол арқылы тіл мен таным да антропоцентристік ізденістердің мүддесін дамытып, «Адамтану» (Ә.Қайдар) ілімінің негізін қалауға ат салысады.

Этнопсихолог С.Лурье бүгінгі күні «әлемнің бейнесі» мен «менталитет» ұғымдарын қарастыратын онға жуық ғылыми бағыттардың дамып келе жатқанын атай отырып, психологиялық және когнитивтік антропология ұстанымдарының өзара сабақтастығын зерделеді. Ғалым когнитивтік антропология нысанына әлем бейнесінің құрылымын жатқызу қажеттігін дәлелдеді. Антрополог-когнитивист Р.Редфильд аталмыш ұғымның аясын белгілі бір халыққа тән дүниені тану, көру негіздерімен, қоғам мүшелерінің өзі, өз әрекеті мен белсендігі туралы көзқарастарымен саралай анықтады. Антропологиялық танымның тұжырымдары әр адамның қабылдау, ойлау, сезіну жүйелерін халықтық, ұлттық-мәдени аспектіде, ішкі мүмкіндіктер мен заңдылықтар негізінде әрі сырттан әсер етуші күштер көмегімен, амал-тәсілдер жиынтығымен өзектесе қалыптасты. Сөйлесім әрекетінің кез келген түрі, ең алдымен, танымдық бірліктер жиынтығынан бастау алып, содан кейін ғана қатысымдық элементтер арқылы көрініс таба сыртқа шығады, себебі танымдық дискурс негізін білім құрылымы, тәжірибе қоры, концептуалды қабылдау тәсілдері құрайды. Олардың барлығы жады, сана, ми жүйелерінде жүзеге асатын ақыл-ой, тану, ойлау, есте сақтау, жаңғырту секілді өзге де әрекеттердің көмегімен қолданыс табады. Тіл білімінің жаңа қырлары мен тың бағыттары туралы кейінгі кезде көп айтылып та, зерттеліп те жүр. Солардың бірі – тілді,ең алдымен, адамға, адамның ішкі және сыртқы өзгешеліктері мен дамуына қатысты қарастыру. Бұл мәселелер төңірегінде белгілі тілші, жалпы тіл теориясы мен тарихын зерттеуші В.А.Звегинцев төмендегідей пікір айтты: «...тілді адамдық фактормен байланыстыра зерттеу осыған дейін мәлім болған фактілерді жаңаша түсініп талдауға ғана емес, сонымен қатар лингвистиканың аясын кеңейтуге, сол арқылы оны маңызды ғылыми салаларға айналдыруға мүмкіндік береді» [169]. Тіл адаммен бірге дамып, өзгеріп, толығып отыратын ерекше құрал болғандықтан, оны зерттейтін лингвистика да, соның ішінде жалпы тіл білімі де, диалектика заңына сәйкес сатылап даму, динамика ережесіне сай өзгеру заңдылықтарына сүйене тереңдей, тамырлай түсері хақ. Қазақ тіл білімінде адамдық фактор А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов зерттеулерінен кейін де тіл табиғатын айқындауда, оның адамзат өмірінде атқарар қызметін саралауда кеңінен қолданыс тауып, жүйелі танымдық ұстанымдарды басшылыққа ала дамыды. Белгілі зерттеуші С.Аманжолов тіл функциясын, табиғи болмысын жоғары бағалап, жалпыадамзаттық құндылық ретінде дәріптеу арқылы тіл білімінің жеке салаларын, тілдің бірліктерін түсіндіруді мақсат етті. Тіл мен тарихты, тіл мен пәлсапаны, тіл мен логиканы сабақтастыра білген ғалым лексикология, семасиология мәселелерін әртүрлі “ұлттар лексикологиясына” қажет ортақ дерек ретінде қолдана отырып, олардың “тоғыз жол яки тоғыз мақсатын” жалпыадамзаттық таным деңгейінде түсіндірді. Сөз атаулының өзгешелігіне зер сала келе, ғалым: ”Сөздің бұлай ерекше қасиетті болуы - адамзатқа аса қажеттілігінен, адамзат онсыз толық мәнінде адамдық қалыпқа жете алмайды. Оның тіршілігі тілінде, сөзінде...” [10; 65-б.] деген қорытынды жасады. Кез келген ұлттың тіл байлығын “сол ұлттың тарихи айнасы” дей отырып, “сөздің бәрін - сананың көрінісі” ретінде қарастырған С.