Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД, микро, 2011-2012.doc
Скачиваний:
325
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.38 Mб
Скачать

3. Оқу пәнінің тақырыптары бойынша дәріс конспектісі және дәріс курсын оқу бойынша әдістемелік нұсқау

1-тақырып. Кіріспе дәріс

Микроэкономиканың пәні және методологиясы

Мақсаты: жалпы экономикалық теорияның құрамдас бөлігі ретінде курстың пәні мен құрылымын ашу, сатушылар мен сатып алушылар, үй шаруашылығы мен фирмалар сияқты микроэкономика субъектілерінің экономикалық қарым-қатынастар жүйесін ғылыми талдау және оның әдістемесін ашу. Микроэкономиканың басты пәні – нарық және нарықтық механизм, сонымен қатар оның құрамдас бөліктері – сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке. Олардың мәнін қоғамдағы экономикалық жүйелердің ерекшеліктеріне байланысты ашу.

Дәріс жоспары:

  1. Микроэкономиканың зерттеу пәні, объектісі мен субъектісі.

  2. Микроэкономикалық талдаудың әдіснамасы мен негізгі зерттеу әдістері.

  3. Микроэкономиканың базалық түсініктері: қажеттіліктер, ресурстар, технологиялар, игіліктер. Экономикалық таңдау мәселесі және баламалы шығындар.

  4. Өндірістік мүмкіндіктер қисығы және оның экономикалық мәні.

Негізгі ұғымдар: экономикалық теория; микроэкономика; макроэкономика; сиректілік; өндірістік мүмкіндіктер қисығы; баламалы шығындар; ұтымдылық; экономикалық таңдау мәселесі; үнемдеу мәселесі; қажеттіліктер; ресурстар; технологиялар; игіліктер; шекті талдау; функционалдық талдау; экономикалық модельдер; позитивті микроэкономика; нормативті микроэкономика; микроэкономикадағы шеңберлі айналым моделі; экономикалық жүйе; т.б.

Тақырыптың қысқаша мазмұны.

Микроэкономика түсінігі, біріншіден, экономикалық қатынастар деңгейімен, яғни қоғамның бастапқы субъектілері – адамдардың (тұтынушылар мен өндірушілердің), үй шаруашылықтарының, кәсіпорындар мен фирмалардың экономикалық қатынастарымен анықталады; екіншіден, экономикалық жүйелердің мәнінен және олардың әрекет етуінен пайда болатын экономикалық қатынастардың мазмұнымен анықталады. Бұл нарықтық қатынастар жүйесі, олардың зерттеудің ортасында әрдайым баға, сұраныс пен ұсыныс, бәсеке сияқты ұғымдар орын алады.

Микроэкономика - бұл негізгі экономикалық бірліктердің (фирмалар, үй шаруашылықтары) жұмыс істетудің ауқымы, олардың нарықтағы мінез-құлқын зерттейтін бөлімі. Микроэкономика фирмалар мен үй шаруашылықтарының рыноктағы мінез-құлқын, іс-әрекетін, олардың шешім қабылдауының экономикалық негіздерін және өзара байланыстарын зерттейді. Макроэкономикалық құбылыстың негізінде микродеңгейде пайда болатын өзара байланыс жатқандықтан зерттеушілер микроэкономиканың тәсілдерін де қолданады.

Микроэкономиканың басты ерекшелігі - бұл пән негізгі экономикалық бірліктердің (фирмалар, үй шаруашылықтары) іс-әрекеттерін, олардың нарықтағы мінез-құлқын зерттейтін бөлімі. Микроэкономика фирмалар мен үй шаруашылықтарының рыноктағы мінез-құлқын, іс-әрекетін, олардың шешім қабылдауының экономикалық негіздерін және өзара байланыстарын зерттейді. Фирмалар мен үй шаруашылықтары алға қойған мақсаттарды және оған қол жеткізу үшін қойылған шектеулерді ескере отырып, олардың өз көзқарастары тұрғысынан ең жақсы шешімдер қабылдауы болып табылады. Үй шаруашылықтары тауарларды сатып алар кездерінде тұтынудың аса тиімділігін көздейді, ал фирмалар өндіріс туралы шешім қабылдай отырып, таза табыстың мол болуына ұмтылады.

Макроэкономикада талдау үрдісі экономиканы толығынан қамтиды, яғни жалпы экономикалық үрдістердің ауқымын қарастырады (жалпы ұлттық өнім, ұлттық табыс, жалпы шығын және тағы басқа). Макроэкономика әр түрлі елдерге және әрқилы кезеңдерге байланысты жалпы табыс, баға, жұмыссыздық және тағы басқа жинақталған экономикалық көрсеткіштерді қолданады, оларды түсіндірерліктей жалпы теориялық жол табуды қалыптастыруға тырысады. Сонымен қатар, оның зерттеу мақсаттары экономикалық құбылыстарды түсіндіру ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің экономикалық саясатын қалыптастыру, жетілдіру болып табылады.

Микроэкономика жалпы экономикалық теорияның құрамдас бөлігі бола отырып өзінің пәні ретінде шаруашылық етуші субъектілердің – сатушылар мен сатып алушылардың, үй шаруашылығы мен фирмалардың іс-әрекеттерінің нәтижесінде қалыптасатын экономикалық қатынастарды қарастырады. Бірақ қазіргі заманғы микроэкономика нарықтық жүйені зерттейтін болғандықтан, оның қалыптасуы мен дамуы болып нарық және оның қызметтері туралы, нарықтық экономиканың үлгілері, нарықтың құрылымы мен инфрақұрылымы, нарықтық механизм, оның элементтері мен тиімділігі туралы ережелер табылады.

Микроэкономиканы зерттеудің басты объектілері болып баға және баға қалыптастыру үрдісі табылады. Осыған қарап қазіргі заманғы ғылыми микроэкономикалық теориялар жүйесі қалыптасады. Баға құнның ақшалай көрінісі ретінде игіліктер мен қызметтердің шығындары мен пайдалылығы есебінен қалыптасады, нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың, бағалық және бағалық емес факторлардың әсерінен қалыптасады. Сондықтан да, микроэкономиканың келесі тақырыптары болып баға, сұраныс және ұсыныс теориялары табылады, олар бір жағынан, бағаның, шығындар мен пайдалылықтың өзара байланысы ретінде, ал екінші жағынан, сұраныс пен ұсыныстың заңдары, факторлары мен икемділіктері ретіндегі басты мәселелерден тұрады.

Микроэкономика экономикалық теорияның жалпы ғылыми әдістерін қолданады. Микроэкономика методологиясының негізгі құрамдас бөліктері болып экономикалық теориялар, экономикалық заңдар мен категориялар, экономиканың әрекет етуінің негізгі қағидалары (принциптері) табылады. Экономикалық құбылыстар диалектикалық тұрғыдан қарастырылады, яғни олардың дамуының сапалық және сандық жақтарын айқындау қажет. Жалпы алғанда, микроэкономиканың заңдылықтарын танып білу – бұл жалпыдан жекеге айналу, абстрактіліден нақты құбылысқа қозғалу.

Жалпы ғылыми әдістердің негізінде микроэкономикада позитивті және нормативті талдаулар жүргізіледі. Микроэкономикалық үрдістердің теориясы құбылыстарды түсіндіру үшін қажет, тәжірибемен тексеріледі және болжамдық модельдер жасау үшін қолданылады. Микроэкономикада оптимизациялық және тепе-теңдіктік модельдер қолданылады. Бірінші модель шекті шамалар көмегімен өндірістің жеке экономикалық агенттерін зерттеу кезінде қолданылады. Тепе-теңдіктік модель өндірістің экономикалық агенттері арасындағы өзара байланысты зерттеу кезінде қолданылады. Тепе-теңдік жағдайы өндіріс факторларын талдау, экономиканы тұрақтандыру кезінде шешуші рөл атқарады.

Зерттеудің дербес объектісі болып экономиканың тепе-теңдік жағдайы табылады. Нақты құбылыстар мен үрдістерді және нормативтік теорияларды салыстыру экономикалық саясаттың әртүрлі нұсқаларын ұсынуға, дәлелденген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Таңдау теориялары қолданылады – бұл микроэкономика әдісінің аса маңызды ерекшеліктерінің бірі.

Микроэкономика әдістемесінің ерекшеліктерін экономикалық теориядағы жекелеген мектептер мен бағыттарды айқындау арқылы ашуға болады. Неоклассикалық бағыт микроэкономикалық үрдістерді теориялық тұрғыдан дәлелдеуге негізделеді. Ол нарықтық экономиканың гүлденуі, еркін бәсекенің шарықтауы кезінде пайда болды. Оның пайда болуының нақты қажеттілігі еркін бәсекенің әрекет етуінің және экономикалық тепе-теңдік мәселелерін, сұраныс пен ұсыныстың, бағаның өзара байланысын, нарықтық шаруашылық етудің тиімділіктерін дәлелдеу мәселелерін ғылыми тұрғыда дәлелдеу болып табылады. Уақыт өте келе экономикалық құбылыстарды зерттеудің жаңа бағыттарын ұсынған маржиналистік экономикалық теория пайда болды. Бұл бағыттың мәні - объективті заңдарды зерттеуден бас тарту және шаруашылық етуші субъектілердің ой-санасын, олардың тәжірибесін талдауға көшу, экономикалық іс-әрекеттердің себептерін, адамдардың мүдделерін зерттеу болып табылады. Сондай-ақ, ғылымға психологиялық факторларды зерттеу бағыты, адамның «ұтымды тәртібі» принципі, робинзон әдісі сияқты бағыттар келіп қосылды. Маржиналистік әдістің ерекшелігі шексіз қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін ресурстардың сиректілігі мен шектеулілігі принципін қолдану болып табылады. Осы бағыттар мен әдістердің барлығын неоклассиктер қолданды, яғни олар жекелеген экономикалық субъектілердің мінез-құлқы деңгейінде сұраныстың, ұсыныс пен бағаның өзара байланысын, олардың сандық өлшемін және экономикалық тепе-теңдік үлгілерін құру мәселелерін терең зерттеу үшін қолданады.

Қорытынды

1. Микроэкономика курсы экономиканың екі негізгі мәселесі – ресурстардың шектеулілігін және адамдардың шексіз қажеттіліктерін жекелеген экономикалық агенттердің мінез-құлықтары мен тәртіптері шеңберінде зерттейді. Жекелеген экономикалық агенттерге үй шаруашылықтары, фирмалар және мемлекет жатады.

2. Микроэкономика зерттейтін негізгі мыналар болып табылады: 1) қандай да бір игіліктің бағасы, олардың көлемі мен тұтынылуы; 2) жекелеген нарықтардың жағдайы; 3) балама мақсаттарға байланысты ресурстарды тиімді пайдалану.

3. Микроэкономиканың ерекше әдістеріне шекті талдау, функционалдық талдау, теорияны тексеру, экономикалық үлгілеу жатады. Микроэкономиканың өзі нормативтік микроэкономика және позитивтік микроэкономика деп бөлінеді.

4. Микроэкономика ғылымы ең алдымен қажеттіліктерді зерттеуден басталады. Ал микроэкономиканың базалық түсініктеріне қажеттіліктер, ресурстар және игіліктер жатады. Осы микроэкономиканың базалық түсініктері не өндіреміз, қалай өндіреміз және кім үшін өндіреміз деген сұрақтарға жауап береді.

5. Ресурстардың шектеулігіне байланысты экономикалық таңдау мәселесі туындайды. Осы мәселені өндірістік мүмкіндіктер қисығы арқылы түсіндіруге болады. Ал өндірістік мүмкіндіктер қисығы ресурстарды толық пайдалану кезіндегі альтернативтік нұсқаларды сипаттайтын қисық болып табылады.

Дәріске арналған әдістемелік нұсқаулар.

Микроэкономика курсы кафедраның оқытушыларымен жарыққа шыққан оқулығымен оқытылады: Ғабит Ж.Х., Доғалов А.Н., Досмағанбетов Н.С. Микроэкономика: экономикалық мамандықтарға арналған оқулық/ – Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2010. – 275 б.

Бұл тақырыптың дәрісі жалпы шолу дәрісі ретінде өткізіледі. Курстың алғашқы тақырыбын меңгеру үшін ең алдымен, бірінші курста өтілген экономикалық теорияның негізгі сұрақтары мен мәселелерін еске түсіріп қайталап алған жөн. Бұл тақырыпта микроэкономикаға берілген анықтамаларды әр қырынан талқылау қажет және мүмкіндігінше сол анықтамаларды жаттап алу керек. Экономикалық теорияның құрамдас бөлігі ретінде микроэкономиканың тарихына, зерттеу пәніне, объектісіне көп көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар, микроэкономиканың қандай мәселелерді зерттейтіндігін, оның негізгі базалық түсініктерін білу өте маңызды, шектеулі ресурстар мен мүмкіндіктерді балама нұсқаларда қалай пайдалануға болатындығын түсіну қажет. Микроэкономикадағы шеңберлі айналым үлгісінің мәнісін түсіну. Студенттер болашақ экономист мамандар ретінде бұл пәннің қаншалықты практикалық маңыздылығы мен қажеттілігі бар екенін жете түсінулері қажет.

Тақырыпты меңгеру үшін ұсынылатын базалық оқулық ретінде негізгі әдебиеттер тізіміндегі оқулықтар болып табылады. Қазақ тілінде шығарылған әдебиеттер аз болғандықтан орыс және шетел әдебиет көздерін міндетті түрде оқу керек. Кез-келген тақырыптың сұрақтарын оқыған кезде бір ғана оқулықпен шектелмей, бірнеше көздерді де қарастырып, солардағы автордың ұсынған идеяларына сілтеме жасап отыру керек.

Микроэкономиканың осы және басқа да тақырыптарындағы негізгі сұрақтарды талқылағанда Қазақстан экономикасының даму жағдайларымен байланыстыра отырып қарастыру қажет. Елбасының жолдауларында айқындалған негізгі міндеттерді микроэкономиканың басты сұрақтарымен ұштастыра білу керек. Осындай айтылған кеңестер алдағы қарастырылатын барлық тақырыптарға қатысты болып табылады.

2-тақырып. Талдамалы дәріс