Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.6 Қазақ тіл біліміндегі қазіргі когнитивтік парадигмалар

Қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың аяқ кезінен бастап өзектеліп келе жатқан жаңа бағыттардың бірі когнитивтік ұстанымдармен тығыз байланысты. Ғалым Н.Уәли атап өткендей, «Тілдің лексикалық байлығы тек атауыш сөздермен шектелмейді. Ана тіліміздегі сөздердің енді бір қатары халықтың таным – білігі, зерттеуі, ой қорытуына байланысты пайда болған. Ондай сөздердің номинациялық ерекшелігінен гөрі ұғымдық қасиеті басым болады» [95; 51-б.], сол себепті өзіне дейінгі тілтанымдық қордың маңызды тұжырымдарын зерттеулеріне арқау ете және әлемдік қағидаларды ұтымды қолдана отырып дүниеге келген аталмыш тілдік сала, біріншіден, когнитивтік ұғымдарды арнайы лингвистикалық сараптамадан өткізсе; екіншіден, ізденіс мақсатын «дүниенің тілдік суретін», «концептілік құрылымдарды» сипаттауға, «тіл қолданысының когнитивті негіздерін» айқындауға бағыттады. «Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты роль атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным ара қатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі. Аталған құрылымды жіктеп, бөлшектеп ұсыну өте қиын, дегенмен оны процесс ретінде алып қарау арқылы белгілі бір түйіндер жасауға болады» [96; 3-4-бб.],- деп көрсетілгендей, тіл мен танымның байланысынан туындайтын фактілер адамзат болмысы мен қоршаған әлем заңдылықтарын тілдік құралдар арқылы сұрыптауға негізделіп, экстарлингвистикалық мәселелердің жан-жақты қамтылуына себепкер болып отыр. Осыған орай, кейінгі жылдары жарық көрген лингвистикалық ізденістердің көпшілігі тілдік деректердің танымдық қазынасын, мағыналық қоймасын зерделеу негізінде жалпы тілтанымдық үдерістің ішкі және сыртқы мүмкіндіктерін дәйектеп түсіндіруге жағдай жасады, өйткені адамның ойлау және сөйлей алу қабілеті оның өзі өмір сүріп отырған әлемді танудан, оны бақылап саралаудан басталары хақ. «Дүние тану түйсіктен басталады. Қозғалыс, зат, құбылыс, әрекет туралы, олардың сапа, қасиеттері жайында түйсік арқылы ғана мағлұмат ала аламыз...ол – тіршілік иелерінің өз төңірегін бағдарлауының алғашқы формасы» [96; 5-б.] деп көрсетілгендей, тілдік амалдардың табиғи бастауын құрайтын адам баласының «бағдарлау» әрекеті оның зейін қою, мән беру, пайымдау, ойлау сынды танымдық құрылғыларының іске қосылуына көмектеседі, нәтижесінде әр тілдік нысана да субъективті-объективті себептердің қосындысымен өлшене бастайды. Оған дәлел ретінде таным теориясын тілдік зерттеулермен ұштастыра отырып, қазақ тіл білімінде алғашқылар қатарында тілтанымның концептологиялық негізін дамытуға ат салысқан Н.Уәлидің зерттеулері мен қоршаған әлем заңдылықтарын мағына табиғатын ашуға бағыттаған М.Оразовтың еңбектері қарастырылды. Аталған авторлар танымдық ұстанымдар мен ұғымдарды қазақ лингвистикасында арнайы пайдаланумен қатар, оларды тілдік мәселелерді шешудің аса қажет алғышарты, сөз мағынасын экстралингвистикалық негізде зерделеудің маңызды бөлігі деп таныды. Когнитивтік кезеңнің аталмыш жұмыстардан басталуын да, ең алдымен, зерттеулердің алдына қойған мақсат-міндетімен және өзіндік бағыт-бағдарымен түсіндіруге болады.

„...алғашқы қауымдық құрылыс кезінде этникалық байланыс бір руға немесе тайпаға жататын адамдар арасындағы туыстық қатынастарға негізделіп келді. Келесі дәуірлерде ұлттың негізін адамдар мен топтардың әлеуметтік-мәдени өлшемдері құрады, қазіргі адам құқығына сәйкес, жеке тұлғалардың белгілі бір ұлтты таңдауы оның өз ісі болып табылады...” [97; 8-б.],- деп аталып көрсетілгендей, сөзді оны жасаушы ұжыммен, оған әсер етуші уәжді себептермен байланыстыратын адамдық қабілеттердің маңыздысы – таным, сондықтан тіл ғылымымен сабақтаса дамыған тілтанымдық деректердің когнитология іліміне ұласуы бұл бағыттың өрісін кеңейтуге, ғылыми ұстанымдарын тереңнен қамтуға мүмкіндік берері анық. Қазақ тіл білімінде когнитивтік зерттеулердің кеңінен сөз бола бастауын ХХ-ғасырдың аяқ шенінен бастап жарық көрген ғылыми еңбектер негізінде дәйектеуге болады. Қазіргі тілтанымдық зерттеулердің ерекшелігін екі арнаның ұтымды тоғысуы айғақтай алады, олар: қазақ тілінің төл танымдық қоры, тұжырымдамалық жүйесі және жалпы тіл білімінде қалыптасып дамып келе жатқан ғылыми ұстанымдар, нақты теориялар. Сөз табиғатын, оның қолдану аясын, көркем туындыда атқарар қызметін, ат қою процесіне негіз болар қабілетін адам танымымен сабақтастырған бұл жұмыстардың өзектілігін де, жаңалығын да, теориялық-практикалық маңызын да танымдық бірліктер дәлелдейді, сондықтан ұсынылып отырылған тұжырымдар да когнитивтік лингвистиканың өміршең арнасын толықтырып, дәстүрлі жолын жалғастырар қасиетке ие болады. Ж.Манкеева «Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері» атты мақаласында танымның «тілдегі номинация, таңба, уәж, грамматикалық құрылым т.б.мәселелермен» байланысар табиғатын зерделей отырып, «Адам дүниені жалпы адамзаттық және ұлттық қоғамдық-тарихи тәжірибе негізінде бейнеленген тіл арқылы таниды. Сонда ұлттық тәжірибе тілдің ерекшелігін анықтап, соның негізінде, сол тілде сөйлеушінің санасында, соған сай өзіндік дүниенің тілдік бейнесін жасайды» [63; 42-б.] деген тұжырымға келді, сол арқылы когнитивтік лингвистиканың тіл тарихымен, оның кешегі және бүгінгі күй-жайымен ажырамас тұтастығын дәйектеді. Аталмыш зерттеулердің тізбегі күннен күнге кемелденіп, өсіп отырғандықтан, тіл тағдырындағы танымдық фактордың маңызы да, оның тіл жүйесіндегі кеңістігі де бірге артып келеді деуімізге болады, оған, бір жағынан, оның өнегелі тарихи бастауы әсер етсе; екінші жағынан, тілтанымдық деректердің қоғам қажеттілігін өтер мүмкіндігі, халық болашағын қамтамасыз етер өзгешелігі әрі тіл ғылымының уақыт талабына сай дамуы ықпал етеді, сондықтан қазіргі қазақ лингвистикасындағы таным теориясының тұжырымдары мен даму өзгешелігін негізінен келесі мәселелер арқылы айқындауға болады:

  • Тілтаным теориясының концептологиялық негізі;

  • Семантика мен таным теорияларының байланысы;

  • Тіл мен таным одағының лингво-мәдени сипаты.

