Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
AKK_Subekt_UMKD_SDU_2014_kaz_Amankozhaev.doc
Скачиваний:
113
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.44 Mб
Скачать

9.1. Акционерлік қоғам.

9.2.Өндірістік кооператив.

9.3. Мемлекеттік кәсіпорын.

9.1. Акционерлік қоғам. Акционерлік қоғам — коммерциялық ұйымдардың уақыт және нарықтық қатынастар сынынан өткен барынша дамыған нысаны. Алайда, заңдарда қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында табыстары тек қоғамның дамуы үшін пайдаланылатын коммерциялық емес ұйымдардың да құрылуы көзделуі мүмкін (АК-ның 85-бабының 5-тармағы). Мысалы, дүниежүзілік тәжірибеде кейде коммерциялық емес акционерлік қоғам түріндегі биржалар, білім жөне мәдениет, денсаулық сақтау ұйымдары жөніндегі кеңестер құру дәстүрлері бар.

Акционерлік қоғамдар туралы заңдарда 1998 ж. бастап қоғамның жаңа нысаны — халықтық акционерлік қоғам көзделген. Өзінің капиталының мөлшері айлық есептік көрсеткіштің кемінде 1000000 еселенген мөлшеріндей болатын және акционерлерінің саны бес жүз және одан да көп қоғам халықтық акционерлік қоғам деп танылады. Қоғамды халықтық акционерлік қоғам деп тануды қоғамның өтініші негізінде не қоғамның өз капиталының мөлшері және акционерлерінің саны туралы уөкілетті органда бар ақпарат негізінде уәкілетті орган жүргізеді. Уәкілетгі орган Ұлттық Банк болып табылады. Ұлттық Банк, сондай-ақ халықтық акционерлік қоғам мәртебесінен айрылу тәртібін де белгілейді. Қоғам:

  • ол таратылған немесе қайта ұйымдастырылған (қоғамға басқа қоғам қосылған және одан бір немесе бірнеше жаңа қоғамдар бөліп шығарылған жағдайларды қоспағанда);

  • өз капиталының мөлшері он екі айдан астам мерзімде айлық есептік көрсеткіштің 1000000 еселенген мөлшерінен төмен сомаға дейін азайған;

  • акционерлердің саны алты ай ішінде бес жүзден төмен азайып кеткен жағдайларда халықтық акционерлік қоғам мәртебесінен айырылады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 4-бабының 1, 2- тармақтары).

Акционерлік зандар көлемінде Ұлттық компаниялар қызмет етеді-Ұлттық компаниялар акцияларының барлық пакеті мемлекеттің қолында болады. Ұлттық компаниялардың құқықтық режимінің бірқатар ерекшеліктері бар.

Құрылтай шарты мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады (АК-ның 87-бабының 1-тармағының 1-бөлігі). Құрылтай құжаттары нотариатта куәландырылуы тиіс. Құрылтай шартында баяндалған мәліметтер, шарттың өзінде өзгеше көзделмесе, коммерциялық құпия болып табылады. Құрылтай шарты мемлекеттік органдарға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға заң актілерінде көрсетілген жағдайларда немесе қоғамның шешімімен ғана көрсетілуі тиіс. Жарияланған акцияларды шығару мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап құрылтай шартының қолданылуы тоқтатылады.

Қоғамның жарғысы оның заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін анықтайтын құжат болып табылады. Қоғамның жарғысына құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) не олардың өкілдері (өкілі) қол қоюға тиіс және нотариатта куәландыруға жатады. Қоғамның жарғысымен барлық мүдделі адамдар танысуға құқылы. Акционердің талап етуі бойынша қоғам оған үш жұмыс күні ішінде жарғының көшірмесін беруге міндетті.

Акционерлік қоғамның өз капиталы дегеніміз — бұл қоғамның активтері мен пассивтері арасындағы айырмашылық ретінде есептеп шығарылатын мүлік. Акционерлік қоғамдарда өз капиталының дивидендтер төлеу мүмкіндіктерін анықтауда және өзге де кейбір жағдайларда маңызы бар.

Акция үшін төлеу түрлі нысанда жүргізілуі мүмкін. Қоғамның орналастырылатын акциялары үшін төлеуге ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде интеллектуалдық меншік объектілеріне құқықтар), талап ету құқығы және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін. Ақшадан басқа, өзге мүлікпен төлеу лицензияның негізінде әрекет ететін бағалаушы анықтайтын баға бойынша жүзеге асырылады. Егер қоғамның орналастыратын акцияларының төлеміне мүлікті пайдалану құқығы енгізілетін болса, мұндай құқықты бағалау қоғамның оны бүкіл пайдалану мерзімі үшін төлейтін мөлшеріне негізделеді. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлерінің жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.

АК-ның 89-бабының 1-тармағынан "акционерлік қоғам шеккен залалдың орнын толтыру үшін қосымша эмиссия жасау арқылы жарғылық капиталды арттыруға жол берілмейді" деген норма алынып тасталды. Бұдан келіп, қосымша акциялар шығарғанда несие берушілер алдындағы қоғамның борышын өтеу үшін қоғамның несие берушілері оларды сатып алуы мүмкін деген қорытынды шығады. Акциялар үшін борышты есепке алу мемлекеттік акциялар пакетіне әсер етпеуі тиіс, өйткені өзгеше істеу мемлекеттік меншікті сатып алу кезінде жекешелендіру рәсімін орағытып өтуді білдіретін болады.

Құрылтай шарты мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай кұжаттары болып табылады (АК-ның 87-бабының 1-тармағы). Құрылтай шарты құрылтайшылардың құқықтары мен міндеттерін қоғамның құрылуы сатысында ғана реттейді. Сондықтан құрылтай шартының ашық қоғам құру жөніндегі әрекеті қоғам мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап және оның барлық құрылтайшыларының құрылтай шартында белгіленген міндеттемелерін орындаған соң тоқтатылады. Өз кезегінде, қоғамның жарғысы өзінің заңды тұлға ретіндегі құқықтық мәртебесін анықтайды. Жарғыға қоғам құрылтайшыларының уәкілетті өкілдері қол қоюы тиіс және ол нотариаттық куәландыруға жатады. Барлық мүдделі тұлғалар қоғамның жарғысымен танысуға құқылы. Қоғам акционердің талап етуі бойынша оған қоғамның жарғысымен, сонымен бірге оған кейін енгізілген өзгерістермен және толықтырулармен танысуға мүмкіндік беруге міндетті. Қоғам акционердің өзіне қоғам жарғысының кешірмесін беру туралы талабын үш жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.

Акционердің құқығы акциялармен дәлелденеді. Акция — бұл бағалы қағаз. Өз ұстаушысының (акционердің) акционерлік қоғам таза табысының бір бөлігін дивидендтер түрінде алуына, акционерлік қоғамның істерін басқаруға қатысуға және ол таратылғаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігіне құқығын куәландыратын бағалы қағаз акция деп танылады (АК-ның 139-бабының 1-тармағы).

Акционерлік қоғамның тек атаулы акциялар шығаруға құқығы бар (АК-ның 91-бабының 1-тармағының 2-бөлігі). Атаулы бағалы қағаз дегеніміз — бұл өзі куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз (АК-ның 129-бабыньщ 3-тармағының 6-бөлігі). Акция бөлінбейді. Егер акция ортақ меншік құқығымен бірнеше тұлғаға тиесілі болса, олардың бәрі бір акционер деп танылады және өзінің жалпы өкілі арқылы акциямен куәландырылған құқықтарды пайдаланады. Қоғам жай акциялар, не жай және артықшылықгы акциялар шығаруға құқылы. Акциялар құжатсыз нысанда шығарылады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 12-бабының 1 жөне 3-тармақшалары). Құжатсыз бағалы қағаздар дегеніміз — бұл құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрінде) шығарылған бағалы қағаздар (АК-ның 129-бабының 3-тармағының 3-бөлігі).

Қоғамның артықшылықты акцияларының саны оның жарияланған акцияларының жалпы санының 25 пайызынан аспауға тиіс. Артықшылықты акциялардың меншік иелері — акционерлеріне қарағанда қоғамның жарғысында белгіленіп, алдын ала айқындалып кепілдік берілген мөлшерде дивидендтер алуға және қоғам таратылған кезде осы заңда белгіленген тәртіппен мүліктің бір бөлігіне басым құқығы бар. Артықшылықты акция акционерге қоғамды басқаруға қатысу құқығын бермейді.

Құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшының шешімі) немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын "алтын акцияны" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің акционерлердің жалпы жиналысының, директорлар кеңесі мен атқарушы органның шешімдеріне қоғам жарғысында белгіленген мәселелер бойынша вето қою құқығы болады. "Алтын акция" куәландырған вето қою құқығы басқаға берілмеуге тиіс (АК-ның 139-бабының 3-тармағы, Акционерлік қоғамдар туралы заңның 13-бабының 5-тармағы).

Қоғам акционерінің:

қоғамды басқаруға қатысуға; дивидендтер алуға; сауал салынғаннан кейін 30 күн ішінде қоғамның қызмегі туралы ақпарат алуға; қоғамның органдары қабылдаған шешімге сот тәртібімен дауласуға; қоғам таратылған кезде мүліктің бір бөлігіне; қоғамның жаршсы мен заңдарда көзделген өзге де құқықтары бар. Заң акционерлердің ішінен ірі акционерлерді бөліп көрсетеді. Басқа акционермен салыстырғанда, ірі акционердің құқықтары көп болады.

Ірі акционер дегеніміз — бұл акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп (халықтық қоғамда — бес және одан да көп) пайызын қолында ұстайтын және өзара жасалған келісімдердің негізінде әрекет ететін акционер немесе бірнеше акционер. Әрбір акционердің жоғарыда аталған құқықтарынан басқа, ірі акционердің сондай-ақ:

1) акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын шақыруды талап етуге немесе директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын шақырудан бас тартқан жағдайда оны шақыру туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге;

2) директорлар кеңесіне акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіне қосымша мәселелер енгізуді ұсынуға;

3) директорлар кеңесінің отырысын шақыруды талап етуге;

4) өз еңбегінен аудиторлық ұйымның қоғам аудитін жүргізуін талап ету құқығы бар.

Қоғам акционерінің міндеттері:

1) акцияларды төлеу;

2) осы акционерге тиесілі акцияларды тіркеуші мен нақтылы ұстаушыға қоғамның акцияларын ұстаушылардың тізілімін жүргізуге қажетті мәліметтердің өзгерісі туралы он күн ішінде хабарлау;

3) қоғамның не оның қызметі туралы қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етпеу;

4) заң актілеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау.

Қоғам жарияланған акциялардың шығарылуын мемлекеттік тіркеу үшін оның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген күнінен немесе акционерлердің жалпы жиналысы жарияланған акциялар саньш көбейту туралы шешім қабылдаған күннен бастап бір ай ішінде құжаттарды табыс етуге міндетті.

