Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.5.4 Тілдегі тәжірибе мен таным бірлігі – лингвистикалық мәселе

«Тіл тәжірибеміз» [89; 103-б.],- деп тіл табиғатын, оның «қорлану, молығу, нормалану» негіздерін зерттеп келе жатқан ғалымдардың ішінде Ш.Сарыбаевтың пікіріне сүйенер болсақ, тілдің дамуы екі жақты процестің нәтижесін құрайтын көрсеткіш болып табылады. Олардың біріншісі «басқа тілдерден сөз қабылдаумен байланысты болса», екіншісі, «сөз жасампаздықпен (словотворчество) байланысты» [89; 103-б.] қарастырылатын ерекшелік ретінде танылады. Олай болса, тіл оны қалыптастырушы фактілермен әрі жеке тұлғалардың субъективті танымдық әректтерімен тығыз байланыста зерделене келе, адам болмысының өзгеше қабілетінен туындайтын антропологиялық, психологиялық және когнитивті негіздердің жиынтығын құрайды. Адам өз заманы мен қоғамының перзенті болғандықтан әрі оның «жаңа сөз тудыру» [89; 104-б.] әрекеті де қоғамдық-әлеуметтік жағдайлармен шартталған амал-тәсілдерден жинақталатын «үлкен жауапкершілікті, талғампаздық пен ізденімпаздықты талап ететіндіктен» [89; 105-б.], адамзат жаратылысын сипаттар өзге қасиеттермен қатар, оның сөйлеу, ойлау мүмкіндіктері тілдік зерттеулердің ерекше бағытын өзектеп келеді. «Тіл – ойдың айнасы десек, ана тілінде ойлай алмайтын адамның сол тілде таза сөйлей алмайтыны баршаға аян. Демек, ондай адамдар ана тілінен айырылып қана қоймайды, сол тілде берілетін барлық ұлттық тәрбие-тағылымнан, тарихи мұралардан мақұрым қалады» [89; 464-465-б.] деген ғалым тұжырымы соған дәлел. Тілдің объективті және субъективті фактілер негізінде дамуы ғылыми қағидаттардың функционалды-прагматикалық аспектіде дәйектелуіне, этнотанымдық және пәлсапалық ұстанымдарға сүйене пәнаралық деңгейде саралануына себепкер болып отыр. Тәрбие мен тағылымның, халықтық қазынаның діңгегін құрайтын тілдік амалдар табиғатын тереңнен пайымдап қарастыру оның қалыптасу, даму тарихын барлық қоршаған құбылыстармен сабақтастыра айқындауға, сол арқылы тілтанымның ұғымдық аясы мен заңдылықтарын сұрыптап талдауға мүмкіндік берері сөзсіз. «Ана сүтімен бойға» [89; 465-б.] даритын әрі «қазіргі замандық, қоғамдық мәдениет биігіне көтерілу» мақсатында «орыс тілін түбегейлі меңгеруге» негізделетін тілдік ұстанымдардың танымдық деңгейі, ең алдымен, оның дәстүрлі халықтық сипатын айғақтаса, екіншіден, әлеуметтік шарттардың жүзеге асуын зерделейді. Оның маңызын Ш.Сарыбаев, біріншіден, «...