Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.4.3 «Тілдік универсалий» - уәжделген танымдық фактор

«Соңғы кездерде типологиялық тіл білімі тілдік универсалийды анықтау мәселесіне көбірек көңіл бөліп жүр» [42; 10-б.],-деп тілші Ә.Хасенов атап көрсеткендей, тіл-тілдегі ұқсастықтар бүгінгі тіл ғылымының бағыт-бағдарын ғана анықтап қойған жоқ, олар жаңа «теориялық-методологиялық негіздердің» де жүзеге асуына айтарлықтай үлес қосты, соның арқасында лингвистика тілдік фактілерді пәлсапалық, логикалық, психологиялық тұрғыдан өзектеуге; «адам ортасын, адам қоғамын» нормалар мен заңдылықтар арқылы сипаттауға; әлеуметтік ұстанымдарды тіл тағдырымен салыстыра зерттеуге; тілдер қарым-қатынасын халықтар тарихымен сабақтастыруға мүмкіндік алды, сол арқылы «абсолюттік универсалий» ұғымын айқындайтын тілдік құбылыстар тізбегі жинақталып, олардың жалпыадамзаттық маңыздылығы аталды. Мәселен, «...тіл-тілдің бәрінде де дауысты, дауыссыз дыбыстар бар; тіл-тілдің бәрінде адамдар сөз тіркестері, сөйлемдер арқылы қарым-қатынас жасайды...» [42; 19-б.] т.б. Бұл ретте ғалым танымдық ұстанымдарды да жалпыға ортақ универсалды белгілерді айғақтауға бағыттай отырып, «адам» мен «адамзат» сөздеріне ерекше назар аударды. «Адамзат қоғамы ұзақ және қилы-қилы жолдарды басынан кешірген», «Адамзат өзін қоршаған ортаны ойлау арқылы ғана тани алады», «Адам ойлауы тілдің шығуымен, тілдің шығуы адам ойлауының шығуымен бір мезгілде шығып, қалыптасты», «Ұғым жалпы адамзатқа тән категория» [42; 316-б., 54-б., 308-б., 94-б.] секілді тұжырымдардың көмегімен тілші универсалий қағидаларын антропоцентристік принциптермен байланыстырды, сөйтіп, қазақ тіл білімінде қанат жая бастаған жалпы теориялық мәселелердің жаңа сипатта дамуына әсер етті.

«Тілдегі сөздер жалпы бола отырып, өмірдегі, айналадағы сан алуан құбылысты белгілейді, солардың атауы ретінде қызмет етеді: затты, сапаны, белгіні, іс-әрекетті т.б. білдіреді» [42; 95-б.],-дей отырып, ғалым тілдік универсалийдің бастапқы көрсеткіші ретінде сөз бен оның қызметіне зейін қойды. Оны «адамның туған тілі, адамды дүниеге келтірген, кіндік кесіп, қаны тамған жері, туған өлкесі туралы сезімі. Сөз – адамның арғы ата-бабасының ғасырлар бойғы үні» [42; 91-б.], «табиғи айналаны, қоршаған заттар мен құбылыстарды білдіретін тілдік таңба» [42; 92-б.],- деп сипаттады, сол себепті сөздің мағынасы да «ақиқат өмірдегі заттар мен құбылыстардың тілдегі сәулесі» ретінде айқындалды. Осыған орай, зерттеуші лексикалық бірліктерді халық тарихымен, оның тілдегі көрінісімен өзектеді. Автордың пайымдауынша, «халық тарихы – халықтың өткен өмірінің айнасы», яғни тілдегі сөздер де, әсіресе «байырғы лексика» элементтері, алдымен, сол жүріп өткен жолдың, қоғамдық-әлеуметтік қалыптасу мен дамудың айғағы болып табылады, өйткені олар «халықтың әлеуметтік өмірі мен барлық тіршілігінің, күн-көріс тәсілдерінің, әдет-ғұрып, салт-санасының, өскен ортасы мен басқа елдермен қарым-қатынасының тілде замандар бойы сақталынып та, қолданылып та келе жатқан аса құнды асыл мұрасы» [42; 96-97-бб.] ретінде бағаланады.