Аманжолов семасиология мәселелеріндегі тоғыз жолдан тұратын жалпыадамзаттық себептерді ұлтына, затына қарамастан, барлық адамдарға ортақ болар мақсаттардан жинақталған деректер деп сипаттады. Зерттеуші кісі аттарының қойылу мақсаттарына шолу жасай келе, таным мен тіл ұғымдарын адамзаттың универсалды даму үрдісімен сабақтастырды, сөйтіп “Тоғыз жол дегендеріміздің бірі - адамзаттың жақсы өмір сүргісі келуіне байланысты. Бұл мақсатқа жету үшін ата-ана өз баласына ең жақсы, ең белгілі, атақты адамның атын қояды”[10; 75-76-бб.] деу арқылы тілдің когнитивтік ерекшелігіне баса назар аударды. Адам тарихи ұлттық даму барысында жинақталған білім немесе тәжірибе қорын негізге ала отырып, танымдық дәстүрдің өмірлік үлгілерін жүзеге асыратындықтан, тілдің өзі де сол ғаламдық танудың бейнелі көрсеткішін құрайды. Демек, «... зерттелетін тіл өзінің пайдаланып отырған иесінен бөлек алып қарағанда, ештеме түсінуге болмайтын халге келетінін айқын көрсетті” [10; 89-б.] деген тілші тұжырымына сүйенер болсақ, тілдік зерттеулерді антропологиялық ұстанымдарға негіздей отырып дәйектеу маңызды лингвистикалық мақсаттардың бірі болып табылады. Адамның түрлі қатысымдық, психологиялық және әлеуметтік міндеттерін жүзеге асыруға көмектесетін тіл атаулының қалыптасу, даму нормаларын сұрыптау интра және экстралингвистика заңдылықтарының сабақтастығына тығыз байланысты болғандықтан, С.Аманжолов құрылымдық бірліктерді танымдық мүддемен тоғыстыра зерделеді. “...адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды” [10; 90-б.] деген тілші пікірі соған дәлел. Тіл адамзаттың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырын, ертеңге апарар болашағын бейнелейтін құрал ретінде танылады, сол себепті оның жалпыадамзаттық болмысы танымның алуан түрлі өзгешеліктерін қамтиды. “Тіл - адамға бағынулы, адам үшін ғана керек, адамның қажетінен туған, пайда болған нәрсе” [10; 50-б.] екенін ескерсек, тіл мен адам ұғымдарының тұтасқан табиғатынан туындаған бұл байланыстың ғалымдар тарапынан өзектелуі заңды болып табылады. Тілш адамзат тілін “адамның сана-сезімін өсіруші, тәрбиеге, үгіт-насихат ісіне, еңбекті өндіруге, ғылым-білім алуға керекті құрал”[10; 55-б.],-деп қарастырды, сондықтан «Адамзаттың санасын, ойын, олардың өсу, даму жолын тілден бөліп қарауға болмайтынын...» [10; 295-б.] ескертті. Табиғаттың ажырамас бөлшегін құрайтын адамның «ішкі және тысқы ғаламын» (А.Байтұрсынұлы) оның тілдік мүмкіндігімен сабақтастырған тұжырымдардың қай-қайсысы болса да, сыртқы қоршаған әлемнің тілдік бейнесіне, адамның ішкі дүниесіне әрі олардың танымдық сипаттарына қатысты. Осыған орай, тіл ғылымындағы антропоцентристік зерделеудің өзегін ғалымның «Адам – табиғат тану ғылымының тікелей қарайтын объекті. Ал табиғат – адам туралы ғылымның тікелей қарайтыны [объект]. Сонымен қатар, адамдық қоғамның өндірісінен туған ойлаудың негізгі элементі, ойдың өмірі көрінетін тіл-сезімді «табиғат» дейді» [10; 295-б.] деген тұжырымы арқылы дәйектеуге болады. Демек, ғалым Н.Сауранбаев атап көрсеткендей, «Тіл туралы ғылым – лингвистиканың объектісі, яғный зерттейтін заты – адам баласының тілі, оның шығуы, даму, өзгеру заңдылығы және тілдің ішкі заңдары» [34; 125-б.].