      1. Тілтаным теориясының концептологиялық негізі

«Сөз де сырсандық тәрізді. Сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендегі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады» [98; 12-б.] ,- деп сөз табиғатын тереңнен зерделеген Н.Уәли тілдің халық болмысын, тарихын, ойлау өзгешелігін танытар сипатын өз тұжырымдарына арқау етті, сол арқылы тілдік бірліктердің ішкі құпиясына үңілу, олардың қалыптасу тарихын анықтау әрі халық жадында сақталу заңдылықтарына зер салу, әдеби тіл нормаларын «тіл тәжірибесінде сыннан өткен қағидалар» [95; 10-б.] тұрғысынан қарастыру мәселелерін жан-жақты шешуді көздеді. Ғалым қазақ тіл білімінде жаңа бағыттың дамуына үлес қоса отырып, «экстралингвистикалық мотив» [95; 26-б.] ұғымының маңыздылығына айрықша мән берді, өйткені ол тілдің «ұрпақ пен ұрпақты, аға буын мен іні буынды жалғастырып жататын қызметін» өзектей келе, сөздік құрамдағы «ескі» мен «жаңаның» арақатынасын қоғамдық, психологиялық, ұлттық-мәдени себептермен талдап түсіндіруді мақсат етті. «Келелі ой, кең мазмұнды сөз орамдарының астарында халықтың өмірден түйген терең мағыналы пайымдауы жататындығын» [98; 41-б.] ескерген зерттеуші сөз мағынасын дәйектеуге мүмкіндік беретін уәжді шарттарды лингвистикалық ізденістердің нысанына айналдырды. «Халықтың сөз тарихын тану» [95; 57-б.] оның өсу, өркендеу жолын, өзіндік танымын, этникалық дәстүрін айғақтауға болатындықтан, авторлық талдаудардың дені лексикалық құралдардың қыр-сырына зейін қоюмен ұштасты, сондықтан «Сөз мәдениетінің» [1984] [95] басты өзегін тіл мәдениетін қалыптастырар ұстанымдар мен жекеленген мағыналық бірліктердің сол қағидаларды дәлелдер ішкі идеялық табиғаты айқындады. Бұл қатарда автор тұрақты тіркестердің, топонимдердің, кісі аттарының, образды сөздердің «түсінік-түйсігіне» назар аударды, оларға негіз болар «шындықтың өз өңі» мен «шын сырын» [95; 93] бағамдады. Айталық, «Қазақстан топонимдері зерттеушілер үшін аса құнды лингвистикалық, тарихи, этнографиялық деректер береді...Жер-су аттарында көптеген ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбақ жатыр» [95; 55-б.] деп тұжырымдаған ғалым тіл мен таным сабақтастығынан бастау алар ұстанымдарды бүгінгі күні аса қажет тілдік алғышарттарға жатқызды. Халық тілін оның болмысымен тығыз байланыста зерттеу арқылы Н.Уәли қазақ лингвистикасында тілтаным теориясының дамуына ықпал етті, сөйтіп, когнитивтік ұғымдардың тіл ғылымында кеңінен қолданыла бастауына әсерін тигізді.

«Халық тілінде байырғыдан келе жатқан тұрақты сөз орамдарының [мақал, мәтел, қанатты сөздер, фразеологиялық тіркестер т.б.] сан алуан сыры бар. Олай болатыны халық өзінің өткен дәуірлеріндегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген» [98; 12-б.],- дей отырып, тілші тек зат пен құбылыс атаулары ғана емес, адамның ой түйіндерін, бейнелі қабылдау нәтижелерін, салыстыру, ұқсату әрекеттерін білдіретін сөз өрнектерінің де қоршаған ортаны танып-білуге негізделе пайда болатынын атап өтеді. Осыған орай, автор метафора, теңеу, эпитеттерді де «өмір құбылыстарын бейнелі түрде танытудың аса тиімді тәсілдері» [95; 91-б.] ретінде сипаттайды. Адамның физио-психологиялық қабылдауын қоғамдық әрі ұлттық-мәдени танымымен тоғыстыру арқылы дүниеге келген бұл тілдік құралдарды зерттеуші «халықтың өмірден түйген мағыналы толғамымен» [95; 84-б.] өлшейді, себебі «...айтылатын ойға әр сөздің қосар мағыналық, эстетикалық, эмоциялық т.б. информациясы болады» [95; 45-б.] деген пікірге сүйене отырып, ғалым тілдік бірліктерді танымдық деректермен байланыстыру қажеттігіне зер салады. Осы үлгіде автор «қара қылды қақ жарған», «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда - қазан» және т.б. тұрақты тіркестерге талдау жасады, олардың «сырын» аңыз-әңгімелермен, қариялардың ой-тұжырымдарымен дәйектеді.

Тілтаным теориясының когнитивтік лингвистика қағидаларына ұласар ғылыми сипатын ғалым «концепт» ұғымының жан-жақты зерттеле бастауымен айғақтады. «Сөзді белгілі бір концептінің атауы ретінде ала отырып, сол сөздің тілдегі мағынасына, ақиқат дүниемен байланысына, ақиқат дүниенің санадағы бейнесіне (образына) және ол жөнінде санада жинақталған ақпараттардың қайта «өңделіп», қайыра атауға ие болуына талдау жасау арқылы аталмыш сөз-концептінің мазмұн құрылымындағы лингво-этно-мәдени ақпараттарды айқындау, сөйтіп, санадағы дүниенің тілдік бейнесін ашу жөнінде зерттеулер қолға алына бастады»,- деп атап көрсеткен тілші «қамшы» лексемасын лингво-мәдени ақпараттар көзі ретінде зерделеді. Ол үшін аталмыш сөздің лингвосемиотикалық және этно-мәдени семиотикалық жүйелерінің бірлігі сұрыпталып, әрқайсысының өзіндік зерттелу аясы сараланды. Айталық, бірінші жағдайда қамшы сөзі синхронды және диахронды сараптамадан өтсе; екінші кезекте оның халықтық дәстүрмен, әдет-ғұрыппен байланыста анықталар ерекшелігі нысанаға алынды. Құрылымдық және экстратанымдық фактілерді шебер үйлестірген зерттеуші қамшы сөзінің диахронды морфологиялық құрамына салыстырмалы талдау жасай отырып, оның алғашқы қолданылу мақсатын, атқарған қызметін топшылау негізінде терең танымдық «экскурстерге» (Қ.Жұбанов) барды. Сөз құрамындағы «қам» мен «-шы» сынды түбір мен қосымша бірлігін айқындау «қазіргі туыстас тілдердің кейбірінде (тува, тофалар, алтай, сары ұйғыр, хакас т.б.)» кездесетін қам=бақсы мағыналық сәйкестігін бөліп алуға көмектесті, соның арқасында «Әуелі қамшы сөзі қазақтарда да «бақсы, шаман» мағынасында жұмсала келіп, екінші бір заттың атауына көшкен болу керек..» деген дедуктивті жорамал жасау мүмкіндігі пайда болды. Нәтижесінде логикаға негізделген пәлсапалы тұжырымдар ғасырлар сүрлеуінен өткен әдеби туындылармен ұштасып, «қамшының санада сәулеленген қарапайым бейнесін» жасауға негіз болар алғышарт деп танылды. Автордың пайымдауынша, «Халық...өзі танып, білген заттар мен құбылыстарға жеке-жеке ат қойып, айдар тағып қана қоймайды. Олар тектестігі, туыстығы, түрлі-түрлі қасиеттерінің ұқсастығы мен ортақтығына қарай топтастырып, жинақтап, классификация жасайды. Ал классификация жасау – заттар мен құбылыстарды белгілі бір дәрежеде танып білу» [95; 53-б.] болғандықтан, ел арасындағы қамшы туралы жинақталған мәліметтер тілдік талдаулардың маңызды бөлігін құрап отыр. Оған дәлел ретінде автор ат қамшы, тай қамшы, арба қамшы, түйе қамшы...; қырғыз өрім, қырық сегіз таспа және т.б. осы секілді қамшы түрлеріне сипаттама берді. «Қамшы» концептісін «құқықтық қатынастар», «мифологиялық сана», «психологиялық ассоциация» ұғымдарымен байланыстыра зерттеген ғалым оның этно-мәдени семиотикалық жүйесіндегі бірлігін ежелгі қазақ салтымен, халық жадында сақталып келе жатқан ғұрыптармен, олардың меңзер түсініктерімен, идеялық болмысымен бейнеледі. Мысалы: «үкілі қамшының» астарында жатқан халықтық қабылдауды автор «заттық мәдениеттің таңбасымен, эстетикалық мәнділікпен, әлеуметтік мәртебемен және мифологиялық сеніммен» сабақтастырды. «Тілдік таңба мен мәдени таңба» одағын тілдегі материалдық және рухани мәдениеттер тоғысын айқындау құралы тұрғысынан қарастырған зерттеуші қазақ тіл біліміндегі когнитивті бағыттың концептологиялық негізін дамыта отырып, тілдік және танымдық деректердің бірін-бірі толықтырар табиғатын үйлестіре талдауда «Тіл - өмір шындығы..» [98; 40-б.] деген қағиданы берік ұстанды.

