Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

2.6 Қазақ тіл біліміндегі универсалды теориялық бірліктер

Қазақ тілтаным ғылымы өзіндік үрдіспен қалыптаса отырып, маңызды танымдық бірліктердің тілдік құралдар арқылы көрініс тауып, талдануына да ұтымды әсер етті, сол себепті классикалық үлгіде қабылданатын когнитивтік ұғымдармен қатар, мұнда ұлттық таным мен пәлсапа қағидаларына құрылған әрі универсалды танымдық әрекеттерден өрбіген бірліктер де жіктеліп ұсынылды. Тарихи бастауының өзі қоршаған орта құбылыстары мен тілдік амалдардың сабақтастығын өзектеген, адамды барша табиғи болмыстың бөлшегі деп қарастырған бұл саланың ғылыми-теориялық негізде болмаса да, логика-пәлсапалық тұрғыда дамуы аса құнды тұжырымдардың дүниеге келуіне түрткі болды, яғни гештальт, фрейм, концепт мәселелерінен бұрын не болмаса олармен қатарласа ұқсату, яки аналогия, ассоциация немесе балау, бейнелі қабылдау, жоғары құндылықтарға зейін қою әрекеттерінен туындайтын тілтанымдық мағыналар да үстем бола бастады. «Адамның санасы әр затты қырағылықпен зерттеуінде арнайы сөз қорын қажет етеді. Бұл үшін жалпы ұғымның бөлшектенуі керек, арнайы сөз қорының жүйесін ұйымдастыру үшін, екеуі бір-бірін толықтыру үшін заттар мен сөздер оларды белгілеуші процестер қатысады: ғылыми классификация және логикалық бөлу» [156; 17-б.],- деп көрсетілгендей, бастапқы кезде логикалық жорамалға, философиялық көзқарасқа негізделген аталмыш пікірлердің дені тек құрылымдық лингвистиканың көмекші құралы, дәйектеуші амалы ретінде ғана зерделеніп келсе, кейіннен зерттеушілер оларға жаңа ғылыми зейінмен назар аударып, арнайы когнитивтік ұғымдар мен бірліктер жігі пайда болды. Ғалымдар тіл табиғатын анықтау, оның қызметін саралап көрсету үшін көп уақытқа дейін интралингвистикалық амалдарға, формалық негізге сүйенген талдауларға ғана мән берумен болды. Дегенмен, әр кезең жемісін құрайтын лингвистикалық ізденістер белгілі бір себептермен не болмаса пәлсапалық жалғасыммен танымдық мәселелермен де, адамның қоршаған заттар мен құбылыстарды қабылдау мүмкіндіктерімен де, олардың уәжді себептерімен де сабақтаса жүзеге асып отырғандықтан, экстратілдік тұжырымдардың дүниеге келуі ғылыми танымның үйлесімді көрсеткішіне айналды. Соның арқасында зерттеушілер тілдік заңдылықтарды әлемдік бейнемен ұштастыруға, жекеленген сөздер мен ұғымдарды өзара салыстыруға әрі «тілдік сана» [М.Балақаев] мәселесін дәйектеуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде қазақ тіл білімінде өзіндік үрдіспен дамыған танымдық бірліктер тізбегі орнықты.

Біріншіден, «жалпы тіл тану» көлемінде сөз болған фактілер тілдік және танымдық ұстанымдарды сабақтастырған ұқсату негізінде аналогиялық қабылдаудың табиғатын сұрыптады. Ұқсату мен балау «адамның, тілдік тұлғаның оқу немесе қызмет ету саласына, өмір сүрер ортасына, сол кездегі қоғамда қабылданған нормалар мен құндылықтар жүйесіне қарай түзілетін» [103; 27-б.] болғандықтан, олардың астарында қоршаған болмыстың субъективті қабылдануы жатары сөзсіз. Айталық, «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат – топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан да, кірпішінен де болады. Бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. Кірпіш қандай жерде қалай қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шығады» [20, 148-б.] ,-деп сәулет өнері мен сөз өнерінің арасындағы ұқсастық элементтерді сұрыптау негізінде ғалым А.Байтұрсынұлы тілдік танымның бейнелі сипаттамасын ұсынды. Сөздер мен «топырақтан иленген кірпіштің» функцияларын салыстыра отырып, тілші адам әрекетімен жасалатын өнер атаулының ең басты бір заңдылыққа бағынатынын таныды, ол – ақыл мен қиялды сабақтастыра білу, кез келген іске барша зейінмен қарау. Осыған орай, автор «Дыбыстан құралып, сөз жасалған, кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты, сөзден бірігіп түрлі әңгімелер айтылады.Үйдің түрлі болып шығуы – балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатын сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен...Сондықтан мәнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, әңгіменің әдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Неғұрлым сәулет өнерпазы қиялға бай болса, сөғұрлым үй де сәулетті әдемі болып шығатыны сияқты, неғұрлым жазушы қиялға бай, пікірге шебер болса, соғұрлым шығарған сөз пікірлі, әсерлі әдемі болып шықпақ...Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу – бұл үйге керек заттардың сыр-сипатын білу сияқты нәрсе» [20; 149-б.] деген тұжырымын да сол аналогиялық қабылдаудың ұстанымына сүйене дамытты.

Жалпы теориялық ілімнің негізін қалаған Қ.Жұбанов зерттеулері де қазақ тіл білімі көлемінде ғана емес, бүкіләлемдік деңгейде жаңа тілдік тұжырымдарды ұсынған ғылыми бастама ретінде танылатындықтан, авторлық талдаулардың дені тілдің құрылымдық-жүйелік өзгешелігімен қатар, тілтанымдық ұғымдар мен элементтердің де логика-пәлсапалық негіздерін, тарихи-этнографиялық уәждерін, антропологиялық ұстанымдарын сипаттауға бағытталған. Мәселен, «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерде» тіл мен таным байланысының айқын айғағын құрайтын ұқсату немесе аналогия деректері ұтымды пайдаланылған. Көрнекті ғалым: «Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен білу қасиеті бар...Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны - өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен...» [8; 93-б.],- деп тұжырымдау арқылы аса қажет танымдық факторға назар аударған. Сөйтіп, сөздің пайда болуын адамның зейін қою, түсіну, қабылдау, есте сақтау әрекеттерімен ұштастырған тілші алғашқылар қатарында тілдік зерттеулердің шеңберін кеңейте отырып, қоршаған құбылыстарға зер салды, олардың табиғи болмысын лексикалық бірліктерді танып-білуге негіз етті. Мысалы, Қ.Жұбанов «таң» сөзімен «таңдай» сөзінің арасындағы байланысты алып қарау арқылы адам табиғатын аспан әлемімен ойша сабақтастыруға, ұқсатудың заңды ұстанымдарын ғылыми негізде дәлелдеуге тырысты. «таң – аспан әлемнің аты, яғни жоғарға жаққа тән қасиеттің иесі; таңдай – адам денесінің жоғарға жағы», - деген дедуктивті қорытындының да астарында ұқсата танудың негізі байқалады. Осыған орай, автор зерттеулерінің өзгешелігін тілдік қабаттардың таза құрылымға ғана емес, адамның ойын қоршаған құбылыстармен, сезіп-тану әрекеттерімен байланыстыратын талдауларға да негізделуі секілді мәселелер құрады. Қ.Жұбанов тұжырымдары бейнелі суреттерге, халық танымына түсінікті әрі жақын аналогиялық салыстыруларға бай, сол себепті А.Байтұрсынұлының пікірімен сабақтаса отырып, тілші жалпы фонетика қағидаларын түсіндіру мақсатында адамның сөйлеу тілін кірпіш үйдің құрылымына ұқсата бейнеледі, оны «Сөйлеген сөздеріміздің қай-қайсысы да түрлі дыбыстардың түрліше құралысуы, орналасуы сияқты көрінеді. Кірпіш үйдің қабырғасы қабырға болмастан бұрын бөлек-бөлек, ұсақ-ұсақ кірпіштен болып, сол кірпіштен құралып, қаланып барып қабырға қалпына келгені сияқты, тіл де дыбыстардан құралып барып буындар, буындардан жиналып келген сөздер, сөздерден топталып алып, сөйлемдер пайда болатын тәрізді...» [8; 42-б.],- деп суреттеді. Демек, тіл дыбыстары адамның сөйлеу әрекетін жүзеге асыратын ең маңызды бөлшектер болып табылатындықтан, сөз бен сөйлемнің негізін құрайтын бұл фонетикалық бірліктер тілдің құрылымдық, жүйелік ерекшелігін сипаттауға мүмкіндік беретін бастама іспеттес. Олар - сөзді құрайтын да, сөз бен сөзді байланыстыратын да элементтер, сол себепті тілші тұжырымында көрсетілген дыбыс – сөз – сөйлем тізбегі – тілдік бірліктердің синтагмалық, иерархиялық байланыстарын айқындайтын аса қажет көрсеткіштердің бірі ретінде «сөз – кірпіш, дыбыс – оның құрамындағы құм-топырақ» сияқты ұғымдық салыстырулар арқылы айқындалып, тіл дыбыстарының маңыздылығын анықтауға, фонетикалық типология негіздерін дәйектеуге мүмкіндік берді, яғни күнделікті тіршіліктен алынған бейнелі сурет тіл дыбыстарының табиғатын, оның тілдік құрылымда алар орны мен атқарар қызметін нақтылауға көмектесе отырып, тіл ғылымының да нысанын түсіндіруге септігін тигізді. Сол сияқты дыбыстық заңдылықтарды автор эмоционалды-экспрессивті бояуы бар әрекеттермен, олардың психологиялық ерекшелігімен сипаттай ұсынған. «Бір дыбыстың екінші дыбысқа бас игенін, бір дыбыстың екінші дыбыстан қорқып-үріккенін, сондағы дыбыс мүшелерінің жалқаулығы мен белсенділігін, осыларды қарастырады» [8; 46-б.],- деп фонетика нысанын зерделеген тілші анықтамасы оның қабылдау, тану, саралау мүмкіндіктерінен хабар беріп отыр. Адам болмысына ұқсату, оның мінез-құлқына жақындату арқылы бейнеленген үзінділер авторлық танымның ғана емес, қазақ халқының этностық табиғатына, тұрмыс-тіршілігіне зейінмен қарауының жемісін құрайтындықтан, Қ.Жұбанов қолданысындағы тұрмыстық ұғымдар тіл табиғатын анықтауға, жазылған грамматикалық еңбектерді сипаттауға да қатысады. Мысалы, Т. Шонанұлы грамматикасы туралы айтылған ғалым пікіріне назар аударайық. «Қойына өлшеп қорасын салмаған. Даяр қораға әкеп қамаған. Сондықтан, басқа тілдерге өлшеп салынған форма қорасының түкпірлерінде бос қалған алаңдар да болғаны сияқты, тарлық етіп, тоқты-торымның сыймай қалғаны да болған...» [8; 34-б.] деген үзінді этнотанымдық элементтерді лингвистикалық зерттеумен ұтымды сабақтастырған, соның негізінде халықтық қабылдауға шебер үйлестірген тілтанымдық ұқсатудың өзгеше үлгісін сұрыптады. Оның себебін ғалым тілдік ізденістердің өзіндік табиғатымен, оған қойылатын талаптармен әрі тілдік бірліктер мен қоршаған құбылыстар ара-қатынасымен пайымдады. «Музыка әр құбылысты өзіне ұқсас бейнелер арқылы суреттейді...Тілдің білдіретін құбылыстары мен тіл белгілерінің арасында көрініп тұрған байланыс жоқ. Сондықтан ол құбылыстармен таныс болып тұрсақ та, сол құбылыстарды көрсететін әр тілдегі әр түрлі белгілер жүйесімен таныс болмасаң, ашық айтқанда сол тілді білмесең, ол құбылыстың тілдегі белгілерін, аттары болған сөздерді ұға алмайсың...» [8; 39-б.],- дей отырып, тілші «таныс құбылыстар» мен «ол құбылыстың тілдегі белгісін» көзге көріне бермейтін байланыстар тұрғысынан түсіндіреді, ал «ұқсас бейнелерді» сол байқалмас қатынастың таңба мен таным арасындағы сабақтастық ерекшелігі тұрғысынан сипаттауға бағыттады.