Тілді үйренгенде, сөйлеу тілін жетілдіргенде ең алдымен халық тілінен үйрену керектігімен» [89; 466-б.] дәлелдесе, екіншіден, «Қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасау құралы ретінде тілдің қоғамдық-саяси, мәдени және күнделікті өмірде алатын орнын» [89; 465-б.] ескеру қажеттігімен түсіндіреді. Осыған орай, ғалым адам ойының қалыптасуын дәйектейтін, «ұлттық санамызды оятып, тілімізді түлетіп, үлгілі үрдістеріміз бен дәстүр-салтымызды жаңғыртуға» ат салысатын тілдік фактілердің экстратанымдық әлеуеттігін өзектей отырып, оның ұрпақ тәрбиесінде алар орнын, халық жадында сақталар «қорлану» негіздерін, сөздерді зердеде қалдырудың амалдарын ой-тұжырымдарының нысаны етеді. Автор «Қазақ елінің, қазақ тілінің келешегі қазіргі бүлдіршіндердің қолында, солардың тағдыр-талайымен тікелей байланысты. Осы күндері балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан балдырғандар қазақша сөйлесе, қазақша тәрбиеленсе, келер ғасырда да қазақ халқы өмір сүреді. Ұрпақ жалғастығы үзілмейді» [89; 13-б.],- деп атап көрсетеді. Ел тағдырын тіл тағдырымен сабақтастырған тілші пікірінде қазіргі лингвистикалық ізденістердің мақсат-міндетімен қатар, бағыт-бағдары, бүгінгі даму сипаты да айқын көрініс тауып отыр, өйткені тіл мүмкіндігін саралау оның тек құрылымдық не болмаса формалық ерекшелігімен шектелмейді, ол үшін алуан түрлі сыртқы факторлардың әсер ету белгілерін анықтау керектігі сөзсіз. Жергілікті тілдік өзгешеліктерді жан-жақты зерттеген Ш.Сарыбаев олардың халық тіршілігімен байланысу сипатына ғана тоқталып қоймайды, сонымен қатар әр сөздің астарында жинақталар танымдық деректерге, «тілдік қорға» енер себеп-салдарына да зер салады. «Белгілі бір аймақта ғана айтылатын балық, бау-бақша, мақта сияқты шаруашылық түрлеріне байланысты қолданылатын кәсіби сөздер де тілдік қорымызды толықтыра алады» [89; 462-б.],- дей келе, ғалым әдеби тілді «...мүсін тәрізді қатып қалған нәрсе емес, ол жетіліп, байып, шыңдалып кейбір диалектілік ерекшеліктерді бойына сіңіріп, оларды норма деңгейіне көтеріп отыратын тірі организм» [89; 482-б.] ретінде қарастыру керектігін ескертеді.

Тіл табиғаты мен қызметін оның қолданылу аясымен, танымдық деңгейімен әрі әлеуметтік болмысымен шебер ұштастырған тілші «ұлттық сана», «тілдік қор», «жады», «зерде», «тәрбие-тағылым» сынды ұғымдарды маңызды тілтанымдық ізденістерге арқау етеді. Тіл дамуын этнотанымдық, қоғамдық тәжірибенің бір бөлігі тұрғысынан айғақтай келе, Ш.Сарыбаев сөздерді «зердеде, жадыда қалдырудың» амалы ретінде «ізденіп, оқып, кітаптарында кездесетін түсініксіз атауларды, қанатты сөздерді, әдемі теңеулерді, сәтті айтылған нақыл сөздерді жазып алып, анда-санда соған бір үңіліп» қоятын дәптерді бастау қажеттігіне [89; 467-б.] мән береді, соның негізінде «ана тілі тазалығына қамқор болу – азаматтық парызымыз» [89; 467-б.] екенін дәлелдей отырып, «Иә, туған тіл – табиғи гүліміз. Оны таза ұстап, қастерлегенде ғана ол өзіндік көркі мен қасиетін, нәрі мен әрін табады» деп қорытындылайды. Тілдік құралдардың танымдық өзгешелігін айқындау, олардың жадыда сақталар мүмкіндіктерін саралау, халықтық қорды байытар амал-тәсілдерін зерделеп жүйелеу тіл болашағына кепілдік берер алғышарттар тізбегін құрайды.

Р.Сыздық зерттеулерінде сөз болатын маңызды мәселелер қатарын тілдің танымдық қызметі, қоғамдық, ұлттық, мәдени нормаларды сұрыптау ерекшелігі, адам мен қоршаған әлем байланысы, олардың тәжірибе мен білімге негізделген табиғаты туралы пікір-көзқарастары құрайды. Ғалым тілдің дамуы этникалық танымның, саяси сананың, әлеуметтік өсудің негізінде жүзеге асатынын атап көрсете отырып, тілдік «жаңғырудың» алғы шарты ретінде «халықтардың өзін-өзі тану санасының оянуы» деп біледі. «Бірнеше жүз жылдық үзілістен кейін жаңа сапада түркі тілінің жаңғыруы және оған қажеттіліктің артуы түркі халықтарының саяси белсенділігінің өсуінің, этникалық, мәдени дербестікке ұмтылуының айқын көрінісі болатын. Егер бұл сапалы құбылысқа халықтардың өзін-өзі тану санасының оянуы деп қарасақ, ол процестің қоғамның барлық әлеуметтік бөлігін қамтығаны, сондай-ақ ол бір күндік немесе бір жылдық эмоциялық сілкініс емес, халық өмірінің ең тереңінен бастау алып, өніп-өсіп отырған, мұқалмас нақты күш болғандығы да даусыз» [79; 31-б.] екенін ескерсек, тілдің адамзат қоғамында атқарар қызметі, халық тіршілігіне қажеттілігі, өзге құндылықтар қатарындағы маңыздылығы қазіргі лингвистикалық зерттеулердің өзектігін, тың тілдік салалардың қалыптасып дамуын дәлелдеуге көмектеседі. Осы орайда, тілтанымдық үдерістің қайнар көздерін айғақтауға, олардың ұғымдық шеңберін саралауға бағытталған ғалым тұжырымдарына зер салған орынды. Тілші қолданысындағы танымдық бірліктер алуан түрлі сөздермен тіркесе, әр түрлі ұғымдармен ұштаса берілгендіктен, олардың антропологиялық ұстанымдары мен когнитивті негіздері қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарын талдап түсіндіруге мүмкіндік туғызып отыр. «Сана», «зерде», «таным», «қор», «рух» мәселелерінің тілдік құрылымдармен сабақтасқан заңдылықтарын анықтау, ұрпақ тәрбиесін, тарих соқпақтарын, дәстүр жалғастығын жоғары бағалау арқылы соны тілдік ізденістердің мақсат-мүддесін өзектеген Р.Сыздық еңбектері, шын мәнінде, «тарихтану» проблемаларын жаңа қырынан танытуға, «өткенде болған өнегелі істерді үлгі ете отырып» [79; 26-б.], халықтың «рухани талабын өсіруге» [79; 24-б.] әсер етіп келеді. Автор «Аталған халықтардың (өзбек, қазақ, қырғыз, татар т.б.) этникалық бірлік ретінде өзін-өзі тану санасының оянуы, саяси және мәдени дербестікке ұмтылуы өз көрінісін қоғамдық сананың белсенді бөлігі тарихтануда анық байқатты» дей отырып, оған дәлел ретінде ХVI-XVII ғғ.Орта Азия мен Қазақстанда белгілі болған жазбаларға мән береді. Сөйтіп, тілші күрделі қоғамдық құбылыстар, өзгеше танымдық бірліктер қатарында «сананың» маңыздылығына, тілтаным процесінде атқарар қызметіне зер салады. «Қазақ қоғамында өткенді білу, тарихқа құрмет азаматтық сананың іргетасы есебінде бағаланды» [79; 39-б.] деген авторлық бірлікте туған тұжырымға арқау болған «азаматтық сана» аталмыш құбылыстың тек бір қырын ғана тануға мүмкіндік беретінін біз зерттеулерде кездесетін өзге тіркестерден байқаймыз. Бірде әлеуметтік, бірде этнотанымдық болмысты айқындауға бағытталған әр ұғымның астарында «зерде» мен «сананы» қалыптастырушы факторлардың өзара байланысқан табиғаты, «тіл әлемін» (Ә.