Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.3.1 Тілдік құрылым – танымдық фактор

Тілдің табиғи сипаты мен адамзат қоғамында атқарар қызметі лингвистиканың алдына жаңа мақсаттар қоюмен қатар, тілші-ғалымдардың ізденістерін тың арнаға бағыттауға себепкер болды. Тілдік фактілер өзінің ішкі потенциалымен бірге сырттан әсер етуші күштердің ықпалымен айқындалып, қоршаған әлем заңдылықтарымен тығыз қарым-қатынаста талдана бастады. Н.Т.Сауранбаев зерттеулері қоғамдық, психологиялық, халықтық қағидалармен ұштаса, танымдық ұстанымдармен сабақтаса дүниеге келді. «Саяси сана», «мағыналық сыр», «ой мен ұғым», «санадағы сәуле», «тану қабілеті», «абстракциялық ойлау», «дүние тану» сынды ұғымдық тіркестерді шебер қолдана білген ғалым қазақ тілтанымының дамуын өзектей отырып, маңызды тілдік тұжырымдардың жасалуына айтарлықтай үлес қосты. «Адам баласы тілінің ішкі сырына» [34; 125-б.] үңілген тілші сырт көзге көріне бермейтін жалпы заңдылықтарға көңіл бөлді, олардың тілде көрініс табар нормаларын сұрыптады. Осы мақсатта тілші «затшыл диалектика» ұстанымдарына сүйеніп, сөздер мен ұғымдардың аралық байланысын саралады. Ол: «...дүниедегі әлемнің барлығы бір-бірімен байланысты, ұласқан тұтас дүние, зат пен құбылыс біріне-бірі тәуелді болады, бірсіз бірі де өмір сүрмейді...Олай болса, сөз бен сөздің, ұғым мен ұғымның арасындағы байланысты жалпы құбылыстардың, заттардың арасындағы диалектикалық байланыстан бөлек деп қарауға болмайды» [34; 5-б.],- деп атап көрсетті. Ал сөздегі ұғымды «...айналадағы заттың, құбылыстың әрекеттің нақ айнымас көшірмесі емес, адамның ойлау, білу әрекетімен модификацияланып сығымдалған түрі...» [34; 6-б.] ретінде сипаттады, соның арқасында тілдік бірліктердің қалыптасуын әлемдік бейнемен, танымдық жүйемен тоғыстыруға мүмкіндік берді.

Н.Сауранбаев қазақ тілінің құрылымдық-жүйелік өзгешелігін «ғылыми дүние тану» [35; 174-б.] тұрғысынан талдау кезінде пәнаралық байланыстарды дәйектеу арқылы лингвистикалық категорияларды антропоцентристік ұстанымдарға сүйене зерделеді. «Адамның рухани өнерінің ең құдіреттісі, өмірге ең қажеттісі – тіл. Рухани өнердің басқа түрлері (әдебиет, ғылым, көркем өнер) сияқты тіл де адам қоғамының бірге шығып, сонымен бірге өзгеріп, дамып отырады» [31; 69-б.] деп тілдің адамзат өміріндегі маңызын жоғары бағалаған тілші тіл ғылымы мәселелерін шешуде танымдық бірліктерді ұтымды да үйлесімді пайдалана білді. Ғалым көп жүгінетін ұғымдардың бірі – сана, оның тілмен байланысы, өзге танымдық элементтермен қарым-қатынасы. Автор «адамның санасы қоғам өмірінің сәулесі.., ал тіл – сананың ақиқат көрінісі...Сондықтан әр дәуірдегі қоғамдық өмірдің, заттық, әлеуметтік, идеологиялық өзгешеліктері тілге сана арқылы беріледі» [31; 69-б.] деу арқылы сананы адам жаратылысының ең биік көрсеткіші ретінде таныды, оны тілмен қабылданып өңделетін барша хабарлар орталығы есебінде сұрыптады, сөйтіп, «Жеке сөздер жеке ұғымдарды білдіреді. Ал ол ұғымдардың өзі айналадағы құбылыстың, жаратылыстың, әрекеттің санадағы сәулесі» [34; 5-б.] деген пікірін уәжді пайымдаулармен түсіндіруге тырысты. Тілші еңбектерінде орын алған тілтанымдық фактілерді негізгі үш арна айғақтады, олар:

  • лексикология мәселелерін айқындау;

  • морфологиялық бірліктерді талдау;

  • синтаксистік құрылымдарды түсіндіру.