Келесі фактор ретінде белгілі бір тілдік жағдайға сәйкес әрі әлеуметтік-мәдени сипатта қалыптасатын фреймдік модельдерді, қоршаған әлемді бейнелеудегі авторлық қолданыстарды, олардың мәтін мазмұнын түсінудегі маңызын, тілдік не болмаса бейвербалды қарым-қатынастар табиғатын, «баяншы мен тыңдаушы» [23] арақатысын жатқызуға болады. Кез келген жағдайда сана арқылы қабылданатын хабарлар мен оқиғалар түсінікті болу үшін, яғни арнайы танымдық әрекеттер тізбегі, типтік құрылымдар, тәжірибелік қор сияқты ұғымдар өз қызметін атқару үшін, адамдарға қалыпты жағдай, үйренген орта, ортақ ұлттық-мәдени негіз немесе соларға ұқсас баламалы құбылыстар қажет. Олай боса, тілтаным теориясының жіктемелік бағыттары өз бастауын адамдық фактордан, оның әрекет ету, өмір сүру принциптерінен, қоршаған ортамен байланысу өзгешелігінен және адамзат болмысын сипаттар ішкі мүмкіндіктерден алатынын ескерсек, диалектика ұстанымдарының антропологиялық негізін құрайтын тұжырымдарды пәлсапада төрт түрлі мәселеге қатысты айқындауға болады:

  • адам туралы тұтасқан тұжырым жасау;

  • адам табиғатын айқындау;

  • адам табиғатындағы бастапқы негізді айғақтау;

  • адамның болашағы туралы мәселені қою [243; 102-103-бб.], яғни

«Тіл иесі халықтың әлеуметтік-кономикалық өмір салтының, оның рухани әлемі мен материалдық мәдениетінің, тұрмысы мен салт-дәстүрінің, әдет-ғұрып, жөн-жосының, діни-мифтік түсініктері мен наным-сенімдерінің бастауы, қозғаушы күші - Адам» [68; 200-б.], ал тіл мен танымның байланысу ерекшелігі арқылы айғақталатын адам туралы ғылымның дереккөздерін тілдік құралдардан, олардың когнитивтік қызметінен іздеген орынды. «Адам өзін қоршаған табиғаттан ғасырлар бойы үйлесімділіктің неше алуан көріністерін байқап, оның әсемдік пен әдеміліктің көзі, бастау бұлағы екенін ұққандықтан» [146; 13-б.], антропологиялық ілім мен әр түрлі адамдық модельдердің жасалу үлгілері жеке тұлғалардың табиғатын сұрыптауға, оның бойындағы алуан түрлі қасиет-қабілеттерді түсіндіруге жол аша отырып, маңызды теориялық мәселелердің өзектелуіне де себепкер болды. Адам - тарихи дамудың жемісі, сондықтан оның тұлғалық қалыптасуы да тарихи-әлеуметтік үдеріске жатады. Әр дәуірдің заңдылықтары, қоғамдық-әлеуметтік ережелері мен нормалары адамдық фактордың да бір қалыпта емес, толығу, өзгеру, даму үстінде болатынын айғақтайды. Осыған орай, оның кешегі бейнесі, бүгінгі келбеті, ертеңгі мақсат-мүддесі сараланып, ғылыми ұстанымдардың бағыт-бағдары нақтыланады. Айтылған мәселелердің барлығы адам туралы интегралды тұжырымның жасалуына, оның табиғи жаратылысының дедуктивті немесе индуктивті негізде уәжделіп талдануына көмектеседі, дегенмен, тілдің шығу тегі, оның функционалды-семантикалық ерекшелігі, прагматикалық сипаты негізінде қалыптасатын дерекнамалар мен тұжырымдар адамдық фактордың болмысын тереңнен пайымдап түсіндіруге мүмкіндік беретіндіктен, ең алдымен, тілдік танымның антропологиялық сипатына зер салу керек. Алғашқы тарауда сөз болған моногенез, филогенез мәселелерінің төркіні де осы қажеттілікті дәлелдейді.