Егер қоғамның жарғысында бұл мәселе акционерлердің жалпы жиналысының құзіретіне жатқызылмаса, қоғамның акцияларын оның жарияланған акциялары саны шегінде орналастыру туралы шешімді қоғамның директорлар кеңесі қабылдайды. Қоғам өз акцияларын олардың шығарылуын мемлекеттік тіркеуден кейін орналастыруға құқылы. Акцияларды орналастыру аукциондар, жазылым арқылы жүзеге асырылады. Халықтық акционерлік қоғамның өз акцияларын жазылым арқылы орналастыру құқығы жоқ. Қоғамның жазылым арқылы орналастырылатын акциялары директорлар кеңесі белгілеген орна-ластыру бағасы бойынша сатылуға тиіс, бұл орайда акцияларды орналастыру бағасы осы орналастыру шегінде акцияларды сатып алушы барлық тұлғалар үшін бірыңғай болуға тиіс (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 18-бабы).

Ационерлік қоғам акциялардан басқа облигациялар және бағалы қағаздардың өзге де түрлерін шығаруға құқылы (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 3-бабының 4-тармағы және 12-бабының 6-тармағы). Бағалы қағаздардың өзге түрлерінің бірі — опцион. Опцион дегеніміз — белгіленген нысандағы туынды бағалы қағаз, оны сатып алушы белгілі бір мерзім өткеннен кейін опционда айтылған базалық активті келісілген баға бойынша сатып алу немесе сату құқығына ие болады. Мысалы, қоғам өзі шығаратын акцияларды сатып алуға опциондар жасасуға құқылы.

Акционерлік қоғам өзінің белгілі бір мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген, үшінші тұлғалардың кепілдіктерімен қамтамасыз етілген облигациялар, қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы. Акционерлік қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы (АК-ның 91-бабының 3-тармағы).

Жарғыда айырбасталатын бағалы қағаздар шығару мүмкіндігі көзделуі мүмкін. Айырбасталатын бағалы қағаз дегеніміз — бұл акционерлік қоғамның шығару проспектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне айырбасталуға жататын бағалы қағазы. Қоғамның акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарын шығаруға қоғамның жарияланған және орналастырылған акциялары арасындағы айырмашылық шегінде жол беріледі.

Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудің нысаны, әдісі және тәртібі акционерлік қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар эмиссиясының (шығару шарттары) проспектісімен заң актілерінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып белгіленеді (АК-ньщ 91-бабының 4-тармағы).

Акционерлік қоғамның қызметі оның органдары арқылы жүзеге асырылады. Мыналар қоғамның органдары болып табылады:

жоғары орган — акционерлердің жалпы жиналысы (барлық дауыс беретін акциялары бір акционерге тиесілі қоғамда — сол акционер);

басқару органы — директорлар кеңесі;

атқарушы орган — алқалы орган немесе атауы қоғамның жарғысында белгіленегін атқарушы орган қызметін жеке-дара жүзеге асыратын тұлға. Халықтық акционерлік қоғамда атқарушы орган тек алқалы болуға тиіс;

өзге де органдар (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 33- бабының 1-тармағы).

Акционерлік қоғамның жоғары органы акционерлердің жалпы жиналысы болып табылады (АК-ның 92-бабының 1-тармағы). Жалпы жиналысты басқару органы — директорлар кеңесі немесе атқарушы орган шақырады. Көптеген мәселелер бойынша шешімдер дауыстардың жай көпшілігімен, ал неғұрлым маңызды мәселелер бойынша — білікті көпшілік арқылы қабылданады. Акционерлік қоғамдар туралы заңның 37-бабының 5-тармағы акционерлердің құқықтарын қорғайды, ол бойынша, қоғамның органдары акционерлердің жылдық жалпы жиналысын шақырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда, акционерлердің жылдық жалпы жиналысы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімі негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін. Егер қоғамның органдары акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізу туралы қоғамның ірі акцио-нерінің талабын орындамаса, қоғам акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы оның талап-арызы бойынша қабылданған сот шешімінің негізінде шақырылуы және өткізілуі мүмкін. Сот жиналысты өткізу уақыты мен орнын, оның күн тәртібін, қоғамның акционерлеріне жіберетін хабарламасының мазмұнын, жалпы жиналыстың мақсатына жетуге қажетті негізгі жағдайларда анықтау мүмкін.

Жалпы жиналыстың өзге мәселелер бойынша шешімдері дауыс беруге қатысушы дауыс беретін акцияларының жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шешім қабылдау акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзіретіне жатқызылған мәселелерді басқа органдардың, лауазымды адамдардың және қоғам қызметкерлерінің құзіретіне беруге жол берілмейді. Егер жарғыда өзгеше белгіленбесе, акционерлердің жалпы жиналысы қоғамның ішкі қызметіне жататын мәселелер бойынша қоғамның өзге органдарының кез келген шешімінің күшін жоюға құқылы.

Акционерлік қоғамда міндетті түрде директорлар кеңесі құрылады, ол акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзіретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, қоғамның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда бір акционері ғана болатын акционерлік қоғамда оны директорлар кеңесі құрмай-ақ басқару мүмкіндігі көзделуі мүмкін.

Директорлар кеңесінің айрықша құзіретіне жатқызылған мәселелерді атқарушы органның шешуіне беруге болмайды. Қоғамның жарғысына сәйкес оның атқарушы органының құзіретіне жатқызылған мәселелер бойынша директорлар кеңесінің шешім қабылдауға, сондай-ақ акционерлердің жалпы жиналысының шешімдеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға құқығы жоқ. Директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер вето құқығы белгіленген мәселелер бойынша "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 53- бабы).

Тіпті осы акционерлік қоғамның мүшесі болып табылмайтын кез келген азамат директорлар кеңесіне мүше бола алады. Директорлар кеңесінің мүшелерін жылдық жалпы жиналыс сайлайды. Директорлар кеңесінің сандық құрамы кем дегенде үш (Халықтық акционерлік қоғамда — кем дегенде бес) адам болуға тиіс (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 54-бабы). Директорлар кеңесінің төрағасы директорлар кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы оның мүшелері арасынан сайланады (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 56-бабының 1-тармағының 1-бөлігі). Егер жарғыда өзгеше көзделмесе, директорлар кеңесінің шешімдері директорлар кеңесінің отырысқа қатысқан мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар саны тең болған кезде директорлар кеңесі төрағасының немесе директорлар кеңесінің отырысында төрағалық етуші адам даусының шешуші дауыс болуы қоғамның жарғысында көзделуі мүмкін (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 58-бабының 2-тармағы). Акционерлердің жалпы жиналысының шеціімі бойынша директорлар кеңесінің кез келген мүшесінің өкілеттігі кез келген негіз бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.

Акционерлік қоғамның күнделікті қызметіне басшылықты атқарушы орган жүзеге асырады. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкін (АК-ның 92-бабының 5-тармағының 1-бөлігі). Атқарушы орган заң актілерімен және қоғамның жарғысымен басқа органдардың және қоғамның лауазымды адамдарының құзіретіне жатқызылмаған кез келген қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға құқылы. Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысының және директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті. Атқарушы қоғамның мүшесі осы қоғамның акционері болуға міндетті емес. Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істей алады. Атқарушы орган мүшесінің қызметі, құқықтары мен міндеттері Акционерлік қоғамдар туралы заң, қоғамның жарғысы, сондай-ақ осы адамның қоғаммен жасасатын жеке еңбек шарты арқылы айқындалады.

Егер артықшылықты акциялар бойынша төленетін дивидендтерді қоспағанда, дивидендтер төлеу жөніндегі шешім акционерлердің жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен қабылданған болса, онда қоғамның акциялары бойынша дивидендтер ақшамен немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтерді оның бағалы қағаздарымен төлеуге мынадай жағдайларда ғана жол беріледі: мұндай төлеу қоғамның жарияланған акцияларымен және шығарған облигацияларымен, оның үстіне, акционердің жазбаша келісімімен жүргізіледі.'".

Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің мерзімділігін қоғамның жарғысы және (немесе) акция шығару проспектісі айқындайды. Мынадай жағдайларда қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеуге жол берілмейді:

өз капиталы теріс мөлшерге жеткенде немесе егер қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде өз капиталының мөлшері теріс шамаға айналғанда;

егер қоғамда төлем қабілетінің жоқтығы байқалса не онда өзінің акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесінде көрсетілген белгілер пайда болса;

егер сот немесе акционерлердің жалпы жиналысы арқылы қоғамды тарату туралы шешім қабылданған болса.

Жылдың корытындысына қарай қоғамның жай акциялары бойынша диввдендтер төлеу туралы шешімді акционерлердің жылдық жалпы жиналысы қабылдайды. Егер бұл жағдай қоғамның жарғысында көзделсе, тоқсанның немесе жарты жылдың қорытындысына қарай қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу мөселесі директорлар кеңесінің шешімімен жүргізіледі. Жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім ол қабылданғаннан кейіші бес жұмыс күні ішінде баспсөз басылымында жариялануға тиіс. Акционерлердің жалпы жиналысы және директорлар кеңесі шешім қабылданған күннен кейінгі он күн ішінде баспасөз басылымында міндетті түрде жарияланатын, қоғамның жай акциялары бойынша дивидендтер төлемеу жөнінде шешім қабылдауға құқылы.

Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер төлеу, кез келген дивидендтерді төлеуге тыйым салынатын жоғарыда атаған жағдайлардан басқа реттерде, қоғам органының шешім шығаруын талап етпейді. Дивидендтер төлеу мерзімділігін және бір артықшылықты акцияға төленетін дивиденд мөлшерін қоғамның жарғысы белгілейді. Артықшылықты акциялар бойынша есептелетін дивидендтер мөлшері осы кезеңде жай акциялар бойынша есептелетін дивидендтер мөлшерінен кем болмауға тиіс. Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша дивидендтер толық төленіп болмайынша, оның жай акциялары бойынша дивидендтер төлеу жүргізілмейді.

Қоғамның акцияларымен мәмілелер жасауды кейбір ережелер реттейді. Ең алдымен, акционерлердің қоғам акцияларын сатуына қоғамның кедергі жасау құқығы жоқ. Акционер бұл жөнінде қоғамды хабардар етпестен, акцияларын кез келген тұлғаға сатуға құқылы. Акционерлік заңдар акциялармен мәмілелер жасау туралы ережелерді тұырымдауда және басқа да бірқатар жағдайларда әр түрлі тұлғалардың өзара байланыстылығын білдіретін терминді пайдаланады. Қоғамның аффилиирленген (қосылма) тұлғасы — шешімді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) акционерлік қоғам қабылдайтын шешімге, оның ішінде ауызша шартты қоса алғанда, шартқа немесе өзге де мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіндігі бар тұлға (оның қызметін берілген өкілеттіктер шеңберінде реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ өзіне қатысты акционерлік қоғамның осындай құқығы бар кез келген түлға.

Акционердің қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу құқығы бар. Қоғамның бағалы қағаздарын кепілге салу құқығын қоғам жарғысының ережелерімен шектеуге немесе алып тастауға болмайды. Егер кепілдің талаптарында өзгеше көзделмесе, акционердің дауыс беруге және өзі кепілге салған акция бойынша диввдендтер алу құқығы болады. Қоғам өзі орналастырған бағалы қағаздарды: 1) кепілге берілетін бағалы қағаздар толық төленген; 2) қоғамның бағалы қағаздардың кайталама рыногында сатып алған акцияларын қоспағанда, қоғамға кепілге берілетін және оның кепілінде жатқан бағалы қағаздардың жалпы саны қоғамның орналастырылған акцияларының жиырма бес пайызынан аспаған; 3) егер қоғамның жарғысында өзгеше белгіленбесе, кепіл туралы шартты директорлар кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана кепілге қабылдай алады.

Ірі мәміле қоғамның тағдырына әсер ете алатындықтан, заң шығарушылар оны жетілдіру жөнінде бірқатар талаптар қолды. Мыналар:

Нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда — он) және одан да көп пайызы болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен айыратын мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;

Нәтижесінде қоғам өзінің орналастырылған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес (халықтық акционерлік қогамда - он) және одан да көп пайызы мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;

Қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле ірі мәміле деп танылады.

Мыналар 1) белгілі бір мүлікт сатып алуға немесе иеліктен айыруға қатысты белгілер бір тұлғамен не сол тұлғаның аффилиирленген тұлғаларымен жасалатын бірнеше мәміле; 2) бір шартпен немесе өзара байланысты бірнеше шартпен ресімделген мәмілелер; 3) жарғымен немесе акционерлердің жалпы жиналысының шешімімен өзара байланысты мәмілелер деп танылатын өзге де мәмілелер өзара байланысты мәмілелер деп танылады.:

Қоғамның ірі мәмілені жасасуы туралы шешімді директорлар кеңесі қабылдайды. Қоғамның ірі мәміле жасау туралы шешімін бекітуді ащионерлердің жалпы жиналысы жүзеге асырады. Акционерлердің жалпы жиналысына ірі мәмілені жасау туралы шешімді бекітуге қажетті ақпаратты (құжаттардың қосымшаларымен бірге) атқарушы орган табыс етеді. Акционерлердің жалпы жиналысының қатыспаған қоғам кредиторлары мен акционерлеріне хабарлау мақсатында қоғам акционерлердің жалпы жиналысы ірі мәмілені жасасу туралы шешімді бекіткеннен кейін бес күн ішінде мәміле туралы хабарды баспасөз басылымында жариялауға міндетті. Ірі мәміле жасасу туралы шешімге қарсы дауыс берген акционер өзіне тиесілі акцияларды қоғамның осы заңы белгілеген тәртіппен сатып алуын талап етуге құқылы.

Қоғамның салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі түзілетін жағдайда мемлекет акционерлік қоғамға қолданылатын бірқатар шараларды көздеген. Егер мұндай берешекті төлеу мерзімі үш айдан өтіп кетсе, онда салық органы жарияланған акцияларга билік етуді шектеу туралы шешім қабылдауға құқылы. Қоғамның жарияланған акциялары болмайтын немесе олар қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеуге жеткіліксіз болатын жағдайдда қоғамның мерзімі өткен берешегін қоғамның жарияланган акцияларын мәжбүрлеп шығартқызып, кейіннен оларды орналастыру арқылы өткізу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы. Қоғамның қызметін республиканың экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор салаларда жүзеге асыратын жағдайда, мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен қоғамның билік етуі шектелген жарияланған акциялары мен мәжбүрлеп шығарылған жарияланған акцияларын қоғамның мерзімі өткен берешегін өтеу есебіне мемлекет меншігіне оларды мәжбүрлеп алып қою арқылы орналастыруға құқылы (Акционерлік қоғамдар туралы заңның 32-бабы).

Акционерлік қоғам акционерлер жиналысының шешімі бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкін. Акционерлік қоғмды қайта құрудың және таратудың өзге негіздері мен тәртібі АК-мен және заң актілерімен белгіленеді. Акционерлік қоғам жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе өндірісіік кооператив болып қайта құрылуға құқылы (АК-ның 93-бабы).

Еншілес ұйым және тәуелді акционерлік қоғам. Бір заңды тұлға келесі заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алады. Қазақстан заңдары басқа заңдардың ішінен құқықтық реттеу ерекшеліктеріне қарай құрылтайшыларымен айрықша байланысы болатын ұйымның екі түрін — еншілес ұйым мен тәуелді акционерлік қоғамдарды бөліп көрсетеді. Жарғылык капиталының басым бөлігін басқа заңды тұлға (бұдан әрі — негізгі ұйым) қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негізгі ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешімдерін айқындай алатын заңды тұлға еншілес ұйым болып табылады.

Еншілес ұйым өзінің негізгі ұйымының борыштары бойынша жауап бермейді. Еншілес ұйымдар басқа субъектінің шаруашылық қызметіне толық бақылау жүргізу үшін құрылады. Сондықтан бақылаушы ұйымдар тарапынан асыра сілтеушіліктер мен алаяқтыққа жол бермеу мақсатында мынадай ережелер енгізілген: еншілес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған міндетті нұсқаулар беруге кұқылы негізгі ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшін жасалған мәмілелер бойынша еншілес ұйыммен қосалқы (субсидиарлық) жауапты болады. Негізгі ұйымның кінәсынан еншілес ұйым банкрот болған жағдайда негізгі ұйым оның борыштары бойынша қосалқы жауапты болады. Егер заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, еншілес ұйымның қатысушылары негізгі ұйымнан оның кінәсынан еншілес ұйымға келтірілген зиянды өтеуді талап етуге құқылы (АК-ның 94-бабының 1—3-тармақтары).

Тәуелді акционерлік қоғам өзінің мазмұны жөнінен еншілес ұйымға жақын келеді. Егер акционерлік қоғамның дауыс беруші акцияларының 20 пайызынан астамы басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанікі болса, ол тәуелді қоғам деп танылады. Басымырақ (қатысушы) заңды тұлға тәуелді акционерлік қоғам акцияларының тиісті бөлігін сатып алғаны туралы мәліметті заң құжаттарында көзделген тәртіп бойынша дереу жариялауға міндетті.

Тәуелді акционерлік қоғам сондай-ақ өзінің басым қоғамының акцияларын сатып ала алады. Бұл жағдайда қоғамдардың бір-бірінің капиталына өзара қатысуы көзделеді. Заңның бұзылуына жол бермеу және алаяқтықтан қорғау мақсатында бұл жағдайды реттейтін нормалар бар. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, акционерлік қоғамдардың бір-бірінің шығарылған жарғылық капиталдарына өзара қатысуы әрбір шығарылған жарғылық капиталдың 25 пайызынан аспауға тиіс. Бір-бірінің шығарылған жарғылық капиталына өзара қатысатын акционерлік қоғамдар басқа қоғам акционерлерінің жалпы жиналысында 25 пайыздан артық дауысты пайдалана алмайды.

9.2. Өндірістік кооператив. Өндірістік кооператив дегеніміз — азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызмет үшін мүшелік негізде, олардың өз еңбегімен қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі (АК-ның 96-бабының 1-тармағы). Өндірістік кооператив заңды тұлға болып табылады және коммер-циялық ұйымдардың қатарына жатады.

Өзінің еңбекке қатысуы (жай айтқанда, кооператив мүшесі онда жұ0000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000000үмыс істеуге тиіс) факторы өндірістік кооперативтің акционерлік қоғамнан және шаруашылық серіктестіктен айырмашылығы болады, ал кейінгілердің қатысуы ақша енгізумен аяқталатын, қатысушының оларда жұмыс істеуі міндетті емес болатын. Өндірістік кооперативтердің демократиялық және халықтық сипаты, міне, осы жағымен айқындалады, оларды қомақты ақша қаражаттары болмағанымен, жұмыс істей алатын жұмыс істегісі келетін азаматтар құра алады.

Өндірістік кооператив туралы заңның 1—1-бабына сәйкес өндірістік кооперативтерді құрудың және олардың қызмет етуінің негізгі принциптері мыналар болып табылады:

кіру және шығу еркіндігі;

мүліктік жарна енгізу міндеттілігі;

басқарудың демократиялылығы;

өзара жәрдем көрсету және оның мүшелері үшін экономикалық пайда табуды қамтамасыз ету;

өндірістік кооперативтің қызметі туралы ақпараттарды алу мүмкіндігі.

Өндірістік кооператив жеке кәсіпкерлік үшін заң актілерімен тыйым салынбаған кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға құқылы (Өндірістік кооператив туралы заңның 2-бабы). Бұл Заңның бұрынғы қолданыста болған заңдардан принципті айырмашьшығы осында, оларда кооперативтер үшін тыйым салынған қызмет түрлерінің арнайы тізбесі болатын (ал одан бұрынырақта кооперативтер қатаң белгіленген өндіріс салаларында ғана құрылуы тиіс деген тәртіп болған - ауылшаруашылық артельдері, балық аулайтын кеңшарлар, кәсіпшілік кооперациясы, алтын іздеушілер артельдері және т.с.с.). Сонымен бірге, кейде кәсіпкерлік қызметтің кейбір түрлерін арнайы реттеп отыратын заң актілерінде осы қызметпен айналыса алатын заңды тұлғалар түрлерінің тізбесі ішінде кооперативтер аталмайды (мысалы, банк және сақтандыру қызметі). Әлбетте, бұл Өндірістік кооператив туралы заңға қайшы келеді және ашық түрде кооперативтерді кемсітушілік болып табылады. Алайда, мұнда заңның өзінің мынаны көздеген нормасын басшылыққа алуға тура келеді: кәсіпкерлік қызметтің кейбір түрлерін арнайы реттейтін заң актілерінің ережелері Өндірістік кооператив туралы осы заңның нормаларына қайшы келетін жағдайда арнайы заң актілерінің ережелері қолданылады (Өндірістік кооператив туралы заңның 2-бабын қараңыз).

Егер құрылған кооперативтің қызметі лицензияланатын қызмет түріне жататын болса, кооператив оны лицензиясы болғанда ғана жүзеге асыруға құқылы.

Өндірістік кооператив жеке тұлғалардың - құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша құрылады. Бұрын қолданылып келген заңдардың өндірістік кооперативке жеке тұлғалардың ғана емес, сондай-ақ мүліктік салым салғанымен, әлбетте, оның қызметіне еңбекпен қатысуға тартылмайтын тұлғалардың да қатысу мүмкіндігіне жол бергенін есте ұстау керек. "Қаржылай қатысушы" деп аталатын мұндай тұлға кооперативтің материалдық жағдайын нығайтуға өзінің жарналарымен жәрдемдесуге тиіс болды. Алайда тәжірибе мынаны көрсетті: "қаржылай қатысушы" көп ретте кәсіпорындардың материалдық құндылықтары мен ақшалай қаражатын жалған құрылған кооперативтерге аудару үшін пайдаланылды, оларда мұндай құндылықтар мен қаражаттар ешқандай қиындықсыз жалған тұлғалар немесе "қаржылай қатысушы" басшыларының туыстары болған кооператив мүшелерінің өзіндік меншігіне өтті. Сонымен қатар, кооператив мүшелері ретінде заңды тұлғалардың болуы осы ұйымдық-құқықтық нысан мен шаруашылық серіктестік арасындағы айырмашылықты жояды. Сондықтан ҚР Азаматтық кодексі және тұлғаларға ғана өндірістік кооперативтің құрылтайшылары (қатысушылары) болу мүмкіндігін берді.

("Кооператив — бұл қашан да бірнеше адамның еңбегін біріктіретіндіктен, оны бір адам құра алмайды (оның бір адам құратын немесе бір адамнан тұратын, яғни "бір адамның компаниясы" ретінде өмір сүретін акционерлік қоғамнан айырмашылығы осында). АК-ның 96-бабының 2-тармағы кооператив мүшелерінің саны екеуден кем болмауға тиіс деп белгілейді, бұл оның санының ең төменгі мөлшері болып табылады (Ресейде мысалы, кооператив мүшелері кемінде бесеу болуға тиіс). Мұндай шаманы белгілеудің себебі — заң шығарушылардың кооператав құру мүмкіндігін барынша жеңілдету — ол үшін екі адамның қалауы жеткілікті болады.

16 жасқа жеткен, кооператив мүшесі болуға тілек білдірген және оның қызметіне жеке өз еңбегімен қатысуға қабілетті кез келген жеке тұлға өндірістік кооперативтің мүшесі бола алады.

Заң кооператив мүшелерінің оның қызметіне жеке өз еңбегімен қатысуының түрлері мен әдістерін ашып керсетпейді. Демек, бұл мәселелерді тікелей кооперативтің өзі шешеді. Мұнда еңбек шарты (келісім-шарт) бойынша жұмысшы немесе қызметші ретінде кооперативте толық жұмыс күні жағдайларында жұмыс істеу мүлде міндетті емес — кооператив қызметіне жеке өз еңбегімен қатысу қоса қызмет атқарудан тұруы мүмкін және ол негізгі жұмысынан (оқуынан) бос кезінде жүргізілуі, үйге алып істейтін жүмыс сипатында, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша бір жолы және ауық-ауық орындалатын, кооперативке белгілі бір қызметтер көрсету түрінде болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, егер ол кооперативтің мүдделеріне сай келетін болса, жеке өз еңбегімен қатысудың алуан түрі болуы мүмкін.

Кәмелетке толмаған азаматтардың кооперативке кіруі үшін олардың ата-аналарының, асырап алушыларының немесе қамқоршыларының келісімін алу талап етіледі. Бұл мынаған байланысты: кооператив қызметіне жеке өз еңбегімен қатысу оның мүшесінің еңбек қабілетгілігіне жетуін ғана емес, сондай-ақ кооперативке кіру үшін мүліктік жарна төлеуді де қажет етеді, ал бұл азаматтық-құқықтық әрекет қабілеттілігін талап етеді.

Өндірістік кооператив өзінің қызметін жарғының не құрылтай шарты мен жарғының негізінде жүзеге асырады.

Құрылтай шартына оның барлық құрылтайшылары қол қояды. Бұл арқылы осы кооперативті құратын барлық тұлғалардың оның болашақ қызмет жағдайларымен келісетіні және оған мүшеліктен туындайтын міндеттемелерді (оның ішінде, мүліктік жарнаны енгізуге және кооператив қызметіне жеке өз еңбегімен қатысуға байланысты) өздеріне қабылдайтыны баса көрсетіледі.

Өндірістік кооператив туралы Заң құрылтай шарты коммерциялық құпияны құрайтын құжаттардың құрамына кіреді және кооператив басқармасының шешімімен ғана, не заң актілерінде белгіленген жағдайларда мемлекеттік және өзге де ресми органдарға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға көрсетуге жатады деп көздейді. Демек, құрылтай құжаты кооперативтің ішкі қажеттеріне қызмет ететін және кооперативтің мүшелеріне ғана арналған өзінің қызметтік құжаты ретінде қарастырылады. Сондықтан әлде кімнің және белгілі бір мақсаттар үшін (мысалы, кооперативті мемлекеттік тіркеу процесінде) кооперативтен оның құрылтай шартын талап етуі, әрине, заңда көзделген реттерден басқа жағдайларда (мысалы, тиісті істерді қарау немесе тергеу барысында соттың немесе тергеу органдарының талап етуі бойынша) заңсыз болып табылады.

Кооператив басқармасының келісімінсіз немесе рұқсатынсыз құрылтай шартының талаптарын жария еткен кооператив мүшесі немесе оның лауазымды адамы кооперативтің коммерциялық құпиясын бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Өндірістік кооператавтің жарғысында мыналар туралы мәліметтер болуға тиіс:

кооперативтің фирмалық атауы;

кооперативтің тұрғылықты орны;

өндірістік кооперативке мүшелер қабылдау, оларды шығару тәртібі, олардың құқықтары мен міндеттгері;

кооперативтің басқару және бақылау органдарының құрамы және құзіреті туралы, оның ішінде шешімдер бірауыздан немесе білікті көпшілік дауыспен қабылданатын мәселелер бойынша ережелерді жасау тәртібі;

өндірістік кооперативтің әрбір мүшесінің жарнасының мөлшері, өндірістік кооператив мүшелерінің құрамы және мүліктік жарнаны енгізу тәртібі және олардың жарна салу жөніндегі міндеттемелерін бұзғаны үшін жауаптылығы;

кооператив мүшелерінің оның қызметіне жеке өз еңбегімен қатысуының сипаты және тәртібі және жеке өз еңбегімен қатысу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылығы;

кооператив пен оның мүшелері, кооперативтің атқарушы органы мен қызметкерлердің еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар;

кооперативтің таза табысы мен шығындарын бөлу тәртібі;

кооперативті қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі. Өндірістік кооперативтің жарғысында ол турлы заңға қайшы келмейтін басқа да ережелер болуы мүмкін.

Кооперативтің фирмалық атауында оның аты, соңдай-ақ, «өндірістік кооператив» деген сөздер болуға тиіс.

Жарғыға кооператив басқармасының төрағасы қол қояды. Өндірістік кооперативтің жарғысы мемлекеттік және өзге де ресми органдарға, сондай-ақ кооперативпен шарттық қатынастары бар немесе осындай қатынастар орнатуды қалайтын үшінші тұлғалардың талап етуі бойынша көрсетіледі. Осылайша, құрылтай шартынан өзгеше, кооператив жарғысы ашық құжат болып табылады.

Кооператив жарғысы бірауыздан бекітілуі тиіс (Өндірістік кооператив туралы заңның 6-бабының 3-тармағы). Мұндай ереженің қабылдануы мынаған байланысты: өндірістік кооператив азаматтардың ерікті бірлестігі болып табылады және өзінің барлық мүшелерінің бірлескен еңбек әрекетіне негізделеді. Сондықтан кооперативтің ұйымдастырылу және қызмет ету жағдайлары оның әрбір мүшесі үшін тиімді болуы тиіс, мұны оның жарғысына бірауыздан қол қою дәлелдейді. Жарғыны бекіте отырып, кооперативтің әрбір мүшесі өзіне белгілі бір міндеттер алады (ең алдымен, кооперативке қосатын мүліктік жарнасы және онда өзінің жұмыс істеуі арқылы). Егер құрылтайшылар кооперативтің қандай болуы, мүліктік жарналардың мөлшері, оның қызметіне жеке өз еңбегімен қатысуы немесе басқа да шарттар жөнінде ортақ пікірге келе алмаса, бұл кооперативті дәрменсіз деп санау керек. Осы секілді құрылтайшылардың көпшілігінің пікірімен келіспейтін тұлға мұндай кооперативтің мүшесі бола алмайды.

Өндірістік кооператив мүлкін қальштастырудың мынадай көздері бар:— кооператив мүшелерінің мүлікгік жарналары. Бұл кіру жарналары арқылы кооператив мүлкі қалыптасатын оны ұйымдастыру сәтіне тән, сондай-ақ кейін, белгілі бір төтенше жағдайлардың салдарынан кооператив өз қатысушыларының қосымша жарналары түріндегі қаражатты тартуға мәжбүр болатын кезеңге тән; кооперативтің қызметінен алынған табыстар. Қалыпты жұмыс істеп тұрған кооператив үшін бұл оның мүлкін еселей түсудің негізгі әдісі.

Заң кооперативті құру шарты ретінде оның қалыптасқан жарғылық қорының болуын талап етпейді, бұл кооперативтердің, мысалы, акционерлік қоғамдардан және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден айырмашылығы болып табылады, оларда бұл қор едеуір шаманы құрайтындықтан, оларды құрылтайшыларының айтарлықтай залал шегуіне әкеп соқтырады. Жарғылық қордың болуын талап етпеу, сөз жоқ, өндірістік кооперативтер құру рәсімін оңайлатады, өйткені оларды бірден-бір байлығы өздерінің еңбекқор қолдары немесе ақыл-ойлары болып табылатын табысы аз азаматтар ұйымдастыруы мүмкін. Сондықтан шетелдерде өндірістік кооперативті кейде көптеген мысқылмен (әлде кекесінмен) "кедейлер компаниясы" деп атайтыны кездейсоқ болмаса керек, алайда бұл, олардың ойдағыдай дамуына тосқауыл бола алмайды. Оның үстіне, кооперативтер ұдайы мемлекеттің қолдауына ие болып келеді, өйткені олардың құрылуы (оған едәуір дәрежеде құрудың қарапайымдығы себепші болуда) азаматтарды кәсіпкерлік қызметке тартудың, жұмыссыздық деңгейін төмендетудің, оларға еңбек ету және өз табыстары арқылы өмір сүру мүмкіндігін берудің қүралы болып отыр. Басқаша айтқанда, кооперативтер экономикалық фактор рөлін ғана атқарып қоймастан, сонымен бірге, белгілі бір әлеуметтік міндеттерді де шешеді.

Бұл заңның талабы болмаса да, кооперативтің құрылтай құжаттарында оның жарғылық қорын құру да көзделуі мүмкін, ол несие берушілердің мүдделеріне кепілдік жасайтын кооператив мүлкінің ең төменгі мөлшерін айқындайды. Бұл жағдайда жарғылық қордың мөлшерін және оны қалыптастыру тәртібін кооператив жарғысы белгілейді.

Сонымен қатар, егер кооператив осындай қызметті жүзеге асыратын ұйымда заң актілерімен белгілі бір мөлшердегі жарғылық қордың болуы көзделген ұйымдарға қатысты қызметті жүзеге асыратын болса, кооператив оны құрып, көрсетілген заң актілерінде көзделген тәртіппен пайдалануға міндетті.

Өндірістік кооперативтің таза табысы жылдың қорытындысы бойынша анықталады. Салықтарды және басқа міндетті төлемдерді төлегеннен кейін қалған таза табыс кооперативтің толық билігше өтіп, жалпы жиналыстың шешімімен кооперативтің құрылтай құжаттарында кезделген мақсаттарға бөлінеді.

Жалпы жиналыс анықтаған көлемдегі таза табыс олардың қосқан еңбек үлестеріне қарай кооператив мүшелері арасында бөлінеді, ал бұл кооперативтің негізгі принципіне ("еңбегіне қарай — табысы") сай келеді. Алайда кооператив жарғысы таза табысты бөлудің өзгеше тәртібін кездеуі де мүмкін (мысалы, кооператив мүшелері жарналарының мөлшеріне қарай, ал мұнда, көбіне акционерлік қоғамдарға тән басқа принцип қолданылады - "қосқан капиталына қарай - табысы").

Кооперативтің таза табысын бөлуге және шеккен зиянын жабуға қатысудан кооперативтің қайсібір мүшелерін шеттететін кооператив мүшелерінің келісімдері немесе оның құрылтай құжаттарының ережелері жарамсыз болып табылады.

Сонымен, өндірістік кооперативте оның мүшелерінің мынадай екі арналы табыс алу жүйесі болады: еңбекке ақы төлеу түрінде (жалақы, сыйақы т.с.с.); кооператав алған таза табыс түрінде.

Кооператив құрылатын сәтте оның құрылтайшыларының мүліктік жарналары кооперативтің өндірістік-қаржы негізі қызметін атқарады. Мүліктік жарналар кооперативтің бастапқы капиталын құрайды, олар кооперативті құру және оның қызметін ұйымдастыру жөніндегі шығындарды жабуға арналған. Мүліктік жарналардың құрамы мен мөлшерін, сондай-ақ оларды енгізу тәртібін, әдістері мен мерзімін құрылтай шарты немесе жарғы айқындайды.

Мүліктік жарна бастапқы, қосымша және кіріспе жарналарға бөлінуі мүмкін. Бастапқы жарнаны кооперативтің құрылтайшысы ол құрылған сәтте енгізеді, қосымша жарнаны кооперативтің жалпы жиналысының шешімі бойынша ол қызмет етіп тұрған кезенде енгізеді (мысалы, жұмыста қиындықтардың тууына, берешектерді төлеу қажеттігіне, міндеттемелерді өтеу және банкроттықтың алдын алу керектігіне, қызмет ету саласын ұлғайту немесе оның бағыттылығын өзгерту әрекетіне және т.с.с. қарай), ал кіріспе жарнаны әлдеқашан құрылған кооперативке оның жаңа мүшесі ретінде қабылданатын азамат төлейді. Кіріспе жарнаның түрі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеу төртібі жаңадан қабылданатын мүше мен кооперативтің келісімі арқылы анықталады және корператив мүшелерінің жалпы жиналысының хаттамасына жазылады.

Кооперативтің әрбір мүшсіне оның кіріспе жарнасының мөлшері мен түрі көрсетілген құжат беріледі.

Кооперативке төленетін жарна ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік қүқықтар, оның ішінде жерді пайдалану құқығы, интеллектуалдық меншіктің нәтижелеріне құқық және өзге де мүлік болуы мүмкін.

Кооператив мүшесінің мүліктік жарнасын ақшалай бағалауды кооператив құрылтайшылары арасындағы (ал егер жарна кіріспе жарна болса — кооператив пен оған кіретін мүше арасындағы) келісіммен ғана жүргізуге болмайды және оған тәуелсіз аудиторлық тексеру жүргізілуі тиіс. Кооператив мүшелерінің мүліктік жарналары ақшалай қаражаттан ғана тұратын жағдайларда тәуелсіз аудиторлық тексеру жүргізілмейді.

Өндірістік кооперативті қайта тіркеуде оның мүшесінің мүліктік жарнасын ақшалай бағалау кооперативтің бухгалтерлік құжаттарымен немесе аудиторлық қорытындымен расталуы мүмкін.

"Мүліктік жарна" ұғымы "пай" және "мүліктегі үлес" секілді ұғымдармен байланысты. Пай дегеніміз — бұл жалпы іске қосылатын үлес. Кооперативтің меншігіндегі мүлік оның жарғысына сәйкес кооператив мүшелерінің пайларына бөлінеді. Пай кооператив мүшесінің кооператив мүлкіндегі үлесі болып саналады. Бұл үлес пайызбен есептеледі. Айталық, А., Б. және В. деген үш азамат кооператив құрмақшы болды. Олар былайша келіседі: А. кооператив мүлкіне 5 мың теңге, Б. — 15 мың, ал В. — 80 мың теңге қоспақ. Әрқайсысы өзіне алған міндеттемесін орындайды, соған сәйкес А.-ның мүліктік жарнасы 5 мың теңге, Б.-ның — 15 мың, В.-ның жарнасы — 80 мың теңге болды. Кооперативтің меншігіндегі мүліктің құны осы кезде 100 мың теңгені құрады. Осыньщ нәтижесінде, әрбір құрылтайшының мүліктік жарнасының мөлшеріне қарай кооператив мүшесі А.-ның пайы осы мүлік құнының 5 пайызына тең болатын кооператив мүлкіндегі үлесіне, Б.-ның — 15 пайызына, В.-ның пайы — 80 пайызына тең болады.

Мынаны есте ұстау керек: кооператив мүлкінің құны — бұл құбылмалы шама: ол кооператив жүмысының саласына қарай артып отыруы немесе кемуі мүмкін. Мәселен, өндірісті ұлғайтуға тырысатын, жақсы жұмыс істейтін кооперативте жаңа станоктар мен жабдықтар сатып алу, өндірістік үй-жайлар салу, тауарлар өндіруді арттыру, банктегі есеп-шоттарында ақша қаражаттарын жинақтау және т.с.с. есебінен мүліктің құны артатын болады.

Айталық, жақсы жұмыс істеудің нәтижесінде кооперативте біраз уақыттан соң мүліктің құны 500 мың теңгеге дейін есті. Осының нәтижесінде бастапқы 5 мың теңгеге тең пайдың ақшалай мөлшері енді 25 мың теңге болады. Алайда кооператив мүшелерінің оның мүлкіндегі үлес мелшері өзгермейді.

Кооператив мүлкі оның мүшелерінің пайларына қарай үлестерге бөлінетінін айтқанда, бұл мүлік кооператив мүшелерінің жалпы үлестік меншігі болып табылады деп ойламау керек. Кооператив мүлкі заңды тұлға ретіндегі кооперативтің өзінің мүлкі болып саналады. Оны үлестерге бөлудің шартты сипаты бар, сондықтан бұл үлестер белгілі бір мән-жайларда ғана (мысалы, кооперативтің мүшесі оның құүрамынан шығарда) заңдық факті маңызына ие болады.

Кооперативті таратуда немесе кооператив мүшесі одан шығарда кооператив мүшелерінің санымен анықталатын пайлардың мөлшері, пайдың ақшалай шамасы, оның мүлкіндегі кооператив мүшесі үлесінің мөлшері үлкен рөл атқарады, өйткені мұндай жағдайларда кооператив мүшесінің кооператив мүлкіндегі өзінің пайына сай үлесін бөліп беруді талап ету құқығы бар.

Өндірістік кооператив туралы заң оның мүшелерінің айтарлықтай құқықтары болуын көздейді, мұның өзі азаматтардың осы бірлестігінің демократиялық сипатын көрсетеді.

Кооперативке мүшелік мынадай үш негіздер бойынша токтатылуы мүмкін: а) кооператив мүшесінің өз қалауы бойынша; б) азаматты кооператив мүшелігінен шығару тәртібімен кооперативтің бастамасымен; в) өзге де негіздер бойынша.

Кооперативке мүшелік ерікті болатындықтан, кооперативтің кез келген мүшесі одан өз қалауымен шығуға құқылы (АК-ның 100-бабының 1-тармағы). Алайда бұлайша шығудың белгілі бір талаптары көрсетілген. Мәселен, кооперативтен шығатын азамат ол туралы шығуынан кемінде екі апта бұрын кооператив басқармасының төрағасына ескертуге міндетті. Құрылтай құжаттарында мұндай ескертудің едәуір ұзақ мерзімі белгіленуі мүмкін, алайда ол екі айдан аспауға тиіс (Өндірістік кооператив туралы заңның 11-бабының 1-тармағы).

Кооператив мүшелігінен шығару жалпы жиналыстың шешімі бойынша мынадай жағдайларда жүргізіледі:

кооператив мүшесінің кооператив жарғысымен өзіне жүктелтен міндеттерді ұдайы орындамауы немесе тиісінше орындамауы; осыған ұқсас кооперативке мүше болуына байланысты (бір экономикалық салада қызмет ететін бірдей екі кооперативке мүшелік сөзсіз мүдделер жанжалын туғызады); құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайлар. Сонымен қатар, мынадай жағдайларда кооперативке мүшелік тоқтатылады:

кооператив мүшесінің қайтыс болуы, оны өлді, хабар-ошарсыз кетті деп жариялау; кооператив мүшесшің өз пайын басқа адамға беруі; несие берушінің (берушілердің) кооператив мүшесінің пайынан оның жеке борышын өндіріп алуы.

Мұның ең соңғысына қатысты мынаны түсіндіру керек, пай кооператив мүшесінің меншігі емес, ол кооператив мүлкін үлестерге шартты түрде бөлуді білдіреді, ал мүліктің өзі залалды тұлғаның меншігі рөлін атқарады. Бірақ, сонымен қатар несие берушінің кооператив мүшесінің пайынан оның жеке борышын өндіріп алуын осы мүшенің кооператив мүлкі есебінен өз борыштарын өтеп алуы деп есептеуге болмайды. Құқықтық тұрғыдан қарағанда, мұның құрылысы мынадай болып көрінеді. Пай құқығы белгілі бір мән-жайларда кооператив мүлкінің бір бөлігін пай иесінің пайдасына бөліп беру мүмкіндігін білдіреді, ал бұл пайға қатысты меншікті кооперативтік меншіктен азаматтың өзіндік меншігіне өзгеруге әкеп тірейді. Сондықтан кооператив мүшесінің пайынан борышты өндіріп алу, шын мәнінде, борышқор-мүшеге бөлініп беріліп, оның меншігіне айналатын кооператив мүлкіндегі үлестен өндіріп алу болып шығады.

Кооператив мүшесінің жеке борыштарын оның пайынан өндіріп алуға мұндай берешектерді жабу үшін өзге мүлік жетіспейтін жағдайда ғана жол беріледі.

Кооператив мүшесі (мүшелері) оның шығып кеткен мүшесінің жарнасын немесе жарнасының бір бөлігін сатып алуда сатып алушының кооператив мүлкіндегі үлесі оның жарнасының артуына орай көбейе түседі. Біз келтірген мысалға оралатын болсақ, кооператав мүшесі А. деген азамат өзінің жарнасын қалған қатысушылар Б. және В. деген азаматтарға сатқан. Осының нәтижесінде, Б.-ның жарнасы кооператив мүлкінде 17,5 пайызға тең үлесті, ал В.-ның жарнасы — кооператив мүлкінің 82,5 пайызын құрайды.

Азаматтық кодекс (99-бап) және Өндірістік кооператив туралы заң мынадай басқару органдарын көрсетеді: а) өндірістік кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы; б) өндірістік кооперативтің бақьшау кеңесі; в) тексеру комиссиясы; г) атқарушы органдар.

Кооперативтің жоғары органы оның демократиялық сипатын көрсететін, кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.

Мүшелерінің саны 100-ден асатын кооперативтерде құрылтай құжаттары арқылы жоғары органның атқаратын қызметін уәкілеттілер жиналысына жүктеу көзделуі мүмкін. Уәкілеттілер жиналысын (өкілдіктер квотасы, уәкілеттілерді сайлау тәртібі, жиналысты өткізу тәртібі және т.с.с.) қалыптастыру тәртібін Заң айқындамаған, демек, бұл мәселелердің шешілуі кооперативтің өзінің құзіретіне жатқызылған (оларды тікелей жарғыда шешу тиімді болар еді).

Өндірістік кооператив мүшелері жалпы жиналысының ерекше құзіретіне (Өндірістік кооператив туралы заңның 15-бабының 2-тармағын қараңыз) мыналар жатады:

кооператив жарғысын өзгерту;

кооператив қызметінің негізгі бағыттарын анықтау;

атқарушы, тексеру органдарын және бақылау кеңесін құру және олардың мүшелерін кері шақырып алу;

кооперативтің қорлары мен резервтерінің түрлерін және мөлшерін және оларды пайдалану бағыттарын белгілеу;

ішкі еңбек тәртібі ережелерін, кооперативтің лауазымды адамдарына, оның мүшелері мен қызметкерлеріне еңбекақы төлеу туралы ережелерді және кооперативтің басқа да актілерін қабылдау және өзгерту;

кооперативтің филиалдары мен өкілдіктерін құру, шаруашылық серіктестіктерін үйымдастыру және оларға қатысушы ретінде кіру;

қосымша пай жарналарын енгізу жөніндегі мәселені шешу;

кооперативке мүшелер қабылдау және шығару;

кооперативтің жылдық есеп-қисабы мен бухгалтерлік баланстарын бекіту, оның тапқан пайдасы мен шеккен залалдарын бөлу;

кооперативті қайта құру мен таратуды шешу;

тексеру комиссиясының есебін бекіту;

кооператив басқармасының (кооператив төрағасының) есебін тыңдау.

Жалпы жиналыстың ерекше құзіретіне жатқызылған мәселелерді олар кооперативтің атқарушы органдарының шешуіне бере алмайды.

Жалпы жиналыстың ерекше құзіретінің мәні мынада: осы құзіретке жатқызылған мәселелер кооперативтің әлде бір өзге органының қарауына беріле алмайды (тіпті жалпы жиналыстың өзінің өкілеттікті беруі тәртібімен де).

Кезекті жалпы жиналыс кооператив басқармасы (кооператив төрағасы) белгілеген мерзімде өткізіледі, бірақ ол кезекті қаржылық жыл аяқталған соң үш айдан кешіктірілмеуі тиіс. Өндірістік кооператив туралы заң бойынша кезекті жалпы жиналыс жылына бір рет өткізіледі.

Кооператив мүшелері ғана байқаушы кеңестің мүшелері бола алады. Байқаушы кеңестің мүшелері кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында сайланады. Байқаушы кеңестің саны, жұмыс істеу мерзімі және құзіреті кооператив жарғысымен белгіленеді. Байқаушы кеңестің мүшесі осымен бір мезгілде басқарма мүшесі немесе кооператив төрағасы бола алмайды. Өйткені кеңес осы тұлғалардың қызметін бақылап отыруға тиіс.

Кооператив жұмысын ұйымдастыру жөніндегі күнделікті қызметті оның атқарушы органдары жүзеге асырады. Кооперативтің атқарушы органдары кооператив басқармасы немесе кооператив төрағасы, болып табылады.

Сонымен, басқаруды ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда, кооперативті басқарма түріндегі алқалы орган арқылы және кооператив төрағасы арқылы жеке-дара басқаруға болады.

Кооператив басқармасын оның мүшелерінің жалпы жиналысы басқарма мүшелерінің ішінен сайлаған басқарма төрағасы басқарады (басқарма төрағасын басқарманың өзінің сайлауы заңсыз болады).

Мүшелерінің саны 20-дан аспайтын кооперативтерде басқарманың атқаратын қызметін кооператив төрағасына жүктеуге болады.

Кооператив басқармасының мүшелері (кооператив төрағасы) кооператив мүшелерінің жалпы жиналысында сайланады. Басқарма мүшелерінің санын, сондай-ақ басқарма (кооператив төрағасы) сайланатын мерзімді кооператив жарғысы анықтайды.

Кооператав мүшелері ғана басқарма мүшелері (кооператив төрағасы) бола алады.

Басқарма мүшесі (кооператив төрағасы) осымен бір мезгілде байқаушы кеңестің мүшесі бола алмайды. Бұл ережені былайша түсіндіру керек: байқаушы кеңес басқарманың қызметіне бақылауды жүзеге асыруы тиіс және екі органға бір мезгілде мүше болу бір адамның өзін-өзі "бақылап отыруына" әкеп соққан болар еді. Бұл бүкіл құрылымның мәнін жою деген сөз.

Кооператив басқармасы (кооператив төрағасы) кооператив қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады, байқаушы кеңестің бақылауында болады және кооператив мүшелерінің жалпы жиналысына есеп береді.

Кооперативтің жалпы жиналысының және байқаушы кеңесінің ерекше құзіретіне жатқызылмаған кооператив қызметінің барлық мәселелерін шешу кооператив басқармасының (кооператив төрағасының) құзіретіне жатады.

Басқарма ұдайы өткізіліп тұратын отырыстарда өз шешімдерін қабылдайды. Егер оған басқарма мүшелерінің жартысынан астамы қатысатын болса, басқарма отырысы заңды деп есептелді.

Басқарма отырысындағы мәселелер дауыс беру арқылы шешіледі. Егер оған басқарма мүшелерінің отырысына қатысушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, басқарманың шешімі қабылданды деп есептеледі. Егер "жақтаған" және "қарсы" дауыстар бірдей болса, басқарма төрағасының дауысы шешуші дауысқа саналады.

Кооператив жарғысында бірауыздан немесе көпшілік дауыспен шешім қабылданатын мәселелер ауқымы да көзделуі мүмкін.

9.3. Мемлекеттік кәсіпорын. Заңдарда "кәсіпорын" термині екі мағынада қолданылады. Бірінші мағынада, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүліктік кешенді (зауыт, фабрика, шахта және т.с.с.) кәсіпорын деп түсінеді. Бұл мағынада алғанда, мысалы, кооперативтік, жеке, отбасылық кәсіпорын және т.с.с. туралы айтуға болады. Демек, мүліктік кешен ретінде қарастырылатын кәсіпорын жеке меншікке де, мемлекеттік меншікке де жатуы мүмкін. Екінші мағынада "кәсіпорын" термині заңды тұлғаның ұйымдық-құқықтық нысандарының бірін білдіреді және бұл мағынада тек мемлекеттік кәсіпорын болуы мүмкін (АК-ның 34-бабы).

Заңды тұлға ретінде мемлекеттік кәсіпорын өзіне тиесілі мүліктің меншік иесі болып есептелмейді — оның меншік иесі мемлекеттің өзі – және осы кәсіпорындар иеленіп отырған мүлікке заттық құқыққа қарай өз қызметін жүзеге асырады, олар АК-ның 102-бабының 1-тармағына сәйкес: 1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген; 2) оралымды басқару құқығына негізделген мемлекеттік кәсіпорындарға бөлінеді. Мұның кейінгісі "қазыналық кәсіпорын" (яғни қазынаға, мемлекетке тиесілі кәсіпорындар) деген арнайы терминмен аталады.

Мемлекеттік меншіктің түріне қарай кәсіпорындар:

а)республика меншігіндегі кәсіпорындар - республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;

б)коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар - коммуналдық мемлекеттік кәсілорындар болып бөлінеді.

Басқа мемлекетгік кәсіпорын құрған кәсіпорын еншілес мемлекеттік кәсіпорын ретінде қарастырылады.

Мүліктік кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорын жылжымайтын мүлік деп танылады.

Мүліктік кешен ретінде кәсіпорынның құрамына оның қызмет етуіне арналған мүліктің барлық түрлері, оның ішінде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикізат, өнімдер, жер учаскесіне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметін дараландыратын белгілерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгілері), басқа да айрықша құқықтар енеді (АК-ның 119-бабы).

Республикалық мемлекеттік кәсіпорын жөнінде ол біртұтас мемлекеттік кешен ретінде болғанда мәмілелер (кепілге беру, жалдау және басқалары) жасау, оны оқшаулау жөніндегі мәмілелерді қоспағанда ҚР Үкіметінің шешімі бойынша, ал коммуналдық кәсіпорын жөнінде тиісті өкімнің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Мемлекеттік кәсіпорынның рөлі мен маңызы көп ретте экономиканың түріне қарай айқындалады: мемлекеттік меншікке негізделетін социалистік экономикада мемлекеттік кәсіпорындар елдің өндірістік-шаруашылық кешенінің негізгі бөлігін құрайды; жеке меншік басым болатын нарықтық экономика жағдайларында мұндай кәсіпорындардың мөлшері, әдетте, көп болмайды. Мұны жеке кәсіпорындардың экономикалық тиімділігінің төмендігімен (бұған адамзаттың тарихи тәжірибесі дәлел болуда) ғана емес, сондай-ақ мұндай жағдайларда мемлекет функциясының да айтарлықтай өзгеруімен түсіндіруге болады - ол өндірісті жеке кәсіпкерлердің қолына бере отырып, өндірістің өзін дамытудан шеттеп қалады және оның қызметінің негізгі бағыты әлеуметтік және саяси функциялар болып шығады. Сондықтан мемлекеттік кәсіпорындар қоғам үшін қажет болса да, жеке бизнес үшін ынта тудырмайтын (мысалы, беретін табысының аздығынан) экономика салаларында ғана құрылады не мемлекетке жүктелген міндеттерді шешудің құралы ретінде қызмет етеді.

Кәсіпорын туралы жарлық мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің негізгі мақсаты қоғам мен мемлекеттің қажеттерімен айқындалатын мынадай әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу болып табылады деп көрсетеді:

1) елдің қорғаныс қабілетін материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғамның мүдделерін қорғау;

2) экономиканың жеке меншік секторы қамтымаған немесе жеткіліксіз қамтыған қоғамдық өндірістің буындары мен салаларында бірінші қажеттіліктегі тауарларды өндіру (жұмыстар атқару, қызметтер көрсету);

3) мемлекеттік монополияға жатқызылған немесе мемлекеттің функциясы болып табылатын салалардағы қызметті жүзеге асыру.

Осы баяндалғандарға байланысты мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің мақсаттары туралы мәселеге тоқталайық.

Өзінің ұйымдық-құқықтық нысаны бойынша мемлекеттік кәсіпорын негізгі мақсаты ретінде табыс табуды көздейтін коммерциялық ұйымдарға жатады (АК-ның 34-бабы).

Алайда мемлекеттік кәсіпорынның негізгі мақсаты мемлекеттің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу болғандықтан, табыс табу олардын қызметінің айқындаушы мақсаты ретінде көрінбеуі тиіс — мемлекет өз кәсіпорындарын олар мемлекеттің өз функцияларын жүзеге асыру кұралы болуы үшін құрады. Мұнда мынаны басшылыққа алу керек: мемлекеттік кәсіпорынның қызметі осы кәсіпорын қызметкерлерінің жеке басы баюының көзі болмауы керек (ол үшін жеке кәсіпкерлік қызметпен айналысу керек), нарықтық экономика жағдайларында өмір сүретін мемлекет табысының басты көзі — салықтар болуға тиіс.

Сондықтан егер мемлекет, айталық, соғыс мүгедектеріне арналтан протездер шығаратын кәсіпорын құратын болса, оның алдына мемлекет бюджеті үшін табыс кіргізу мақсатын қою (осы кәсіпорын қызметкерлерінің жеке басының баюы туралы айтпағанның өзінде) әлеуметтік саясатқа ғана емес, сондай-ақ адамгершілікке жат әрекет болып шығар еді. Солай бола тұрса да, мемлекеттің кәсіпорынды өзінің қаржылық қызметін жүзеге асыру құралы ретінде (жай тілмен айтқанда, бюджет кірісін табу көзі ретінде) пайдалана алатынымен де санасуға тура келеді. Бұл, әдетте, бағасы арзан, жасалуы қарапайым тауарлар шығарып, сатуға мемлекет монополиясын орнату жолымен істеледі.

Мемлекеттік кәсіпорындарды бюджет кірістерін табу құралы ретінде пайдалану тәжірибесін нарықтық экономиканың қағидаларына (экономикасы мемлекеттік меншікке негізделген социализм үшін, мұндай практика, керісінше, қалыпты болып табылады) сай келеді деп есептеуге бола қояр ма екен. Алайда, ол кейбір елдерде әлі де қолданылады, негізгі және басты бағыты мемлекет үшін ақша табу болып саналатын мемлекеттік кәсіпорындардың құрылуын осымен түсіндіруге болады, яғни мемлекеттің қаржылық қызметін жүзеге асыру осындай кәсіпорындарға жүктеледі. Алайда кез келген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорындар тек олардың қызметкерлерінің, оның үстіне, басшылығының жеке басының баюына арналған тетік бола алмайды, ал бұл, алайда, еткен жақсы еңбегі үшін және кәсіпорынның жоғары экономикалық көрсеткіштерге жеткені үшін материалдық ынталандыру және сыйақы алу мүмкіндіктерін мүлде жоққа шығармайды. Мемлекеттік кәсіпорынды жеке бастың мақсаттарына пайдалану мемлекеттік меншіктің мәні мен мақсатына қайшы келген болар еді.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың атау тізбесін ҚР Үкіметі бекітеді. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың атау тізбелерін тиісті әкімдер бекітеді. Осының бәрі тағы да мемлекет меншігіндегі шаруашылық жүргізуші субъектілер санының өсуіне жол бермеуге бағытталған.

Мемлекеттік кәсіпорынның фирмалық атауында мүлік иесі (ал ол мемлекет болып табылады), мемлекеттік меншіктің қай түріне (республикалық немесе коммуналдық) жататыны және ведомстволық бағыныстылығы (яғни жоғары тұрған органның белгісі) көрсетілуі тиіс. Оралымды басқару құқығындағы кәсіпорынның фирмалық атауында оның қазыналық кәсіпорын екені көрсетілуі тиіс. Мемлекеттік кәсіпорынның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және кәсіпорынның фирмалық атауы бар мөрі болады (бұл оның, мемлекеттік екенін дәлелдейді).

Мемлекеттік кәсіпорын өзіне тиісілі мүліктің меншік иесі болмағандықтан және мүліктік кешен ретінде мемлекеттің меншігінде тұрғандықтан, ол өз мүдделері үшін емес, мемлекет мүдделері үшін әрекет ететіндіктен, кәсіпорын мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын ұйымдастыру мақсатында "уәкілетті орган" фигурасы енгізіледі.

Уәкілетті орган өзінің кәсіпорынмен қарым-қатынасында мемлекеттің өкілі болып табылады, оның мүдделерін білдіруі тиіс және үш негізгі функцияны атқарады. Біріншіден, бұл орган кәсіпорынның құрылтайшысы ретінде әрекет етсді. Екіншіден, ол кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып табылады. Мұнда оның кәсіпорынмен қатынастары әкімшілік-құқықтық қатынастар болады да, "билік және бағыну" схемасы бойынша құрылады, мұндағы билеуші субъект - уәкілетті орган, ал бағынушы субъект - заңды тұлға ретіндегі кәсіпорын болады. Үшіншіден, ол меншік иесінің (дәлірек айтқанда, меншік иесі өкілінің, ал меншік иесі — мемлекеттің өзі) функциясын атқарады, мұнда оның кәсіпорынмен қатынастары азаматтық-құқықтық қатынастар болады. Алайда, бұл арада мынаны ескеру керек: мұндай қатынастарды меншік иесі мен оның заттары арасындағы қатынастарға әкеп теңеуге болмайды, өйткені өзі заңды тұлға болып табылатын кәсіпорын өзіне бекітіліп берілген мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету өкілеттіктерін қоса есептегенде, белгілі бір шаруашылық дербестікті иеленеді.

Мемлекеттік басқару органы ретінде уәкілетті орган кәсіпорынның басшысын тағайындайды, белгіленген тәртіппен оны тәртіптік жауаптылыққа тартады және заңдарға сәйкес лауазымынан босатады; мемлекеттің тапсырысын кәсіпорынға жеткізеді және оның орындалуын бақылайды; кәсіпорын тапқан пайданы бөлу нормативтерін бекітеді; кәсіпорын басшысының, оның орынбасарлары мен бас (аға) бухгалтердің лауазымдық айлық ақыларының мөлшерін белгілейді; кәсіпорынның қызметі туралы есептерді тыңдайды және оған бақылауды жүзеге асырады.

Кәсіпорынның меншік иесі ретінде уәкілетті орган кәсіпорын құрылған кезде оған мүлік береді, оның жарғылық және өзге де қорларын құрады; заңдарға сәйкес рұқсат талап етілетін жағдайларда кәсіпорынның мүлікпен мәміле жасауына рұқсат береді; заңда мұндай әрекет көзделген жағдайларда кәсіпорынның мүлкін алып қояды; кәсіпорынға тиесілі мүліктің мақсатына сай пайдаланылуына және сақталуына бақылауды жүзеге асырады.

Министрліктер, агенттіктер, ведомстволар және ҚР Үкіметі осыған уәкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдар, сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкі (мемлекеттік басқару органдары деп аталатын) республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік басқару органдары болып табылады.

Тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімияты (уәкілетті орган деп аталатын) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің функцияларын жүзеге асырады.

Мемлекеттің кәсіпорынға қатысты қолында бар барлық өкілеттігін (мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру не оның алғашқы сатылары туралы шешім қабылдау жөніндегі өкілеттігін қоспағанда) уәкілетті органдар жүзеге асыруға құқылы. Осы арқылы мемлекет экономиканың мемлекеттік секторының сақталуын қамтамасыз етеді.

Республикалық мемлекеттік кәсіпорын ҚР Үкіметінің шешімімен, ал коммуналдық кәсіпорын — жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша қайта ұйымдастырылады және таратылады.

Кәсіпорынды қайта құруды және таратуды, егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, уәкілетті органның келісуімен мемлекеттік басқару органы жүзеге асырады.

Несие берушілердің талаптарын қанағаттандырудан кейін қалған, таратылған кәсіпорынның мүлкін уәкілетті орган қайта бөледі.

Таратылған кәсіпорынның ақша қаражаты осы кәсіпорынның несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалатын мүлкін сату нәтижесінде түскен ақша қаражатымен қоса тиісті бюджеттің табысына есептеледі. "Мемлекет - кәсіпорын" қатынасы жүйесінде кәсіпорын басқару объектісі рөлін (ал мүліктік кешен ретінде — мемлекеттік меншік құқығы объектісі рөлін) атқаратындықтан, мемлекет өзінің уәкілетті органы арқылы құқықтардың ғана иесі, ал кәсіпорын — тек міндеттерді атқарушы деп есептеуге болмайды: көлемі мен арақатынасы түрліше болса да, екі субъектінің құқықтары да, міндеттері де бар.

Мемлекеттік кәсіпорынның құқықтық мәртебесі (оның ішінде мемлекетпен қатынасында нақты өкілеттіктерді иеленуі) оның заңды тұлға болуымен, яғни оқшау мүлкі бар ұйым болып, өз міндеттемелеріне осы мүлікпен жауап беретінімен, өз атынан мүліктік және өзіндік мүліктік емес құқықтарды иеленіп, оларды жүзеге асыра алатынымен айқындалады. Өз кезегінде, бұл мәртебе оның органдары арқылы мемлекетке де нақты міндеттер жүктейді. Мұндай құқықтарды қорғауды қамтамасыз ету үшін Кәсіпорын туралы жарлық оған кәсіпорынның тапқан пайдасын алып қоюға, мүлікті қайта бөлуге, мемлекеттің тапсырыстарын орналастыруға, кәсіпорын өндіретін тауарларға (жұмыстарға, көрсететін қызметке) баға белгілеуге, сондай-ақ кәсіпорынның құқықтарын бұзатын басқа да әрекеттерге байланысты уәкілетті адамның іс-әрекеттерін қоса алғанда, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетгері жөнінде сотқа шағым жасау құқығын береді.

Кәсіпкерлік қызметтің алуан түрімен айналыса алатын заңды тұлғалардың көптеген түрінен өзгеше, қажет жағдайда қызметтің бір түрінен екіншісіне (кәсіпкерлік қызметті таңдау еркіндігі жағдайларында — өндіріс конверсиясы) өте отырып, мемлекеттік кәсіпорындардың қатаң арнайы құқық қабілеттілігі болады.

Экономиканың мемлекеттік секторын қысқартуға және экономикалық міндеттерді жеке кәсіпкерлік арқылы шешуге болатын салалардағы мемлекеттік кәсіпорындарды сақтаудың (оның үстіне, жаңаларын құрудың) тиімсіздігін дәлелдеуге бағытталған саясат жүргізуді жалғастыра келе, кәсіпорын туралы заң шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарды мынадай қызмет саласында құруға (ал бұрын құрылғандарын — қолдануға) болады деп көрсетті:

1) қару-жарақты және оның оқ-дерілерін, қорғаныс құралдарын, әскери техниканы, қосалқы бөлшектерді, құрастырушы элементтерді және олардың құралдарын өзірлеу, өндіру, жөндеу және сату; босатылатын әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму);

2) уранды және басқа бөлінетін материалдарды, сондай-ақ олардан жасалатын бұйымдарды алу, өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын, нормадан артық мөлшерде радиоактивті заттары бар өнімдерді шығару және сату;

3) дәрі-дәрмектер, дәрілік заттар мен емдеу, препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-саймандар жасау және сату;

4) энергиямен, сумен, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергілікті инфрақұрылымда тіршілікті қамтамасыз ететін басқа жүйелерде өзінің табиғи монополиялық жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы жағынан тікелей мемлекеттің басқарушы қажет ететін шаруашылық қызметін жүзеге асыру;

5) банк, сақтандыру және өзге де қаржылық қызмет саласында;

6) мемлекетгік автомобиль жолдары желілерін және арнайы қаржыландыру тәртібі белгіленген инфрақұрылымның басқа да объектілерін күтіп ұстау және дамыту;

7) пошта байланысы және телекоммуникациялар, жалпы республикалық және халықаралық байланыс желілерін пайдалану;

8) денсаулық сақтау, табиғат қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт салаларында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

9) бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметі саласында өндірістік-шаруашылық қызметгі жүзеге асыру;

10) қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру;

11) мемлекеттік құқықтық тізілім жүргізуді қамтамасыз ететін қызметті жүзеге асыру.

Мемлекеттік кәсіпорын үшін жарғылық және резервтік капиталдарды құру көзделген. Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшерін оның құрылтайшысы белгілейді, бірақ оның мөлшері кәсіпорынға берілген мүліктің жалпы құнынан аспауы керек және кәсіпорынды мемлекеттік тіркеуден өткізген күннен бастап белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 10 000 мөлшерінен кем болмауы керек.

Жарғылық капиталдың мөлшері кәсіпорынның жарғысында көрсетіледі. Меншік иесі (құрылтайшы) жарғылық капиталды кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өту қарсаңында толығымен құруға тиіс.

Жарғыда көрсетілгеніндей, кәсіпорын резервтік капиталды құруға міндетті және ол жарғылық қордың 10 пайызынан кем болмауы керек, резервтік капитал белгіленген шамаға жеткенге дейін иелігінде қалған пайданың кем дегенде 5 пайызы осы мақсатқа бағытталуы тиіс.

Резервтік капиталдың қаражаты тек шығындарды жабу, бюджет алдындағы міндеттемелерді орындау, мемлекеттік несиелерді өтеу және кәсіпорынның басқадай қаражаты жеткіліксіз болатын жағдайда сыйақы төлеу үшін пайдаланылуға тиіс. Егер кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлері туралы заң актілерінде жарғылық және резервтік капиталдарды қалыптастырудың өзге тәртібі мен мөлшері белгіленген болса, онда кәсіпорындар оларды осы актілерде көзделген мөлшерде құрады, бірақ ол Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықта көрсетілген шамадан (21-баптың 1-тармағын қараңыз), яғни айлық есептік көрсеткіштің 10 000 мөлшерінен кем болмауы тиіс.

Жарғылық және резервтік капитал кәсіпорынның орнықты қызмет істеуін қамтамасыз етуте және оның контрагенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындауына арналған.

Кез келген коммерциялық ұйым секілді, мемлекеттік кәсіпорын өзіне пайда келтіруге тиіс, олай болмағанда, өз есебінен өзін ұстауды қамтамасыз етуге тиіс. Кәсіпорын шығынға ұшыраған жағдайды да естен шығармау керек. Мемлекет ез кәсіпорнын әлеуметтік маңызы болғанымен табыстың бір бөлігін алуға құқылы. Бұл ережені нақтылай келе, Кәсіпорын туралы жарлық мынаны көздейді: республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың (ҚР Ұлттық Банкінің мемлекеттік кәсіпорындарын қоспағанда) таза табысының бір бөлігін аударым жасау нормативін ҚР Қаржы министрлігінің келісуі бойынша жоспарланатын жылдың алдындағы 1 мамырға дейін мемлекеттік басқару органы белгілейді. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін аударым жасау нормативін жоспарланатын жылдың алдындағы 1 мамырға дейін жергілікті қаржы органдарымен келісе отырып, мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі белгіленген нормативтер бойынша ҚР заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджетке аударылуы тиіс.

ҚР Ұлттық Банкінің республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының таза табысының бір бөлігі оның өзі анықтайтын мерзімде, мөлшерде және тәртіпте оның бюджетіне аударылуы тиіс.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекеттік кәсіпорынның қызметі нәтижесінде алынған табыс (мемлекеттік емес заңды тұлғадан оның айырмашылығы осында) осы кәсіпорын қызметкерлерінің жеке басның баю көзі бола алмайды. Кәсіпорынның таза табысын бөлу тетігі ғана емес, сондай-ақ көрсетілген қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуді ұйымдастыру да осыған бағытталған.

Кәсіпорынның еңбекке ақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын мемлекеттік басқару органы белгілейді. Алайда еңбекке ақы төлеу түрлерін, штат кестесін, лауазымдық жалақы мөлшерін, сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесін белгіленген еңбекке ақы төлеу шегінде кәсіпорын өзі анықтайды.

Кәсіпорын басшысының, оның орынбасарларының, бас (аға) бухгалтердің лауазымдық жалақысының мөлшерін, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесін мемлекеттік басқару органы белгілейді.

Заңды тұлға болғандықтан, кәсіпорын өзінің міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүліктің бәрімен дербес жауап береді.

Мемлекет кәсіпорынға тиесілі мүліктің меншік иесі бола тұрса да, құрылтайшының (уәкілетті органның) іс-әрекетінен банкроттыққа ушыраудан басқа жағдайларда кәсіпорынның міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Мұндай жағдайларда мемлекет несие берушілердің талаптарын қанағаттандыру үшін кәсіпорынның қаражаты жеткіліксіз болатын реттерде оның міндеттемелері бойынша жауап береді. Заң актілерінде кәсіпорынның міндеттемелері бойынша мемлекет жауапкершілігінің өзге де жағдайлары көзделуі мүмкін. Кәсіпорынның өзі болса, мемлекеттің не оның уәкілетті органының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

Оралымды басқару құқығымен мемлекет мүлкіне ие болған қазыналық кәсіпорын мемлекеттік кәсіпорынның екінші түрі болып табылады (АК-ның 104-бабының 1-тармағы).

Қазыналық кәсіпорындардың мақсатты құқық қабілеттілігі болады және Кәсіпорын туралы жарлыққа сәйкес белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін, атап айтқанда:

төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа табиғи зілзалалардан қорғау;

қылмыстық-атқару жүйесі саласында өндірістік қызметті жүзеге асыру;

топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу;

денсаулық сақтау, табиғат қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт салаларында өндірістік-шаруашылық қызметгі жүзеге асыру;

қызметтік үй-жайларды пайдалануды және мемлекеттік органдардың жабдықтау функцияларын жүзеге асыру;

кеме жүзетін жолдарды және гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) күтіп ұстау және дамыту;

мемлекеттің монополиясына жатқызылған салаларда қызметті жүзеге асыру.

Бұл тізбе жабық болып табылады және оның негізгі мақсаты -қазыналық кәсіпорындар саны өсуінің алдын алу.

Коммерциялық ұйымдар болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындарға ғана таралатын шаруашылық жүргізу құқығынан өзгеше, оралымды басқару құқығында коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар болып саналатын мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар болуы мүмкін. Қазыналық кәсіпорынның өзіне келетін болсақ, онда ол, біріншіден, мемлекеттік заңды тұлға болып табылады және, екіншіден, коммерциялық ұйымдардың қатарына жатады.

Шаруашылық жүргізу құқығының оралымды басқару құқығынан негізгі айырмашылығы белгілі бір заттық құқықты пайдаланатын заңды тұлға өкілеттігінің көлемінде (және тиісінше — дербестілік және жауаптылық деңгейінде) болып табылады.

Қазыналық кәсіпорын өзінің жарғылық қызметін қамтамасыз етуге қажетті мүлікті ғана оралымды басқару құқығы негізінде иемдене алады. Оның уәкілетті органның келісуінсіз негізгі қорға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе өзге де мәмілелер негізінде алуға құқығы жоқ. Осы арқылы қазыналық кәсіпорынның ақша қаражаты қалай болса, солай жұмсалудан және ұтымсыз пайдаланудан қорғалады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан өзгеше, заң қазыналық кәсіпорынды құру және қызметін ұйымдастыру жағдайлары ретінде онда жарғылық немесе резервтік капитал құруды көздемейді. Мұны былайша түсіндіруге болады: қазыналық кәсіпорындар шаруашылық қызметін шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындармен салыстырғанда едәуір шағын және қатаң шектелген көлемде жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекет қазыналық кәсіпорынның борыштары бойынша ортақ жауап береді. Бұл қазыналық кәсіпорынның несие берушілеріне олардың осы кәсіпорынға қоятын талаптарын қанағаттандырудың қосымша кепілдіктерін туғызады.

Қазыналық кәсіпорын өндіретін және өткізетін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтің) бағасын уәкілетті орган белгілейді.

Қазыналық кәсіпорындардың монополиялық жолмен өндіретін тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететін қызметтің) бағасын өсіріп жіберуіне жол бермеу мақсатында оларды мемлекеттік реттеуді бағалар мен тарифтерді реттеу жөніндегі орталық атқарушы органмен келісе отырып, уәкілетті орган жүзеге асырады.

Қазыналық кәсіпорынның қызметі уәкілетті орган бекітетін, мемлекеттік тапсырыс бөліп көрсетілетін смета бойынша өз табысы есебінен қаржыландырылады.

Қазыналық кәсіпорынның сметасы — бұл оның жұмсайтын шығындарының көлемін, мақсатты бағытын және тоқсандық бөлінуін айқындайтын тізімі.

Өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүлкінің бәрімен жауап беретін шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорыннан және жалпы ереже бойынша осындай кәсіпорынның қызметіне жауап бермейтін меншік иесі — мемлекеттен өзгеше, қазыналық кәсіпорын — өз міндеттемелері бойынша өзінің билігіндегі ақшамен ғана жауап береді. Қазыналық кәсіпорынның қалған мүлкінен ақы өндіріп алуға осы кәсіпорын таратылатыннан басқа жағдайларда жол берілмейді.

Қазыналық кәсіпорын өз мүлкінің меншік иесінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қазыналық кәсіпорынның ақша қаражаты жеткіліксіз болса, оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікті Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс көтереді.

Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс қазыналық кәсіпорынның шарттық міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікті мемлекеттік тапсырысты орындау көлемінде ғана көтереді. Таратылатын қазыналық кәсіпорынның мүлкі несие берушілердің талаптарын қанағаттандыруға жеткіліксіз болатын жағдайларда мұның соңғылары осы кәсіпорын мүлкінің меншік иесі есебінен талаптың қалған бөлігін қанағаттандыру туралы сотқа талап қоюға құқылы (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 44-бабын қараңыз). Мынаған назар аудару керек: әдетте көрсетілетініндей, қазыналық кәсіпорынның меншік иесінің жауапкершілігі бюджет қаражатымен шектелместен, оның көзі ретінде қазынаның қаражатын білдіре отырып, айтарлықтай кең сипатты болады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын да, қазыналық кәсіпорын да мемлекеттік кәсіпорынның түрлері болғандықтан, кәсіпорынның бір түрін оның екінші түрі етіп, қайта құру туралы мәселе тууы мүмкін. Бұл, әдетте, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру мәселесіне қатысты болады. Кәсіпорын туралы жарлық кәсіпорынды қайта құру туралы шешім мынадай жағдайларда міндетті болып табылады деп көрсетеді (Мемлекеттік кәсіпорындар туралы жарлықтың 45-бабын қараңыз): шаруашылық жүргізу кұқығындағы республикалық кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру уәкілетті органның ұсынысы бойынша ҚР Үкіметінің шешімімен, ал коммуналдық кәсіпорынды қайта құру — жергілікті атқарушы органның шешімімен жүргізіледі. Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта қүру жөніндегі барлық шығын, сондай-ақ кәсіпорында жеткілікті қаржы болмаған жағдайда қайта құрылатын кәсіпорынның несие берушілермен есеп айырысуы тиісті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын негізінде құрылған қазыналық кәсіпорын оған бұрын бөлінген мемлекеттік мүлік пен ақшалай қаражат, сондай-ақ жерді пайдалану, табиғатты пайдалану, жер қойнауын пайдалану, квотаны, лицензияны және бұрын жасалған шарттарды беру жөнінен, егер соңғылар жаңадан құрылған қазыналық кәсіпорынның мәні мен мақсатына сәйкес келсе, қайта құрылған кәсіпорынның құқықтық мұрагері болып табылады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылған кезде оған бекітіліп берілген мүліктің құқықтық режимі кәсіпорынды қайта құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап шаруашылық жүргізу құқығынан оралымды басқару құқығына ауыстырылады.

Ең соңында мынаны атап көрсетеміз: қазыналық кәсіпорынның құқықтары мен дербестігінің шектеулілігіне, (Кәсіпорын туралы жарлық мұндай өзгеру мүмкіндігін көздейді). Мәселен, республикалық кәсіпорынға жататын еншілес кәсіпорын ҚР Үкіметінің шешімімен шаруашылық құқығындағы әдеттегі кәсіпорын болып қайта құрылуы мүмкін.

Еншілес кәсіпорынды еншілес шаруашылық серіктестікпен шатастырмау керек — мұның екіншісі қашан да жеке меншікке негізделген, ал еншілес кәсіпорын — қашан да мемлекеттік кәсіпорын болады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]