Біріншіден, Н.Сауранбаев «Қазақ тілі лексикасының кейбір мәселелерін» [31; 44-68-бб.] жүйелеу барысында тіл мен таным байланысына негізделген «этюдтерді» (Ә.Қайдар – түсініктемелер, анықтамалар, мағлұматтар, топшылаулар...) – [36; 27-б.] кеңінен қолдана отырып, жалпыадамзаттық өмір сүру нормаларын тілдік зерттеулерге арқау етті. Оған дәлел ретінде тілшінің сөз мағынасын талдаған пікірлері мен адамдардың «есім ету» негіздерін сұрыптаған ой қорытындыларын келтіруге болады. «Заттың, құбылыстың сапасы қасиеті, көрінісі, белгісі сансыз, неше алуан. Оның барлығын адам баласы салғаннан дәп тез ұғына қоймайды, бірте-бірте түсінеді. Затты, құбылысты сөзбен атағанда, олардың көбінесе көрнекті, айқын белгілерін оларға атау етіп алады» [31; 50-б.] деп есептеген зерттеуші адамның ат қою әрекеттерін оның қоршаған әлемді танып қабылдауымен байланыстыра зерделеді. Нәтижесінде тіл дамуын адамның санасымен әрі жады қызметімен тығыз байланыстырған Н.Сауранбаев адам баласының ішкі рухани қабілетін сыртқы ортамен арақатынасы арқылы айғақтады. Ол: «Адам айналадағы затты, құбылысты көргенде, сезгенде, оның белгілі бір белгісін, қасиетін, көрінісін, я сапасын ұғынады. Сол алғашқы жадыға қонған белгіні, қасиетті сол затқа, құбылысқа есім етіп алатындығын» [31; 49-б.] ескерте келе, сөз мағынасын танымдық ұғымнан пайда болған тілдік көрсеткіш ретінде дәйектеді, сол себепті жеке лексикалық бірліктер астарында жатқан семантикалық проблемаларды кешегі ұғымдық қалыптасу, бүгінгі концептуалды даму тұрғысынан талдаған дұрыс деп есептеді. Мәселен, «Қазіргі ақ, қара, қызыл, сары, көк сияқты түс атаулары көне заманда қазіргідей түс аттарын білдірмеген, белгілі затты, құбылысты білдірген. Оның мынадан білуге болады»,- дей отырып, тілші «көк» сөзінің мағынасына зер салды: «...көк сөзі алғаш аспанды білдірген (аспан күйінде жұрнақ арқылы шыққан); Ол көк тәңірі (көк құдайы) болып қолданылған, себебі VI-VIII ғасырдағы орхон жазуында ол уақытта түрік рулары да көкке табынған. Көктің (аспанның) қарама-қарсы жағы – жерде өсетін нәрселер де (флора) көк деп аталған. Мәселен, көк шөп, жер көгерді, көктем...». Ғалым семантика заңдары қатарында «қарама-қарсылық, ат ауысу, ұқсату, бөлшектің тұтастану, қызмет заңдарын» [31; 50-52-бб.] атап өтті.