Адам табиғатының бастапқы негізі немесе оның бойында кездесетін динамикалық қарама-қайшылықтар арақатынасы туралы пікір-көзқарастар да тілтанымдық ұстанымдардың антропологиялық негіздерін дәйектеуде. Тілші Б.Сағындықұлы әр адамның бойында 999 қадір-қасиет болатындығын және оның 900-і дене қасиеттерін, ал 99-ы рух қасиеттерін құрайтындығын ескерте келе, 999 жақсы қасиеттің 999 жаман сыңары барын айтады. Мысалы: ақыл - ашу, жомарттық - сараңдық, сабырлылық – шыдамсыздық, және т.б. Адам қарама-қайшылықтар жемісі болғандықтан, оның негізін де, бастауын да екі жақты процестердің бірлігі, өзара үйлесу өзгешелігі тұрғысынан анықтау керек. Адамның мінезі, болмыс-бітімі сыртқы пішінімен қатар, тілдік қатынаста, өзгелермен байланысу үлгілерінде көрініс табатындығына зер салу арқылы оның іс-әрекетін, қарым-қатынасқа түсу қабілетін әрі өзгелерді қабылдау, тану қасиетін түсінуге мүмкіндік аларымыз ақиқат [62]. Адамның болашаққа апарар құндылықтары да, тәрбиелік нормалары да осы аталған мәселелерден сұрыпталады, оның түр-түсті танып-білу ерекшеліктері де «қажетті үш элемент» [146; 28-б.] арқылы түсіндіріледі. Олардың: «...біріншісі – тағдырдың адамға сыйлаған тамаша тартуы – көз, екі жанар, екіншісі – жер бетіндегі тіршіліктің қайнар көзі, әлемге жарық сәуле шашушы Күн, үшіншісі – бізді қоршаған табиғат, тіршілік болмыс» екенін ескерген ғалымдар, біріншіден, «адамның ең алғаш байқап, түр-түсін ажыратқан құбылыстарына, әрине, Күн, Ай, Жұлдыздар, күннің құлақтануы; жұлдыздың ағуы, таң шапағы, көк тәңірі, аспандағы бұлт, шашылған сабандай құс жолы, кемпірқосақ...т.б. жататынын» анықтаса; екіншіден, «айналадағы табиғатты біршама танып болған адам өзін танып-білуге көп әрекет етіп келеді» [146; 132-б.] деген тұжырым жасады. Олар«тілімізде пайда болған жүздеген түр-түстік тіркестерді, теңеулерді, салыстыруларды» да адамның «өз адамдық қасиетін, рухани дүниесі мен мінез-құлқын, жүріс-тұрысы мен т.б. ерекшеліктерін танып-білуімен», «сыртқы пішінін, бет-әлпетін, реңін, шырайын, денесінің (көзінің, қас-кірпігінің, шашының, сақал-мұртының т.б.) түсін анықтауға да қатты көңіл бөлуімен» айқындады.

Диалектикалық ұстанымдардың алғашқы жігін құраған антропологиялық шарттар қазіргі қазақ тіл білімінде маңызды мәселелердің шешілуіне себепкер болып отыр. «Адам факторы» [53; 41-б.], «Адамтану» [36; 11-б.] сияқты ұғымдарды тілдік зерттеулерге арқау еткен Ә.Қайдардың лингвистикалық тұжырымдамасында антропоцентристік факторлар тіл арқылы адам табиғатын анықтауға, оның болмысы туралы кешенді тұжырым жасау мақсаттарын көздеуге негізделді. Ғалым адамды барша танымдық, психологиялық, қоғамдық, ұлттық мүдделердің тоғысқан орталығы деп қарастырды, сондықтан тіл арқылы бізге жеткен не бүгінде жазылып жатқан дерек-мағлұматтардың барлығын «Адамтанудың» басты құралдарына жатқызды. Тілші «табиғи реттіліктің» көзі ретінде негізгі үш мәселеге назар аударды. «Ол реттілікті біз барлықтағы барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көре аламыз. Оларды біз шартты түрде «Адам», «Қоғам» және «Табиғат» деп атауды ұсынамыз...» [53; 134-б.] деген пікірдің негізінде ғалым қоршаған орта мен оның құрамды бөліктерін өзара тығыз байланысқан «макротақырыптар» ретінде талдау қажеттігін ескертеді, ал тілді аталмыш салалардың барлығын қамтитын, сол арқылы әрқайсысының «өзіндік аумағы мен шекара-шегін» қалыптастыратын құбылыс деп тануға болатынын атап өтеді. Тілші қабылдауындағы адам «табиғаттың бір көрінісін» [53; 134-б.] құрайтындықтан, оның бойындағы барша қасиеттер өзгеше таным мен ойлау жүйесінің жемісі деп қарастырылады. Оның айқын айғағы ретінде авторлық қолданыстағы «адам баласы», «көргені мен көңіңлге түйгені мол» адам, «кеудесі ояу» адам, «адам санасы», «адамзат қауымы», «ұрпағына ғибрат ету», «адамзат қоғамы», «зерделі көзбен қараған адам», «адам баласына тән асқақ ой, тегеурінді тұжырым» және т.б. осы секілді тіркестерге назар аударуға болады. Аталған ұғымдардың әрқайсысы адамға тән қадір-қасиеттерді жинақтауға ғана емес, сол сияқты оның өзгше тіршілік иелерінен өзгешелігін сұрыптауға да мүмкіндік берері сөзсіз. Адам жан-жақты процестердің сабақтасуын қамтамасыз ететін құбылыс болғандықтан, ғалым оны «...бір жағынан, сол табиғаттың өзін танып-білуге санасы қалыптасқан қауым» деп санаса, «екінші жағынан, ол сол саналы қауымның ұйытқысы» да болып табылады деген қорытынды жасады.

Адамдық фактордың тіл өнерінде өзектелуін дәлелдеу үшін, Ә.Қайдар мақал-мәтелдердің тақырыптық топтарына тоқталды. Олардың астарында «...әр халықтың рухани болмысы, өмір-тіршілігі, дүниетанымдық қасиеті» [53; 136-б.] жататындығын дәйектеген тілші әрбір топтың «мазмұны мен мотивтік негізіне» көңіл бөледі. «Адам» саласы бойынша кездесетін мақал-мәтелдерді адамға қатысты; халыққа, елге қатысты; жақсы мен жаманға қатысты; әйел мен еркекке қатысты; туыс-жақындарға қатысты және т.б. сынды топтарға саралаған ғалым «Әрбір этностың адамзат қоғамындағы тарихи-мәдени рөлін, өркениетке қосқан үлесін, рухани болмысы мен ментальдық құндылығын бағалағанда, оның даналық қорында жинақталып, қалыптасқан мақалдары мен мәтелдерінің ауқымын ғана емес, дүниетанымдық ой-парасатының тұңғиық тереңдігін де, шарықтау шегінің биіктігі мен мазмұн-мәнінің кеңдігін де ескерген абзал» [53; 13-б.], - деп пайымдады. Соның негізінде маңызды екі ұғымның сабақтастығын атады, олар – «адамзат қоғамы» мен «дүниетанымдық ой-парасат», ал олардың байланысу амалы ретінде тілдік құралдар, нақтырақ айтсақ, мақал-мәтелдер алынып отыр. Олай болса, тілдік зерттеулердің антропологиялық уәждемелерін өзектеген Ә.Қайдар тұжырымдары тілдің «ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғастыратын, өткен өмір мен бүгінгі болмысымызды, онымен болашақты ұштастыратын «алтын көпір» бейнелі қызметін» басшылыққа алған тарихи, этнографиялық және пәлсапалы қорытындылардың жемісін құрап келеді.

«Адам да табиғаттың бір бөлігі», «...адам өзін тануы керек» [78; 9-б.] сияқты тұжырымдардың танымдық-пәлсапалық астарын Р.Сыздық зерттеулері арқылы да дәйектеуге болады. Адамның табиғи болмысын қоршаған әлем құбылыстарымен, тыныс-тіршілік көздерімен сабақтастырған ғалымның лингвостильдік талдаулары танымдық процестің антропологиялық ұстанымдарын саралауға мүмкіндік берері де сондықтан болар. Автор «Қазақ табиғат көріністерін сөз еткенде, теңеулерге жиі жүгінеді, бұл тәсіл, біріншіден, айтпақ ойына әсерлі үн берсе, екіншіден, табиғаттың әр тұсын мәпелей, сүйіне сөз ету, сірә, сол табиғатпен етене болған дала перзенттері – қазақтардың жанына жылы тиетін болу керек...» [21; 30-б.] деп тұжырымдай келе, қазақ халқының танымына, қабылдау өзгешелігіне жақын ұғым-түсініктердің алдымен сөз өнерінде, жазба мәдениет үлгілерінде көрініс табатынын айғақтайды, сондықтан «Табиғатқа жан бітіре, оған адамның қимыл-әрекетін, қасиет-қадірін тели суреттеу» [21; 129-б.] фактілері тілші талдауларында ерекше зейінмен қарастырылады. Мәселен, Ш.Мұртаза шығармашылығын зерделеу барысында ғалым қаламгердің өзіндік «қолтаңбасының, даралық стилінің, шығармашылық мәнерінің бір белгісі, сәтті, қуатты қыры» ретінде «табиғат пен адам жарысын» бөліп көрсетеді. «Табиғат суреттері...жазушыға тілдік-стильдік құрал ретінде керек болып тұр. Табиғат пен адамдар, табиғат пен оқиғалар жарыса жүріп, бір-біріне «арқасын төсейді», дәлірек айтсақ, сол жерде берілген табиғат көрінісі баяндалмақ оқиғаның, іс-әрекеттің фоны...» [21; 55-б.] деп зерттеушінің өзі атап көрсеткендей, табиғат адамдық факторды сұрыптаушы, оның психологиялық және халықтық келбетін, әлеуметтік жағдайын сипаттаушы құрал, танымдық элемент тұрғысынан айқындалады.

Тіл адамға тән негізгі табиғи белгілердің бірі болып табылатындықтан, жалпы адамзаттың болмысын анықтау, оның қоғам мен қоршаған әлемдегі қимыл-әрекетін сұрыптау, этникалық өзгешеліктерін зерделеу – барлығы да тіл мен тілдік құралдар арқылы мүмкін болып отырғаны анық. Осыған орай, тілді «адамтанудың» өзегіне айналдырған қазіргі лингвистикалық зерттеулердің дені адамның ішкі-сыртқы потенциалын, мінез-құлқын, танымдық қабілетін, іс-әрекетін талдап түсіндіруге, сол арқылы тілдік ізденістердің жаңа қырларын ашып тануға бағытталған. Адам мен адамды байланыстыратын, олардың жеке субъективті өзгешеліктерін айғақтайтын әрі қоршаған ортамен араласу заңдылықтарын саралайтын құралдардың ішінде тілдің атқарар қызметі де, өзіндік орны да айрықша болғандықтан, Р.Сыздық талдауларының маңызды бөлігін көркем сөз өнеріндегі «адам» мәселесінің көтерілу, қамтылу деңгейі құрайды. Абайтанудың өзіндік үрдісін қалыптастырған ғалым тұжырымдары тілдік фактілердің экстралингвистикалық және антропоцентристік белгілерін дәйектеді. «Абай өлеңдерінің негізгі тақырыбы – адам, оның психологиялық күйі, қимыл-әрекеті, ішкі, сыртқы портреті екендігі...Осыған сай ақын поэзиясында жұмсалған образды тіркестердің мағынасы (тақырыбы) жағынан, яғни лексика-семантикалық тұрғыдан адамды сипаттайтын, адамның ішкі жан дүниесін танытатын, адамның іс-әрекет, қимылын суреттейтін, сол қимыл, іс-әрекеттің орындалу амалын бейнелейтін, өмірді, өлімді, жастықты, кәрілікті астарлап атайтын, табиғат құбылыстарын бейнелейтін фразеологизмдер деп қарастыруға болады» [55; 70-б., 104-б.] деген үзінді көлемінде автор адам табиғаты мен тілдік амалдардың арасындағы байланысты талдап көрсетумен қатар, бұл бірлікке негізделе жүзеге асатын процестің де екі жақты қажеттілігін назардан тыс қалдырмады: біріншіден, тіл адамның барлық қасиет-қабілетін суреттеп талдауға мүмкіндік беретін құрал болып табылса; екіншіден, адам тілдік амалдардың даму, толығу, өзгеру жолдарын танымдық, әлеуметтік, психологиялық, ұлттық-мәдени негізде дәйектейтін факторлардың бірі және бірегейі деп танылары сөзсіз. Тіл мен адам одағы объективті факторларды субъективті уәждермен сабақтастыруға, сөз атаулының алуан түрлі функционалды-семантикалық, прагматикалық өзгешеліктерін саралап көрсетуге ықпал ететін танымдық байланыстар қатарын құрайды. Оның айқын айғағы ретінде тілші адам тақырыбын жырлаған ақындық қолданыстардың, шебер өрілген оралымдардың «жалпыхалықтық және авторлық (абайлық)» [55; 105-б.] негіздерін зерделей келе, поэзия тілін бейнелі қабылдаудың, астарлы сипаттаудың, образды асқақтатудың көрсеткіші, қоршаған әлем «картинасын» даралап көрсетудің, табиғат пен адам болмысын бір-біріне ұштастыра, ұқсаттыра сабақтастырудың құралы деп қарастырды.

«Адам баласына тән қасиеттердің бірі - өзін-өзі және өзгелерден өзінің ерекшелігін тануға деген талпынысы», сондықтан тілдік құралдардың антропологиялық негізі адам баласының қадір-қасиетін сипаттаумен бірге, оның өзге жаратылыс иелерінен айырмашылығын айқындауға да негізделеді. Қазақ тіл білімінде өзге мәселелер қатарында тұрақты тіркестердің мағыналық, құрамдық, пәлсапалық, танымдық ұстанымдарға сүйене талдануы сол «адамдық фактордың» табиғатын дәйектеуден туындады. «Адамзат сәби шағынан тілді, сол тіл арқылы мәдениетті меңгергенде ғана адам болып қалыптасады. Адамзат қоғамы әлем, дүние, қоршаған орта туралы барлық мағлұматтар лингвистикалық білімдер арқылы беріліп, сонда сақталатынына көз жеткізді. Адам сөз дүниесінде өмір сүреді, орасан зор мағлұматтарды сөз арқылы меңгеріп, сөз арқылы түсіне алады. Сондықтан да адамның тұлға ретінде жетіліп, өсуі оның сөзді қаншалықты дәрежеде меңгергеніне, сөз мәдениеті мен шеберлігін қаншалықты білетіндігіне тікелей байланысты» [67; 118-б.],- деп тілші Р.Авакова атап көрсеткендей, сөз, бір жағынан, номинативтік тілдік бірлік болса, екінші жағынан, ол - танымдық құрал. Сөз арқылы адам қоршаған ортаны, әлемді таниды, сөздің көмегімен ол өз болмысын, өз ерекшелігін айқындауға талпынады. Қазақ және монғол тілдерінің поэтикалық фразеологизмдерін салыстыра зерттеген Г.Сағидолда да «Адам» ұғымымен сабақтаса берілетін тұрақты тіркестерге «ортақ сәттер» мен «этностың өзіне ғана тән ерекше дүниеліктері» [68; 200-б.] тұрғысынан талдау жасады. Сөйтіп, «ғаламның тілдік бейнесінің, оның көріністерінің жеке-жеке сурет-үзінділерінің тіл-тілде басқаша болатыныдығының» себебін «бірдей құбылысты қабылдаудағы, бейнелеп танудағы, образды ойлаудағы ұлттық өзгешеліктермен» [68; 207-б.] түсіндірді. Еңбекте танымдық қағидалар «Адам - Жануар», «Адам – Киіз үй», «Адам – Киім» жүйелері арқылы сараланып, этномәдени дамудың негізінде, ұлттық таным-түсініктерге сүйене әрі «мифтік-символдық мазмұнды тілдік деректер» арқылы пайымдалып сипатталған. Айталық, «Адамның сыртқы түр-тұлғасын, ішкі жан дүниесін, мінез-құлығын, көңіл-күйін, іс-әрекетін, қимыл-қозғалысын сипаттап, бейнелеп, суреттеп атауда қазақ және монғол халықтарының тілдік-бейнелер қазынасының қомақты бөлігі жануарлар әлемінен алынған образдар үлесіне тиеді» [68; 204-б.],- дей отырып, автор жағымды не жағымсыз мағынада қолданылатын фразалық тіркестердің білім-тәжірибеге, «тілдік бейнелердің пайда болуының арғы жағында жатқан фондық негіздерге», «қасиет-белгіні тауып таңдаудағы танымға», «бейнеге арқау болған күнделікті тіршіліктің дағдылы көріністеріне» [68; 206-б.] қатыстылығын жан-жақты зерделеді. «Адам табиғатын» «этностық «ниетпен», халықтың мәдени өресімен» сабақтастыра талдаған үзінділерді ғалым танымдық әрекеттер жемісі, яки «ғаламның тілдік бейне-көрінісінің» жекеленген «фрагменттері» деп атай отырып, тілдік құралдардың таным ұстанымдарын өзектеудегі маңызына айрықша назар аударды, сол арқылы фразеологизмдердің «уәждік, образдық, фондық негіздерін, этнолингвистикалық мағыналарын» тілтанымның антропологиялық аспектілеріне арқау етті.

«Ұғым адам танымына негізделеді. Танымның төменгі сатысы болып табылатын сезімдік таным адамның адамның көру, есту, ұстау, иіскеу, дәмән алу сияқты нақты физиологиялық каналдары негізінде жүзеге асады. Олар арқылы аам айналасындағы қоршаған дүниені қабылдайды. Бұл процесс мида белгілі бір нәрсе туралы түйсік тудырады» [46; 22-б.]. Кез келген сөздің мағынасы мен ұғымдық аясы адамның табиғи жаратылысымен, оның тіршілік ету, әрекеттерді кешенді түрде жүзеге асыру амалдарымен тікелей байланысты болады. Демек, «...қоршаған табиғаттағы құбылыстар: күн мен түн, жер мен аспан, ай мен күн, жұлдыз, от, су, топырақ – бүкіл он сегіз мың ғалам адамзатқа ортақ...», ал «олар туралы түсінік пен қабылдау түрлері әр алуан болып келетіндіктен» [47; 7-б.], тілтанымның антропологиялық ұстанымдарын өзектеп талдау аса маңызды. «Дүниетанымдық басты зерделеудің бағыты – адамға қатысты мәселе...Халықтың рухани әлемін айқын ашатын, оның танымдық парқы мен нарқын анықтайтын сөз өнерінде адамның ғұмырлық бітімі, қасиеті, қадірі, түсінігі, ізгілігі, сүйіспеншілігі, шындығы көрініс алады» [47; 21-б.],- деп А.Салқынбай атап өткендей, адам, оның физиологиялық жаратылысы мен психологиялық әлемі, әлеуметтік дамуы мен этно-мәдени жолмен өркендеуі – барлығы тіл арқылы, тілдік құралдардың көмегімен айғақталып, адамның өзін және айналасындағы қоршаған дүниені танып білу алғышартын құрайды, өйткені «Адам сөйлесімді қабылдай отырып, оны шынайы болмыспен салыстыру кезінде өзінің қабілетіне, білім жүйесіне, тәжірибесіне сүйенеді. Адам өткен үзінділерді санасында сақталған ақпараттар негізінде қайта жаңғырта алады» [244; 220-б.], яғни тілтанымдық деректердің қабылдану мүмкіндігін дәйектер адам табиғаты қазіргі ғылыми зерттеулердің негізгі нысанына айналып отыр. Қорыта келгенде, қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық антропология ұстанымдары дегеніміз - тіл мен таным сабақтастығын адам табиғатымен, тыныс-тіршілігімен, іс-әрекетімен өзектейтін қағидалар тізбегі.