Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД, микро, 2011-2012.doc
Скачиваний:
325
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.38 Mб
Скачать

Қоғамдық игіліктер және қоғамдық таңдау теориясы. Экономикадағы мемлекеттің рөлі

Мақсаты: қоғамдық игіліктерді өндіру және ұсыну тиімділігін, олардың түрлерін, осы қоғамдық игіліктерді өндірудегі нарық пен мемлекеттің мүмкіндіктерін, сондай-ақ, қабылданатын саяси шешімдердің тиімді жолдарын қарастыру және талқылау болып табылады.

Дәріс жоспары:

1. Қоғамдық игіліктер: табиғаты, сұраныс ерекшелігі және тиімді ұсыныс көлемі.

2. Қоғамдық игіліктерді ұсыну әдістері: нарық пен мемлекеттің мүмкіндіктері.

3. Қоғамдық таңдау теориясы: саяси шешімдер қабылдау әдістері және тиімділік мәселелері.

4. Экономикадағы мемлекеттің рөлі. Мемлекет фиаскосы (сәтсіздіктері).

Негізгі ұғымдар: қоғамдық игіліктер; таза қоғамдық игіліктер; «билетсіздер» мәселесі; таза жеке игіліктер; үкімет ұсынатын игіліктер; шегінен шыққан игіліктер; таза қоғамдық игіліктің тиімді көлемі; қоғамдық таңдау теориясы; бюрократиялық басқару; тікелей және уәкілетті демократия; лоббизм; саяси рентаны іздеу; логроллинг; Кондорсе парадоксы; Эрроудың мүмкін еместік теоремасы; мемлекет фиаскосы (мемлекеттік реттеудің фиаскосы); т.б.

Тақырыптың қысқаша мазмұны.

Әрқайсысы жеке – жеке бағаланатын және сатылатын экономикалық игіліктерді таза жеке игіліктер деп атайды. Барлық тұтынушылар бірге тұтынатын экономикалық игіліктерді таза қоғамдық игіліктер деп атайды. Таза қоғамдық игіліктерді өндіру мен тұтыну жағымды сыртқы әсерлерді туғызады. Мысалы, ұлттық қорғаныс, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да барлық адамдарға ортақ игіліктер - таза қоғамдық игіліктер болып табылады.

Таза қоғамдық игіліктердің бірқатар ерекшеліктері бар:

  • қоғамдық игіліктер бәріне ортақ болғандықтан, оларды тұтынудан ешкімді ажыратып тастау мүмкін емес. Таза қоғамдық игіліктерді тұтынғаны үшін ақы төлегісі келмеген адамдарды тұтынушылардың қатарынан шығарып жіберуге болмайды;

  • таза қоғамдық игіліктерді тұтынуда бәсекенің болмауы. Таза қоғамдық игіліктер барлық тұтынушыларға ортақ болып табылады. Оларды тұтынудың деңгейі тұтынушылардың санына байланысты болмайды. Қосымша тұтынушылардың пайда болуы сол игіліктерді тұтынудың деңгейін төмендетпейді. Таза жеке игіліктерге қарағанда таза қоғамдық игіліктерді тұтыну кезінде тұтынушылар арасында бәсекелестік туындамайды;

  • таза қоғамдық игіліктерді өндіру және тұтыну жағымды сыртқы әсерлерді туғызады. Егер таза қоғамдық игіліктер бір адам үшін өндірілсе, онда оның пайдалылығын басқа да адамдар көреді. Таза қоғамдық игіліктердің ұсынысы тиімді деңгейден төмен болады.

Таза қоғамдық игіліктерге деген сұраныс қисығы сол таза қоғамдық игіліктердің қолдағы барлық көлемінің шекті пайдалылығын бейнелейді. Таза жеке игіліктерге деген жалпы сұранысқа қарағанда (ол жеке сұраныс қисықтарын көлденең қосу арқылы алынады) таза қоғамдық игіліктерге деген жалпы сұраныс жеке шекті пайдалылықтарды тігінен қосу жолымен анықталады.

