Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.4.2 «Тілдік дәстүр» - дүниені тану құралы

«Етістіктің шақ категориясы» [1954] мен «Тарихи синтаксис мәселелерінен» [1964] бастап, «Қазақ жазбалары тілінің синтаксисін» [1966], «Тілдің структуралық элементтерін» [1975], «Түркология тарихын» [1984], «Қазіргі қазақ тіл» [1961-1971] мен оның қалыптасу, даму жолдарын [1987] жан-жақты зерделеген Т.Қордабаев алғашқылар қатарында «Жалпы тіл білімі» [45] оқулығын дайындап, тіл теориясының қалыптасу тарихына, оның жекеленген тұжырымдарына шолу жасады. Ежелгі дәуірден бастап, бүгінгі күнге жеткен тіл біліміне назар аудара отырып, ғалым тарих сахнасынан орын алған лингвистикалық мектептер мен бағыттардың маңызын дәйектеді, ол үшін заңды пікірталас негіздерімен таныстырды. Осыған орай, ол «Ғылым атаулының қай-қайсысының да фактіге негізделген адал ниетті пікірлер таласынсыз, идеялар күресінсіз өркендеп, өсе алмайтыны ежелден белгілі. Ғылым атмосферасын шаң-тозаң, қоқыр-соқырдан тазартатын идеялар күресі – шын мәніндегі ғылым тезіне түсе бастағанына жарты ғасырдан аз-ақ асатын біздің қазақ тіл білімі үшін аса қажет» [9; 4-б.],- деп түйіндеді.

«Тілдік дәстүрді» де, «әдеби норманы» да «тарихи құбылысқа» жатқызған автор олардың «заман талабына» яки «тілдік коллектив мүддесіне» [9; 100-б.] сай жаңарып, өзгеріп, толығып отыруын қажет заңдылық деп ұғынды. «...тілдің сөздік құрамы адамдардың өндіріс саласындағы барлық істерімен тікелей байланысты болғандықтан, тілдік категориялардың қай-қайсысынан болса да, анағұрлым өзгерімпаз дамымпаз келеді. Сөздік құрам – қоғам өміріндегі өзгерістерді, жаңалықтарды тез қабылдайтын және дереу, тікелей көрсетіп отыратын сала» [9; 65-б.] болып табылатынына мән бере отырып, ғалым бұл ретте әсіресе «экстралингвистикалық талаптардың» [9; 101-б.] әсерін жоғары бағалады. Зерттеуші «Тіл – адам қоғамы туындыларының ішіндегі асылдың асылы, қымбаттың қымбаты...» [9; 124-б.],- деп есептеді. Оған дәлел ретінде Т.Қордабаев тілдік қағидалардың жалпы теориялық негізде әлеуметтік, психологиялық, этно-мәдени ұстанымдармен бірлесе дамуына зер салды. «Дыбысты тілдің» [9; 98-б.] «екі салаға бөлініп қаралуын» басшылыққа алған зерттеуші тілдің «материалдық» және «мағыналық, функциялық» ерекшеліктерін нысанаға алып, материалдық негізге тілдің «дыбыстарын, сөздерін, грамматикалық формалары мен үлгілерін» жатқызса, оның «функциялық жағы» деп «материалдық жүйесінің адамдар арасында атқаратын қатынас құралдық қызметін» ұғынды. Екі процестің «бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын бірлігі» интра- және экстралингвистикалық мәселелер сабақтастығын дәйектеді. Нақтырақ айтқанда, тілдің құрылымы ғана емес, ол арқылы берілетін мағыналық бірліктер, танымдық бөлшектер, прагматикалық негіздер тіл ғылымының зерттеулерін құрады. Автор «қатынас құралы функциясында қолдану барысында тілдің іс-әрекет үстіндегі күйінде туып бірте-бірте қалыптасатын, орнығып, тілдік дәстүрде, дағдыға айналатын» [9; 99-б.] тілдік бірліктердің әрқайсысын адамның қабылдау, ұғыну, тану, салыстыру әрекеттері негізінде талдады, сол себепті ғалым зерттеулерінде «сөйлеу тәжірибесі», «өмірлік шындық», «қоғамдық ой-сана», «дүниетаным», «ой-өріс», «ақыл-парасат», «асыл қазына», «мұра» сынды ұғымдар кеңінен қолданыс тапты.