Сөз тарихын халық тарихымен, ел дамуын ой дамуымен байланыстырған ғалым аса құнды лингвистикалық мәселелер қатарында «тіл мен сана, тіл мен ой» ұғымдарын зерделеді. «Тіл мен сана және тіл мен ойлаудың байланысы жөніндегі мәселе – лингвистиканың философиялық негізі, ең үлкен проблемасының бірі» [42; 19-б.] екенін ескерткен автор оның философиялық әрі логикалық астарына назар аударды. Сана қызметін, оның ойлау процесімен байланысар өзгешелігін талдап көрсету арқылы тілші адамның ішкі және сыртқы әлемін бір-бірімен сабақтастырар факторларды да анықтады. Тілді сананың, соның ішінде ойлаудың бір бөлігі деп саралаған зерттеуші екі терминге де мән берді, сондықтан сананы «адам ойы, сезінуі мен еркінің формалары арқылы ақиқатты білдіре алу қабілеті, сол ақиқатты бейнелеу процесінің өзі деуге болады», ал ойлауды «сөздің мағынасын ұғымдарды, байымдауларды, ойға қорытылғандарды бейнелеу қабілеті, өмірді сол формалар арқылы бейнелеу процесінің өзі деп ұғуға болады» [42; 20-б.] деп қорытындылады. «Сана» деген сөздің орнына зерттеуші «белгілі бір көзқарас, сенім, адамның өмірді ұғып-түсінуі деген сияқты тіркестерді» пайдалануға болатынын атап өткен, сондықтан оны қоршаған әлемді қабылдаудың басты құралы деп ұғынған. Аталмыш мәселені бағдарлап зерделеу мақсатында Ә.Хасенов өзге пәндердің көмегіне жүгінді, олардың тіл мен ойлау бірлігін сипаттаудағы орны мен өзіндік үлесін жеке-жеке сатылап дәлелдеді. Мәселен, философияға тілші «адамның рухани да, табиғи да көзін ашушы ұлы күш» [42; 22-б.] деген анықтама берді, сондықтан оны барлық ғылымдардың бағдары деп таныды. «Логикалық және лингвистикалық единацалардың қарым-қатынасын» зерттеуші «ұғым мен сөздің, байымдау мен сөйлемнің, логикалық және грамматикалық категориялардың» [42; 23-б.] аралық үлесімен өлшеді, сөйтіп, логиканы «ойлау формалары мен заңдары туралы ілім» ретінде айғақтады. Бұдан басқа ол лингвистика мен психология, әлеуметтану, этнография мәселелерін де қарастырды, өйткені «...тілдің дамуын, жалпы тіл тағдырын қоғам тарихымен – сол тілді жасаушы, сол тілді туғызушы, сол тілді қолданушы халық тарихымен тығыз байланысты түрде зерттеп-қарастыру керектігін» [42; 316-б.] қолдады.

Тіл ғылымын пәнаралық ұстанымдар арқылы дәйектеген ғалым лингвистикалық мәселелердің сараптамасын жасауда да объективті факторларды ұтымды пайдаланды, ол үшін адамға тән және адамды қоршаған барша құбылыстарды өзара шебер түйістіре білді, сөйтіп, «адам ортасының күші» сынды ұғымның арасалмағын «сөздің мақсатымен», «адамның санасымен» және оның «түсіну заңдылықтарымен» үйлестіре сұрыптады. Бұл ретте автор «ойдың құрамды бөліктері» дей отырып, ұғымдар мен пайымдаулар табиғатына, адамның ой қорыту әрекеттеріне ерекше назар аударды, солардың көмегімен адамның ұқсату, суреттеу, бейнелеу, көркемдеу ерекшеліктерін де танымдық негізде жүйеледі. Тіл мен таным нормаларының универсалды табиғатынан бастау алған жалпыадамзаттық әрекеттердің барлығы да еңбекте «антропологиялық тұрғыдан топтастырыла» ұсынылды. Авторлық тұжырымдардың өзгешелігін де осы экстратанымдық талдаулар құрды, себебі ғалым тілдік универсалийдің де, тілтанымдық жалпы теориялардың да астарында типологиялық бірлік, ареалды қарым-қатынас, әлеуметтік –қоғамдық даму жатады деп есептеді. «...қоғамда туған тіл қоғаммен бірге дамиды» [42; 316-б.] деген қағиданы берік ұстанған Ә.Хасенов тілдер болашағын да, тілдік құралдардың толығу, өзгеру жолдарын да қоғамдық қажеттілікпен айқындады. Дегенмен, әрқайсысының өз дәрежесін, өз бағытын, өз айырмашылығын да ескерусіз қалдырмады. Осы орайда, зерттеуші тілдің интралингвистикалық ережелері мен оның даму заңдарын байланыстыра келе, «...тіл қоғам даму заңдары бойынша дамымайды. Тіл қоғамда болған өзгерістерді айқын көрсете, білдіре отырып, өз даму заңдары - өзінің ішкі даму заңдары бойынша дамиды» деп атап көрсетті. Нәтижесінде объективті шындық пен адамдық факторды өзектеген ғалым «Адам ортасында, адам қоғамында өспеген адамда тіл болмайды» [42; 51-б.] деген тұжырым жасады, яғни тіл «адамның еркі, ішкі күйініш-сүйініш, түйсігі мен сезімдерін де білдіре» [42; 54-б.] келе, эволюциялық та, танымдық та деңгейде өзіне қажет алғышарттардың сақталуын қажет етеді.