Таза қоғамдық игіліктің бағасы әрбір тұтынушының төлейтін бағаларының қосындысымен анықталады. Экономикалық ресурстарды тиімді қолдану үшін таза қоғамдық игіліктерді тұтынудан алатын шекті пайдалылық оларды өндіруге кететін шекті шығынға тең болу қажет.

Таза қоғамдық игіліктерді тегін тұтынудан «билетсіздер» немесе «қояндар» мәселесі туындайды. Билетсіздік мәселесінің туындауы нәтижесінде таза қоғамдық игіліктерді өндіру тиімділігі төмендейді. Мұндай жағдайда нарық «фиаскоға» (сәтсіздікке) ұшырайды. Нарықтың сәтсіздіктерін сипаттайтын мынадай типтері бар: 1) монополиялық іс - әрекеттер; 2) асимметриялық (жетілмеген) ақпараттар; 3) сыртқы әсерлер; 4) қоғамдық игіліктер.

Қоғамдық таңдау теориясы – саяси және экономикалық құбылыстардың өзара байланыстылығын зерттеу. Бұл теорияның шеңберінде саясаткерлердің экономикалық шешімдер қабылдау механизмі зерттеледі. Қоғамдық таңдау теориясының қарастыратын сипатты мәселелері – мемлекеттік қаржылар, сайлау процедуралары, үкіметтік шешім қабылдау үрдістері, әртүрлі қысым жасау топтарының іс-әрекеттері және т.б.

Үкіметтік ұйымдардың қабылдайтын маңызды шешімдері қоғамдық игіліктерді өндірумен байланысты. Саяси шешімдер қабылдау үрдісі тікелей және уәкілетті демократия тұрғысынан жүзеге асырылады. Тікелей демократия әрбір адам заңға сәйкес кез-келген мәселе бойынша дауыс беру мүмкіндігіне ие деген болжамға негізделеді. Бірақ, қазіргі уақытта, тікелей демократиядан гөрі, уәкілетті демократияның маңызы зор болып табылады: дауыс беру құқығына ие барлық тұлғалар өз өкілдіктерін (партияларды) заң органдарына сайлай алады, ал сайланған заң шығарушылар қоғам мүддесіне байланысты шешімдерді өмірге келтіреді.

Уәкілетті демократия жағдайында ресми тұлға арқылы ұйымдастырылған қысым көрсету топтары, немесе лоббилер (фермерлер ұйымы, күшті салалық кәсіподақтар, әскери-өнеркәсіптік кешендер және т.б.) өз көздеген экономикалық мақсаттарын жүзеге асыра алады. Лоббизм – бұл белгілі бір топтардың өздерінің мүдделері бойынша үкіметке қысым жасау әрекеттері. Осыған баланысты, лоббистер саяси рентаны іздеумен айналысады. Саяси рента – бұл саяси институттар арқылы экономикалық рента алудың жолы. Уәкілетті демократия жағдайында «логроллинг» деген ұғым кең тараған. Логроллинг – бұл дауыс берумен саудаласу, яғни бір индивид (топ, партия) өз мүддесіне байланысты белгілі бір мәселе бойынша басқа бір индивидті (басқа топты, партияны) қолдаймын деп уәде беруі.

Саяси шешімдер қабылдаудың ерекше модельдері ретінде Кондорсе парадоксы мен Эрроудың мүмкін еместік теоремасын қарастыруға болады. Егерде қоғамда кез-келген альтернативтік бағдарламаларды қабылдау бойынша бірауыздылық немесе бірдауыстылық болмаса, онда қоғамның таңдауын анықтауда сайлаудағы көпшілікпен дауыс берудің сәйкессіздігі мен тиянақсыздығы орын алады – бұл Кондорсе парадоксы деп аталады. Кондорсе парадоксын басқаша дауыс беру парадоксы деп те атайды. Сәйкесінше, көпшілікпен дауыс беру мәселесі әрқашанда дұрыс және әділ таңдауға апара бермейді. Эрроудың мүмкін еместік теоремасы: егер мүмкін альтернативтік таңдаулардың саны екіден асса, онда дұрыс қоғамдық таңдау болмайды. Мүмкін еместік теоремасы басқаша былай сипатталады: қоғам бір-біріне қарсы келмейтін келісілген шешімдерді қабылдаудың жолын таба алмайды, егер бұл шешімдерді бір ғана тұлға қарастырмаса, онда бұл теорема осылай тұжырымдалады.