1998 жылы жарық көрген Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивті негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты еңбегі де «тілдік сана құрылымын», «гештальт теориясын» мәтін құрылымымен, модельдер жүйесімен әрі көркем шығарманың символдық қызметімен байланыстырар мәселелерді сұрыптады, сол арқылы «тілдік модель», «құндылықтар дүниесі» секілді тіркестердің қолданылу шеңбері анықталып, когнитивтік лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі даму сипаты айғақталды. Тілдік модельдердің «базалық деңгейін» эмоция атауларының иррационалды сипатымен, эмоция мен ақпарат арақатысымен дәлелдеп көрсеткен тілші «...таным сыртқы дүние заттарына бағытталған тәрізді көрінгенмен, оны жүзеге асырып отырған адам болмысы тұрғысынан бағдарласақ, айтылған процестің үнемі ішке қарай (адамның ішкі дүниесіне қарай) бағытталғанын көреміз» [96; 6-б.],- деп көрсетеді. Сана мен эмоцияның қарым-қатынасын сипаттар «ішкі терең қажеттілік» нормаларына ерекше зейін қойған автор құндылықтар мен символдар әлемін де сананың сол «ішкі қажеттілікті қанағаттандырар» өзгешелігі деп таныды, сондықтан гештальт мәселесін де ол барлық құбылыстардың негізі, ал оны айқындар мәтінді «тілдік сананы анықтайтын құрамды бөлік» яки «идеалды үлгідегі құрылым» ретінде қарастырды. Тілші «Мәтін бізге құрылымның болмысын анықтау үшін және мәтін шеңберінен шығып, құндылықтар дүниесін белгілеу үшін керек» [96; 20-21-б.] деген тұжырым жасады. Ішкі әрі сыртқы ұғымдардың қарама-қайшылығы мен өзара сабақтасқан бірлігі негізінде танымдық процестің «қозғаушы күшін» жүйелеуге тырысқан тілші «энтропия», «энтелехия» терминдерінің негізін «өзі туралы деректің жеткіліксіз болуы» мен «ішкі ниет» мәселелерінен өрбіте келе, «Мұң концептісін» саралап тұжырымдады. Осы мақсатта өлең жолдарына талдау жасап, адамның «ішкі жан күйін тану» [96; 67-б.] мүмкіндігіне назар аударды. Зерттеуші «Сөз біздің мәндер дүниесіне өтуімізге көмектеседі. Сөз сондай құдіретке жеткенде өзі де өздігінен энтелехияға (ішкі ниетке) айналады. Адамның сөз әлемі – оның бүкіл тағдыры» [96; 67-б.],- дей отырып, тілдік бірліктердің мүмкіндігін құрылымдық болмысынан әлде-қайда жоғары көтерді, оларды антропоцентристік танымның өзегі, қоршаған дүниені бейнелі қабылдаудың кілті ретінде сипаттады.

2006 жылы қорғалған Б.М.Тілеубердиевтің «Қазақ ономастикасының лингвоконцептологиялық негіздері» атты диссертациялық жұмысы «қазақ дүниетанымындағы «тіл-сана-ұлт» тұтастығындағы ономастикалық концептілердің...орнын анықтауға» [99 [1]; 4-б.] бағытталған. Осы мақсатта зерттеуде ономастикалық тілдік бірліктердің когнитивтік, лингвомәдени, семиотикалық аспектілері көрсетіліп, «адам», «кеңістік», «жануар», «өсімдік» сияқты концептілер өрісіндегі бірліктерге сипаттама берілді. Тілші қазақ топонимдердің жасалу жолдарын этномәдени негізде талдай отырып, топонимиялық аңыздарға, ауыз әдебиеті үлгілеріне, көркем мәтіндерге ерекше зейін қояды, сол арқылы «ішкі таным», «ономастикалық бейне», «антропонимиялық, мифонимиялық көріністер» сынды ұғымдық тіркестерді нақтылап көрсетті. Қазақ тіліндегі жалқы есімдерді когнитивтік ұстанымдарға сүйене талдаған бұл жұмыс, бір жағынан, «когнитивтік ономастика теориясын» дамытуға ат салысса; екінші жағынан, «дүниенің ономастикалық бейнесін» суреттеуге мүмкіндік берді, сондықтан автор «Ономастикалық концептілерде кешенді түрде адам және әлем туралы білім жинақталумен қатар мифтік, тарихи-әлеуметтік танымдарының ерекшеліктері сақталған» [99 [1]; 43-б.] деген қорытындыға келді. Ат қою, атау әрекетінің нәтижесінде қалыптасып, жадыда сақталатын ономастикалық бірліктер өз бастауын адамның ішкі әлемінен, жеке бақылау, тану, пайымдау амалдарынан алатындықтан, оның астарында ұлттық ойлаудың да, халықтық қабылдаудың да, қоғамдық тәжірибенің де, рухани дамудың да негізгі тұйіндері көрініс табады; сөйтіп, ономастика қағидаларының жаңа сипаттары анықталып, тың бағыттары өзектеледі. Аталмыш зерттеу де тілтанымдық зерделеудің үлгісін танытып, жалқы есімдер табиғатын өзге қырынан дәйектеп талдауды көздеген, өйткені, автордың пайымдауынша, «Онимдік бірліктердің күрделілігі мен көп қырлы болуына қарай, белгілі бір шамада қазақ онимдерін полипарадигмалық тұрғыдан зерттеу мақсатқа лайық болып табылады...» [99 [1]; 15-б.]. Бұл терминнің негізінде ғалым «жалқы есімдердегі тіл мен мәдениеттің, тіл мен сананың, тіл мен этнологияның, тіл мен семиотикалық жүйелердің диалектикалық қатынастарымен байланысты болған күрделі әрі алуан түрлі құбылыстарды айқындау мен суреттеу мүмкіндігін» қарастырды. «Жеке бір сөздің толық концептісі оның семантикалық және ассоциациялық өрісі арқылы айқындалады. Сөздің семантикалық және ассоциациялық өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында когнитивтік және прагматикалық мағыналардың элементтері бейнеленеді» [99 [2]; 11-б.],- деп тұжырымдаған зерттеуші монографиясының екніші тарауын «Қазақ ономастиаклық кеңістігінің концептілік құрылымына» арнады (үшінші тарауды қараңыз).

      1. Семантика мен таным теорияларының байланысы

Қазақ тіл біліміндегі таным теориясының қолдану сипаты мен даму ерекшелігін зерттеулеріне арқау еткен ғалымдардың бірі – М.Оразов. Сөз мағынасын «тіл білімінің еншісіне тиетін категория» [100; 29-б.],-деп сипаттаумен қатар, тілші бұл мәселенің «...философтардың да, психологтардың да, семиотиктердің де ойларына азық болып жүргенін» ескертті, сол арқылы семантика көкжиегінің универсалды табиғатын пәнаралық сабақтастық негізінде өзектеді. Сөз мағынасының «...өте күрделі, бірнеше қабаттардын құралатын» ерекшелігін талдай отырып, зерттеуші «тілдік ой», «ойлау», «ұғым», «объективті дүние», «ішкі форма» сынды терминдерді де назардан тыс қалдырмады, қайта олардың лингвистикалық міндеттерін жан-жақты зерделеп, жаңа тұжырымдардың жасалуына бағыттады. «Жалпы сөз семантикасы философияның кей категорияларымен байланысты екенідігін ғалымдар ерте кезден-ақ айтқан болатын. Мысалы, заттарға қалай ат берілген, сөз бен заттың арасындағы байланыс қандай заңдылықтарға негізделгенін (таным теориясымен байланысты)...» [100; 30-б.] сынды пікір-көзқарастардың астарында да сол табиғи бірлік, заңды байланыс көрініс тапқан. Еңбекте сөздің пайда болу тарихы, белгілі бір яки бірнеше мағынаға ие болу уәждері, тура немесе ауыспалы мағынада жұмсалу сипаты, обьективті шындықпен қарым-қатынасы, денотаттық, сигнификаттық және эмоциялық мағынада қолданылу өзгешелігі – барлығы дерлік лексикалық мағынаның шеңберінде сөз болды, өйткені, ғалымның айтуына қарағанда, «лексикалық мағына түйсік арқылы қабылданып, адам миының қызметі арқылы жалпыланған, қоғам мүшелері құптаған, белгілі бір дыбыс не дыбыстар комплексімен шартты, тарихи байланысқа ие болған тілдік түсінік» [100; 56-б.] ретінде анықталады. Осы ретте, автор объективті дүние заттары мен құбылыстарын да, олардың лексикалық және грамматикалық мағыналарда теңелмеу себебін де басшылыққа алды, соның негізінде таным теориясының, оның қабылдану әрекеттерінің тілдік бірліктермен, анығырақ айтқанда, лексикалық элементтермен, тоғысу жолдарын өзіндік үрдіспен түсіндірді. «Сөз мағынасының объективті дүниедегі заттармен, құбылыстармен белгілі байланысы барлығы анық...Сөз мағынасы да қатынас негізінде тумайды, ол объектив дүниедегі заттардың не түрлі құбылыстардың түрлі дәрежедегі жалпыланған адам санасындағы бейнесіне негізделеді» [100; 38-б.],-дей отырып, ғалым бұл байланыстың біркелкі бола бермейтіндігіне де мән берді, оны тілші заттар мен құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастармен айғақтады.

Қазақ тіліндегі сөз мағынасы мен объективті шындық мәселесі зерттеуде алдымен лексикалық және грамматикалық мағыналардың салыстырмалы сипаты арқылы жүйеленді. «Бір нәрсе анық – сөздердің лексикалық мағынасында адам санасындағы сол зат не құбылыс туралы негізгі түсінік еніп, сол затты басқа зат не құбылыстардан ажыратып, тани алатындай мүмкіндігі болады» [100; 29-б.],- деп есептеген М.Оразов сөз мағынасын ашуда объективті факторлардың әсерін, оны тануға бағытталған субъективті қабылдау амалдарын нысанаға ала отырып, екеуінің арасалмағы мен даму өзгешеліктерін анықтау үшін олардың қоршаған әлеммен түйісу табиғатына мән берді. Сөйтіп, ол алғашқысын «объективті дүниедегі заттардың, іс-процестердің не ұғымдардың атауы ретінде қоланылатын» мағына деп, соңғысын «ондай нақтылық» жоқ, «өздігінен өмір сүрмейтін, лексикалық мағынаға негізделіп, соған жалғасып қана өмір сүретін...абстрактты болатын» [100; 52-б.] мағына ретінде анықтады, сол себепті олардың «объективті дүниені сәулелендіру дәрежелерін» [100; 54-б.] де теңестіруге болмайды деп қорытындылады. Осы бағытта автор сөз мағынасын анықтаудың екі жолын атап көрсетті: 1) ономасиологиялық жол арқылы, яғни «сөздер мағынасының объективт дүниедегі заттармен, құбылыстармен ара қатынасын сол заттарға берілетін аттың берілу принциптерін анықтай» отырып; 2) семасиологиялық жолмен немесе «сол мағынаның қалыптасуын және сөз не сөз тіркестерінің ішкі әлемінде қалыптасатын (таным процесі негізінде) ұғымның қалыптасу механизмін анықтау» [100; 66-б.] негізінде. Демек, ғалым сөз мағынасын зерделеу кезінде қоршаған орта заңдылықтарын тек ескеріп қана қойған жоқ, олардың өзге факторлармен қатар айқындалатын деңгей-дәрежесін де жан-жақты саралады, анығырақ айтқанда, «...объектив дүниенің субъективті бейнесін басқа мағына компоненттеріне негіз» етіп қарастырды.

Мағына табиғатын тереңірек түсіну үшін тілші К.Огден мен И.Ричард ұсынған семантикалық үшбұрыш мәселесіне ерекше көңіл бөлді, сол арқылы денотаттық және сигнификаттық мағыналардың бір-бірімен байланысар не өзгешеленер белгілерін де таным теориясының ықпалымен дәйектеді. «Дыбысталу, ұғым және объективті дүниедегі зат» секілді ұғымдық бірліктердің қарым-қатынасын ғалым адам мен әлем, тіл мен таным тіркестерінің болмысын ашуға бағыттады, сол себепті ол үшбұрыштың бір қабырғасы дыбысталу мен ұғымды, мағынаны байланыстыруға негізделсе, келесі қабырғасы зат пен ой сабақтастығын бейнелейді деп тұжырымдады. Осыдан келіп, денотаттық мағына мен оны қабылдау амалдары адамның психофизиологиялық жаратылысымен сұрыпталып, тілтанымдық құралдардың мағыналық сипаты өзгеше лингвистикалық талдаулар орталығына айналды. «Денотат – сөздің мағынасы арқылы білдірілетін объектив дүниедегі заттар мен құбылыстар...Денотаттық мағына таным теориясымен тығыз байланысты. Екінші сөзбен айтқанымызда, адамның сезім мүшелеріне түйсік туғызатын заттың қасиеттері ғана денотаттық мағына жасай алады» [100; 75-б., 77-б.] ,-дей келе, М.Оразов, біріншіден, объективті дүние мен оның құрамды бөліктерін «адамның жүйке тамырларына әсер етіп, түйсік туғыза алатын» және «бір сезім мүшесі арқылы қабылдана бермейтін» құбылыстар мен заттар тұрғысынан жіктесе; екіншіден, психологтардың көзқарасына сүйене отырып, адамға тән сезім мүшелерін де ішінен үш топқа бөліп көрсетті. Олар: «1) объектив дүниедегі заттар менн құбылыстарды тікелей қабылдайтын бес түрлі сезімді: көру, есту, иіскеу, дәм және теріге байланысты сезімдерді қосады. 2) ішкі организмдермен (асқазан, өңеш, ішек) сезіну. 3) ауруды білдіру мен болжалды сезімді (дәлдікті) қосу» [100; 78-79-бб.]. Нәтижесінде шынайы зат [не құбылыс] пен оның санада бейнеленер сипаты арасында айқындалар белгілердің танымдық өзгешелігі объективті және субъективті факторлар тұрғысынан сараланып, сигнификаттық мағынаның анықтамасын жасау мүмкіндігі пайда болды. Демек, өзара тығыз байланыс құрайтын бұл екі мағына адамның «сезім мүшелері арқылы қабылданған түрлі информациялардың мида анализ, синтез жасау» әрекеттерімен жүйеленетін «сол заттың түп нұсқасына жуық бейнеден» бастау алатындықтан, олар объектив дүние мен адам санасы арасындағы бейнелік қатынасты «тарихи-әлеуметтік тәжірибе, білім, көзқарас, гнесиологиялық бейне (немесе танымдық бейне)» [100; 88-б.] тұрғысынан анықтауға мүмкіндік берді, өйткені, зерттеушінің айтуына қарағанда, «Адамдар өздерін қоршаған табиғат көріністері не заттармен түрлі қарым-қатынасқа түседі де өздеріне түйсік туғызған заттарды, олардың түр-түсін, исін, көлемін т.б. қасиеттерімен бірге заттар арасындағы түрлі қатынастарды өз миында сәулелендіреді, объектив дүниедегі заттарға ұқсас субъектив бейне жасайды» [100; 87-б.]. Осыған орай, ғалым аралық байланысты «жақындық бар, бірақ бар қасиетін қамтымайтын», «алшақтық бар, бірақ айырмашылық та, фотокөшірме де» болмайтын өзгешеліктер арқылы түсіндіре отырып, сигнификаттық мағынаны «нақтылы заттың белгісі мен түрлі қасиеттерінен қол үзген идеалды денотатқа сүйенген» әрі «түйсік арқылы қабылданып, жалпыланған субъективті бейне» [100; 88-б.] ретінде айқындалған белгілер тізбегі деп қарастырды, ал ұғымды «...заттардың адамның сезім мүшелеріне түйсік туғызбайтын ішкі қасиеттерін де қамтитын» және «мидың қызметі негізінде...алынған информацияларға анализ, синтез жасалынып, жеке адамның өмір тәжірибесіне, біліміне, рухани қалпына т.б. қарай мағыналық мән қосып күрделенетін» өзегешеліктер жиынтығымен зерделеді.

Тілдік құралдар арқылы қалыптасатын танымдық бейнелерді «субъектінің білімінің өсуімен, тарихи практикасының жетілуімен» [100; 88-б.] сабақтастырған ғалым аса маңызды факторлар қатарында сөздің номинативті қызметіні де зейін қойды, оны әрі «ең қарапайым тілдік акт» [100; 90-б.],- деп, әрі арнайы танымдық заңдылықтарға негізделген әрекет ретінде сипаттап көрсетті. «Затқа, құбылыстарға «ат беру» үшін оны танып-білу керек, негізгі белгілерін анықтау (сол зат туралы түсінікке ие болу) керек; олардың белгілерінің кейбіреулері сол заттың атауы болған сөздің мағынасының құрамына енуі керек» [100; 91-б.] ,- деп есептеген автор «заттарға ат беру мен оның ... мағына құрамына енуі екі түрлі жағдайды талап ететіндігін» ескертті. Сөйтіп, Г.В.Колшанскийдің пікірін қолдай отырып, тілші «ат беру» процесін «коммуникация мен дүние тану» әрекеттерінің бірлігі тұрғысынан, яғни «информациялардың тілдік формалар арқылы берілу тиімділігі, сонымен бірге қоршаған дүниенің дұрыс бейнеленуі» негізінде айқындады. Олай болса, танымдық үдеріспен қатар жүретін адамның сөйлеу, ат қою, қабылдау актілері сөз мағынасын, бір жағынан, объективті-субъективті факторлар тоғысы арқылы пайымдауға мүмкіндік берсе; екінші жағынан, интра- және экстралингвитискалық уәждер тұрғысынан талдауға да әсерін тигізді, оларды тілші «лингвистикалық және бейнелік элементтер» [100; 132-б.] қарым-қатынасы тұрғысынан түсіндірді, ол үшін Н.А.Слюсарева, Л.М.Васильев еңбектеріне шолу жасап, «мағына құрамында грамматикалық мағынамен бірге сыртқы дүниемен байланысып жататын мағыналық бірліктердің барлығы туралы» [98; 126-б.] пікірлердің ерте кезден-ақ үстем болғанына тоқталды.

«Сөздер тіркеске түсіп те, системада белгілі бір орын иелеп те өздерінше бейнелік мағынаға сүйенбей мағына да, мән де жасай алмайды. Керісінше, бейнелік мағынаға сүйене отырып, өзара байланысады, сұрыпталып системада өз орнын белгілейді, лингвистикалық мағыналық элементтерге ие болады» [100; 133-б.] деген тұжырым негізінде ғалым екі мағынаның арасында жүзеге асатын тығыз байланыс қажеттігін ескертті. Сөйтіп, келесі кезекте лингвистикалық мағынаға парадигмалық және синтагмалық қатынастар деңгейінде анықтама берді. Сөздердің жинақталу үлгісін «объективті дүниедегі заттардың өзара байланысып, сұрыпталуымен» салыстырған М.Оразов «парадигмалық мағына» тіркесін адам санасының қызметімен, тілдік бірліктерді қабылдау және топтау өзгешелігімен сабақтастырды, сол арқылы «тілдік ойлау» [100; 136-б.] ұғымын негіздеді. «...парадигмалық байланыстың сөздерді ойда топтастыру, жинақтау, мағыналарын саралау арқылы жасалатынын» [100; 137-б.] атап өткен тілші «ассоциациялық қатынас», «тематикалық топ», «лексика-семантикалық топ» сынды терминдердің табиғатына зер салды, өйткені синтагмалық қатынасқа қарағанда, парадигмалық байланыс негізін құраған элементтер «ассоциациялық байланысқа түсе отырып», ой қабаттарынан орын алады деп түйіндеген зерттеуші сөз мағынасын қалыптастыратын факторлар тізбегін объективті болмыс заңдылықтарымен байланыстыру қажеттігін қолдады, соның теориялық негіздерін ұсынды.

«Ат қоюдың когнитивтік теориясы басқа деривациялық, семантикалық және синтаксисиік құбылыстарға түсініктеме іздеген бағыттарға қарағанда өзгешеленіп тұрады,...оның астарында адамның қоршаған әлемді тануға негізделген әрекеті көрініс табады» [101; 98-б.] деп көрсетілгендей, келесі Н.Н.Аитованың «Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының когнитивтік семантикасы» атты диссертациясы да тілтанымдық құралдардың мағыналық сипатын талдауға бағытталған. Ол үшін тілші «...түр-түсте жалпыланған білімнің когнитивтік сипатын түсіндіруді, сол арқылы олардың онтологиялық негізін анықтауды» және «олардың қалыптасу негізінде жатқан сана архетиптерін айқындауды, түр-түстің концептуалды мазмұнын» [102; 3-б.] сұрыптауды мақсат етті, сондықтан еңбекте нысанаға алынған бірліктердің тарихи негіздеріне мән беру, олардың «когнитивтік семантикалық құрылымын «ғалам бейнесі» контексінде зерттеу, «түс атауларының қызметін психолингвистикалық негізде түсіндіру» көзделді. Осыған орай, автор «пропозициялық, прототиптік, радиалды, жағдаяттық құрылымдар», «концептік өріс», «ассоциативті тезаурус» мәселелеріне ерекше зейін қойды. «Әр тілде өз болмысына тән әлемді құру қалыптасқан. Түр-түстің әр түрлі халықтар тілінде таңбалануының бірдейлігі, жақындығы мен ұқсастығы олардың логикалық құрылымдарындағы мазмұн ұқсастығынан хабар береді. Түр-түс ұғымының әр халықтағы айырмашылықтарын негіздеу – субъектінің/этностың ментальды қасиеттерін, ұлттық сипатын (ұлтқа қатысты) саралауға, индивидуальды болмысын танытуға септігін тигізсе, ұқсатықтары мен теңдігін табу жалпы тілдерге ортақ тілдік универсалийлерді, түстік архетиптерді табуға көмектеседі. Оны концептуалды талдап, жүйелеу ғаламның тілдік бейнесінің санадағы құрылған моделін тануға мүмкіндік береді» [102; 8-б.] деген пікірді ұстанған зерттеуші түр-түстердің халықтық сипатын, символикалық табиғатын, метафоралық мүмкіндігін, ассоциативтік өрісін арнайы танымдық модельдер арқылы зерделеді, ал когнитивтік семантиканы «...тіл (түсінік, сөз) арқылы құрылатын/берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін ғылым» [102; 27-б.],- деп қарастырды.

      1. Тіл мен таным одағының лингво-мәдени сипаты

Тіл дегеніміздің өзі күрделі танымдық үдерістің маңызды бөлшегі болып табылатындықтан, зерттеушілер әр түрлі тілдік бірліктерді когнитивтік семантика, концептілік талдау, ұлттық таным сияқты ұғымдармен сабақтастыра зерделеп келеді. Айталық, тілтаным мәселелеріне арналған зерттеулердің бірі – 2004 жылы қорғалған Г.Қосымованың «Қазақ шешендік өнерінің негіздері және тілдік танымы» атты диссертациясы. Жұмыстың негізгі мақсатын шешендік өнерге анықтама бере отырып, оның құрамдас бөліктері мен арналарын анықтау, шешендік сөздердегі тілдік бейне ұғымына сипаттама беру мәселелері құрады [50; 5-б.]. Ол үшін автор зерттеудің дереккөздері ретінде ежелгі сақ, ғұн тайпаларының көсемдері қалдырған «ерлік рухтағы сөздермен» қатар, ежелгі шежірешілердің, әйгілі философтардың пікірталастарынан бастап, ҮІІІ-ХҮ ғғ аралығындағы жазба әдебиет үлгілерін қамтыған талдаулар тізбегін ұсынды.

Осы қатарда А.Исламның «Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті» деген «салыстырмалы-салғастырмалы лингвомәдени сараптамасы» да «танымдық лингвистика негізінде лингвомәдени мәселелерді шешудің теориялық ұстанымдарын айқындады» [103; 5-б.], сол себепті «тілдік тұлға», «концепт», «символ», «дүниенің тілдік суреті» секілді терминдерді де тілші ұлттық дүниетанымның негізгі белгілерін айқындауға, тіл мен мәдениет қарым-қатысын саралауға, ұлттық пәлсапа мен фондық білім жүйелерінің маңызын дәйектеуге арнады. «Дүниенің тілдік суреті феномені тіл мен ойлаудың өзара қатынасын танымдық ғылым шеңберінде қарастыру қажеттігін туындатады... Адам қоршаған ортаны ойлау арқылы танып біледі және ол адам санасында көрініс табады. Адамның шындық болмысты танып білуі ой арқылы жүзеге асса, тіл ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным үлгісі...» [103; 13-14-бб.] ,- дей отырып, зерттеуші тіл мен ойлау мәселелерінің сабақтастығы аясында дамып, қанат жайған когнитивті лингвистика ұстанымдарының бүгінгі күнде тілдік әрі мәдени қағидаттарды да зерделеуге қатысатындығына ден қойды. Танымдық жүйенің өзіндік ерекшеліктері мен ұғымдық бірліктерін алға тарта келе, автор «...тілдік тұлғаның табиғатын тұлғаның ұлттық мәдени сипатымен тікелей байланыстыра» [103; 11-б.] түсіндірді, сондықтан жұмыста «ұлттық тілдік тұлға» деген тіркестің астарына «ұлттық мәдени құндылықтарды, ұлттық болмысты, ұлттық психологияны меңгерген және оны келер ұрпаққа бере алатын тұлға» сынды мағыналық анықтама жинақталып ұсынылды. Әлем бейнесі мен «дүниенің тілдік суретін» тығыз байланыста дәйектеп зерттеген А.Ислам «ұлттық мәдени тәжірибе» мен соның негізінде «жиналған білім жүйесінің» [103; 13-б.] тілде көрініс табуын аса қажет алғышарт деп қарастырды, өйткені, тілшінің айтуына қарағанда, олар «тілдің концептуалды сараптамасын, символдары мен этномәдени белгілерін» айқындауға мүмкіндік береді. «Концепт ұғымдық ақпараттан басқа психологиялық, этимологиялық, прагматикалық, мәдени ақпараттарды да қамти» [103; 15-б.] отырып, тіл білімінің өзге де өзекті салаларымен ұштасатындықтан, оның ғылыми негізде дамыған салааралық сипаты жаңа қағидаттардың дүниеге келуіне ықпал етті. Оған дәлел ретінде зерттеуде «барлық адамзат дүниетанымының қазығы боларлық «тағдыр» және «бақ» концептілері сөз болып, айрықша талдау амалдары ретінде «оларды танып түсінудегі қазақтың ұлттық дүниетаным ерекшеліктері мен әмбебап тұстары анықталды» [103; 16-б.], ол үшін «уақыт», «өмір» секілді концептілерге де мән берілді. Аталмыш ұғымдар салыстырмалы-салғастырмалы аспектіде пайымдалып, олардың «түп негізінде» қала беретін «философиялық танымдық концепт» [103; 17-б.] аса құнды «танымдық тамыр» немесе барша болмысының бастауы деп ұғынылды. «Қытай философиясында тағдыр концептісі [«тянь минь»] жоғарыдан берілген жазмыш ретінде қабылданып әрі одан адам міндетті түрде өту қажет деп түсініледі...Славян халықтары дүниетанымында «судьба» - құдіретті өмірді басқарып, бағыттап отырар күш» секілді тұжырымдар «тағдыр» сөзінің мағынасын дифференциалды және интегралды негізде таразылауға мүмкіндік берсе; «бақ концептісінің семантикалық аясы» [103; 19-б.] да өзіне тән танымдық қабылдауымен, өзге сөздермен байланысар қабілетімен жүйеленген. Одан басқа зерттеуде, аударма мәселелерімен қатар, символ, этномәдени белгілер, қарама-қайшылық табиғаты туралы деректер топталған, олар қазақ тілтанымының қазіргі ұғымдық шеңберін кеңейте зерделеуге мүмкіндік беріп келеді.

Тілдік құралдардың мәдени танымдық сипатын зерттеуіне нысана еткен ғалымдардың бірі – Р.Н.Шойбеков. Тілшінің «Қазақ тілінің қолөнер лексикасы» деп аталатын жұмысы «...қазақ халқының рухани мәдениетімен сабақтас қалыптасқан материалдық мәдениеті мен материалдық өндірістің даму деңгейін бейнелейтін...тіліміздегі қолөнерге қатысты ұшан-теңіз қазынасының тілдік табиғатын» [104; 4-б.] этномәдени мазмұнда талдауға, олардың мағыналық астарын зерделеуге, уәждерін сипаттауға бағытталды. Осы мақсатта автор қолөнер лексикасын әр түрлі ғылым салаларымен байланыстыра талдады, сол арқылы оларды «этнос мәдениетінің ментальдығын көрсететін тілдік бейне» ретінде айқындады. Тарихи-археологиялық мәліметтерге сүйенген зерттеуші тіл біліміндегі «уәжділік мәселесін»рухани және материалдық мәдениеттердің тоғысуымен дәйектеді, ол үшін қазақ халқының темірден, ағаштан, теріден, сүйектен, мүйізден, тас пен құмнан және т.б. жасалған қолөнер түрлерінің атауларын материалына, түр-түсіне, пішіне, жасалу технологиясына және т.б. белгілеріне қарай сұрыптап талдады. Аналитикалық, синтетикалық, лексика-семантикалық тәсілдерді басшылыққа алған автор бұл бірліктердің кәсіби және аймақтық сипатын да назардан тыс қалдырмады. Нәтижесінде ғалым «Салт-дәстүрге, наным-сенімге байланысты қалыптасқан атауларда қазақ халқының өткен замандағы тұрмысына, дүниетанымына қатысты этномәдени ақпарат сақталған» [104; 48-б.] деген қорытындыға келді.

Қазақ тіл білімінің танымдық тұжырымдамасын дамытуға ат салысып келе жатқан зерттеулер қатарында А.Қ.Сейілханның, С.И.Жапақовтың, М.Т.Күштаеваның, А.Б.Әмірбекованың Ә.Ж.Айтпаеваның және өзге де тілшілердің ғылыми еңбектерін атаған орынды. Тілдік құралдардың, лексикалық бірліктердің, көркем шығарма мәтіндерінің когнитивтік негіздерін, концептуалды жүйесін талдауға бағытталған бұл ізденістер әрі бағыт-бағдарымен, әрі жүйелі әдіснамалық негізімен, әрі маңызды дерекнамалық қорымен көзге түседі. Мәселен, А.Қ.Сейілханның «Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лингвомәдениеттанымдық мәні» деген зерттеуінде «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Бан сұлу» жырларына талдау жасалынды. «...тіл тарихы мен тіл табиғатын мәдениетпен тығыз байланыстылығын, сабақтастығын дәлелдеуді» [105; 5-б.] мақсат еткен ізденуші лингвомәдениеттанудың тарихи-танымдық негіздерін, эпостық жырлардың кумклятивті қызметін, «этномәдени атаулардың линвомәдени уәждерін», деректерін анықтауға тырысқан.Ол үшін автор «рухани мәдениет», «халықтық эстетика», «сұлулық символизмі» деген ұғымдарға сүйене отырып, талдау жасады.

С.И.Жапақовтың «Эпикалық фразеологизмдердің когнитивтік негідері» атты диссертациялық жұмысы «жалпы халықтық фразеологизмдердің тілдік, құрылымдық ерекшеліктерін, ...концептілік типтерін, ...ақиқат, бейақиқат дүние фрагменттерінің, эстетикалық танымның тілдік бейнесін жасаудағы орнын көрсетуді», сөйтіп, олардың «когнитивтік құрылымындағы аялық білімнің орнын» [106; 4-б.] анықтауды мақсат еткендіктен, зерттеудің басты ұғымдық бірліктерін «мифологиялық сана», «тотем», «тілдік бейне», «дүниенің ойсурет концептісі», «сана нәтижесі» сынды сөздер мен тіркестер құрады. Осы орайда, еңбекте лингвистикада кең қолданыс тауып жүрген сипаттама, салыстырмалы, талдау әдістерімен қатар, дедуктивті әдіс те ескерілген. Оның себебін танымдық ізденістердің күрделі табиғаты, антропоцентристік сипаты мен логика-пәлсапалық негізі айқындар, өйткені бүгінде «когниция» ұғымын дәйектер факторлардың қатарында адамның тану әрекетімен бірге, абстрактілі ойлау, қабылдау қабілеттері де аталуда. Сонымен қатар, жұмыста диахронды тұрғыдан тілдік дереккөздерін саралау арқылы тарихи таным ұстанымдары да өзектеліп, күрделі пайымдаулар ұсынылды. Оған дәлел ретінде автордың «Қазақ тілінің фразеологиялық жүйесіне енетін тұрақты бірліктер тек санының молдығымен ғана емес, алуан түрлі сипатымен де ерекшеленіп тұрады. Олай болатыны фразеологиялық бірліктердің бір алуаны фольклорлық мұралармен, екінші бір тобы діни ұғымдармен, ал үшінші бір түрі байырғы ауызша әдеби тіл үлгілерімен, төртіншісі жазба тіл үлгілерімен ұштасып жатады» [106; 8-б.] деген пікірін келтіруге болады. Демек, әр түрлі шығармалармен, стильдермен ұштаса айқындалар тұрақты тіркестердің мағыналық болмысы да, қолданылу шеңбері де, танымдық көкжиегі де біркелкі болмас деген тұжырымды ұстана отырып, зерттеуші, әсіресе, «сөйлеу тілі аясында» қалыптасқан тіркестерге тоқталды, олардың денотаттық, конотаттық аспектілерімен қатар, «ішкі формасындағы кодқа салынған дүние, әлем жайында образды түрдегі әр түрлі ақпараттарын» нысанаға ала отырып, алдына қойған міндеттерді шешуге тырысты. Нәтижесінде тілші «Тілді біліп қоймай, оны «түсіну» үшін этностың мәдениетін, тарихын, этносқа тән ұлттық құндылықтарды да білу керек. Бұл да – білімнің бір типі. Білімнің осы типін біз аялық білім деп тани отырып, белгілі бір фразеологиялық бірліктердің денотаттық мағынасын талдаудың барысында лингвомәдени ақпараттарды айқындадық. Оларды реалды дүниелермен және ирреалды дүниелермен байланыста қарастырдық» [106; 26-27-бб.] деген қорытындыға келді.