Тілдік бірліктер мен олардың мағыналық ерекшелігі «ассоциация, анология, апперцепция принциптерімен жыйнақталып ұласуға негізделген» [34; 44-б.] мәселелерге тығыз байланысты болғандықтан, тілтанымдық деректердің құнды бөлігін адамның қоршаған әлемді зейінмен бақылау мүмкіндігінен туындайтын фактілер құрайды. Оның айқын айғағы ретінде ғалым Н.Т.Сауранбаев семантиканың ұқсату заңын келтіреді, себебі, автордың айтуына қарағанда, «...көпшілік атаулар белгілі бір заттың сыртқы көрінісін, белгісін басқа нәрсеге ұқсатудан пайда болады. Мәселен, қызғалдақ, сарғалдақ, итмұрын, балықкөз, атқұлақ...сияқты сөздер осылай ұқсату заңына байланысты пайда болған» [31; 51-б.]. Олай болса, тілдік атаулар немесе лексикалық элементтер адамның танымдық әрекетін салыстыру, салғастыру негіздерімен ұштастыру арқылы дүниеге келетіндіктен, ұқсату арқылы жасалған жекеленген сөздер мен бейнелі ұғымдар лингвистикалық зерттеулердегі адамдық фактордың маңызын арттыруға мүмкіндік береді.

Осындай аналогиялық танымның негізінде жасалған дедуктивті яки индуктивті қорытындылар қатарында Ә.Қайдардың «Қаңлы» еңбегінде жан-жақты талданған фактілерді атауға болады. Ғалым тарихи таным негізінде дәйектелген этнонимдік атауларды арнайы деректермен сабақтастыра отырып, ат қоюдың когнитивті сипатын ұқсата қабылдау, символдық негізде тану, табиғатпен біте қайнасу, оны тіршілік көзі деп ұғыну салдарынан пайда болған өзгешелік деп түсіндіреді. «Этнонимдердің, әсіресе, жиі кездесетіні өзен-су аттарына байланысты екен. Өйткені, «су - өмірдің бір бұлағы, тек су бар жерде ғана өмір бар» деп, кесіп айтуға болады. Тек сулы, нулы ортаны ғана адам баласы өзіне мекен етеді, сол жерге үй-жай салып, қора тұрғызып, қамал орнатады. Өмір-тіршілік көздерін де сол табиғи ортаға қарай ыңғайлап құрады» [54; 54-б.] деген тілші тұжырымы соған дәлел бола алады. Автор өзімізге таныс ру атауларының көпшілігін олар мекен еткен өзен атауларымен байланыстырған маліметтерді де назардан тыс қалдырмайды. Осы мақсатта зерттеуші С.Аманжоловтың көзқарасын ұсынады: «...Сондай-ақ арғын атауы да – Арғұн өзенінің, Дулат – Тулати өзенінің, Қаңлы – Қаң өзенінің атауларынан пайда болған деп көрсетіледі (С.Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории...)» [54; 55-б.]. Сөйтіп, тіл мен таным байланысын өзектеген ұқсату заңдылықтары қазақ тіл біліміндегі танымдық үдерістің уәжді себептерін айғақтай отырып, аналогия бойынша ат қою не болмаса бейтаныс құбылысты қабылдау негіздерін сипаттауда айтарлықтай үлес қосты, себебі «Адамның сана-сезімі атау беру кезінде объектінің барлық ерекшеліктерін ескере алмайды; бірақ ұқсас объектілерден дифференциялау ерекшелігі сақталады. Дифференциялау аталмыш объектіні басқа ұқсас объектілерден ажырату үшін қандай да бір белгісін анықтайды...» [156; 26-б.].

Ұқсату элементтерінің кеңінен қолданылатын аясын көркем сөз туындылары құрайтындықтан, бүгінгі күні тілшілер жеке қаламгерлердің бейнелеу, көріктеу, кейіптеу тәсілдерін арнайы зерттеу нысанына айналдыруда. Айталық, «Кейіпкерлерін немесе уақиғаға қатысты басқа да заттарды, нәрселерді қоршаған ортаға байланысты әрекеттерді суреттеуде сатирик Ғ.Мүсрепов кейіптеуді өте бір қисынды пайдаланады. Дәлірек айтқанда, көптеген заттар адамға тән қасиеттерге «ие болып», адамдарша қозғалады, әрекет етеді, адамдарша әр түрлі эмоциональдық көріністе бейнеленеді. Сол сияқты хайуанаттар да адамдарша «ойлап, өткен күндерін еске алады». Ауа райына қатысты да адамның мінезі мен қылығына тән әрекеттерді иелендіреді...» [75; 96-б.] деген үзінді арқылы ғалым М.Серғалиев ұқсату әрекетінің антропоцентристік сипатын өзектеп отыр. Көп жағдайда адам өзге табиғат құбылыстарымен, қоршаған әлем заттарымен салыстырылып келсе, бұл ретте, керісінше, өзге дүниелер «адамдарша» сөйлеп, ойлап, әрекет етіп, «адамдарша» өмір сүрер қабілеттермен қамтамасыз етілген, оның мақсатын тілші шығармалардың сатиралық мүддесімен дәйектеп түсіндіруде. Олай болса, ұқсату арқылы дүниеге келген тілтанымдық деректер адамның ішкі және сыртқы әрекеттерін байланыстыруға мүмкіндік беретіндіктен, оның заттар мен құбылыстарды салыстырар не болмаса бір-бірімен үйлестірер қабілеттері, яғни «...жанды заттардың немесе олардың белгілерінің атауларын жансыз заттарға телуге болар» [13; 212-б.] өзгешеліктері барша қоршаған әлем заңдылықтарын ұғынуға, жаңаны жадыда сақталған өзге құбылыстар арқылы жаңғырта зерделеуге септігін тигізері хақ. Бұл процесті Н.Уәлиев «...тіл-тілде болатын заңды құбылыс» [95; 41-б.],- деп сипаттай келе, сөздердің өздерін де білдірер мағынасына қарай, қолданылу жиілігіне сүйену арқылы не болмаса қолданыстан мүлдем шығып қалу табиғатына орай «аспан әлеміндегі жұлдыздарға» ұқсатады.

Адам танымында орын алған ұқсату заңдылығын жоғары бағалаған зерттеушілер оны «тілдің дамуы мен қызметінің өсуі үшін» [66; 93-б.] аса қажет факторлардың бірі деп бағалайды, өйткені А.Салқынбай ұқсату арқылы «адам ұғымында жаңадан танылған зат не құбылыстың белгісі немесе бір қасиеті, сапасы бұрыннан белгілі сөзбен» байланыстырыла қабылданады деп есептейді.

Екіншіден, қазақ тіл білімінде танымдық деңгейде кең қолданыс тапқан ұғымдар қатарында метафораларды атаған орынды. Ұқсату мен балауға, адамның өмірден көрген-білгенін, түйгенін таразылауға мүмкіндік беретін бұл тілдік құбылыс лингвистикалық талдаулардың маңызды бөлігін құрайды. Ғалым Ә.Хасенов атап көрсеткендей, «Бұл жерде ұқсастық дегеннің ұғымы кең: заттар мен құбылыстар түр-түс жағынан ұқсас болып келуі мүмкін; көлемі, аумағы дәл бірдей болмаса да, әйтеуір бір формасы ұқсас болуы мүмкін; бір атаумен аталатын зат немесе құбылыстың бірі өмірде бар, нақты, ақиқат болуы, ал дәл сол атаумен беріліп, белгілі бір сөз тіркесі құрамында қолданылған екінші бір заттың өзі нақты болмауы мүмкін...» [41; 143-144-бб.]. Осыған орай, әдебиеттанушылар мен тіл мамандарының зерттеу нысанына айналған метафоралар мен метафоралану процесі бүгінгі күні әлеуметтік, психологиялық, танымдық, пәлсапалық прагматиканың бірлігі ретінде айқындалып сипатталып жүр, себебі ол адамның «...дүние танымына, содан алатын ой түйініне тікелей байланысты құбылыс» [21; 31-б.] деп саналады. Бір объектіні екінші объектімен салыстыру, салыстыра ұқсату, сөйтіп, бұрыннан таныс сөз мағынасына жаңа семантикалық кеңістік үстеу негізінде дүниеге келетін бұл ұғымдар, бір жағынан, когнитивті лингвистиканың ментальды-танымдық нысанын құраса, екінші жағынан, лексикология мен семасиологияның бірлігі ретінде айқындалады, себебі А.Байтұрсынұлы атап көрсеткендей, метафораларды жасауға қатысатын мағыналық бірліктер «Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды заттың күйі танысырақ» [20; 154-б.] фактілерден жинақталады. Олай болса, «тіл көрнекілігінің» негізін құрайтын әдістер жіктемесі де, ғалымның пайымдауынша, сол бейнелі қабылдаудың көрсеткішін құрай отырып, объективті дүниенің субъективті көрінісін дәйектеуге, зейін мен жады арқылы әлемдік бейне суреттерін айқындауға мүмкіндік береді. Демек, «Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әлпіне түсіріп айтатындықтан» [20; 210-б.], сөз мағынасын ауыстыра, оған өзгеше «бернелі» реңк бере қолдану астарында қиял мен «түйіске» негізделген таным, «меңзеуге» құрылған зерде жататыны сөзсіз, сондықтан «...адамның ойына өң бере, көңіліне күй түсіре» [20, 211-б.] баяндалатын «көріктеу, меңзеу, әсерлеу» формаларының әрқайсысы «қалыпты түрдегі» сөз қолданыстан ерекшеленіп, адам танымының айрықша түрін сұрыптауға бағытталады. «Көркейту я жалпы сипатты жалғыз нәрсеге теліп айтқанда, я нәрседе болмайтын сипатты болатындай етіп айтумен болу», «...белгісіздеу сипатты белгілі сипатқа, белгісіздеу нәрсені белгілі нәрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсету», «сөздің көбін өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсау, арасында түк ұқсастық жоқ, екі нәрсенің ететін әсері бірдей болса, біріне қас ғамалды екіншісіне ауыстырып айту» [20, 155-157-бб.] сияқты қызметтерді арқалаған бұл тілдік құралдар, шын мәнінде, «тіл танытқыш» [20; 149-б.] сипатқа ие болып, қоршаған әлемнің антропологиялық, диалектикалық ұстанымдарын когнитивті негізде талдап түсіндіруге себепкер болып отыр. Адам табиғатын оның сөйлеу, ойлау, тану әректтерімен байланыстырған ғалым сөз мағыналарын ауыстыра қолданудың бастамасын оның жалпы жаратылысындағы тарихи дамуымен өлшеуге тырысқан. «Адам анайы шағында бала сияқты жанды, жансыз нәрсені айырмаған. Жандысы да, жансызы да бірдей өмір сүретін сияқты көрінген...Табиғаттан ұзап кеткен жері болмаған соң, адамның өзі де табиғатпен қатар, табиғатпен жалған, сабақтас, өзектес сияқты күйде өмір шеккен, жансыз нәрселерді жанды деп таныған» [20; 230-б.], сондықтан «бернемен сөйлеудің» [20; 161-б.] «астарын да, өң жағын да, астыртын мағынасын да, лебіз мағынасын да» [20; 162-б.] барлығын дерлік қамтыған тілші талдаулары адамның «ішкі және тысқы ғаламына» [І-тарауды қараңыз] сүйене ұсынылған. Сөйтіп, сөз мағынасын ауыстырып қолдану кез келген адамнан үлкен шеберлікті, қиялға негізделген таным мен образды қабылдауды қажет ететіндіктен, бұл жағдайда «...пікір сурет түрінде шығатын, яғни сүлде үстіне өң, ажар, жан, мінез, қылық беріліп, тұрпат тұлға, түс бітіп, тірі нәрсе болып шығатын» [20; 221-б.] танымдық болмыстың тілдік бейнесін құрайды. Көрнекті ғалым С.Аманжоловтың зерттеулерінде орын алған осы сынды тілтанымдық бірліктер те адам әрекетінің табиғатын зерелеуге негізделе отырып, образды ойлаудың, ерекше пайыммен қоршаған әлемді, оның құрамды бөліктерін танудың үлгісіне айналып отыр. ”Европаның үлгілі ақын-жазушылары әрбір геройдың тұрмыс, салт-сана, әдет-ғұрпымен байланысты сөздерді бекерге жинамайды. Кейде сол сөздердің өзі асыл ойларға жол салып береді, ұмытқанын есіне салады. Екінші сөзбен айтқанда, тілге байлық жазушының дүние тануының кеңдігін, төрт аяғы тағалы мұзға салған жорғадай, ойының алды жазық, шарықтағыш тапқырлығын көрсетеді. Дүниетануы кең адам, әрине, алдымен тарихқа қанық, бұрынғы-соңғыны білетін болуы керек…”[10; 158-б.] деген бейнелі сипаттама негізінде авторлық танымның, субъективті қабылдаудың, өзіндік құндылықтардың өлшемдері көрініс тауып қана қойған жоқ, сонымен қатар оның өмірлік тәжірибесінің, жеке тұлғалық концептуалды жүйесінің және санасында орныққан этнокогнитивті ұғымдар мен ұқсатулар тізбегінің әсері анық байқалды. Когнитивтік терминдер сөздігіндегі: “Жалпы алғанда, метафора бір объектінің екінші объект арқылы көрінуі, соның негізінде білімнің тілдік пішіннің көмегімен ұсынылуы болып табылады. Демек, метафора жекеленген байланыссыз объектілерге емес, күрделі ментальды кеңістіктерге (сезімтал немесе әлеуметтік тәжірибелерге негізделген салаларға) қатысы бар құбылыс деп танылатындықтан” [112; 28-б.], бұл амалдар адам танымының образды қабылдауын сипаттайтын құрал болып табылады, яғни тілшінің дүние тану кеңдігін суреттеген “төрт аяғы тағалы мұзға салған жорғадай”деген теңеуі де сол бейнелі қабылдаудың үлгісін құрары ақиқат.

«Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де әсер етеді. Әсіресе, сөздің мағынасының өзгеруіне сыртқы себептер көбірек ықпал жасайтын сияқты» [157; 203-б.],- деп есептеген ғалым Ә.Болғанбаев метафоралардың үш түріне сипаттама берген болатын. Олар: 1] жеке қолданыстағы метафоралар; 2] тұрақты метафоралар; 3] тілдік [сөздік] метафоралар. Бұл ретте тілші сөздің тура мағынасын «заттың қоғамдық түсінігі» деп, ал ауыспалы мағынасын «жекелік [өзіндік]» сипаты тұрғысынан зерделей келе, метафоралық мағыналарда басшылыққа алынатын жанды-жансыз, деректі-дерексіз, нақты-жалпы заттар арақатынасын өзектеді, әсіресе жеке метафоралар табиғатына аталған ұғымдар сәйкестігі негізінде назар аударды. Келесі тұрақты метафораларды автор «жалпы халыққа таныстығымен» айқындады. «Ақын-жазушылардың ойы адамның күнделікті өмірден көріп біліп жүрген заттарымен байланысып тұрса, шығарманың тілі соншалықты тартымды болмақ. Өмірдегі затқа тән өзгешелікпен салыстырып айту арқылы ойды естен кетпестей түсінікті етіп жеткізуге болады» [157; 209-б.] деген тұжырымның көмегімен ғалым адамның ішкі дүниесін сыртқы әсерлермен тоғыстыра отырып, тілтанымдық бірліктердің баршаға ортақ заңдылықтарын, яғни универсалды сипатын айғақтады, сондықтан да оларды «барлық жұрттың игілігіне айналған» құбылыс ретінде сипаттап берді. Тілдік метафораны зерттеуші «бейнелі емес, жай қарапайым түрде кездесетін» мағына тұрғысынан бөліп қарастырды, сол себепті ол «дүниедегі заттардың, құбылыстар мен қимылдардың сыртқы құрылысына, түсі мен сапасына бір-бірін өз ара ұқсатудан пайда болатын» әрі кейде «метафора екендігі аңғарылмай» қалатын «дәстүрлі метафора» болып дәйектелді. Мысалы: Бір ауыз өлең шығара білмеген қазақ қазақ емес [сөйлеу тілінен]. Есіктің көзіне отырма [сөйлеу тілінен]. Жүргенім ойнап-күліп сенің арқаң [халық өлеңі] және т.б. [157; 212-213-бб.].

«Сөз мағынасының ауысуын» немесе «метафоралануды» тілдік талдауларына арқау еткен, оны «шығарманың идеялық мазмұнының көрінісі» [55; 21-б.],- деп сипаттаған Р.Сыздық зерттеулерінің көлемді бөлігі «сөз-образ», «поэтикалық образ», «образдар галереясы», «сөз құбылту», «сөз-символ», «метафоралық образ» т.б. сияқты ұғымдарды анықтауға, олардың қолданылу шеңберін сұрыптауға бағытталған. Осыған орай, «...ақынның сөз кестесін: көріктеу құралдары мен көркемдеу тәсілдерін танып-танытуды» [55; 13-б.] мақсат еткен автор метафоралану процесін ақындық танымның, оның ұқсату тәсілінің өзегі ете отырып, поэзияны «сөздің бар қабілетін ашатын, сөз мағынасының небір нәзік қырларын көрсететін майдан» [55; 23-б.] тұрғысынан зерделейді. Өлең сөздің құдіретін, эмоционалды-психологиялық мүмкіндігін, бейнелі-танымдық сипатын жоғары бағалаған тілшінің ой-тұжырымдары Абайдың «әсемдік әлемін», көркейту құралдарын, мағыналық ауысуларын пайымдап түсіндіруге негізделген. Автор образды «көріктеу элементі» деумен қатар, оны «дүние тану» кілті ретінде қарастыру қажеттігіне мән береді. Сөйтіп, мағынасы ауысқан сөздердің екі жақты қызметін дәйектеу арқылы ғалым тілдік құралдардың экстратанымдық қабілеттерін айғақтау мүмкіндігіне ие болды. Біріншіден, «қолданыстағы мағыналық ерекшеліктер» «жазушының не ақынның осы сөз арқылы қандай идеяны [ойды] айтпақ болғанын» айқындайтын құрал деп; екіншіден, бұл «мағыналық обертондар» [музыка термині болып саналатын обертон сөзі дауыстың негізгі әуеніне белгілі бір реңк, темб бояуын үстейтін қосымша тон-үн – Р.С.] «оқырманның ол сөздің мағынасын қандай деп қабылдайтынын көрсетер» [55; 23-б.] бастаулар ретінде айқындалатынын ескерткен тілші метафоралану процесіне қатысатын әрі оның маңызды бөлігін құрайтын ұғымдық бірліктерге, олардың өзара сабақтасу заңдылықтарына тоқталады. Сөз мағынасының ауысуы кездейсоқ жүзеге асатын құбылыс емес, ол объективті және субъективті факторлардың ұштасуынан туындайтын танымдық элемент болып табылатындықтан, оның астарында сатылы да жүйелі қабылдаудың, ойлап пайымдаудың әрі ерекше зейін қойып бағдарлаудың көріністері тұтастық тапқан. Демек, ой мен таным, зерде мен ақыл, тәжірибе мен білім, жады мен сана секілді бірліктердің қызметіне сүйенген «сөз құбылту» әрекеті, шын мәнінде, «эмоциялық-бағалауыштық қызметте жұмсалатын» [55; 24-б.] құрылымдар тізбегінен, «тақырыптық өріс арқылы туатын идеядан» және жеке тұлғалардың «бейнесін сомдар» сөз-образдардан [55; 21-б.] бастау алады. Мысалы, зерттеуші З.Ахметовтің пікірін қолдай отырып, Р.Сыздық «Абай өлеңдеріндегі жол, жартас, жүрек, соқпақ сияқты сөздерді метафораланып жұмсалған сөз-образдар» [55; 23-б.],- деп талдау қажеттігін атайды. Осы орайда, «рухани дүние» тобының құрамды бөліктері қатарында тілші «ойшыл [адам], жан [адам], татулық, адамдық,..көңілдің кешуі, өкпе сызы, жүрек жігі, көңіл жүгі...» сынды сөздерді атай отырып, оларды «толғанған ақын» бейнесін сомдаған құралдар деп сипаттайды. «Сөз мағыналарын ауыстырып, метафоралап, одан барып номинативтік атауды суреттеме атаумен алмастыру» [55; 118-б.] процесін образ жасаудың өзгеше амалы деп қарастырған тілші «сөз құбылту» кезінде байқалатын дәстүр мен жаңашылдық үрдістерін танымның екі жақты мақсатымен айғақтайды. Біріншіден, танымдық әрекеттің негізінде пайда болған тілдік бірліктер объективті шындықтан бастау ала отырып, «жалпыхалықтық бейнелілікке» немесе «ұжымдық мүлікке» айналады, яғни, ғалым атап көрсеткендей, «олар қолданыла-қолданыла келе жалпақ жұрттың меншігін» [55; 121-б.] құрайды. Бұл жағдайда тілтаным нәтижелері ғасырлар бойы сақталып келген қазынаның, ұрпақтан ұрпаққа берілер халықтық мұраның көзі ретінде танылады. Екіншіден, тіл де, таным да динамикалық қозғалыстың, үздіксіз дамудың негізінде толығып отыратындықтан, олар субъективті қабылдаудың да арнасынан сусындайды, сөйтіп, «көркем сөздегі образдар жеке қалам иелерінің табысына» айналып, жекеленген тұлғалардың зерделеу, пайымдау, ойлау мүдделерін дәйектейді. Демек, сөз мағынасының ауысуы да, ең алдымен, адамның көрген, білген, түйген ой қорытындыларының, тәжірибе нәтижелерінің, жадыда орныққан құндылықтарынының айқын көрсеткіші болып табылады.

Сөз мағынасының алуан түрлі реңктері мен қолданыстағы ерекшеліктерін зерттеу нысанына айналдырған М.Оразов «Эмоциялы-экспрессивтік мағынаны берудегі өнімді жолдың бірі – сөздердің метафоралы қолданылуы» [100; 119-б.] ,-деп атап көрсетті. Әрине, барлығы болмаса да, бірегейі метафоралық мағынада жұмсалатын бұл эмоциялық бірліктерді ғалым он топқа бөліп талдаған. Айталық, «1. Құс атаулары метафоралы мағынада қолданылып, жағымды не жағымсыз мағынаны білдіреді: лашын, қаршыға, сұңқар...; қарға, тоты...т.б. 2. Төрт түлік атауларынан қозы, лақ, бота, құлын сияқты төл атаулары жағымды эмоцияны білдіру үшін қолданылса, үй жануарларының үлкендерінің атауларынан азбан, есек, өгіз, теке, ешкі сияқтылары жағымсыз эмоцияны білдіру үшін жұмсалады...» [100; 120-121-бб.] деген жіктеме негізінде тілші адамдардың ұқсату, салыстыру, бағалау қабілеттерін танымдық зерделеудің өзегіне айналдырды, сол арқылы өмірден алынған заттар мен құбылыстарды адамдардың жеке өлшем таразысынан өткізе отырып, тілдік құралдарды адам сезіміне әсер етер амалдар ретінде қарастырды, себебі «...кез келген метафоралы тіркес мағынасында сол тілде сөйлейтін ұлттың таным білімі байқалады...Құбылыстар мен жағдайлар арасындағы ұқсастық, оның тіл көрінісіндегі мүлдем жаңа образбен астарлануы қашан да сана төңкерісінің маңынан табылуы керек» [65; 154-б.] деп есептелінеді.

Үшіншіден, этномәдени белгілер де қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық зерделеудің ерекшелігін танытады. Адамның сөйлеу әрекетімен қатар қабылданатын қимыл-әрекет тізбектері арнайы хабарды жеткізумен қатар, жекеленген тұлғалардың ұлттық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени өзгешелігінен де мәлімет беріп отырады, сондықтан «...ұлттық дүниетаным ерекшеліктерінің айқын көрсетер белгілердің бірі – этномәдени белгілер. Олар жалпы ритуалдан туындайды, яғни қандай да болмасын этномәдени белгінің негізі ретінде ишарат, ритуалдың фрагменті алынған» [103; 24-б.] , - деп А.Ислам атап көрсеткендей, паралингвистика нысаны болып табылатын бейвербалды амалдар жиынтығы универсалды және ұлттық-мәдени белгілерді сабақтастырған танымдық бірліктерге жатады. Тілдік амалдармен қатар салт-дәстүр, символдар тоғысын құрайтын және қарым-қатынас кезінде ерекше түсіндіруді немесе арнайы ұғымдарға сүйене талдауды қажет ететін аталмыш компоненттер этностар арасындағы байланыстарды тереңдетуге, сол арқылы жекеленген халықтардың дүниетанымын, аксиологиялық құндылықтарын танып білуге мүмкіндік берері сөзсіз. Демек, өзге құбылыстар іспеттес бейвербалды құралдар да елдің бүгіні мен ертеңін, кешегі тарихи қалпын сабақтастырған, жан-жақты сұрыптаудан өткен, терең тамырлы халықтық қабылдаудың нәтижесін құраған элементтер ретінде, біріншіден, халықтың тұрмыс-тіршілігін, тәлім-тәрбиесін, өнегесін бейнелер қабілетке ие болса; екіншіден, сөзбен қоса ел жадында сақталар қимыл-әрекеттер арқылы белгілі бір хабарды, ойды, мағынаны үстейтін символдық зерделеудің, пәлсапалық ойлаудың негізін айғақтар таңбалық көрсеткіштер тізбегін де жинақтай алады. Осыған орай, Қ.Жұбанов еңбектерінде жан-жақты қарастырылған маңызды тілдік проблемалардың бірін „ым тілі дегеніміз не, ол адамзат өмірінде қандай қызмет атқарады және оның танымдық әрекет ретіндегі өзгешелігін қалай сипаттауға болады” сияқты мәселелер қатары құрады. Қазіргі тіл білімінде ым тілін арнайы зерттейтін сала паралингвистика деп аталып, оның кейбір элементтері ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Н.В.Юшманов еңбектерінде кездессе, жалпы ұғымның өзі 40-жылдарда А.А.Хиллмен енгізілген болатын. Ал лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте келтірілген деректерге назар аударсақ, паралингвистика тек 20-ғасырдың 60-жылдарында ғана нақты қолға алына бастады. Олай болса, 30-жылдары жазылып, 60-жылдары жарық көрген Қ.Жұбановтың лингвистикалық пікірлері тек қазақ тіл білімі деңгейінде ғана емес, әлемдік ғылым үшін де аса құнды.

Қ.Жұбанов “фонетика дыбыс тілінің дыбыстарын ғана тексереді” деп тұжырымдай келе, адам болмысына тән күлу мен жылаудың да табиғатына назар аударады. Сол арқылы қарым-қатынастың өзгеше түрін құрайтын, сан ғасырлық тарихы ұлттық танымға, әдет-ғұрыпқа негізделген, кейде жалпы адам баласына түсініктілігімен дараланатын “ым тілін” сипаттайды: “…жылау, күлу қоғамдық күштердің қысаптарымен шығады, сонда да оларды тіл дыбыстары деуге болмайды… жылау мен күлуді сол тілмен сөйлейтіндер болмай-ақ, мәселен қазақтың жылағаны мен күлгені қазақ болмай-ақ, кім болса сол түсінуге болады… Бірақ, қазақша білмейтін орыс, неміс, қытай қазақтың қазақшалап не сөйлеп тұрғанын ұға алмайды. Олай болса, жылау мен күлу – адам болған жердің бәріне түсінікті, ал тіл тек сол тілмен сөйлейтін қоғамға ғана түсінікті”[8; 38-б.]. Немесе “Күншығысшыл әйелдер тұрмысы ерекше жағдайда болғандықтан, әйелдерге арнаулы түрлі әдет-ғұрып өзгешеліктері мұнда жиі ұшырасады. Сол әдет-ғұрып өзгешеліктерінің бірі – осы күнге шейін Кавказда армян, грузин, түріктер арасында сақталған әйелдердің ым тілі. Жаңа түскен келіншек бір айға, қай жерде бір жылға шейін ата-енесімен дыбыстап сөйлеспейді, ымдап сөйлеседі. Бұл тілді армяндар “нашнауар”дейді. Нашнауар сондай бай, сондай ұшталған тіл, мұнымен әйелдер сумаңдатып, ала жөнелгенде дыбыс тілінен еш кемдігі жоқ сияқты”[8; 40-б.] деген анықтама арқылы тілші бейвербалды амалдардың қатысымдық қызметімен қатар, ұлттық-мәдени ерекшелігіне талдау жасай отырып, оның әртүрлі халықтарда өзіндік сипатпен, ерекше жүйемен қолданылатындығына зер салды, сол арқылы ым тілінің қоғамдық, этникалық әрі психологиялық табиғатын сұрыптауға мүмкіндік берді. “…Мұндай, әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі - әйелдерде ғана болатын “ернін шығару” [кеміткенде], “бетін шымшу”[ұятсынғанда],“аузын шылп еткізу”[таңданғанда], “аузын быртылдату”[кекеткенде]”[8; 40-б.],- деп сипатталған мысалдар негізінде қарым-қатынастың бұл түрі тек үнсіз қимылға ғана емес, дыбыстардың да қосақтасып жүруі арқылы жасалатындығы ескертіледі:”…Аузын шылп еткізу, аузын быртылдатулар дыбыс пен ымды қосып ұстаған синкретизм түрі. Мұның дыбыстарын бөліп алып, дыбыс тілі зауытында салып шығарылмаған. Сондықтан ұйыспалы [диффузный] түрінде қалып қойған”[8; 40-41-б.]. Қ.Жұбанов сол кездің өзінде баспаға “Элементы кинетической сигнализации в женской речи казахов” деп аталатын жұмысын дайындаған, бірақ , өкінішке орай, аталмыш зерттеудің өзі бізге жеткен жоқ.

Адамдардың ым, қимыл-әрекет тілі, үнсіз түсінісу қабілеті жалпыадамзаттықжәне жеке халықтық белгілерді ұштастыра отырып, ең алдымен, адамдардың өзара ұғынысу, бір-бірімен хабар алмасу мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағытталса, екіншіден, олардың танымдық әрекеттерін сипттауды көздейді. Әр халықтың этикет нормаларын дәйектейтін кинетикалық өзгешеліктер қоғамдық ережелермен қатар, ұрпақтан-ұрпаққа берілер тарихи әрекеттерді қамтиды, олардың „зейін” мен „тәжірибе” арқылы санада орнығар, жадыда сақталар амал-тәсілдерін басшылыққа алады. М.Балақаев қарым-қатынастың бұл түрін «беттесіп сөйлесу» [38; 63-б.] деп атады. Сөйтіп, оған «беттесіп сөйлесу...кісінің бет-аузы, көзі, қолы, қас-қабағы, дауыс ырғағы тағы басқалар айтылған ойдың қосымша амалдары болады. Беттесіп сөйлескенде, адам әсіресе, бір-бірінің көзіне, бет пішініне қарайды. Өйткені «адамның көзі – оның ішкі сезімінің айнасы». Кейде өмірде адамның тілі сөйлемей, көзі сөйлеп тұрған да кезі болады» деген анықтама берді. Ғалым «Кейбіреулер сөйлеп тұрып тыңдаушының қалай тыңдап отырғанын білу үшін оның көзіне қадала қарайтынын [телефон, радио, телеэкран арқылы сөйлескен кісінің ондай мүмкіндішілігі болмайтынын]...» ескерту арқылы бейвербалды қатынаста адамның психофизиологиялық «беттесуі» жүзеге асатынын меңзеді, яғни адамдардың бірін-бірі қабылдауы олардың көру, тану, бақылау, зейін қою сынды когнитивті әрекеттеріне сүйену негізінде көрініс табатыны ақиқат.

Сонымен қатар, адамның ойынан, көңілінен хабар беретін қимыл-әрекеттер тізбегі туралы мәліметтерді К.Ахановтың «іштей сөйлеуге» берген сипаттамасынан да кездестіруге болады. Мәселен, «Адам өзінше іштей сөйлегенде, оның сөйлеу мүшелерінің, мысалы, ернінің қимылдайтыны байқалады. Іштей сөйлеуде ойлау процесі өте-мөте жылдам өтеді...» [2; 54-б.] немесе келесі бетте келтірілген И.М.Сеченовтың тәжірибесіне көңіл бөлсейік. Мұнда да өзімен-өзі ойланып отырған адамда байқалатын әрекеттер тізбегі ұсынылған. Айталық, «Бала ойланғанда, ол қалай да сол кезде сөйлейді. Бес жастағы балалардың ойы сөзбен немесе сыбырлап сөйлеумен айтылады. Мұның өзі үлкен адамдарда да өте-мөте жиі [тіпті әрдайым, бірақ тек әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін] болады. Мен тіпті өзімнен де білемін, менің ойымның ауыздың жабық, қозғалмайтын күйінде тілсіз сөйлеумен, яғни ауыз қуысында тілдің бұлшық етттерінің қозғалуымен қоса қабаттасуы өте жиі болады» [2; 55-б.], бұл ретте ғалым қоршаған заттар мен құбылыстардың, яки оқиғалардың адам санасына, сезіміне әсер етер ерекшелігін «артикуляциялық мүшелерден келіп жететін кинэстезикалық тітіркенулермен байланыстырады», сөйтіп, өзге амалдармен қатар, адамның жүзінде не болмаса әрекетінде болар-болмас байқалар осы белгілерді де автор дүниені танып білуге негіз етеді. Олай болса, белгілі қаламгер Ғ.Мүсрепов анықтағандай, «...адамның рухани сырын бірден, бірден болмаса да көп ұзамай танырлық сыртқы белгі, портреті...адамның ой-көңіл, ниет портреті жүзінде! Түгел жүзінде...» [158] көрініс табатындықтан, тілдік амалдармен қатар қолданылатын «ым-нұсқау әрекеттері» де қарым-қатынастың ажырамас бөлігін құрайды, соның арқасында жекеленген адамдарды психологиялық тұрғыдан да, этномәдени таным негізінде де әрі әлеуметтік дамудың өзегі ретінде де қабылдау мүмкіндігі туындайды. Басқаша айтқанда, «физиология тұрғысынан күлу де, жылау да адам әрекетінің табиғи үдерістерін құрайтындықтан» [92; 186-б.], этномәдени белгілер адамзат тарихының алғашқы кезеңдерінен бастап әр түрлі маңызды, үрейлі, қуанышты оқиғаларға байланысты қорғану, көмек сұрау не тілек тілеу мақсатында қолданылған ырымдар мен ритуалдарға сүйене немесе белгісіз тылсым күштің құдіретіне сыйына дүниеге келе отырып, халық, ұлт бар жерде қолданыстан шықпай, өз даралығын, өзгешелігін сақтай жалғасады, мұра түрінде ұрпақтан ұрпаққа беріледі.

Төртіншіден, қазақ лингвистикасындағы тілтанымдық үдерістің айқын айғағын құраған маңызды шарттардың бірі – мәдениет константтарының, символдық ұғымдардың тілдік талдауларға қатысуы. Бұл ретте ғалым Ә.Қайдардың тарих пен таным негіздерін сабақтастырған «Қаңлы» зерттеуіне мән берген орынды. Қазақ халқының этнотанымдық, ұлттық-мәдени, әлеуметтік, психологиялық өзгешеліктерін қатар талдауына арқау еткен бұл ғылыми жұмыстың, біріншіден, тілтанымның халықтық негіздерін сипттауда орны ерекше болса; екіншіден, мәдени бірліктердің ұлттық табиғатын зерделеуде де атқарар қызметі айрықша. Тілші тарихтану мен мәдениет константтарын байланыстыра отырып, ру-тайпалық қалыптасудың, халықтық дәстүрдің, ұлттық өркендеудің, мәдени өрлеудің сатылы көрсеткіштерін тарту етті. Айталық, «Рәміздер деп отырғанымыз – түркі, моңғол т.б. алтай тобына жататын көшпелі тайпалар мен ұлыстардың тұрмыс-салтында сонау көне замандардан бері келе жатқан, о баста көшпелі елдердің мал шаруашылығына қатысты меншіктілікке, одан дамып, аталық рулық, тайпалық ұлыстық жіктелуге байланысты пайда болған сол меншіктілік пен өзара жіктелуді тұрақты түрде айқындап, айыру үшін зеректікпен ойлап табылған символдық белгілер [54; 128-б.] деп атап көрсете келе, Ә.Қайдар ұлттық-мәдени белгілердің тұрмыс-салт дәстүрімен, халықтық сананың тарихи қалыптасуымен әрі танымдық қабылдаудың әлеуметтік- кәсіби ерекшеліктерге ұласу сипатымен байланысқан табиғатын тілтанымдық факторлардың маңызды бөлігі ретінде талдап айқындайды. Автор ұранды сөздер мен рулық-тайпалық символдардың, таңбалардың алғаш пайда болуын қоршаған дүние заңдылықтарымен, этнотанымдық мүдделермен, олардың жүзеге асу қағидаттарымен сабақтастырады. «Ру-тайпа, ұлыстар арасында болып тұратын ұрыс-керіс, не жаугершілік кезінде ата-баба аруағын шақырып, ер намысын қоздырып, жұртты ру-тайпа мүддесіне жұмылдыру үшін қолданылған ұранды сөздер пайда болған...» [54; 128 – б.]. Демек, сөз құдіретін жоғары бағалаған қазақ халқының зерде-пайымы қоғамдық қалыптасудың нормаларымен қатар, оның мифотанымдық үдеріспен ұштасу негіздеріне, әлемді өзінше тану ұстанымдарына және олардың жадыда сақталар мән-мағынасына зейін қою, ойлау, бейнелеу, балау әрекеттеріне байланысты дамып жетіліп отырды.

Көргенін, естіген-білгенін таразылау, олардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерделеу, өмірге керек қалыпты фреймдік үлгілер мен сценарийлерді салыстыру, қажет жағдайда басшылыққа алу – осының барлығы танымдық процестің халықтық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени, психологиялық негіздерін қалыптастыруға әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар тілдік құралдардың да айрықша «қоймасын» [Р.Сыздық], бейнелі-образды өрісін, ассоциативті көрінісін уәжді түрде дәйектеп талдауға мүмкіндік береді. Сол себепті сөз тек номинативті бірлік ретінде емес, танымдық құбылыс, қатысымдық элемент, символдық мәні бар мәдени көрсеткіш деп те танылады. «Бұлардан тыс табиғаттың ғажайып күштеріне табынған көшпелі халықтардың ерте замандағы салтында өсімдік дүниесінен ағаштың түрлерін, жан-жануарлар дүниесінен қыран құс, жыртқыш аң атауларын өзіне пір санап, киелі символ етіп белгілеп алу дәстүрі де болған...» [54; 128-б.],- дей отырып, ғалым халықтық пәлсапа негіздерін танымдық аналогияға, арман-қиялға, бейнелі қабылдауға үйлестіре баяндаған, соның арқасында қазақ халқының табиғи болмысын, психологиялық келбетін, өзіндік мінез-құлқын тілтанымға нысана еткен. Адамның танымы объективті–субъективті факторларлың негізінде, яғни қоршаған әлемдегі жанды-жансыз заттардың, нақты-абстрактылы ұғымдардың жеке тұлғалардың ішкі және сыртқы әлеміне әсер етуі арқылы дамитындықтан, олардың тіршілік көздері де осы таным арналарынан сусындап, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар дәстүрдің үлгісіне айналады. Мысалы, автордың ен-таңба туралы пікірлері де, бір жағынан, терең философиялық астарға ұласса; екінші жағынан, өмірлік танымның заңдылықтарына негізделе құрылған. Дәйекті қорытындылар адамды қоршаған әлемнен алына келе, тілдік талдаудардың өзгеше бағытын саралаған: «...көп таңбалық атаулардың мән-мағынасына қарасақ, басым көпшілігі тұрмыстық заттар мен кейбір табиғи құбылыстарды білдіретін қарапайым сөздер. Мысалы, олар тұрмыстық заттарға ....қатысты атаулардан: балға, балта, бақан, бағана, көсеу, тарақ, ошақ, босаға... т.б. және табиғат құбылыстарына қатысты атауларда: ай, айшық, арқар, бөрі, бәйтерек т.б. тұратынын көреміз» [54; 131-б.]. Тіл мен танымның байланысу ерекшелігінен бастау алатын ұлттық-мәдени константтар мен олардың символдық мағыналары, ең алдымен, қоршаған дүниені қиялға негіздей қабылдаудың, оны жан-тәнімен түсінуге тырысудың, яғни әлеуметтік болмысты мифотанымдық пайымдауға ұштастырудың көрінісін құрады, яғни «Символ-маркерлерге белгілі бір рудың шығу тегін таумен, тау иелерімен, жер рухымен, жан-жануармен, құспен немесе нақты адаммен [тарихи шындық пен мифтік қиялдың қосарлануынан тұратын персонаж] байланыстыру, әрбір рудың өзінің нақты иемденген, ат-бабасынан «мұралыққа» қалдырған жерінің, өзінің ентаңбасы мен сыйынатын құдірет-киелерінің табынатын таулары мен өзендерінің, қолдаушы-жебеуші аруақтарының болуы т.б. жатады» [159; 157-б.] деп көрсетілгендей, этномәдени құндылықтарға негізделген символдық таным әлемнің тілдік бейнесін сұрыптауға, оның когнитивті дамуын сипаттап талдауға мүмкіндік береді.

«Сөз-символ» деген тарауша Р.Сыздық зерттеуінің де маңызды бөлігін құрайды. «Көркем әдебиеттің, оның ішінде поэзияның тіл кестесін сөз ететін, орыс поэтикасына қатысты зерттеулерде «символ» термині суреткердің [ақынның] белгілі бір ұғымды, идеяны заттық образбен [оның атауымен] білдіруін атайды» [55; 92-б.],- деп айқындалған бұл ұғымның танымдық аясы адамның образды қабылдауымен, идея мен зат арасындағы байланысты шебер сабақтастыра білуімен және қоршаған әлемнің тілдік бейнесін жасауға ұмтылуымен дәйектеледі. Осы орайда, тілші символдың қолданылу шеңбері мен мағыналық өрісін талдай келе, оның әдебиет теориясында, «қазақ поэзия тілін зерттеушілер» арасында бірде перифраз, бірде кейіптеу, бірде сөз мағынасын құбылтудың бір түрі, бірде балама бейне үлгісінде сипатталуын ескертеді. Нәтижесінде ғалым, «әдебиет теоретигі З.Ахметовтің» «Символ дегеніміз – балама бейне. Оған негізгі ойды, айтқалы отырған нәрсені, құбылысты сол балама бейне, сурет арқылы тұспалдап көрсету тән» деген көзқарасын қолдай отырып, «...символ – идеяның заттық [болмыстық] нышаны, астарлы образы» [55; 93-б.],- деп тұжырымдайды. Аталмыш құбылыстың қазақ поэзиясындағы көркемдік ерекшелігін саралаған автор оны халықтың болмыс-бітімімен, тыныс-тіршілігімен, ментальды дүниетанымымен ұштастыра зерделейді. Мысалы, М.Жұмабаев шығармаларындағы «жел» сөзінің символдық табиғатын анықтауда зерттеуші ақынның субъективті танымын объективті шындықпен үйлестіре баяндайды. «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясында жел – символ, ол бірқатар идеяның символы: жел – бірде рақат, тыныштықтың, енді бірде жел – тағдырдың, адам өмірінің символы» деген талдау негізінде Р.Сыздық «жел образының ...адам тағдырын тұспалдаған» сәттеріне тоқталады, сол арқылы астарлы да образды сөз мағынасының когнитивтік қызметін тілтанымдық ізденістеріне арқау етеді. Осы қатарда тілші «жас қайың, жаңа біткен балдырған» тіркестерінің жас өмірдің , ал «бетпақ шөл» ұғымының қиын өмірдің символы ретінде қолданылатынын да атап өтеді [55; 94-б.]. «Идеяны символдап берудің» өзіндік заңдылықтары мен қабылдану нормалары барын ескерген тілші оны екі түрлі шарттың сәйкестігі тұрғысынан жүйелеп көрсетеді: біріншіден, символ «идеяны тұспалдап, нышанын ғана білдіру» болса; екіншіден, ол «халық санасында орныққан, көпшілік оқырманның құлағына қанық образдар» қатарын құрауға тиіс, яғни «оқырманның символды түсінетін дәрежесімен де санасу керек»,- деп есептейді автор. Идеяны «материалдық дүниемен» байланыстыруға негізделген аталмыш бірлік «көзге көрінетін, қолға ұсталатын, құлаққа естілетін» дүниеден «балама іздеу» арқылы жасалатындықтан, оның табиғи болмысын тану да абстракт ұғымдардың «заттануына» [55; 95-б.] көңіл бөлуден басталады. Сол себепті Абай шығармаларының тілін ақынның жеке субъективті қабылдауымен бірлікте қарастырған ғалым сөздердің символдану процесін де адамның «ішкі дүниесінің сұранысы» деп түсіндіреді. «Адамның ішкі дүниесі абстракт нәрсе болса, оның символы материалдық дүниеден алынып, отырғандығын күшейте түсу үшін Абай жүректі «заттандырып» алады: жүрек киім, төсек сияқты жамаулы болып та келеді, жылқы сияқты асау болып та келеді [Асау жүрек аяғын шалыс басқан], адамның өзі сияқты асыл болып та келеді [ақылды, асыл жүрек сөзі майда], сондай-ақ жылы да, ыстық та, мұз да, сұм да болып келе береді. Бұл сипаттардағы жүректердің барлығы – адамның, лирикалық кейіпкердің өзінің символы» [55; 95-б.], - дей келе, автор «жүрек» сөзін антропологиялық ұстанымдардың орталығы, психологиялық сипаттамалардың бастауы, символдық танымның өзегі тұрғысынан айқындайды. Демек, «...адам организміндегі мүшенің атауы» бола тұра, жүрек оның «ішкі дүниесінің, санасының рухани сұранысының символы» ретінде қолданылады. Ол туралы ғалым «Абайдың жүректі адамның символына айналдыратыны соншалық, тіпті жүрекке берілген қимыл-әрекеттің бәрі - адамның әрекеті»,- деп тұжырымдайды. Олай болса, Р.Сыздық зерттеулерінің нысанын құраған символдық таным, ең алдымен, абстракт ұғым мен заттық материя арасындағы тұспалдап айтылатын астарлы ойдың нәтижесі болса; келесі кезекте ол адам санасында бұрыннан қалыптасып орныққан суреттер мен бейнелерден, таныс үлгілерден құралатын тілтанымдық факторлардың бірі болып табылады.

Символдық жүйе танымдық процестің негізгі ұғымдарын құрай отырып, маңызды лингвистикалық тұжырымдардың өзгеше бағытын сұрыптауға мүмкіндік береді, себебі тілші Р.Авакова атап өткендей, «Символдық мәнге ие сөздердің табиғаты ерекше, ол ерекшелік символ-сөздердің танымдық, ұлттық мәени, фондық мағыналарын сол тілде сөйлейтін халықтың дүниені тануы мен құбылыстарға баға беруімен, әлемнің тіл бейнесімен тығыз байланысты» [67; 70-б.]. Осы мақсатта автор фразеологизмдердің таңбалық-символдық ерекшеліктеріне, символдардағы әлемнің тілдік бейнесіне, сандық символдарға талдау жасайды. Осы ойдың үйлесімді жалғасын «тәңірлік таным» мен «мифтік танымды» сабақтастырған Г.Сағидолдақызының тілдік тұжырымдары құрайды. Зерттеуші көшпелілер дүниетанымын айқындаудың, олардың танымдық концепциялары мен символдық жүйелерін «ғаламдық кеңістікті «шеңберлей» игеруінің тілдегі көрінісі» [68; 210-б.] ретінде бағалай білудің құндылығын «Адам – Киіз үй» ұғымдарының байланысы арқылы түсіндіреді. «Көшпелілер дүниетанымында Киіз үй – ғаламның кіші бейнесі [микрокосмос]: Шаңырақ - Жер-Жаһанның үстінен төңкеріле төнген Көк әлемнің кішірейтілген көшірмесі. Шаңырақтың шеңберіне доғаша иілдіріп әкеліп қосылған күлдіреуіш - «Ғарыш пен Адам бірлігін» бейнелейтін «шеңбердегі айқасқан түзулер»...уықтар – «Жер-Жаһанды жарықтандырып тұрған күннен таралған сәулелер»; ...кереге«далалық кеңістіктің» символдары болмақ» деген үзінді көлемінде символдық мағынаға ие болған сөздердің тек бейнелі немесе образды ерекшеліктері ғана емес, сонымен қатар тарихи танымға негізделген, халықтық пәлсападан нәр алған, «ғарыш пен ғаламдық бірліктердің, ғарыш пен адам бірлігінің, көшпелінің иемденген кеңістігінің, сондай-ақ ғаламдағы қарама-қарсылықтардың [күн мен түн, еркек пен әйел, өштік пен достық, кедейлік пен байлық т.б.]...» сабақтастығынан өрбіген күрделі табиғаты, адамзаттың биопсихологиялық, әлеуметтік және мәдени әрі танымдық болмысынан бастау алған өзгеше концепциясы айғақталған.

Тілші А.Исламның айтуына қарағанда, «...символ – тамырын тереңнен алып, белгілі бір дүниетанымдық ұғымды ғасырлар бойы өзгеріссіз алып өтетін белгі. Әрине, символдың түзілуіне кез келген халықтың өмір сүретін аймақтық табиғаты, жағрапиялық жергілікті ерекшеліктері, өмір сүру салты, дәстүрі, жалпы, дүниетанымы әсер ететіні сөзсіз» [103; 20-б.], сондықтан Н.Н.Аитова зерттеуінің нысанын құрайтын түр-түс атаулары да «ғалам бейнесінің мағыналық-мазмұндық бірлігі» болып табылатын «семиотикалық құбылыстар» негізінде арнайы символдық жүйемен дамып отыратын тілдік құралдарға жатады деп тұжырымдалады. Оның ерекшелігін автор «идеалды нысандық мағынасымен, яғни физикалық әлемде жоқ объект мәнін құрайтын семантикалық айырмашылығымен» түсіндіреді. Мысалы, зерттеуші «Көк – символикалық жағынан тыныш теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір – үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбітшілікті білдіреді. Қазақ ұғымында көк – тыныштық пен бірліктің, берекенің белгісі. Ол аспанмен, тәңірмен қуатталады» [102; 9-10-бб.],- деп атап көрсете келе, «символ мағынасын» «қарапайым әсерлердің мәндік жарқыншағы...Символ мағынасы ерекше мән ұшқынымен көмкерілген және ол сана деңгейінде жасалған» ерекшелік тұрғысынан анықтады.

Бесіншіден, этнографизмдер мен өзге этнолингвистикалық арналар да өздігінен тұрып тілтанымдық бірліктерді құрайды. «Халықтың ерте忪кездегі әдет-ғұрып, тұрмысы жайындағы этнографиялық ұғымдардың атаулары [сөздер мен сөз тіркестері] тарихи сөздіктер мен тарихи шығармаларды сақталып, олар жайында мағлұмат береді...тіл – солардың бәрін ұзақ замандардың бойында ұрпақтан ұрпаққа жеткізген және сақтап қалған құралдардың бірі» [2; 24-б.] деп көрсетілгендей, тіл арқылы жадыда сақталған бұл бірліктер халықтың даму бағытын, өзіндік құндылықтары және заңдылықтарын дәйектеуге мүмкіндік берері сөзсіз. Этнографизмдер адамзаттың болмысын ұлттық ой, сана, сезім сынды ұғымдармен байланыстыра келе, қоршаған әлемнің жалпыға ортақ әрі жеке дара белгілерден жинақталатын өзгешелігін танып білуге көмектеседі, сондықтан оған «этнографизм дегеніміз - өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері» [160; 19] деген анықтама берген Ә.Қайдар халықтық танымды айқындар құралдар қатарында этнолингвистикалық арналарды да алты топқа жіктеп көрсетеді. Бірінші қатарда ғалым «...тіліміздегі негізгі атауларды бейнелі түрде суреттеп беруден туындаған [мысалы, көмір – қара алтын] жасанды баламалар [перифраздар] мен әр түрлі наным-сенімге, әдет-ғұрыпқа байланысты тыйым салынған «табу» сөздерді алмастыратын эвфемистік баламаларды» атады, себебі автор оларды «...рухани дәстүрге, тіл табиғатына, этностық дүниетанымға тікелей қатысы бар ерекше құбылыстардың бірі» ретінде тану арқылы халықтық қабылдаудың өзегіне айналдырды. Екінші арнаға тұрақты теңеулер жатқызылды. Бұларды да зерттеуші «...бір зат пен екінші бір затты [құбылысты] өзара салыстыру, ұқсату, бір-біріне балау, бағамдау, өлшеу, болжалдау т.б. осы сияқты танымдық мақсатта туындап, тұрақталатын [көпшілігі] тіркестер» [36; 24-б.] тұрғысынан зерделеді. Демек, алдыңғы бірліктер секілді тұрақты теңеулер де адамның танымдық мүмкіндігін тілдік қабілетімен сабақтастырудан бастау алатындықтан, басты назар олардың когнитивтік негіздеріне аударылды. Келесі ретте Ә.Қайдар фразеологизмдер табиғатына тоқталды, сөйтіп, аталмыш «көркем сөз бұлағын» ол «танымдық мәні зор» бірліктерге жатқыза ұсынды. Оған дәлел ретінде фразеологизмдердің «...адамның іс-әрекетін, сын-сипатын, қалып-күйін, дүниетанымын өзіндік бояу-нақышымен бейнелейтін» өзгешелігі негізге алынды. Осы үлгіле мақал-мәтелдер де тілтанымдық арналар тізбегін толықтырды, өйткені олардың бойында «...этнос болмысына, оның рухани заттық мәдениетіне, дүниетанымына, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сеніміне т.б. қатысты бай информация жинақталған» [36; 25-б.]. Қоршаған әлем заттары мен құбылыстарын танып-білу қажеттілігінен пайда болған тілдік арналардың келесі көрсеткішін жұмбақтар құрады. Алдында сөз болған бірліктерге қарағанда, жұмбақтар адамның «ой потенциясын» әрі «жастардың ой-өрісін кеңейтіп, астарлы сөздің сырын түсінуге, тапқырлыққа баулитын» қасиеттерден жинақталады, сол себепті ғалым оның негізін құрайтын адамға тән «тұспалдау, жұмбақтау, бейнелеу» әрекеттерін де жоғары танымдық өлшемдер тұрғысынан бағамдап, «ұлттық менталитет», «этностық таным» ұғымдарының маңызына ерекше зейін қойды. Адамның танымдық мүмкіндігі оның күнделікті қабылдап, түсініп, пайымдап отыратын объектілерінен ғана емес, сол сияқты ата-бабадан сақталып келе жатқан «рухани мұра» негізінде де қалыптасып дамитындықтан, этнолингвистикалық арналардың алтыншы тізбегін ауыз әдебиеті үлгілері дәйектеді. Халық жадында сақтала отырып, олар ұрпақтар жалғастығын, құндылықтар тұрақтылығын уәждейтін факторлар тоғысын қамтамасыз етері анық. Олай болса, аталған арналар халықтық таным ұстанымдарынан бастау ала отырып, тілдік құралдардың өзгеше қызметін сұрыптары да дау туғызбайды.

«...Тілдік атау белгілі бір затты ғана білдіріп қоймай, ұлттық өзіне тән дүниетанымдық, тұрмыс-кәсіптік ерекшелегіне сай туындаған тұрмыстық бұйымды атайтын болғандықтан» [154; 286-б.], ол сол халықтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, этнотанымдық қабылдаудың мән-мағынасын тереңнен түсінуге жағдай жасайды, өйткені «...көне тамырлы этнолексика – халықтың этномәдени тарихы және тілдік процестері мен тілдік шығармашылығы туралы баға жетпес «ақпарат» көзі» [154; 287-б.],- деп есептеледі, яғни, ғалым Ж.Манкееваның айтуына қарағанда, оларда «адамның сезімдері, қабылдау түйсіктері мен ұғымдары, күнделікті тәжірибесі мен тұжырымдары көрінеді». Олай болса, қазақ тілтаным ғылымының негізгі ұғымдық шеңберін жинақтаған бірліктердің қай-қайсысы да, бір жағынан, адамзат атаулының табиғи болмысымен зерделенер қасиет-қабілетінен, яғни көрген-білгенін ұқсатар, байқағанын пайымдап қабылдар жаратылысынан бастау алу арқылы, екінші жағынан, жеке халықтық құндылықтарға зейін қоюдан, оларды баға жетпес қазына ретінде бағалай білуден өрби отырып жасалатыны ақиқат, сол себепті аталған тілтанымдық бірліктер негізінде қазақ халқының танымдық мұрасы, бүгінгі келбеті мен ертеңгі мүддесі көрініс тауып, құнды хабарлар жігі қалыптасып жинақталары да сөзсіз.