Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.4 Тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы

«Қазіргі заманғы лингвистика ғылымы тіл-тілдер бір-бірінен өзіндік ерекше заңдылықтар арқылы ерекшеленіп, оқшауланумен бірге, олардың көпшілігіне тән ортақ заңдылықтардың да бар екендігін дәлелдеп отыр. Ортақ заңдылықтар ортақ ерекшеліктер түрінде екі түрлі семьяға жататын тілдерде кездесуі мүмкін немесе белгілі бір семья тілдерінің ерекше белгісі деп қаралатын құбылыс басқа да семьялар тілдерінде ұшырасуы мүмкін...» [40; 19-б.],- деп ғалым М.Томанов атап өткендей, жекеленген тілдердің өзгешелігін сұрыптау не болмаса өзгелермен ұқсастығын айқындау мақсатында дүниеге келген жалпы тіл білімі ұстанымдары қазақ тіл ғылымының да даму бағытына әсерін тигізді. Сөйтіп, жалпы теориялық қағидаларды өзектеуге негізделген бір қатар ғылыми зерттеулер жарық көріп, соның арқасында жаңа ізденістер көкжиегі сараланды. Қазақ тілін жалпыадамзат атаулыға тән өзге құралдар қатарында қарастырған ғалымдар оның даму заңдарын басқа да танымдық құбылыстармен сабақтастыра дәйектеді, сол себепті тілдік бірліктерді адамзат тілінің табиғи бастауымен, жасалу, жүзеге асу нормаларымен байланыстыра сөз етті. «Ақиқат дүниедегі заттарда, құбылыстарда өмір сүретін жеке-жеке белгілер, қасиеттер сөз арасындағы байланыстың негізі болып қаланады» [41; 19-б.],- деп тілші Б.Сағындықұлы атап көрсеткендей, интра- және экстралингвистикалық мәселелердің тоғысқан бірлігімен айғақталар «тіл және ойлау», «тіл және қоғам», «тіл және сөйлеу», «тіл және халық», «тіл және мәдениет» сынды ұғымдық қатынастардың астарында да сол объективті болмыстың кескін-келбеті, бейнелі сипаты көрініс табады. Тілдік бірліктердің пайда болу негіздерін жүйелеу барысында ғылымаралық байланысты басшылыққа алған зерттеушілер адам әрекетін әлемдік бейненің жасалу заңдылықтарымен ұштастырады. Тіл білімін өз алдына бөлек емес, өзге ғылымдармен байланыста қарастырған зерттеуші К.Аханов та тілді әмбебап құбылыс ретінде сұрыптау қажеттігін атады, ол «...бұл деректер тіл білімінің көптеген ғылымдармен байланысты екендігін, ол байланысты жете білудің теориялық жақтан болсын, практикалық жақтан болсын, айрықша маңыздылығын және бұл мәселелердің әсіресе ғылымға деген ынта мен құштарлықты арттыруда өте-мөте мәнді екендігін көрсетеді» [2; 35-б.] деген көзқарас негізінде жаңа лингвистикалық ізденістердің көкжиегін айқындау қажеттігіне баса назар аударды. Сөздің өзін «материалдық жамылғыш» деп таныған ғалымдар қоршаған дүниені тіршіліктің көзі, эволюциялық дамудың құнды алғышарты ретінде жоғары бағалады. Тілдің үздіксіз толығуы арқылы дәстүр мен жаңашылдық мәселелерін саралаған тілшілер бұл фактілерді адам сана-сезімінің өсуімен, қоғамдық қатынастардың келесі сатыға көтерілуімен, жаратылыс нормаларымен түсіндірді, ал тілдер арасында байқалатын дифференциация мен интеграция принциптеріне сыртқы ықпалдар тұрғысынан мән берді. Оны сол кезең зерттеулерінде молынан кездесетін ой, ұғым, абстракция, байымдау, тану, дүниетану, өмірлік шындық, қоғамдық-тарихи тәжірибе секілді сөздер мен тіркестердің қолданылу шеңбері дәлелдейді. Демек, қазақ тілтанымының үшінші кезеңін айғақтайтын объективті факторлар қатарында келесі проблемаларды ескерген жөн:

  • жалпы теориялық ұстанымдардың қазақ топырағындағы қалыптасу, даму ерекшелігіне мән беру;

  • жалпы тіл білімінің пән ретінде оқытыла бастауы және алғашқы теориялық оқулықтардың жазылуы;

  • тілдік өзгешелік пен тіларалық сабақтастық мәселелеріне зер салу, соның негізінде дифференциация мен интеграция, тілдік универсалий ұғымдарының ерекше өзектелуі;

  • тілдің өзге құбылыстармен байланысқа түсу сипатын танымдық категориялармен түсіндіре талдау;

  • «адамның ішкі өмірі», «ішкі сөйлеу», «рухани-мәдени дәреже» сынды ұғымдық тіркестердің сөз тарихында алар орнын дәйектеу.

Бұл ретте қазақ ғалымдары К.Аханов, Т.Қордабаев, Ә.Хасенов секілді зерттеушілердің тұжырымдарымен танысып, жалпы теориялық ұстанымдардың тілтанымдық мәселелермен байланысар тұстарына көңіл бөлген дұрыс, өйткені, біріншіден, тілдің теориялық негіздерін дамытқан ғалымдардың бірі - К.Ахановтың бірнеше қайтара басылған «Тіл білімінің негіздері» атты зерттеуі «Тіл білімі немесе лингвистика – тіл мен оның даму заңдары туралы ғылымның» [2; 4-б.] принциптерін талдауға бағытталған әрі жалпы тіл білімінің ұстанымдарын айқындаған, тілге әсер етуші экстралингвистикалық факторларды жүйелеуге мүмкіндік берген ғылыми еңбектердің бірі болып табылады; екіншіден, «Адамдар өздерінің өмірлік серігі, бүкіл тіршілігінің құралы, рухани өмірінің айнасы – тіліне, оның тағдырына бейтарап қарамаған, оны қызғыштай қорып мәпелеген» [9; 124-б.] деп ғалым Т.Қордабаев атап көрсеткендей, тіл адаммен қатар, оның бар болмысы мен қызметін дәйектей дамитын құбылыс болғандықтан, тілдік фактілердің кез келгені қоғамдық, мәдени, халықтық құндылықтарды тануға, қабылдауға, олардың негізгі қағидаларын ұғынып, жадыға сақтай білуге мүмкіндік берері сөзсіз. Тіл тағдырын ел болашағымен сабақтастыра талдаған ғалымдар оны «...адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды» [9; 124-б.] деп бағалады, сондықтан оның тарихы да, ғылыми-теориялық негіздері де антропологиялық ұстанымдардың аса құнды бөлігін құрады. Осы қатарда жалпы тіл білімі мәселелерін қазақ тіл ғылымы міндеттерін шешуге арқау еткен Т.Қордабаев зерттеулерінің де өзіндік орны мен үлесі ерекше. Үшіншіден, қазақ тіл білімінде жалпы теориялық мәселелерді жан-жақты зерделеген ғалымдардың бірі - Ә.Хасенов. «Адамзат ерте заманнан бастап-ақ өзінің ең қажетті де керекті серігі – тіл сырын, оның ерекшеліктерін білуге, ұғуға тырысты. Соның нәтижесінде өзінің сүйікті серігі, қаруы – тіл туралы ғылым жасады. Ол ғылым – лингвистика...» [42; 5-б.],-деп атап көрсеткен тілші өзге тілдік проблемалар қатарында сана, ой, ақиқат өмір сынды ұғымдарды да шебер пайдаланды, оларды «тілдің жалпы теориясын» жасауға қажет алғышарт деп қарастырды. Демек, аталмыш кезеңнің негізгі теориялық тұжырымдарын:

  • Тілдік интеграция мен дифференциация - танымдық даму нәтижесі;

  • «Тілдік дәстүр» - дүниені тану құралы;

  • «Тілдік универсалий» - уәжделген танымдық фактор.

секілді мәселелер саралады.