«...тіл де қоғам мүлкі. Ол – мүлік болғанда анау-мынау мүлік емес, халқымыздың ғасырлар бойы тырнақтап жинаған ең асыл қазынасы» [9; 106-б.],- деп тұжырымдаған Т.Қордабаев тіл қызметтерінің ішінде танымдық процестерге де ерекше мән берді. «Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы жарыққа шығатынын, басқаларға білінетінін» [9; 124-б.] ескерген тілші адам жадында сақталар мәліметтерді, ең алдымен, тілдік амалдар арқылы «атадан балаға мұра ретінде» [9; 208-б.] жетіп отыратын «асыл қазыналар» үлгісі деп таныды. Ғалым пікіріне сүйенер болсақ, «тілдің қимыл үстіндегі күйі» [9; 122-б.] немесе адамның «сөйлеу әрекеті» тек «коммуникативтік функция атқарумен» шектелмейді, ол «адамның ішкі өмірінің рухани байлығын шығаратын да құрал» әрі «орынды жеріне қарай, адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын көрсететін айна» да бола алады. Оны айғақтайтын факторлар қатарында ғалымның зерттеулерінде адамның дүниені қабылдауы, жекеленген заттар мен құбылыстарды тануы, өз санасында ол туралы ұғым қалыптастыруы туралы тұжырымдар кездеседі. Бақылау мен қорытындылау, салыстыру мен түйіндеу нәтижесінде пайда болатын көркем ойлау да сол күрделі жаратылыстың салдарын айғақтайтынын дәл анықтаған ғалым адамзат тарихында белгілі болған халық ауыз әдебиетін де, жазба әдебиеті үлгілерін де рухани өрлеу заңдылығымен түсіндірді. «Қазақ халқының ғасырдан ғасырға жалғасып келген көркем ойының, рухани өмірінің байлығы, сөз маржаны оның ауыз әдебиетінде сақталып, ауызша дамып келгені баршаға аян» [9; 79-б.],- дей отырып, Т.Қордабаев оны «халқымызың басынан өткізген елеулі оқиғаларының, рухани өмірінің барлық құбылыстарының көркем тарихы, ең басты дерегі» ретінде бағалады. «Заттардың, құбылыстардың сезім мүшелерімізге тікелей әсер еткенде олардың жеке белгілерінің санада бейнеленуі түйсік деп аталатынын» ескерсек әрі сол «түйсіктің нәтижесінде адам шындық болмыстағы заттардың, құбылыстардың жеке қасиеттері, салалары туралы мағлұмат алатын болғандықтан», «қабылдау кезінде заттың, құбылыстың тұтас бейнесін сезіну, бағамдау» [46; 22-б.] арқылы кез келген танымдық үдерістің адамның ішкі «потенциалын» (М.Балақаев) дамытуға, оның шығармашылық қабілетін жүзеге асыруға, яғни А.Байтұрсынұлы атаған қара сөз бен дарынды сөз хақындағы ұстанымдарын басшылыққа алуға ықпал ететінін ұғыну қиынға соқпас, себебі «сөз өнерінің танымдық қызметінің ерекше көрінетін тұсы – философиялық ой толғамдарының құдіреті, әлемі. Мұнда дүниенің жаратылысы туралы, болмыс пен ойлау, сана мен материя туралы құнды тұжырымдар кездеседі» [47; 20-б.].

Тілтанымның қоғамдық негіздерін «ұлттық бірлікпен», мәдени дәрежемен, «тіл иелерінің» даму тарихымен тығыз байланыстырған зерттеуші тілдің «функциялық байлығын» да «тілдің қоғам өмірінде атқаратын қызмет өрісімен» [9; 102-б.] өлшеді. Осыған орай, ғалым «Әрбір тілдің сол тілде сөйлейтін қауымдар арасында қатынас құралдық қызмет атқаруымен қатар, сол қауымның күресі мен жеңісінің құралы, мәдени өмірінің тұтқасы болатыны белгілі» [9; 104-б.],- деп атап көрсетті. Барлық түйіндердің бастауында «өмір шындығына сай тұжырымдарды тұрақтандыру» [9; 103-б.] қажет екендігін түсінген тілші мақал-мәтелдер табиғатын да аналогиялық танымның, диалектикалық заңдылықтың нәтижесі ретінде сипаттады. Мақал мен мәтелдерді «жай сөз емес, ...сөз атасы, сөз көркі...нұсқа сөз» [9; 208-б.] тұрғысынан жоғары бағамдау арқылы Т.Қордабаев оның тыңдаушыға әсер етер өзгешелігін де танымдық мүмкіндігімен таразылады, сондықтан мақал-мәтел компоненттерінің «қарама-қарсы қойылуын» да «ықпалды мейлінше күшейтудің, мірдің оғындай өткір» етудің құралы деп дәлелдеді. «...Ит тойған жеріне, ер туған жеріне. Адал еңбек елге жеткізер, арам құлық елден кеткізер...құрмаластың бір компонентінде жақсы қасиет, ардақты іс айтылса, басқа компонентінде жағымсыз қылық, жаман іс айтылған. Осындай қарама-қарсы қоюдың арқасында, бірінші жағынан, жақсылықтың жақсылық, тартымды қасиеті күшейе түссе, екінші жағынан, жамандықтың жексұрын, жиренішті бейнесі ашыла, күшейе түскен» [9; 218-б.] деген талдаудың астарында да адамның когнитивті қабілеті көрініс тапқан, өйткені ол өзін сыртқы ортадан бұрыннан таныс заттар мен құбылыстарға ғана ұқсатып, салыстыра алатыны мәлім. «...сөйлемдер мағыналары арасындағы болар-болмас іліктестік компоненттерде баяндалатын әрекеттердің, жағдайлардың, оқиғалардың бір-біріне аналогия ретінде немесе контраст ретінде алынуы» [9; 220-б.] да соның нәтижесін құрары хақ, яғни Т.Қордабаев зерттеулерінде танымдық процестің тілге, тілдік амалдарға әсер ету өзгешелігі дәстүрлі қалыптасудың, дағдылы дамудың салдары деп баяндалған.