Мемлекет нарықтың сәтсіздіктерін жою кезінде барлық мәселелер өз шешімін таппауы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттің фиаскосы (мемлекеттік реттеудің сәтсіздіктері) орын алады - мемлекеттік реттеудің нәтижесінде ресурстардың тиімсіз бөлінуі. Әртүрлі экономикалық себептерге байланысты халықтың жекелеген топтары арасында саяси теңсіздіктердің бар болуынан мемлекет фиаскосы туралы мәселелер туындайды. Мемлекеттік реттеу сәтсіздіктерінің аса маңызды себептері мынадай:

  • шекті шығындар мен шекті табыстардың арасындағы пропорциялардың бұзылуы;

  • ақпарат алудағы теңсіздік, ол рационалды хабарсыздық немесе мағлұматсыздық (рациональное неведение) деген атқа ие болды.

  • мемлекеттік шенеуніктердің (мемлекеттік бюрократияның) әділетсіздіктері;

  • кез-келген шешімдер арасындағы уақыттың сәйкессіздігі, бұл жерде кешігушілік әсері туындайды, яғни мәселені анықтау және оны мемлекеттік шешім ретінде қабылдау, содан кейін ол үкіметтік бағдарламаның өмірлік беретін нәтижелері арасындағы уақыттың алшақтығы;

  • күтпеген жағдайлардың орын алу заңы, яғни белгілі бір шараны жүзеге асырғанда күтілген нәтиже болмай қалуы мүмкін. Осындай мәселелерді шешуде қоғамдық таңдау теориясын жақтаушылар нарықтық үрдістердің еркін дамығанын қалайды, бірақ олар нарықтық механизмнің кемшіліктерін жоюға қабілетті мемлекеттің де оң рөлін жасырмайды.

Қорытынды

1. Барлық тұтынушылар бірге тұтынатын экономикалық игіліктерді таза қоғамдық игіліктер деп атайды. Оларды бағалау мүмкін болғанымен, жеке адамдарға сату мүмкін емес. Себебі, таза қоғамдық игіліктерді жеке бір тұтынушы сатып алса, онда сол игіліктің пайдалылығын басқа да тұтынушылар көреді. Мысалы, көп қабатты үйде тұратын адам сол үйдің кіре берісіне өзі үшін шам ілсе, онда ол шамның пайдалылығын сол дәлізде тұратын басқа адамдар және оларға кешкісін келетін қонақтар да тегін көреді. Демек, таза қоғамдық игіліктерді өндіру мен тұтыну жағымды сыртқы әсерлерді туғызады. Мысалы, таза қоғамдық игіліктердің мысалына ұлттық қорғаныс, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да барлық адамдарға ортақ игіліктерді жатқыза аламыз.

2. Нарықтың «сәтсіздіктері» (фиаскосы) - нарықтың ресурстарды тиімді бөлуді және пайдалануды қамтамасыз ете алмауы жағдайындағы туындайтын мәселелері. Нарықтың «сәтсіздіктерін» сипаттайтын тиімсіз жағдайлардың төрт типі ерекше қарастырылады:

1) монополиялық іс - әрекеттер; 2) асимметриялық (жетілмеген) ақпараттар; 3) сыртқы әсерлер; 4) қоғамдық игіліктер.

3. Қоғамдық таңдау теориясының негізгі пәні – саяси және экономикалық құбылыстардың өзара байланыстылығын зерттеу. Бұл теорияның шеңберінде саясаткерлердің экономикалық шешімдер қабылдау механизмі зерттеледі. Қоғамдық таңдау теориясының қарастыратын сипатты мәселелері – мемлекеттік қаржылар, сайлау процедуралары, үкіметтік шешім қабылдау үрдістері, әртүрлі қысым жасау топтарының іс-әрекеттері және т.б.

Дәріске арналған әдістемелік нұсқаулар.

Осы тақырыптың негізгі сұрақтарын негізгі әдебиет көздерін игеру арқылы толық түсіну қажет. Қоғамдың игіліктердің негізгі ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет.