Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

3.5.2 Тілтаным теориясының универсалды дедуктивті және индуктивті ұстанымдары

Алғашқы кезден бастап-ақ тіл теориясының қалыптасуы логика-философиялық ұстанымдардың дәйектелуімен тығыз байланысты болды. Адамзат жаратылысының ерекше құралы болып табылатын тіл ойлау, пайымдау әрекеттерінің нәтижесін құрайтындықтан, оның табиғатын, қызметін анықтау міндеттері де өз бастауын танымдық ғылымдардан алды. Өзге ізденістер қатарында тілдік фактілер де сатылы дамудың көрсеткіші ретінде айқындалып, ғылыми нақтылауға дейін логикалық болжамдар мен уәждемелер тізбегін құрды. «Логика» деген ұғымның бастапқы қолданысы да «logos» - ойдың сөз арқылы көрініс табуы» [239; 1-б.] сынды мағынаны білдірген екен, сол себепті К.Аханов та кезінде «...логика ғылымын оқып білу адамның ойлау мәдениетін арттыратыны сияқты, тіл білімін оқып білу адамның сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетін арттырады, ой өрісін кеңейтеді. Ойлауды және оның заңдарын жете білу үшін логика ғылымы қаншалықты маңызды болса, тілді және оның заңдары мен қағидаларын жете білу үшін тіл білімі де соншалықты маңызды» [2; 34-б.] деген құнды қорытынды жасады. Ежелгі дәуір пәлсапасынан бастап өрбіген тіл мен ойлау арақатынасы, бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған логикалық және тілдік құрылымдар сияқты мәселелер терең танымның, бақылау мен пайымның негізінде дүниеге келді. Грек пәлсапасында тілдің өзі адам ойын сыртқа шығаратын қасиетіне орай сана мен қоршаған дүние байланысын сабақтастырушы құбылыс деп танылды. Ойшылдар зат пен оның атауы арасындағы байланыстың негізінде адамның сөйлеу мен ойлау әрекеттерін, олардың құрылымдық өзгешеліктерін айқындауға тырысты. Соның нәтижесінде пайда болған пайымдау теориясы сөйлем табиғатының шындықты бейнелер ерекшелігін зерделеуге бағыттала отырып, синкретті логика-лингвистикалық терминдерді қолданумен көзге түсті. Айталық, жоғарыда келтірілген «logos» сөзінің астарында сөйлеу, ойлау, пайымдау ұғымдары қатар берілді немесе «onoma» - атау мағынасында әрі зат есім нысаны ретінде, әрі логикада субъект есебінде қарастырылды; ал «rema» сөз табы мен сөйлем мүшелерін қатар білдірді [239; 2-б.]. Демек, тілдік категориялардың қалыптасу үдерісі логикалық бірліктермен үйлесімді сәйкестікте жүзеге асып отырды.

Қазір логика ілімі адамзаттың ойлау әрекетін сипаттар формалар мен заңдылықтар жүйесін айғақтайтын пәлсапалық, танымдық ғылымдар қатарында қарастырылып келеді. «...логика ойлауды оның функциялары мен құрылымы, оны құрайтын элементтері, яғни түрлі формалары, сондай-ақ, олардың арасындағы байланыстар мен қатынастар тұрғысынан қарастырады...Ендеше, логика – дұрыс ойлау заңдары мен формалары туралы философиялық ғылым» [191; 3-б.],- деп аталғандай, оның негізгі мәселелерін ойлау заңдылықтары мен пішіндері; ұғым мен пайымдау негіздері; ой қорыту принциптері, яғни М.Серғалиевтің пікіріне жүгінер болсақ, «...ойдың қайшылыққа ұрынбауы» [74; 118-б.] құрайды, сондықтан тілтанымның логикаға негізделген тұжырымдары да дедуктивті ізденістердің индуктивті зерттеулерге ұласуынан, жалпыдан жалқыға қарай және, керісінше, жалқыдан жалпыға жылжу, ауысу нормаларынан туындайды. Таным, соның ішінде тілдік таным, адам табиғатының басты көрсеткіштерінің бірі. Ол логикалық заңдарға бағынған ойлау әрекетінің ажырамас бөлшегі, философиялық пайымға негізделген сана әрекеті, қоршаған әлемнің сана мен жадыдағы көрінісі әрі қоры болып табылатындықтан, тіл теориясының танымдық негіздерін ойлау мен пайымдау формаларынан бөлек талдауға болмайды. Ойлау танымның негізін құрайтын, «шынайы болмыстың көрініс табатын ең жоғарғы формасы, субъектіге заттар мен құбылыстардың байланысын танытушы әрі жаңа шығармашылық идеяларды дүниеге әкелуші құрал...» [240],- деп анықталады. Демек, «ойлау формасы немесе логикалық форма дегеніміз – бұл ой құрылымы мен оның элементтері байланысының амалы» [191; 4-б.] болып табылады. Оның негізгі түрлерін «ұғым, пайымдау, ой тұжырымы» құрайды. Олай болса, ғылыми тұжырымдардың іргетасын қалайтын ой, таным, пайым мәселелерінің бірлігі адамның қоғамда өсуін де, өркендеп дамуын да саралайды.

Адам танымдық үдерістер арқылы өзін қоршаған дүние мен заттар, құбылыстар мен ұғымдар туралы, олардың өзіндік белгілері мен қасиеттері хақында пікір-болжамдар қалыптастыра алатындықтан, оларды қарастырған кезде «ой белгілі құбылыстар мен оқиғалардан олардың әлі байқалмаған, бірақ ықтимал болар себептеріне, даму заңдылықтарының реттілігіне қарай жүреді» [191; 169-б.]. Ғылыми-теориялық ұстанымдардың негізінде екі амал-тәсілден туындайтын көзқарастар жатыр деп есептелінеді. Оларды В.И.Постовалова:

  • логикаға негізделген не болмаса «солай болу керек» деген ой қорытындысынан бастау алатын түйіндер;

  • концептуалды дәйектелген немесе белгілі бір теориялық тұжырымдармен нақтыланған пікірлер [11; 145-б.] ,- деп

топтайды. Автор әр тұжырымды өз алдына жеке емес, тығыз байланыста, ажырамас тұтастықта қарастыру керектігіне де баса назар аударады. Ол «...логикалық пікірлер ғылыми ұстанымдардың алғашқы сатысын да құрауы мүмкін, оған бір пайымнан туындаған бірнеше қағидаларды келтіруге болады»,- деп атап көрсетеді. Әр адамның өзіндік бақылау, ойлау, қорыту қабілеттері боларын ескерсек, олардың жинақтайтын тәжірибелері де, дүниетанымдары да, ой-түйіндері де бірдей бола бермейді. Қабылдау мен танымның әр түрлі деңгейлері әр келкі болжамдардың жасалуына, абстарктылы да нақты ойлау түрлерінің дамуына септігін тигізеді, соның ішінде О.Н.Лагута дедуктивті–индуктивті танымның бірден-бір көзі ретінде абстрактылы ойлаудың ерекшеліктеріне тоқталады. Ғалымның айтуына қарағанда, абстрактылы ойлау адамның төмендегідей қабілеттерінің дамуы нәтижесінде жүзеге асады:

  • шынайы болмысты жалпы бейнелер арқылы көрсете білу қаситі арқылы;

  • болмысты дедуктивті және индуктивті амалдармен бейнелеу өзгешелігіне қатысты;

  • түрлі абстракциялар мен символдар негізінде болмысты сипаттай алу қабілетімен сабақтаса;

  • тілмен тығыз байланыста дамитын белгісіне орай [239; 4-б.].

Қазақ тілтанымының қалыптасу бағыты да танымдық ойлаудың

дедуктивті амалдарынан бастау алды. ХХ ғасырдың бас кезінде дүниеге келген зерттеулер тіл табиғатын айқындау барысында ойдың, қоғамның, ұлттық-мәдени құндылықтардың орнын сұрыптауда, тілдік бірліктердің функционалды-семантикалық ерекшеліктерін талдап көрсету процесінде, бір жағынан, жекеленген субъективті тәжірибелер мен білім қорларына сүйене дамыса, екінші жағынан, олар жалпыадамзаттық немесе белгілі бір этносқа ортақ нормалар мен заңдылықтардың ықпалымен дәйектеліп келді. Олардың астарында ой формасын құрайтын пайымдау, яғни «нәрсенің бар екендігі, нәрсе мен оның қасиеті арасындағы немесе нәрселердің ара-қатынасы туралы бір нәрсенің құпталатындығы, не терістелетіндігі» [191; 36-б.] жатқандықтан, адам тіл арқылы ойлау әрекетінің нәтижелерін сақтауға не болмаса сыртқа шығаруға әрі қатысымдық, ақпараттық және ғылыми міндеттерді шешуге мүмкіндік алды. Осыған орай, тілтанымдық тұжырымдардың бастамасын құраған еңбектер нақты теориялық ұстанымдарға негізделген индуктивті қорытындылардан гөрі, дедуктивті тәжірибе арқылы өзектеліп, тың лингвистикалық мәселелердің қарастырылуына себепкер болды. Ой элементтері мен құрылымдарының байланысуы, шынайы болмыстың тілтанымдық мазмұнға сәйкестендіріле берілуі логика формасы негізінде жаңа болжамдардың жасалу принциптерін айқындады, сол себепті А.Байтұрсынұлының «Тіл - құрал» деген тұжырымынан өрбіген экстралингвистикалық ұстанымдар тілдік фактілерді зерттеудің өзгеше белесін құрады. Ғалымның қара сөз бен дарынды сөз ерекшеліктерін, өзара байланысу сипаттарын зерделеген тұжырымдары тілтанымның логикалық ұстанымдарынан бастау алды. «Әдебиет танытқышта» ұсынылған «ақыл» мен «қиял» нормалары нақтылық пен дәлдік, болжау мен жорамал сынды дедуктивті-индуктивті тәсілдердің салыстырмалы сипаттамасын жасады. «Пән», «ғылым», «білім» негіздерін «әуезе», «толғау», «айтыс» сияқты сөз үлгілерімен сабақтастыра талдаған тілшінің пікір-көзқарастары адамға тән екі түрлі қасиетті басшылыққа ала дүниеге келгендіктен, бірінші жағдайды ғалым «жаратынды, тиіс ғалам турасындағы нақ әңгімелер» деп қарастырса, екіншісін «ұйғарынды түйіс ғалам турасындағы» «боларлық әңгімелерге» [20; 210-б.] жатқызды. Аталмыш жіктеме негізін автор алынған тұжырымдар мен олардың қоршаған дүниеге қатыстылық деңгейі арқылы сұрыптады, жалқы мен жалпы арасындағы қатынас та қара сөзде не болмаса дарынды сөзде «айтылған нәрсенің нақ болғанын» [20; 220-б.] білуге сайды, сол себепті «ес пен іс» ұғымдарынан бастау алатын қара сөз түрлерін сөз еткенде, тілші оның «көбінесе ғалымдардың, шешендердің сөзі болатындығына», ал дарынды сөздің «ақындардың, арқалылардың сөзі» деп танылатындығына [20; 224-б.] назар аударды. Ойын дәлелдеу мақсатында ғалым «Ақындар ғалымдар сияқты болған уақиғаны яки нәрсені болған күйінде, тұрған қалпында бұлжытпастан айтып, дұрыс мағлұмат беріп, қақиқаттауға тырыспайды. Тұрған нәрсе тұрған күйінде, болған уақиға болған күйінде ақынға өте үйреншікті, жай қалыпты жабайы көрінеді. Оның бәрін ақындар өз көңілінше түйіп, өз ойынша жорып, өз ұйғаруынша суреттеп көрсетеді» [20; 224-б.] деген тұжырым жасай отырып, дарынды сөздің дедуктивті танымдық сипатта, субъективті қиял-көңілге негізделе қалыптасатындығын ескертумен қатар, қара сөздің болмысы мен қызметіне, мақсат-міндетіне айрықша тоқталды. «Пән яки ғылым деп жүйеленген білімді айтамыз...Білімде үйрету мақсатпен де, үйлестіру мақсатпен де жүйеленеді...Сондықтан ғалымдардың білімді таза білім жүйесімен жүйелеп шығарған кітаптары да, үйретушілердің білімді тек үйрету қолайына қарай жүйелеп шығарған оқу кітаптары да – бәрі де пән тобына жатады» [20; 220-б.] дей келе, А.Байтұрсынұлы жорамал мен болжаудан гөрі нақты да дәлелді білімді қажет ететін сөз үлгілерін бөлек-бөлек талдап көрсетті. Оларды дүниені танып білудің аса қажет құралына айналдыра отырып, тілші «ақыл арнасына жуысатын» мәліметтердің құндылығын зерттеулеріне арқау етті. Сөйтіп, «Ғылым дегеніміз дүниені, яғни табиғатты дұрыс тану. Ғылым жоқ болса, дүниені тану дұрыс болмайды. Дүниені дұрыс танымаған соң, дүние турасындағы мағлұмат жиысатын сана-саңлауы дұрыс болмаған соң, табиғаттың күшін, ісін, қасиетін бұрынғылар теріс танып, теріс әуезе қылған...» [20; 225-б.],- деген анықтама негізінде ғылыми танымның маңыздылығын өзектеген зерттеуші ғылымның дүние танудағы қызметін жоғары бағалауға, оның сана-саңлауын дамытудағы орнын саралауға, сол арқылы «анайы замандағы» адам дедукциясын қазіргі танымымен салыстыруға мүмкіндік берді. «Бәрі жору, жорамалдау, ұйғару айналасында болып, нәрсенің сырын тану, шынына жету жоқ болып, ақыл жағы күшеймей, қиял жағы күшейіп, анайы заманның адамының ақылы нашар, қиялы күшті болғанын...» [20; 230-б.] ескерген ғалым адам санасы дүниеге әкелген алғашқы шығармалардың, ой түйіндерінің «орасан қияли, орасан кереметі көп, расы аз түрде айтылғанын» дәйектеді, оның айқын айғағы ретінде жұмыста әр түрлі табиғат құбылыстарын тануға тырысқан алғашқы «бала» сананың элементтері сөз болады. «Халықтардың басынан өткізген анайылық шағы – біздің балалық шағымыз мысалды» [20; 228],- дей отырып, тілші этнотанымдық фактілердің бір қатарына шолу жасау арқылы тұрпайы халықтық болжамдар табиғатын түсіндіруге тырысты, олардың астарында жатқан адамдық ғаламның құрамды бөліктерін тең таразылауға, арасындағы сабақтастықты дәл анықтауға бар танымдық қорын жұмсады.

Қ.Жұбанов зерттеулерінің «Тіл дыбыстарын былайша танып келуіміздің себептері» атты бөлімі де «жабайы, аңқау көзқарас құбылыстардың көрініс қалпын» [8; 44-б.] сипаттаған пікірлер жиынтығынан құралды. «Сөздерді дыбыстардың құрандысы» деп тану себептерін айқындауға бағытталған болжамдар табиғатында адамның осы уақытқа дейін көріп, танып келген өмірлік тәжірибесі, «әлімсақтан» жиналған білім қоры көрініс тапқанын дәйектеумен қатар, тілші олардың ғылыми-теориялық негізде нақтыланбағанын әрі зерттеу нысанының «...ара-арасындағы байланымын, ішкі сырын, шын заңын аңғаруға» мүмкіндік бермейтінін ескерткен болатын. Оған дәлел ретінде ол 4 түрлі болжамға шолу жасады. Мысалы:

  1. «Бұл кездегі тілдерде дыбысталу жағы барынша жетіскендіктен, әрбір жеке дыбыс бастарын ашықтап, бір-бірінен соншама бөлектенген, бұлардың жігі ашылмаған да кезі болған шығар-ау деп ойға алмаймыз...».

  2. «...Кірпіштен қалап үй саламыз, талдардан құрап шетен тоқимыз...осыған қарай әр нәрсені тек құрастырудан, ұластырудан барып жарыққа шыққандай көреміз. Дыбыстар да қаланып барып, сөз жарын қаңқтқандай көрінеді...».

  3. «Бүгіндегі біздің жазу техникеміз де осы технологияшыл дүние тану жемісінің бірі...Оқу-жазу белгілерінде дыбыс сөз эдементтері болып, зейінге қонып қалғансын, одан кейін де, дыбыстар сөздерді құраған тіл кірпіштері болып көрінеді де тұрады...».

  4. «Осыған қарап, қай нәрседе де мәңгілікті бөлшектер, қашаннан келе жатқан жіктер көреміз. Тілде «әлімсақтан бері қарай» жеке дыбыстар бөліне келген, тіл өзі солардын құрала келген тәрізденеді» [8; 43-44-бб.].

Еңбекте бұлардың әрқайсысы «шет пұшпақтарын ғана байқаған» жорамалдар тізбегі деп, ал ғылымның өзі «адам санасының жемісі, адам тәжірибесінің қорытындысы» ретінде танылды. Нақты ғылыми нәтижелерге жету «зерттеу ісінде белгілі әдіс тудырған» амалдарға сүйену арқылы жүзеге асады деп көрсетілді. Демек, «өзінің логикалық формасы жағынан» пайымдауларды құрайтын болжамдар, шын мәнінде, «жай ойдан шығарылған құрылымдар舚 емес, олар «деректі және логикалық негіздерге сүйенген ғылыми қағидалар» [191; 169-б.] деп қабылданады. Айталық, С.Аманжоловтың «...тілдің шығуы адам тіршілігінің ең ескі археологиялық, заттық мәдени мұрасы арқылы ғана болжауға болатын нәрсе. Мұны осы күнге ең артта қалған жабайы халықтың мәдениеті де толық көрсете алмайды. Бірақ сілтеу тілінің қалдығы, мифологиялық ойлаудың қалдығы, диффузды тілдің, дыбыстың, сөйлемнің қалдықтары көп екеніне ешбір күмән келтіруге болмайды. Сөйлемдегі қалдық – идиомдар, палеазиат тілдерінің құрылысы; өз сөзіміздегі қол сілтеп, бас изеу әдетіміздің қалмауы. Сөздегі қалдық – көп мағыналылық. Дыбыстағы қалдық – аффрикат дыбыстар» [10; 52-б.],- деп келген болжам-тұжырымы да сол пайымдаудан бастау алатын ой қорытындысы болып табылады. Болжамдардың ақиқаттығы «растайтын деректер» негізінде айғақталады, оның «ғылыми дәлелденген қағидаға айналуы» келесі шарттардың жүзеге асуын қажет етеді:

  • ықтимал себепті тікелей бақылау мүмкіндігі бар;

  • гипотезадан шығарылған салдар эксперимент арқылы тексеріле алады;

  • гипотезаның мазмұны дедуктивті түрде ақиқат алғышарттардан шығарылады [191; 170-б.], яғни танымның логикалық негізде

жалпыдан жалқыға жылжу сипаты болашақ ғылыми бағдарларды қалыптастырар мүмкіндіктерге ие болуымен қатар, «ой үдерісінің» кезеңдік сатыларын дәйектеуге де ат салысады, сондықтан логиктер «болжамды ұсынудың және оны дәлелдеудің мынадай сатылары бар» деп тұжырымдайды: «І кезең. Бұрынғы теориялар мен гипотезаларға сәйкес келмейтін және жаңа болжамды қажет ететін деректер тобын анықтау. ІІ кезең. Гипотеза құрастырудың екінші сатысына осы деректердің мүмкін себебі туралы болжау жасау жатады. ІІІ кезең – алынған мүмкін себептен деуктивті түрде салдарды шығару және оларды тәжірибе деректермен салыстыру. Мұнда гипотезаны тәжірибе арқылы тексеру, сонымен қоса оны ары қарай дамыту, ғылыми қалыптастыру және осы құбылыстың себебін айқындай түсу іске асады». Олай болса, дедуктивті амалдардың индуктивті зерттеулерге ауысуы оның негізгі мәнін, яғни «тәжірибемен, өмірмен үздіксіз байланыстылығымен шартталған және эмпирикалық, тәжірибелік білімнің маңызды құралы қызметін атқарар» [191; 128-б.] сипатын өзектеумен тығыз байланысты болады.

Тіл білімінің қалыптасу, даму сатылары да сол эмпирикалық зерделеудің негізінде дүниеге келгендіктен, қазақ ғалымдары оның алғашқы кезеңдерін «ойша болжау, меңзеу» үлгілеріне жатқыза талдады. Айталық, тілші Н.Сауранбаев «Тіл ғылымы өзінің шығуы жағынан жаңа, соны өнер емес. Адам баласы көне змамандарда да тілдің заңын, ішкі сырын білуге көңіл бөлген. Өз заманынынң сана-сезімнің дәрежесінде, дүниеге көзқарастың тұрғысынан ғалымдар өздерінше зерттеген. Көне замандағы зерттеулердің көпшілігі ойша болжау, меңзеу түрінде болған. Сондықтан тілдің ішкі сырын, оның шығу, аму, өзгеру заңдарын олар толық аша алмаған» [34; 125-б.],- деп атап көрсете келе, алғашқы тілдік ізденістердің танымдық сипатта, дедуктивті негізде өріс алғанына назар аударды. Сөйтіп, олардың таза лингвистикалық ілімнің сұраныстарына толық жауап бермейтініне қарамастан, маңызды бастама ретінде әрі «ғылыми дүние танудың» [35; 174-б.] іргетасы тұрғысынан бағалануға лайық екендерін дәйектеп берді. Автордың пайымдауынша, аталған шарттар мен «техниканың, мәдениеттің өсуі, ...халық пен халық арасындағы қарым-қатынастардың ұлғаюы» қазіргі тіл білімінің «кең өріс ала» [34; 125-б.] дамуын қамтамасыз етті. Н.Сауранбаев тілдік зерделеуде ғылыми таныммен қатар ойша болжауға құрылған көзқарастардың өзіндік үлесі де жоқ емес деп есептеді, соның салдарынан «...көне заманда әр халық негізінде өзінің тілін ғана зерттесе, кейінгі уақыттарда ғалымдар басқа халықтардың тілдерін де зерттейтін болған» [34; 125-б.]. Нәтижесінде жалпы теориялық ұстанымдар жасалып, тілдік универсалий, тілдік дифференциация мәселелерін сұрыптау, жалпыадамзаттық құндылықтарды тілдің көмегімен анықтау, танымдық универсалий негіздерін жүйелеу мүмкіндіктері пайда болды. Бұл ойдың жалғасын құраған тұжырымдар қатарында М.Балақаевтың да пікір-көзқарастарына назар аударған дұрыс. Тілдің әлеуметтік-мәдени негіздерін танымдық фактілермен сабақтастырған ғалым ғылыми ізденістерде кейде болжамдық тәсілдің де орын алатынын ескерткен, өйткені, автордың пікіріне қарағанда, «Қазақ тілінің сөз, дыбыс құрамын, грамматикалық құрылысына енген өзгерістердің, айталық, мың жыл бұрын қалай болғанын дәл басып айту қиын» [38; 54-б.], себебі тіл «...оны пайдаланушы ел-жұрттың талай заманды бастан кешіріп, талай асулардан асқан тарихының» куәгері, ал таным тарихын нақтылаудың өз қиындықтары жоқ бар.

«Жалқы білімнен неғұрлым жалпыға өрбитін ой тұжырымдарына» сүйенген индуктивті бақылау негізінде нақты фактілер басшылыққа алынатындықтан, оның маңызы белгілі бір болжамды не пайымды дәйектеумен яки жоққа шығарумен анықталады. Д.Халперн: «Индукцияны логикалық көзқараспен негіздеуге болмайды, яғни индуктивті зерттеулерді құр болжамға сүйене не болмаса «кез келген ережеге бағынбайтын да жағдайлар болуы мүмкін» деген пайыммен дәлелдей жүргізуге болмайды. Бұл әдіспен болжамды теріске шығаруға да; адамдардың тәжірибелік қорын жалпылауға да болады...Жалпыдан жекеге бағытталған дедуктивті пайым шындыққа үйлесер пікірден немесе болжамнан басталады. Л.Рипс дедукцияны когнитивтік міндеттерді шешуде пайдаға асатын құрылым деп есептеген. Индукцияға қарағанда, дедукция жадыда сақталған ақпараттардан, мақсатқа жетуді жоспарлаудан және кейбір қиын мәселелерді шешуден құралады» [241; 162-б.], - деп атап көрсетті. «Ой тұжырымы типі ретінде индукция дедукциядан айтарлықтай ерекшеленеді және оның анағұрлым терең табиғаты осыдан көрінеді. Егер дедуктивті ой тұжырымдарында ой анағұрлым жалпы білімнен аздаған жалпыға жылжыса, онда индуктивтіде – керісінше, аздаған жалпыдан неғұрлым жалпыға қарай өрбиді. Дедукцияда жалпы білім «дайын» болған күйінде ұсынылады. Индукцияда оның құрылуының «тетігі» ашылады» [191; 128-б.]. Біріншісі ой тұжырымның бастапқы нүктесін құраса, екіншісі оның нәтижесі ретінде танылады. Осыған орай, кезінде тіл білімінің маңызын жалпы филологиялық зерттеулерден бөліп көрсеткен Л.Ельмслев те лингвистикалық теорияның екі жақты сипатына тоқталды. Ол тіл теориясындағы еркіндік пен қажеттілік негіздерін айқындай келе, тілдік мәселелердің, бір жағынан, жорамалдар мен болжамдар жүйесінен, ал, екінші жағынан, нақты фактілермен дәйектеліп тексерілетін тұжырымдар тізбегінен тұратындығын ерекше атап өтті. Сөйтіп, алғашқы ізденістерге негізделген тілдің қабілетін еркін белгілерге, ал келесі қатарын оның қажеттілігін сұрыптайтын ұстанымдарға жатқызды. Нәтижесінде автор: «Тіл теориясы өзінің еркін табиғаты негізінде емес, қажетті сипаты арқылы ғана шындыққа үйлесе алады» [242] деген қорытынды жасады. Л.Ельмслевтің глоссематикалық теориясы ғалымдар арасында толығымен қолдау таппағанына қарамастан, тілшінің ғылыми ізденістердің дедуктивті және индуктивті үдерістеріне көңіл бөлуі бүгінгі күні маңызды деп танылып отыр, өйткені, Н.Хомский талдап көрсеткендей, «...тілдің шығармашылық аспектісін тек лингвистикалық амалдармен танып білуге болмайды. Мүлдем жаңа сөйлемдерді құрастырудың өзі, ең алдымен, адамның ойлау әрекетінен туындайтын ерекшелік» [231].

«Өз басым ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу үшін ғалымның жеке басына тән табиғи қабілетінен басқа үш шарт қажет деп есептеймін. Олар: 1) нақтылы дерек, дәйекті мағлұмат; 2) логикалық таным мен талғам; 3) зерттеушінің өзі анықтайтын нысанға деген объективті де субъективті көзқарасы...» [54; 6-б.] деген белгілі ғалым Ә.Қайдар тұжырымына сүйенер болсақ, тілтанымдық зерттеулер объективті-субъективті уәждемелер негізінде болжау мен нақтылаудың, тану мен дәйектеудің сабақтастығынан туындайды. Өз алдына бөлек емес, үйлескен байланыс арқылы ғана «шындықты тану» мүмкіндігін дәйектеген тілші әр шарттың маңызын төмендегідей сипаттады: «Бұл шартты ұғымдар бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Шындықты айқындауға ең қажеттісі, әрине, зерттеу нысанына тікелей қатысты мағлұматтар мен деректер. Алайда, әр түрлі еңбектен тірнектеп жинаған деректер мен іздеп тапқан әр алуан мағлұматтардың асылы мен жасығын айыра білу, ащысы мен тұщысын ажырата білу, шындығы мен жалғанын тани білу, жақсы-жаманының парқын, құнды-құнсызын, құнарлы-құнарсызын талғай білу – бәрі-бәрі, сайып келгенде, зерттеушінің талғам-таразысы мен логикалық ой жүйесіне байланысты...Алайда, ең қажеттісі – жинақталған бай дерек-фактілердің ішінен ғалымның өз жүрегі сезінетін, көңіліне қонатын, логикалық жүйеге сай келетін құндылықты таңдап-талғап ала білуінде...». Демек, өзге ғылыми зерттеулер сияқты тілдік, тілтанымдық ізденістер де логикалық заңдылыққа бағынған жүйелі реттілік пен тәртіпті қажет етеді немесе, ғалым сөзімен айтқанда, «...осы хаос болып көрінетін дүниенің өзінде о бастан-ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар...» [53; 134-б.]. Кез келген тұжырым адам ойының, таным-талғамының жемісін құрайтындықтан, оның астарында «...болмыстағы құндылықтарды танып-біліп, олардың қыр-сырын анықтаудағы... адамзат қауымына тән ортақ көзқарас пен құндылықтарды бағалаудағы ұқсастықтарға» [53; 31-б.] негізделген объективті себептердің орын алуы даусыз. Олай болса, тіл мен танымның сабақтастығынан туындаған әр түйін не пікір анықтауға болатын яки болмайтын уәждемелермен де ұштасып жатады. «...қазақ этносының өз болмысын, барлықтағы объективті дүниені өзінше танып-білуі тұрғысынан жүйелік заңдылығына сүйене отырып, әр зерттеудің өз мақсатына орай өз дамуын тауып отыратынын» [36; 19-б.] ескерген Ә.Қайдар мақал-мәтелдер табиғатын зерделеуде танымдық әрекеттің индуктивті амалынан гөрі дедуктивті ерекшелігіне көбірек сүйенді. Автордың пайымдауынша, «Мақал-мәтелдердің бәрін бірдей қай заманда, қандай тарихи себептермен, этнолингвистикалық мотивтермен пайда болғанын дәйектеп, құжаттап айтып беру, әрине, мүмкін емес. Өйткені, ол мақал-мәтелдердің басым көпшілігі, тіпті, қазақ «қазақ» болып саналатын 5 ғасырдың бер жағынан емес, өз бастауын соның ар жағындағы тарихи тұңғиықтан, алғашқы ру-тайпалар заманынан алады» [53; 25-б.]. Бұл жағдайда тарихи бастауы тұңғиықта жатқан даналық үлгілерінің шығу тегі адам танымының өзгеше әрекеттері арқылы анықталады. Білім, тәжірибе, зерде, зейін, жады, таным секілді ұғымдардың көмегімен жорамал мен болжамдар тізбегі жасалады. Мысалы, ғалым «...көне мақал-мәтелдердің ғасырлар аттап, бізге жеткендерін анықтаудың бірден-бір жолы – оларды кезінде шығарған, дүниеге келтірген тарихи тұлғалардың есіміне, олар туралы дәйекті деректерге сүйену» [53; 25-б.],- деп атап көрсетті. Осы мақсатта тілші «ділмәр шешендер» мен «ақылман-даналардың» үлесімен өлшенетін адамдық фактордың маңызына тоқталды, оны қоршаған «жанды-жансыз табиғат пен қоғамдық өмірдегі сан алуан заттар мен құбылыстардың» [53; 130-б.] әсеріне мән берді. «Жалпы Шығыс халықтары, солардың ішінде, әсіресе, түркі халықтары көне замандардан бері-ақ тіл құдіретіне, сөз қасиетіне, даналық рухына табынып, ділмәр шешен, ақылман-даналарды пір тұтқандығы әлемге әйгілі. Шығыс әлемінде орта ғасырдың өзінде-ақ Махмұт Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Захир ад-Дин әл-Байқари, Әлишер Науаи...т.б. сөз зергерлері мен ұлағатты ұстаздардың дүниеге келіп, артында өлмейтін даналық мұра қалдырғаны да баршаға мәлім» [53; 27-28-бб.],- дей келе, Ә.Қайдар мақал-мәтелдердің де о баста-ақ осындай «құдіреттің» күшімен қалыптасқанын, тек уақыт өте келе ауызша айтылған асыл сөздер мен парасатты ойлардың авторлары ұмыт болғанын ескертеді. Бұл пікірін дәйектеу үшін зерттеуші қазақ мақал-мәтелдерінде кездесетін тарихи тұлғаларға, айтылған ой-тұжырымдарға, белгілі бір оқиғаларға зер сала отырып, сөз өрнектерін тұлғалық-құрамдық дамуына, қолданылу ерекшелігіне, топтастырылу белгілеріне қарай жіктеді. Дедуктивті және индуктивті таным негіздерін шебер пайдалана келе, ғалым тілдік бірліктер мен олардың табиғатын танып-білудің қайталанбас үлгісін ұсынды, олардың тек филологиялық қана емес, терең пәлсапалық, педагогикалық, этнографиялық, психологиялық және әлеуметтік уәждерін анықтады [53; 45-б.].

Ғылыми еңбектерге қажет «нақтылық» пен «логикалылық» туралы пікір М.Серғалиев еңбектерінде де аталады, себебі, автордың айтуына қарағанда, «...зерттеу жұмыстарда қандай да бір пікірдің, болжамның нақтылы деректермен дәлелденілуі талап етіледі. Ал, дәлелдеу бар жерде, бір ойдан екінші ойдың сабақтас болып жатқан жерінде, одан соң, автордың нысанаға алған мәселесі жайында әлдебір қорытынды жасауы керектігі сезіліп тұрған сәттерде логиканың қажеті өзінен-өзі белгілі болса керек» [74; 120-б.]. Бұған дәлел ретінде ғалым әр түрлі жанрда жүргізілетін зерттеулердің бір ғана «үш құрылымды композицияға» сүйенетінін ескертті, олар – кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Тілші білімге негізделген танымдық әрекеттің ең құнды көрсеткішін құрайтын ғылым бастауын да «жазу мен сөйлеу» арақатынасынан туындайтын тілтанымдық ұстанымдардан өрбіте дәйектеді әрі оларда «...нық сеніммен, дерекпен сендіре» айтылатын мәселелермен қатар «күдікті» жағдайлардың да кездесетінін ескертті. Зерттеуші ғылымда ол екеуінің де орын алатындығына мән бере отырып, «...ой мен сөздің логикалылығының сақталуы функциональдық стильдердің барлығында да керек» [74; 122-б.] деген тұжырымға келді.

«...индуктивтік жолмен алынған жалпы білім болмаса, осы білімдерге негізделген дедуктивті ой тұжырымдары болуы мүмкін емес еді. Өз кезегінде дедуктивті ой тұжырымдары жаңа жалпы білім алу үшін жеке және жалқы туралы білім бере тұра, жеке нәрселерді немесе олардың топтарын әрі қарай индуктивті зерттеуге негіз салады. Сонымен бірге индукция үдерісінің өзін, логикалық форма ретінде оның «тегін» дедуктивтік білімсіз түсіндірудің өзі мүмкін болмас еді» [191; 130-б.],- деп көрсетілегндей, кез келген танымдық процестің, ғылыми тұжырымның негізін құрайтын дедуктивті-индуктивті пайымдаулар бір-бірімен тығыз байланыста әрі сабақтасқан бірлікте дамиды. Ғалым Ә.Қайдар ұсынған «індете зерттеу» амалын да екі жақты процестің тығыз байланысы негізінде анықтауға болады. «...аңды індетіп алу» - тазылардан қашып келіп, жан сауғалап, кез келген інге тығылған аңдарды аңшы амалдап, су құйып, түтін салып, таяқ жүгіртіп т.т. қолға түсіру әдісіне» [36; 21-22-бб.] жататындықтан, ғылыми зерттеулерде қолданылатын бұл тәсіл де ғалымдардан терең де жан-жақты ізденуді, болжамдарға мән бере бақылауды, сөйтіп барып қорытынды жасауды талап етеді. Осы мақсатта Ә.Қайдар бастаған бір топ ғалымдар түр-түс атаулары мен олардың танымдық табиғатын да ғылыми жол мен дәстүрлі тәжірибе нәтижелерін сабақтастыру арқылы түсіндірді. Авторлар «табиғаттағы неше алуан түр-түстер мен олардың реңктерін адам баласы екі түрлі жолмен танып, біле алады екен» [36; 5-б.],- деп есептеді. «Олардың бірі – ғылыми жол да, екіншісі – халықтық дәстүр, тәжірибе...ғылыми жолмен тану, әрине, осы құбылысты зерттеуге қатысты ғылым салаларының (колориметрия, физика, физиология, психология т.б.) дамуына байланысты болса, дәстүрлік тану белгілі бір қауымның ұзақ дәуір бойындағы өмір тәжірибесіне сүйенетіндігін» анықтаған зерттеушілер әр әдіс арқылы анықталатын мәселелерге шолу жасады. Олар «Дәстүрлік ұғым нәтижесінде біз түр-түстердің жалпы қасиетін, көзге ұрып тұрған негізгі белгілерін байқасақ, ғылыми-теориялық зерттеу нәтижесінде олардың жай көзге байқала бермейтін негізгі де нәзік реңктерін аса бір дәлдікпен өлшеп, белгілеп, анықтай біледі екенбіз» деген қорытындыға келді. «...жобалап болмаса, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп дәл айту» [36; 27-б.] қиындық тудыратын кездерде басшылыққа алынатын болжамдық амалдың да, нақтылау мен дәлелдерге құрылған ғылыми тұжырымдарың да басты нысанын тілдік бірліктердің функционалды-семантикалық өзгешелігі құрайтындықтан, қазіргі қазақ лингвистикасында тіл мен таным мәселелеріне көп көңіл бөлініп отыр.

Қорыта келгенде, қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық дедукция ұстанымдары жалпыдан жалқыға бағыттылу негізінде тілтанымдық элементтердің зерделенуін болжалды түйіндермен қамтамасыз ететін қағидалар жігінен бастау алса; тілтанымдық индукция ұстанымдары, керісінше, жалқыдан жалпыға бағыттыла отырып, тіл мен таным сабақтастығын дәйектейтін зерттеулердің нақты деректермен дәлелденуін қамтамасыз ететін қағидалар тізбегіне сүйенеді.