Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМП 1.09.13(1).doc
Скачиваний:
156
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
4.86 Mб
Скачать

Өнер жұлдыздары

Қажетті сөздер мен сөз тіркестерін есте сақтаңыз:

Сөз өнері, ән би, күй, сурет өнері, ел дауы, жер дауы, шешкен, елге ақылымен, даналығымен, аты шыққан, билер.

Мәтінді оқыңыз, мазмұндаңыз.

Күләш Жасынқызы Байсейітова 1912 – жылы Верный қаласында (қазіргі Алматы) дүниеге келді. 1928 – жылы Қазақ драма театры Қызылордадан жаңа астана – Алматыға көшеді. Күләш 1929-жылдан осы театрда жұмыс істей бастайды. Ол уақытта театрда өтетін кештердің бірінші бөлімі шағын пьесалардан құралатын, екінші бөлімінде театр артистерінің қатысуымен әнші, биші, домбырашылардың концерті қойылатын. Күләш спектакльдерде де, концерттерде де өнер көрсетті. Ол кезде Күләш халықтық дәстүрге сәйкес қазақ әйелдеріне тән әндерді қоңыр дауыспен айтатын. Кешікпей-ақ Күләштің шын табиғи дауысы – жіңішке колоратуралық сопрано екені анықталды. Д.Дианти, З. Писаренко сынды кәсіби вокалистер Күләштің даусын қоюмен жұмыс жасады. Б. Майлинның пьесасы бойынша қойылған “Шұға” спектаклінен бастап Күләш жіңішке дауыспен ән салды. Ол саналы түрде халық мәнеріне жақын ашық дауысты сақтады. Ғажайып талантымен орыстың дәстүрлі әншілік мектебі мен қазақтың ұлттық ән салу ерекшеліктерін табиғи байланыстырып, сабақтастыра білді.

1933-жылы Мемлекеттік музыкалық студия қойған “Айман-Шолпан ” комедиясынан (Күләш басты рольде ойнаған) әншінің үлкен жетістіктері басталады. Республика Күләш есімін жаңа қырынан таныды, халық “қазақтың бұлбұлы” деп өз атағын берді. Ал, 1934-жылы ресми түрде Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген әртіс деген бірінші құрметті атағын алды.

Е.Г. Брусиловский жазған бірінші қазақ операсы «Қыз Жібектің» қойылуы қазақ музыка мәдениетінде үлкен тарихи оқиға болды. Ол уақытта бағдарламаға бұл халық әуені Е.Г. Брусиловскийдің өңдеуінде деп көрсетілетін. Бірінші қазақ операсының әуенін ( оған 50-ден аса халық әндері мен күйлері кірді) бірінші орындаушылар өздері таңдап, іріктеді. Әрине, олардың арасында Күләш та бар. Мәскеудегі қазақ өнерінің декадасы күндері (1936-ж.) Қыз Жібек бейнесін сомдаған Күләш тыңдарман жұртшылықты таң қалдырды. «Мен, ерекше асқақ, әрі жеңіл де күміс сыңғырлы, құстың сайрағанын елестететін дауысы бар әншіні атай алмас едім, ал, Күләш Бәйсейітова болса өз деңгейінде асыра мақтауды қажет етпейтін «қазақтың бұлбұлы» атағын иеленді (В.Барсова- белгілі орыс әншісі, СССР халық әртісі, Москвадағы Үлкен театрдың солисі). Өнер шыңында таңқаларлықтай жетістіктерге жеткен, бұлбұл даусын жас шағында-ақ мойындап (24 жасында), Күләшқа Совет Одағында алғашқылардың қатарында СССР халық әртісі атағы тағайындалды.

Күләш Бәйсейітованың дарыны көп қырлы. Ол драмалы спектакльдерді айрықша орындаушы республикамыздың тұңғыш кәсіби деңгейдегі концерттік және опералық қазақ әншісі. Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды. Замандастары дүниежүзілік мәдениетті тануда Күләш атымен байланыстырады. Оның дауысы – қазақ даласындай кең де биік, ұлттық нақышы айрықша болғандықтан, орындаған әндері қазақ халқына жақын әрі түсінікті еді.

Күләштің өнер саласындағы негізгі шығармашылығы – операға байланысты. Өнер бастауында танымал орындаушылар – Құрманбек Жандарбеков, Қаныбек Байсейітов, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов... Солардың ішінде Күләштың орны ерекше еді. Ол тек драмаларда басты партия орындаушы ғана емес, әсіресе, ұлттық спектакльдерді жандандырып, жасаушысы болды. Қазірге дейін халық жадында Күләш сомдаған Қыз Жібек, Хадиша, Ақжүніс, Ажар, Сара бейнелері қалды.

Күләш арқылы қазақ халқы алғаш рет классикалық операдағы әйелдер бейнелерін танып, сүйіспеншілікпен қабылдады. «Өр көкірек Қыз Жібек пен зұлым, азғырушы Ақжүністің рөлін жасауда,- дейді әнші,- мейірімді Хадиша мен “Даиси” деп аталатын грузин операсындағы Маро немесе “Чио-Чио-сандағы” аянышты Баттерфляй, болмаса өр мінезді Татьянаның (Евгений Онегин) бейнесін сомдағанда мен адамзат жайында ән саламын».

Әнші гастрольдерге жиі шығып, көптеген мемлекеттерде шырқатып ән салды. Концерттік репертуарында қазақтың халық әндері мен дүниежүзі халықтарының әндері негізгі орын алды. Күләштің осындай сапарлары арқасында дүние жүзі Қазақстанның бай мұрасымен танысып, еліміздің мәртебесі асқақтай түсті. Оның бүкіл әлемге танымал ардақты есімі ұлтымыздың ұлылығымен мәңгілігінің символындай қастерлі.

Күләш Байсейітованың еңбегін өкімет жоғары бағалады. СССР халық әртісі (1936), СССР Мемелекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты (1948, 1949). К. Бәйсейітова бірнеше рет Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутаттыққа сайланды, Мемлекеттік сыйлық тағайындау комитетінің мүшесі болған. Қазақтың театр қоғамының ұйымдастырушысы және тұрақты басқарушысы қызметін атқарған. Екінші дүниежүзілік бейбітшілікті сақтау конгресінің жұмысына қатысқан.

Қазақстандықтар ұлы әншіні қашанда ардақтап, есіне мәңгі сақтауда. Оның құрметіне Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығы тағайындалды. К. Бәйсейітованың есімімен Алматының бір көшесі және арнайы музыкалық мектеп аталады. Жыл сайын Қазақстанда К. Бәйсейітова атындағы вокалистердің байқауы өткізіліп тұрады. «Қазақ бұлбұлы» атанған әнші есімі Республикамыздың жаңа астанасының опера театрына да берілген.

Қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына байланысты өнердің неше алуан түрлерімен айналысқан. Сол арқылы жастарды ұлттық әдет-ғұрып, дәстүрлерін, өнерін қастерлеуге тәрбиелеп келеді.

Сұрақтарға жауап беріңіз:

  1. Күләш Жасынқызы Байсейітова қай жылы, қай қалада дүниеге келді?

  2. Күләш қай жерлерде өнер көрсетті?

  3. Күләш әндерді қалай айтатын?

  4. Күләштің дауысы қандай дауысқа жатады?

  5. Қазақ халқы кім арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды?

  6. Күләш кімдердің бейнесін сомдаған?

  7. Жыл сайын Қазақстанда кімнің атында және қандай байқау өткізіліп тұрады?

Жазылым:

1-тапсырма.Сөйлемдердің сыңарын табыңыз:

  1. Күләш арқылы қазақ халқы алғаш рет классикалық операдағы әйелдер бейнелерін танып, .......................

  2. Әнші гастрольдерге жиі шығып, ................

  3. Күләштің осындай сапарлары арқасында дүние жүзі Қазақстанның бай мұрасымен танысып, ................................

  4. Қазақстандықтар ұлы әншіні қашанда ардақтап, .............

  5. Қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне, ...................

  6. Республика Күләш есімін жаңа қырынан таныды, ...................

  7. Сол арқылы жастарды ұлттық әдет-ғұрып, дәстүрлерін,...................

2-тапсырма.Сөйлемдердегі тұрлаулы мүшелерді анықтап жазыңыз.

Күләштің өнер саласындағы негізгі шығармашылығы – операға байланысты.

Күләш Байсейітованың еңбегін өкімет жоғары бағалады.

“Қазақ бұлбұлы” атанған әнші есімі Республикамыздың жаңа астанасының опера театрына да берілген.

Қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына байланысты өнердің неше алуан түрлерімен айналысқан.

Сол арқылы жастарды ұлттық әдет-ғұрып, дәстүрлерін, өнерін қастерлеуге тәрбиелеп келеді.

3-тапсырма.Берілген мақал- мәтелдердің мағынасын ашыңыз:

  • Ер қадірін ер білер,

  • Зер қадірін зергер білер.

  • Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген.

  • Ерінбеген етікші болады.

  • Қолың ұста болсын, сөзің қысқа болсын.

  • Ұстаны соққан пышағынан таниды.

  • Қазаншының өз еркі

  • Қайдан құлақ шығарса.

Тыңдалым:

Тыңдаңыз:

Тыңдалым бойынша тест сұрақтарына жауап беріңіз:

1. Астана қаласының опера және балет театрына қазақтың әйгілі әншісі Күләш Байсейітоваға қандай мәртебе берілді?

а)Ұлттық

б) Отандық

в) Патриоттық

г) Қайраткері

2. К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры қазіргі таңда қандай театр?

а) ең әдемі театр

б) ең жас музыкалық театр

в) ең үлкен театр

г) ең ғажайып театр

3. Ұлттық театрдың мақсаты қандай?

а) жаңа шығармаларды жарыққа шығару

б) ескі шығармаларды жарыққа шығару

в) көне шығармаларды жарыққа шығару

г) әдемі шығармаларды жарыққа шығару

4. Театрдың ұлттық репертуары қандай туындыларымен толыға түсті?

а) аса көрнекті

б) аса суретті

в) аса бейнелі

г) аса жарқын

5. Астананың мәдени өмірін дүр сілкінткен қандай туынды?

а) «Батыр Баян туралы аңыз»

б) «Қамр сұлу»

в) «Қыз Жібек»

г) «Ер Тарғын»

Анықтама:

көркем сөз өнері– художественное искусство слова

ән мен би – песня и танец

күй орындау – кюи, исполняемые на домбре

сурет өнері-живопись

ел дауын шешкен -решил в спорах

жер дауы-тяжба за землю

шешкен- решил

ақылымен– благоразумием,благоразумно, рассудительным

даналығымен– мудрым, гениальностям

аты шыққан-знаменитый

билер–бий, судья

Тезаурус:

маңдайалды– үлгілі , алдыңғы қатардағы.

жанқиярлық– елі, жері үшін басын өлімге тігу.

үйлесімі– жан – жақты сәйкестілік, бір–бірі мен сәйкес келу.

40-сабақ.