Екіншіден, морфологиялық бірліктердің ішінде Н.Сауранбаев әсіресе етістік категориясына көбірек тоқталды. Нақты құрылымдық ерекшеліктерімен қатар, тілші оның мағыналық сипатын адамның ойлау, тану және білу әрекеттерімен байланыстыра талдай отырып, тілтанымдық фактілерді етістіктің «семантикалық шеңбері» мен «неше түрлі формалану» заңдылықтарын анықтауға бағыттады. Аталған мәселелерді «адамның ой-санасына айналадағы толып жатқан құбылыстың, жаратылыстың әсер етуімен байланыстыру» негізінде автор әлемнің тілдік бейнесін зерделейтін маңызды тұжырымдар жасады, қазақ тіліндегі сөз таптарының дамуын, ең алдымен, адамдық фактормен сабақтастырды. «Адамның ой-өрісінің, білу зердесінің артуымен бірге етістіктер де өсіп, дамып отырады. Тіл байып, ойдың неше түрлі нәзік, неше түрлі абстракті түрлерін білдіру арқылы маманданады, орамдылыққа жетеді. Сүйтіп, етістіктер – адамның білу процесіне тікелей байланысты категория» [31; 28-б.] деген үзінді де осы пікірімізді айғақтайды. Тілдік зерттеулердің жаңа арнасын өзектеген ғалым кез келген сөзді ой мен ұғымның бірлігі арқылы түсіндіріп қана қоймады, сонымен қатар сол ойды яки ұғымды қалыптастыратын танымның көмегімен «ғылыми өсу», «ішкі мазмұндық, әсерлік заңдылықтарын» [31; 113-б., 118-б.] уәждейді.

Үшіншіден, «Заман сайын адам баласының қоғамдық, шаруашылық, мәдени тұрмысының бір басқыштан екінші басқышқа көшіп отыруына байланысты тілдің синтаксистік құрылысы да бірте-бірте дамып отырады» [31; 86-б.],- деп ғалымның өзі атап көрсеткендей, авторлық пайымдаудың келесі тілтанымдық негіздерін синтаксис мәселелері құрады. «Құрмалас сөйлемдер мен олардың даму жолдарын» жан-жақты саралаған тілші кез келдің «тілдің құрылысы, мазмұны, байлығы...қоғамдық өндірістік қатынастардың қалпына, дәрежесіне сай болады» [31; 69-б.],- деп есептеді. Сабақтаса немесе салаласа байланысқан жай сөйлемдер арасындағы ішкі тұтастықты ол бірде әлеуметтік, бірде психологиялық ұстанымдарға жүгіне түсіндірді. Н.Сауранбаевтың синтаксистік бірліктерді танымдық тұрғыдан дәйектеген тұжырымдары асқан құндылығымен көзге түседі. «Жай сөйлемдер бір-бірімен байланысып құрмалас болу үшін олардың құрамындағы синтаксистік компоненттер бір-бірімен мағыналық байланыста болу керек. Ол байланыс адамның жаратылысты, құбылысты білу, тану қабілетінің нәтижесіне негізделеді» [34; 251-б.] деген тілші көзқарасы арқылы қазіргі когнитивтік лингвистиканың қағидаларын сұрыптауға болады. Әлемді қабылдау сана мен жады арқылы ғана емес, сол сияқты ақыл-ой мен білім негізінде жүзеге асатындықтан, адам «...бірдемені білу, я белгілі нәрсені білдіру» [31; 80-б.] мақсатында сөйлей келе, жадыда бұрыннан сақталған мәліметтердің көмегімен жаңаны қабылдауға немесе «...айналадағы табыйғый, қоғамдық өмірдегі оқыйғалардың, құбылыстардың арасындағы байланысты аңдауға (восприятие)» [34; 44-б.] тырысады, сондықтан ғалым психологияда белгілі ап[п]ерцепция ұғымын қолданып, оған «...бұрыннан белгілі ой арқылы жаңа ойдың айтылуы» [34; 6-б.] деген анықтама берді. Айтылған пікірлерді ұштастыра отырып, зерттеуші «Құрмалас сөйлемдердің шығуына, дамуына игілі жағдай – халық өмірінде, қоғамда мәдениеттің, өнер-білімнің, әсіресе, көркем әдебиеттің, ғылымның дамуы болуға тиісті. Өйткені жай оқыйға, құбылыс туралы түсініктерге негізделген бірнеше жеке ойы ұлғастырып, ұштастыру адамның ойлау әрекетінің даму процесінде болатындығы сөзсіз. Ал, абстракциялық ойлау әрекеті ғылыммен, өнермен, яғни адамның барлық дүние тану, өндіру ісімен, яғни барлық творчестволық жұмысымен тығыз байланысты» [34; 258-б.] деген түйінге келді. Тілші «...белгілі бір ойдың нұсқасы» [34; 259-б.] бола тұра, синтаксистік құрылымдар «эволюциялық жолмен өзгерудің» [34; 133-б.], «жаратылысты» тану арқылы дамудың көрсеткішін құрайтынын ескертті. Нәтижесінде «салаласып құрмаласқан жай сөйлемдердің арасындағы ішкі байланысты...» «құбылыстардың оқыйғалардың арасындағы байланысты айқын, дәл ажырату емес, ассоциация, аналогия, апперцепция принциптерімен жыйнақталып ұласуға негіздеу» деп түсіндірді, сондықтан сабақтас құрмалас сөйлемдердің «психологиялық негізін» «талдау (анализ)», ал салаласа құрмаласуда «жыйнақтау (синтез)» [37; 44-б.] құрайды деген тұжырым жасады. Олай болса, «дүние тану» ұғымын тілдік зерттеулермен шебер ұштастыра білген Н.Т.Сауранбаев қазақ тіл ғылымының аясын кеңейте отырып, маңызды тілтанымдық ұстанымдардың қалыптасуына, экстралингвистикалық факторлардың дәйектелуіне игі әсер етумен қатар, когнитивтік бірліктердің де қолданысқа енуіне ықпалын тигізді. Алғашқылар қатарында «таным» ұғымымен қатар, «сана», «зерде», «білім», «жады», «аңдау» сынды сөздерді лингвистикалық талдауға енгізе келе, ғалым социо-, психо- және этнотанымдық пайымдаулар жасап, олардың диалектикалық даму негіздерін жүйелеп берді.

«Заттың аты мен заттың өзі бір емес, бірақ затты басқа заттардан айырып тануы арқылы бала сол заттың атын, басқа қасиеттерін біледі. Қой, ат, ит, мысық сияқты заттарды ойыншық арқылы, тірі қалпында көріп-біліп тануы баланың ақыл-ойына олардың атымен бірге қалыптасады да, бара-бара ол атаулар да бала үшін өз үйінде, қорасында көрінген заттары ғана болмай, жалпылық қасиеті бар заттардың абстракт аттары болып ұғынылады» [33; 5-б.] деген ғалым М.Балақаев тұжырымы да сол танымдық үрдістің көрсеткіші болып табылады. Адам санасының қалыптасу, жетілу сатыларын зат немесе құбылыс атауымен тығыз байланыстырған зерттеуші тіл мен таным арақатынасын ажырамас бірліктің үлгісі ретінде ұғынды, сол себепті «Сөз адамның айналадағы объективті болмысты тануының жалпылама аты, сондықтан...сөз байлығы оңайлықпен қалыптаспайды» [33; 5-б.] дей отырып, сөзді өзгеше танымдық бірлік ретінде айқындады. Адамды қоршаған дүниенің бөлшегі ретінде, ал оның тілдік қорын әлемдік бейненің айғағы деп таныған ғалымның пікір-көзқарастары мен лингвистикалық талдаулары тілтанымдық теорияның негізінде дамып отырды. М.Балақаев тілдік бірліктердің мүмкіндіктерін жоғары бағалай келе, лингвистика мақсатын «тілдің өмірлік мәселелерін жақсы білу» [33; 6-б.] тұрғысынан түсіндірсе, міндеттерін «адам ойының заңдылықтарын түсіну», «білім қағидалары» мен «эстетикалық талғам» [33; 6-8-бб.] негіздерін байланыстыру, «тілдің бүгінгі қоғамдық қызметін» [33; 4-б.] анықтау сынды мәселелерді шешумен ұштастырды. Ескерер мәселе, аталған проблемалардың барлығын «тілдің...жанды өмірлік табиғаты» деп қарастырған ғалым оның жай-күйін сипаттап талдауда «таным», «тәжірибе», «дәстүр», «ой-сана», «талғам», «қор», «ми жұмысы» сияқты ұғымдар мен тіркестерді жиі әрі ұтымды пайдаланды. Автордың пайымдауынша, тілдің болашағы мен дамуы «тілді ширататын табиғи орталықтан» [33; 76-б.] басталады. Тілші алдымен жастардың танымы мен талғамына назар аударды, оларды қалыптастырушы факторларға мән берді. Тіл ғылымы адамдардың «...ана тілінің құдіретті күшін жастардың санасына сіңіру, олардың тілдік сана-сезімін ояту, тілдің күнделікті өмірдегі қызметін білдіру» әрекеттерімен тығыз байланысты болатынын ескерген зерттеуші «семья, айнала» [33; 76-б.] сияқты мәселелерді алдыңғы шепке шығарды, оларды адамның дүниетанымын, ақыл-ойын, «тіл жұмсау әрекетін» қалыптастыратын басты алғышарттар тізбегі деп ұғынды. Адамзат атаулының «ұшар биігі де, қонар жайсаңы да – біздің қазіргі өмірімізге» [33; 34-б.] тәуелді болатынына көз жеткізген тілші «Тіл – адамның барлық өміріне аса қажетті қарым-қатынас жасау құралы, оның байлықтары адам өмірінің алтын қоры, өшпес дәулеті» [33; 30-б.],- дей отырып, тілдік құралдардың өмірлік мәселелер мен қоршаған объективті болмыс арасындағы қарым-қатынасын екі жақты процесс ретінде анықтады. Демек, бір жағынан, тіл адам ойының жемісі болып табылса; екінші жағынан, оның сусындар бұлағын, пәлсапалық бастауын, танымдық негізін адам баласының тіршілігі, күн-көрісі құрайды. Оны автор «актив» және «пассив қордың» [33; 6-б.] көмегімен айғақтап көрсетті. «Танымал болған» немесе «танылмаған» фактілерді өзара сабақтастыра отырып, ғалым тілдік қоймаға енген әр бөлшектің белгілі бір сатылардан өте қалыптасып орнығатынын ескертті, сөйтіп, «Әрбір тілдің сөз байлығына сол халықтың өміріне, тіршілігіне, тұрмысына керекті, солардың негізінде танымал болған заттардың аттары енеді де, іс-әрекет, тіршілігінде керегі болмаған, танылмаған заттардың аттары бола бермейді» [33; 7-б.] деген қорытынды жасады, яғни зат атауын адамның танымымен тығыз байланыстыру арқылы М.Балақаев тілдік қарым-қатынаста маңызды орын алатын «ой, сана» әрекеттерінің қызметін өзектеді, сол арқылы «ғасырлар бойы жасалып, үздіксіз даму, жетілу процесіндегі тілдің тарихи дәуірлері оны жасаушы халықтың тарихымен, ой санасының даму процесімен байланысты» [33; 10-б.] болатынын дәлелдеді. Осы мақсатта тілші «...бір тілде бар сөздердің баламасы екінші тілде бола бермейтініне» әрі «барлық тілдің сөз байлығының бірдей еместігіне» [33; 6-б.] зейін қойды, ал аталған мәселелердің түйіні адамның тану, көріп-білу, сезіп-қабылдау өзгешеліктерінде жатыр деп тұжырымдады. Зерттеушінің өз сөздеріне жүгінер болсақ, тілдің сөз байлығы адамның «ой өрісімен, білім дәрежесімен», анығырақ айтқанда «ми жұмысының ойлау қабілетімен» [33; 34-б.] бірлікте дамиды, толығады, өзгереді. Мысал ретінде ғалым қазақ тілінде молынан кездесетін мал шаруашылығына қатысты атауларға тоқталды, өйткені автордың айтуына қарағанда, «Қазақ халқы атам заманнан мал шаруашылығымен кәсіп еткен. Сондықтан қазақ тілі төрт түлік малға, олардың жемшөбіне қатысты сөздерге бай, ал өзбек тілі егін шаруашылығына қатысты сөзге бай...» [33; 7-б.]. Айталық, «түйе малының қазақ тілінде 100-ден астам атауы, ...шөптің екі мыңдай аты бар екен» [38; 88-б.]. Ендеше, тілдік қордың кез келген элементі алдымен адам тіршілік еткен, өсіп-өнген ортаның, оны қоршаған әлемнің тілдегі көрінісін құрайды, оның танылу дәрежесіне тәуелді болады, яғни танып-білген, кәсіп еткен немесе қажетіне жаратқан затына не құбылысқа ғана адам ат қояды, оны өзге заттармен салыстыра алады. Бейнелі қабылдау да, қарапайым тану да өз бастауын сыртқы көріністерден, олардың адамзат тірішілігіне әсер етер болмысынан жинақталатындықтан, тіл пәлсапасының жалғасын құраған танымдық лингвистика негіздері өз тарихын ерте кезден қалай бастады. Жалқыдан жалпыға не болмаса жалпыдан жалқыға қарай жылжып отырған ізденістердің тамырында когнитивтік заңдылықтардың орын алуы да сондықтан болар.

«Тілдің ішкі заңын» [38; 16-б.] «қоғамдық», «халықтық санамен» [38; 36-б.], «мәдени өрлеумен» [38; 17-б.] шебер ұштастыру негізінде сол кездің өзінде-ақ М.Балақаев зерттеулері қазақ тіл ғылымында экстратанымдық фактілердің лингвистикалық талдауларға арқау болғанын дәйектеді. «Тіл байлығына» [38; 3-б.] ішкі және сыртқы әсерлер тоғысы тұрғысынан анықтама беру мүмкіндігі де тіл мен таным ұғымдарын «халықтың ойы, сана-сезімі, іс-әрекеті, шаруашылығы...» [38; 60-б.] сияқты мәселелермен байланыстыру арқылы жүзеге аса бастады. Қазақ тіліндегі «алтын қордың» құрамды бірліктері де адамның танымдық өрісінен, тәлім-тәрбие алған ортасынан, бойына сіңген құндылықтарынан басталатынын ғалым дер кезінде сезе білді, сол себепті автор баланың «тілдік мағлұматын» кеңейтер алғышарттар қатарында «аналық сүтпен» бойына даритын қасиеттеріне назар аударды, оларды тану мен қабылдаудың өзегі деп қарастырды. Тілшінің «...ананың ақ сүтімен бірге нәрестенің сана-сезімін оятатын үн, әуен, дыбыс, сөз, сөйлемдер біртіндеп оның есіту, көру, сезіну қабілетіне әсер етіп, бойын билейді» [33; 29-б.] деуі де сол тілтанымдық өрістің бір бөлігін айқындауға мүмкіндік берді. Адамға тән барша психофизиологиялық ерекшеліктердің табиғи болмысын сипаттауға бағытталған бұл тұжырымның астарында, шын мәнінде, терең танымдық әрі пәлсапалық зейін жатқандықтан, М.Балақаев тіл дамуын «ішкі» процестің екі түрлі ерекшелігімен түсіндірді: біріншіден, тілдің өзіне тән ішкі заң арқылы; екіншіден, «халық өмірінің ішкі дүние эталонынан» [38; 60-б.] бастау алатын заңдылықтар тізбегі негізінде. Осыған орай, ғалым «Әр халықтың сөз байлығы – оның ұзақ ғасырлар бойы кешірген өмірінің, іс-әрекетінің, ақыл-ой жұмыстарының тілдегі көрінісі» [38; 88-б.] деген аса құнды тұжырым жасады, соның арқасында тілдік бірліктерді танымдық ұғымдардың нысаны етті. «Тілдегі сөздер қажеттіліктен пайда болады», олар «...айналадағы объективті шындықты...тани білгеннің көрінісі» [38; 88-б.] деген авторлық анықтамалар да тілдің танымдық қызметіне мән беру арқылы туындады. Олай болса, М.Балақаев зерттеулерінде кең көлемде талданған қоғам, халық, мәдениет мәселелерін таза әлеуметтік немесе этнолингвистикалық бағыттардан гөрі «қоғамтану» (Ә.Қайдар), этностану, мәдениеттану ғылымдарының тіл білімімен байланысқан көрсеткіші деп бағалауға болады. Оны ғалымның: «Тарихи даму белестерінің бір кезеңінде тіл тек қарым-қатынас құралы қызметінде ғана емес, ерекше әлеуметтік, саяси, экономикалық өрлеудің де қызметін атқарады» [38; 24-б.] деп келген пікірі дәлелдей түседі.