М.Т.Күштаеваның «Тары» концептісінің семантикалық құрылымы мен лингвомәдени мазмұны» деген тақырыпта жазылған жұмысы да танымдық зерделеудің тағы бір өзгеше қырын дәйектеп көрсетуге арналған немесе, автордың сөзімен айтқанда, зерттеу мақсатын «егіншілік мәдениетінің ежелден келе жатқан дәстүрлі шаруашылық екенін салыстырмалы тілдік деректер, лингвомәдени бірліктер арқылы айқындау» [107; 5-б.] құрды. Бұл ретте ізденуші алуан түрлі тарихи және археологиялық деректерге жүгіне отырып, тары шаруашылығына қатысты атауларды мағыналары жағынан жүйелеп топтау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қазақ халқының кәсіптік болмысын сипаттар аталмыш еңбек әлеуметтік мәселелермен де сабақтасып, «көркем шығармада, ауыз әдебиеті үлгілерінде» орын алар «астырт» және «үстірт» құрылымдар да өзіндік үрдіспен айғақталды. Келесі міндеттер тізбегін тары сөзіне қатысты тұрақты тіркестер, коннотациялық мағыналар, микро және макроконцептілер, олардың өрісі айқындады, сол себепті тілші семантикалық өріс проблемасына орай, затдерек (денотат), ойдерек (сигнификат), реңдерек (коннотат) секілді ұғымдарды пайдалана келе, «Тілді ұлттық-психологиялық таныммен сабақтастыра қарастыру барысында сөз мағынаоарының мифологиялық төркіні айқындалады. Қазақ қауымы алдыңғысынан жақсылық пен үміт күткен, бүгінінен ертеңгі жақсылыққа тілекші болып, сол үшін де ырым, салт, әдет түрлеріне барынша жауапкершілікпен қараған» [107; 24-б.] деп тұжырымдады, яғни «...ақиқат өмірдегі зат, құбылыс туралы кез келген этностың өзіне тән танымдық жиынтығы болу керек» [107; 25-б.] екенін ескертті.

Келесі когнитивтік бағытта дайындалған жұмыстардың бірі – А.Б.Әмірбекованың «Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М.Мақатаев поэзиясы бойынша)» атты диссертациясы. Зерттеуші қазақ тілінің танымдық үрдісін айқындау мақсатында концептілік құрылымдарға талдау жасаған, ол үшін негізгі тілдік материал ретінде поэтикалық мәтіндер алынған, өйткені тілші олардың «индивидуалды-авторлық, психо-мениальді, мәдени, бейнелі құндылықтарын» жоғары бағалай келе, «метафизикалық концептілердің» мән-мағынасын жан-жақты зерделеуге тырысты. Сөйтіп, ең алдымен, когнитивті ұғымдардың ара-жігін ашу негізінде «концепт» пен «ұғым» терминдерінің ішкі формалық бірлігіне қарамай анықталатын ерекшеліктеріне назар аударды. Соның арқасында ұғымды «танылатын объектінің мәнді, мазмұнды қасиеттерінің жиынтығы» деп сипаттаса; концепт сөзінің астарында «ұлттық болмысқа негізделген ментальді білім жиынтығы» жатыр деп тұжырымдады, сондықтан ізденуші «концепт ретінде барлық ұғымды ала алмаймыз, тек белгілі бір мәдениетті тануда қолданылатын және автор үшін маңызы зор деп танылатын күрделі ұғымдарды...тани аламыз» [108; 8-б.] деген қортындыға келді. Көздеген мақсатқа жету үшін автор «көркемдік сана», «когнитивтік модель», «ментальді модель», «ассоциация», «бейне», «фрейм», «ойсурет», «схема», «сценарий», «скрипт» сынды ұғымдарды қолдана отырып, поэтикалық мәтіннің танымдық мүмкіндігін көркем де бейнелі түсініктемелер арқылы саралады. Оған дәлел ретінде «когнитивтік стиль» тіркесінің мағыналық өрісіне зер салған орынды. «Когнитивтік стиль – тұлғаның ұғымды танытудағы когнитивтік ортасын, санадағы аффективті, эмоционалды адаптацияланған ментальді әрекеттерін танытады» [108; 26-б.],- дей келе, А.Б.Әмірбекова ақиық ақын М.Мақатаевтың танымдық болмысын «өмір» концепциясының талдану өзгешелігімен айқындады. Нәтижесінде тілші «поэтикалық мәтіндегі концептілік құрылымдардың көрінісі арқылы ақынның концепт таныту әдіс-тәсілдерін, когнитивтік модель құру жолдарын, дүние бейнесін тудыру шеберлігін, тұлғалық стилін, аялық білімін танытуға болатынына» [108; 30-б.] көз жеткізді.

Ә.Ж.Айтпаеваның «Бесік жырларының этнолингвистикалық сипаттамасы [қазақ, орыс, неміс тілдерінің материалдары бойынша]» [109] атты диссертациялық жұмысы да салғастырмалы талдау негізінде «әлемнің ұлттық бейнесін» саралау, «этномәдени реңкті тіл бірліктерін» айқындау, «ұлтаралық дүниетаным мен болмыс көрінісін сипаттайтын тілдің көркемдік жүйесінің энопсихолингвистикалық ерекшеліктерін көрсету» міндеттерін шешуге бағытталған. 1000-ға жуық қазақ, 600-ден аса орыс және 300-ге жуық неміс тілінде жинақталған бесік жырларының мәтіндері арқылы ізденуші «этнотілдік сана», «этномәдени бейне», «рухани тәрбие» ұғымдарын өзектеді, сол арқылы «Бесік жырлары – ұлттық сезім, әдеп, парасаттылық және күнделікті өмір талғамы мен сезім жиынтығы. Олар - халықтың ғасырлар бойы жинақтаған бай тәжірибесін сақтаған, ұлттық рухани байлықтың қайнар көзі» [109; 18-б.] деген тұжырымын дәлелдеді. «Баланың ой-сезімін», оның қалыптасу алғышарттарын адамзаттың ойлау қабілетімен, ұлттардың «мифопоэтикалық» пәлсапасымен сабақтастыра талдаған аталмыш зерттеу, бір жағынан, лингвомәдени құндылықтар мәселесін саралауға мүмкіндік берсе; екінші жағынан, когнитивтік ұстанымдардың салғастырмалы-типологиялық негіздерін дәйектеуге де септігін тигізді.

Қорыта келгенде, қазақ тіл біліміндегі когнитивтік ұстанымдардың өзектелу тарихын, даму сипатын (2-суретті қараңыз) ерте кезден-ақ өрбітуге болады, себебі ғалым І.Кеңесбаев атап көрсеткендей, «...тіл білімінің үлкен жетістіктерге жете дамуы тілдік шығармашылық үдерісінің тәжірибе жүзінде қоғамдық-рухани қажеттілікке айналуымен түсіндіріледі» [14; 17-б.].

Әрине, қазіргі қазақ тіл білімінде кең өріс алып келе жатқан танымдық яки когнитивтік ізденістер қатарын бұл проблемалармен шектеу мүмкін емес, өйткені даму процесінің нәтижесін құрайтын тілдік зерттеулердің нысаны мен әдіс-тәсілдері де, ұстанымдары мен ұғымдық бірліктері де үнемі толығу үстінде болатыны анық. Бүгінде танымдық қағидалар тарихи мәселелерді шешуде де, салыстырмалы, салғастырмалы талдауларда да, тілдік универсалий негіздерін сұрыптау кезінде де әрі тілдегі уәж себептерін айқындау барысында да және т.б. маңызды бағыттарда да басшылыққа алынып, жаңа когнитивтік теориялардың қалыптасуына, болашақта қазақ тіл біліміндегі ғылыми мектептер мен бағыттардың жүйеленуіне ықпал етері сөзсіз.Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық үдерісті айғақтайтын сызықтың бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түсуі лингвистиканың дамуын қамтамасыз ететін объективті және субъективті факторлармен, уақыт талабына сай өзектелетін алуан түрлі ғылыми ұстанымдармен, тілдік дәстүрдің мақсат-міндетімен, жаңа бағыттың пайда болу себептерімен дәлелденеді.