Қайдар) пайымдап түсінуге негіз болған ізденістер көкжиегі көрініс тапқан, сол себепті ғалымдар «халықтың өзі жасаған деректерді толық меңгеру» [79; 37-б.] қажеттігін, олардың ұрпақтан ұрпаққа берілу дәстүрін өзгеше тілге тиек етеді. «Жаңа буынының тарихи зердесін тәрбиелеу...Түн ұзақ маздаған ошақ басында ата мен немеренің, әке мен баланың, ақ бас қария мен уыз жастың арасында айтылған аңыз-әңгімелер, арнайы жатталып, ұрпақтан ұрпаққа, ауылдан ауылға ауысып отырған шежіре сол жүйенің негізгі элементтеріне жатады...» [79; 39-б.] деп аталғандай, тіл мен танымның арқасында қалыптасатын адамзат құндылықтарының әрқайсысы, біріншіден, сөз өнерінің өнегелі жемісін құраса, екіншіден, адамға тән танымдық әрекеттердің үйлесімді тоғысуын айғақтады, сондықтан бүгінгі күні тілдік мәселелердің ғылыми-теориялық дәйегін интра- және экстралингвистикалық негізде шешу керектігіне айрықша мән беріліп отыр.

Сөздерді «ойдың бүкіл динамикалық қуатын бере алатын» [90; 16-б.] күш ретінде жоғары бағалаған Ө.Айтбайұлы зерттеулерінің де негізгі бағытын тілтанымның қоғамдық тәжірибесі айқындады. „Тіл қоғамдық құбылыстың бірі ретінде сол қоғам құрылысын айнаға түсіргендей өрнектейді. Яғни қоғам өмірінде болған, болып жататын құбылыстардың бәрі тілден орын тебеді де, тіл көмегі арқылы халық қазынасына айналады” [90; 3-б.] деген авторлық тұжырым тілдік құралдардың әлеуметтік қызметін өзектеумен қатар, оның танымдық табиғатын да жүйелеуге мүмкіндік береді. ”Халық қазынасы”, „халық тарихы”, „әлеумет өмірі”, „қоғам дамуы” сияқты ұғымдарды „қолданыс тәжірибесі”, „ғылыми ой-пікір”, „техникалық ұғым”, „заттық объектілер”, „ұлттық мәдениет қоры”, „саналы іс-әрекет”, „терең талғам”, „ынта, ықылас” сынды тіркестермен тығыз байланыстырған ғалым „адамзат қауымының” [90; 65-б.] эволюциялық дамуын саналы шығармашылық қалыптасуымен сабақтастырды. „Біздің түсінігімізше, әдеби тіл, ең алдымен, қоғамға, қоғам мүшелеріне қызмет ететін қарым-қатынас құралы, жалпы жұртшылыққа өмірдің алуан-алуан сырларынан, оқиғаларынан, құбылыстарынан кең мағлұмат беретін хабар тілі, халқымыздың ғасырдан ғасырға ұласып сақталып келе жатқан сөз байлығын сақтаушы, мәдени мұрамызды жинақтаушы қазына, тыңдаушы мен оқушысын өлшеусіз әсерлендіріп, нәр беретін сан-саналы қызметі бар, стильдік тармақтары қанат жайған теңдесі жоқ әлеуметтік құрал” [90; 91-б.],- деп келген ғалым қаламынан туған маңызды ой түйіні бұл пікірімізді дәлелдей түседі. Жады мен сана қызметтерінің, тану мен қабылдау, ойлау мен пайымдау әрекеттерінің үйлесімді бірлігін басшылыққа ала отырып, зерттеуші „”Әдетте адамзат ойы табиғи тілдерсіз көрініс беруі мүмкін емес...Тіл де дамуға тәуелді” [90; 19-б.] деген аса құнды қорытынды жасады, сол арқылы қазақ тілтанымының когнитивтік ұстанымдарын дамытуға үлес қосты.

Тілші зерттеулерінде орын алған танымдық қағидаларды негізгі екі бағытта қарастыруға болады. Біріншіден, адамзат қоғамының сатылы қалыптасуын жүзеге асыратын жазудың пайда болуы және оған әсер етуші объективті жағдайлар. Екіншіден, ғылымның өркендеуі мен терминология саласының дамуындағы экстралингвистикалық факторлардың ықпал-әсері. Жазудың „...қоғам өмірінің даму ерекшелігі алып келген еңбек нәтижесі” [90; 60-б.] болып табылатындығына назар аударған ғалым „Өздерінің іс-әрекеттерін сан ғасыр бойы жадында сақтап келген адамдар қауымы еңбек нәтижесінде қатынасудың, өзара пікірлесу, аралас-құраластың жаңа бір жетілген түрін ойлап таба бастайды” деп атап көрсетті. , „Алғашында олар көрген, білгенін әр қилы таңба, белгі, сурет түрінде тасқа, ағашқа, теріге түсіретінін. Сөйтіп табиғат құбылыстарының әр алуан кескіні түрінде таңбаланған белгілердің біртіндеп мазмұн білдірерлік мәнге ие болатындығын” [90; 61-б.] мәлімдеген зерттеуші бұл әрекеттің астарында адам баласының танымдық мүмкіндігі жатқанын ескертеді, себебі, автордың айтуына қарағанда, адамзат „не қилы ғаламат құбылыстардың куәгері бола жүріп, соларды тексеріп, танып, біліп, өз заманынынң өзгешеліктерін мүмкіндігінше қағазға түсіріп, тасқа салған, сол үшін жазуды ойлап тапқан” [90; 65-б.]. Келесі тілтанымдық факті „ғылыми” және „қоғамдық ой-пікірдің” [90; 23-б.] қалыптасуымен, „ой мен оның мағыналық өрісінің” [90; 16-б.] кеңеюімен шартталды. Осыған орай, Ө.Айтбайұлы „”Адамдардың саналы араласуы термин жасау творчествосын бақылап қадағалап, жүйелеп отыруға мүмкіндік береді...Терминология логикалық ұғынудың жоғары сатысы – адамдардың танымдық қызметін, соның нәтижесін тұрақтандыру, таңбалау құралы есебінде қолданылады” [90; 9-б., 15-б.],- деп атап өтті. „Ғылым тілін” жасаудың негізін де адамның қоршаған әлемді, құбылыстарды зерделеп, зейін қоя бақылау, ол туралы мағлұмат жинап, қорытындылау әрекеттері құрайды, яғни ол „болмысты танудың [гносеологиялық қызметін] оны зерттеу мен практикалық жұмыстардың нәтижесі туралы мағлұмат беріп, сақтаудың, жинақтаудың, хабар берудің құралы” [90; 21-б.] болып табылады. Авторлық тұжырымдарға қосымша реңк берген бұл анықтамалар, шын мәнінде, тіл дамуындағы танымдық уәждерді дәйектеуге септігін тигізеді, ғалымның „...халық тарихы оның тілінде, яғни тіл фактілері арқылы біз халық тарихын тануға мүмкіндік аламыз” [90; 3-б.] деген маңызды да өзекті қағиданы ұстануы да сондықтан болар. Нәтижесінде зерттеуші „қазіргі терминтану процесінің негізгі ережелеріне сүйене келе” қазақ тіл біліміндегі „терминжасам тәжірибесін” жан-жақты талдап көрсетті.

Тілдің фонологиялық құрамы мен дыбыс вариацияларының фонемаға айналуы [91], фоносемантика мәселелерінің өзектелуі, дыбысқа еліктеу негізінде жаңа сөздердің жасалуы адамның даму эволюциясымен қатар, танымдық болмысының тәжірибеге ұласу сипатын айқындайды. Адам өмірінде кездесер дыбыстарды қызметіне, өзіндік ерекшеліктеріне қарай жүйелеудің бастамасын Қ.Жұбановтың зерттеулері құраса; бүгінгі күні бұл бірліктер тың бағыттардың белестерін айғақтап отыр. «...алғашқы атау тілдік ұжымға тән танымдық-бейнелегіш қызметтің нәтижесі болып табылады» [92; 6-б.],- деп ғалым К.Хусаинов атап көрсеткендей, тәжірибе мен таным бірлігінің негізін құрайтын тілдік фактілер қатарында дыбысқа еліктеу арқылы пайда болған сөздер табиғатына назар аудару қажет. Автордың айтуына қарағанда, кез келген лексикалық бірліктің негізінде жататын уәжді себептерді талдау арқылы «генезис шарттарын» [92; 12-б.] анықтауға болады. Бұл ретте тілші қазіргі семасиология саласында қолданыс тауып келе жатқан сөз уәжділігінің үш түріне тоқталады, олар: морфологиялық, семантикалық және фонетикалық. Аталған мәселелердің ішінде әсіресе семантикалық уәжділік негізінде метафора, метонимия сынды құбылыстарға тән бейнелілік пен образдылықтың анық байқалатынын ескерткен зерттеуші [92; 9-б.] адамның ат қою, атау беру әрекеттерінде орын алатын ұқсату, салыстыру, сабақтастыру шарттарын жоғары бағалады, сондықтан «уәжделген және уәжделуші сөздер арасындағы байланысты» ғалым «шынайы болмыстағы құбылыстар арасында жүзеге асатын байланыстың келбеті» деп анықтайды. Ойын дәйектеу мақсатында тілші Б.А.Серебренниковтың «Адам жаңа затпен не құбылыспен танысқаннан кейін, ең алдымен, оның бойында кездесетін сан алуан белгілердің ішінен тек маңызды біреуін ғана негізге алады, соған сүйеніп атау береді» деген тұжырымына жүгінеді. Демек, тілдің шығу тегін адамның танымдық тәжірибесімен шебер ұштастырған ғалым генезис арқылы тілдің құрамын, формасын, дыбыс пен мағына бірлігін сұрыптады [92; 13-б.], олардың барлығын адамның «өмір сүру әрекетімен» тоғыстыра талдады. Қоғам мүшелеріне әсер ететін факторлардың барлығы өз бастауын адамзаттың алғашқы қауымдық құрылысынан, наным-сенімдердің пайда болу алғышарттарынан, этникалық топтардың жіктелуінен алатындықтан, бүгінгі күні адам белгілі бір әлеуметтік-мәдени топқа қатысы бар, арнайы психо-физиологиялық қабілеттерге ие болатын, өзіне тән эмоционалдық болмысымен сипатталатын өзгеше құбылыстардың бірі деп тұжырымдалады, сондықтан қазіргі ұлттық сана, ой-өріс ұғымдарының аясы пәлсапалық танымның, халықтық қабылдаудың, көне тарихи қалыптасудың, әдет-ғұрып, салт-дәстүр бастамасының жалғасы, үздіксіз жетілудің, өркениетті дамуға қол жеткізер әрекеттердің бірлігі деп танылып келеді. Ал адам сол қалыптасу мен дамуды сабақтастырған, қазіргі қоғам қажет етер мінездемелерді бойына жинақтаған тұлға немесе әлеуметтік және этникалық ерекшеліктердің ұтымды бірлігі болып табылады, олай болса, оның „күліп не жылап тұрған эмоционалдық жағдайын түсіну үшін де бақылау арқылы жинақталатын өмірлік тәжірибе мен нақты жай-күйлерді білу әрекеттері” негізге алыну керек [92; 186-б.].

Ә.Ахметовтің “Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер” деп аталатын салыстырмалы этнолингвистикалық зерделеуі де тіл дамуындағы халықтық танымның қоғамдық принциптерін талдауға бағытталған. Ғалым табу мен эвфемизмдерді “кез келген мәдениет пен тілге тән этнолингвистикалық құбылыс” [93; 9-б.] деп қарастыра келе, аталмыш бірліктердің дамуын алуан түрлі сыртқы факторлардың әсерімен айқындады, сондықтан табу мен эвфемизмдердің табиғаты этномәдени, әлеуметтік, психофизиологиялық мінездемелер тұрғысынан сипатталып, олардың антропоцентристік өзгешеліктері “әлимсақтан” басталған адамзаттың танымдық қасиетімен сабақтастырылды. “Табу мен эвфемизмдердің шығу тегін қуаласа, олар адамзат тарихының терең түкпіріне қарай жетелейді. Тереңірек бойласақ табу мен эвфемизмдер адам баласының рухани мәдениетінің бастапқы сатыларынан бастап, күні бүгінге дейін қалыптасқан дәстүрлі наным-сенімдермен де, әдет-ғұрып, салт-саналармен де, қазіргі заманның басты діндерімен де, тіпті өзіміз өмір сүріп отырған дәл осы замандағы тіл мәдениетімен де тікелей байланысты екеніне көз жеткіземіз” [93; 9-б.],- дей отырып, Ә.Ахметов табу мен эвфемизмдерді халық өмірімен, тыныс-тіршілігімен, тарихымен, тіпті ойлау-танымымен ажырамас бірлікте қарастырды. Осыған орай, автордың “Табу мен эвфемизмдердің этнолингвистикалық жүйесі және олардың этномәдени негіздері” атты тарауы магиялық әрі мифотанымдық элементтерге негізделе берілген. Айталық, тілші“Дж.Фрэзер табудың шығу тегін зерттей келе, оның мәдениет пен рухани дамудың төменгі сатыларында қалыптасып, әлемге кең тараған ескі нанымдардың бірі – магиядан туындайтынын дәлелдеген” [93; 24-б.],- деген ойының дәйекті көрсеткіші ретінде “табу” терминінің шығу төркінін, салт-дәстүрлерді, сөз магиясын дәлелдейтін фактілерді жан-жақты сөз етті, олардың барлығын халықтың рухани және мәдени дамуының, діни наным-сенімінің қалыптасуының бастапқы көрінісі деп бағалады, өйткені магияны “кез келген мәдениеттен орын тепкен әмбебап құбылыс” деп сипаттады [93; 54-б.].

Тіл мен таным байланысының тәжірибелік сипатын анықтайтын мәселелердің бірі – тілдік қатынас. Адамдар өзін қоршаған әлемді қабылдап, танып қана қоймайды, сонымен қатар жадыда сақтау, тәжірибе жинау әрекеттері арқылы тілдік қатынастың толық жүзеге асуын қадағалайды, яғни сөйлесуші екі жақтың бір-бірімен түсінісуіне мүмкіндік береді. Осы қатарда жалпы тілтану мәселелерінің негізгі ұғымдарын қамтыған ғылыми зерттеулердің бірі ретінде Ф.Оразбаеваның “Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі” атты еңбегін сөз етуге болады. Аталмыш монография тіл білімінің ішкі және сыртқы заңдылықтарын сабақтастырған тілдік қатынастың ғылыми-теориялық негіздерін талдауға, оның оқыту принциптері мен әдістемелік ерекшеліктерін сұрыптауға бағытталған. Ғалым адамзат қоғамында тілдің атқарар қызметін, күнделікті тіршілігінде, әлеуметтік дамуында алар өзіндік орнын анықтау мақсатында “тіл мен ойлау”, “тіл мен сөйлісім”, “тіл мен таңба” сияқты ұғымдардың байланысын жеке-жеке қарастыра отырып, тілдік қатынастың қоғамдық-әлеуметтік құбылыстар қатарында қол жеткізер мүмкіндіктерін, адам жаратылысының физио-анатомиялық өзгешеліктерін сипаттар ұстанымдарын жүйелі түрде зерттеуге мән береді. “Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс…Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу…” [23; 3-б., 39-б.] деген анықтама негізінде тілші адамдар арасындағы қарым-қатынастың екі түрлі ерекшелігін бөліп көрсетті: тілдік және тілісіз қатынас. Кез келген қарым-қатынас нормаларында екі жақтың ұғынысып, “соған қарай іс-әрекет жасауымен” қатар, “өмірден, қоғамнан тыс бола алмайтын” [23; 40-б.] негізгі белгілерінің сақталуы қажет екендігін ескерткен автор тілдің қатысымдық функциясын жүзеге асыратын экстарлингвистикалық факторлардың да маңызына тоқталды: “Ой сыртқа тіл арқылы шығу үшін, сыртқы дүние немесе объективтік құбылыстар, адамның миына, санасына әсер етеді. Демек, сөйлесімнің болуы үшін, сыртқы әр түрлі жағдайлардың да әсері қажет. Экстралингвистикалық фактордың ықпалынан адамдардың ойлау қабілеті, тілі, сөзі дамиды, жетіледі. Соның арқасында ұжымдық топтың сөйлесу мүмкіндігі артады. Ол сөйлесімнің қоғамдық-әлеуметтік маңызына әсерін тигізеді” [23; 83-б.], яғни сөйлесім әрекеті арқылы іске асатын тілдік қатынастың негізгі қағидалары да, басты ұстанымдары да оған сырттан әсер ететін алуан түрлі құбылыстарға тәуелді дамиды.

Танымның өзегі ретінде бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне, тілдік құрылымына талдау жасаған Б.Момынова „Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы)” атты ғылыми монографиясында „қазақ газеттерінің ақпарат тарату, үгіт-насихат жүргізу саласындағы қызметін” [94; 27-б.] қоғамдағы әлеуметтік факторлардың ықпалымен уәждеді. Ақпарат құралдарының „ағартушылық-танымдық” және „қоғам мүшелерінің дүниетанымына әсер етер” [94; 5-б.] функцияларын берілер информацияның дерекнамалық негізімен, салалаық бағытымен әрі мақсат-міндетімен сабақтастырған ғалым „қабылдаушының таным-түсінігі, білім-біліктілігі”, „ойлау динамикасы”, „сөз мағыналарының эволюциясы” сынды тіркестер негізінде тілтанымдық құралдардың адам қоғамында алар өзіндік орнын зерделеді. „...әлеуметтік лингвистика табиғатын жете түсінуде ойлау, сана, сезім, қалып (установка), қажеттілік, қызығушылық, мотив сынды ұғымдарды орнымен пайдаланудың маңыздылығы зор” [94; 33-б.] ,-деп есептей отырып, тілші газет лексикасының жүйесін „қоғам мен саясатты танытатын сөздермен” байланыстырды, оларды білім мен тәжірибе арқылы жинақталатын танымдық қордың үлгісі ретінде сипаттады. Осыған орай, еңбекте „қоғамның динамикалы қозғалысы мен әлеуметтік практикалық дамуы” секілді ұғымдар тізбегі ұысынылады, себебі Б.Момынова „Тілдік номинация тек қана шындық өмірдегі, болмыстағы заттар мен құбылыстардың атауы болуымен, сол мақсатқа жұмсалуымен ғана шектелмейді, сонымен бірге адамның объективті „шындық болмысты”, оның бейнесін өзінің субъективті ішкі әлемі арқылы бейнелеу мақсатына да қызмет етеді” [94; 163-б.] деген көзқарасты ұстана отырып, „ой динамикасын” „объективті негіз бен субъективті компоненттердің бірігуімен” ұштастыра анықтады.