Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Контрольная (отчёт)Кожевникова.docx
Скачиваний:
10
Добавлен:
12.09.2019
Размер:
247.71 Кб
Скачать
  1. Оқытудың ұстанымдары және заңдылықтары

Оқудың дәстүрлі теориясында аса танымал болғандары келесі дидактикалық принциптер:

1. Оқытудың ғылымилық принципі. Бұл принцип табиғат, қоғам, мәдениет, ойлау дамуының заңдылықтарын білуді талап етеді. Ғылымилық принцип оқу бағдарламаларын, оқулықтарды жасағанда еске алынып, оқыту процесінде жүзеге асырылады. Ғылымилық принцип оқушылардың таным қабілетінің дамуына, дүниеге көзқарасының және жоғары адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді.

Оның негізгі талаптары:

- Білім берудің мазмұны ғылымның қазіргі даму дәрежесіне сай болуы;

- Заттар мен құбылыстардың сыртқы көріністерін байқаудан, әрі қарай-олардың өзара себептік-салдарлық байланыстарын біліп алуға көшіп отыру, ғылымдағы негізгі заңдылықтар мен басты идеяларды ұғынуға (түсінуге) баса назар аудару;

- Ғылымның тарихымен таныстыру;

- Ғылымның әдістерімен таныстыру;

Мұғалімнің оқу материалын баяндау; әңгімелеу тәсілі түсінікті болуы.

2. Жүйелілік және бірізділік принципі. Оқыту процесінде оқу бағдарламалары мен тақырыптық жоспарда көрсетілген тақырыптар бойынша теориялық және практикалық мәселелер бірізділікпен белгіленеді. Жүйелілік және бірізділік принципі оқыту процесінде балаларды үнемі өз бетімен жұмыс істеуге (сабақ үстінде, үйде кітаппен, лабораторияда, шеберханаларда т.б.), сонымен бірге балалардың білімін жүйелі түрде тексеріп, есебін алып отыруда, оларды күнделікті сабақтарға дайындықпен келуге де үйретеді.

Бұл принцип жалпы пәндерді оқыту жүйесінде де қолданылады. Мысалы, көркем әдебиет пәндері бойынша бастауыш сыныптарда жай мақалалар мен әңгімелер оқытылса, жоғары сыныптарда әдебиет шығармалары, әдебиет тарихы өтіледі.

Бұл принцип оқытудың ғылымилығы принципімен тығыз байланысты.

Негізгі талаптары мыналар:

- Әрбір ғылымның логикалық жүйесіне сәйкес оқу пәндерін оқытуда сабақтастықтың болуы;

- Оқытудың білім, білік пен дағдыны қалыптастыру процесінде бірізділіктің болуы;

- Сабақтардың өзара мазмұны мен әдістерінде жүйеліліктің болуы;

- Білімнің мазмұнын ұғынудағы сатылардың бірізділігін сақтау /қызығу, алғашқы көру-байқау, есте қалдыру, түсіну, ұғым құру, тұжырымдар жасау т.б.).

- Оқу пәндерінің арасында өзара байланыстардың болуы.

3. Саналылық пен белсенділік принципі. Бұл принцип оқушылардың таным әрекеті мен оған басшылық жасауға бағыт беретін негізгі принциптердің бірі. Саналылық пен белсенділік дегеніміз білімді саналылықпен белсене қабылдап, оның өмір және практикамен байланысын тереңдету, оқылатын фактілер мен құбылыстардың мәніне түсіну болады.

Негізгі талаптар:

- теория мен практиканың арасында тығыз байланыстың болуы;

- оқушыларды білімдер мен оқу материалын тек жаттап алмай, солардың мән-мағынасына терең түсінетін қалыпқа жеткізу;

- оқушыларды өздігінен жұмыс жасаудың тәсілдеріне, сондай-ақ есте қалдыру мен ойлаудың амалдарына (салыстыру, анализ, жоспар құру т.б.) үйрету;

- оқушылардың таным белсенділігін арттыратын шығармашылық жұмыстарды кеңінен қолдану;

- сабақтарда мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттыру.

Сабақ үстінде берілген тапсырмаларды оқушылардың саналылықпен орындауы, олардың белсенділігін арттырады. Әрбір іс-әрекетін орындауда оқушылар оның теориялық және практикалық мәніне терең түсінуі қажет. Мысалы: 1. Тіл сабақтарында грамматикалық ережелерді теория тұрғысынан терең ұғыну қажет болса, ал сөйлемдерді сөз таптарына, сөйлем мүшелеріне ажырата білу оқушылардың іскерлік пен дағдыны саналылықпен игеруін көрсетеді. 2. ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің теориясын жете түсінумен бірге, оларды қалай өсірудің практикалық тәсілдерін шәкірттер жақсы білуі қажет.

Оқушылардың дүниетанымын тереңдетуге, белсенділік сезімін оятуға ғылыми-техникалық даму кезеңіндегі оқытудың жаңа үдемелі әдістері мен формалары ықпал жасайды. Сонымен бірге саналылық және белсенділік принципін іске асыруда мұғалім мен шәкірттердің бірлесіп істейтін шығармашылық жұмыстары да игі әсер етеді.

4. Көрнекілік принципі. Көрнекілік оқушыларға заттардың өзін немесе солардың бейнесін тікелей көріп байқауға мүмкіндік береді.

Бұл принциптің негізгі талаптары:

- Көрнекілікті белгілі мақсатқа байланысты қолдану;

- Көрнекілікті қолдану-оқушылардың бақылау әрекетін ұйымдастыруды керек етеді;

- Көрнекілікті қолданудың маңызды бір шарты-мұғалімнің образбен (бейнемен) өзінің сөзін дұрыс байланыстыра алуында;

- Көрнекілікті артық қолдануға болмайды, ол оқушылардың теориялық ойлау процесінің дамуына кедергі болмауы керек;

- Көрнекі құралдардың түрлерін ( заттық, образдық, графикалық, символикалық, техникалық т.б.) оқу пәндерінің және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай қолдану.

Көрнекілік принципін алғаш зерттеп, оған мәнді үлес қосқан Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский т.б.

Осы принцип негізінде Я.А.Коменский алғашқы оқытудың әдістемесін жазды.

К.Д.Ушинский көрнекілік жайындағы ілімді дамыта келіп, көрнекілік- балалардың психологиялық ерекшеліктеріне жауап береді, балалар заттардың пішіні, дыбысы, бояуы арқылы ойлайды деді.

Оқыту процесінде сөз бен іс, теория мен практика өзара байланыста болады. Әр түрлі көрнекілікті қолданудың нәтижесінде сабақ әрі түсінікті, әрі қызықты болып өтеді. Мысалы, жоғары сыныптарда сабақты демонстрациялап өткізу өте тиімді және нәтижелі болады. Көрнекілік абстакты ұғымды игеруге әсер етеді. Мысалы, электрон теориясын сабақта кинофильмді пайдаланып түсндіру жақсы нәтиже береді.

Сонымен, көрнекілік принципінің оқыту материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді терең оқуда, берік есте сақтауда алатын орны ерекше.

Көрнекіліктің түрлері:

1. Табиғи көрнекілікке коллекциядағы кептірілген өсімдіктер, хайуандар мен құстардың тұлыбы, минералдар және т.б. жатады.

2. Заттар мен бейнелеу көрнекілігі: муляж, геометриялық фигура, макет, портреттер, архитектура, кескіндеме және мүсін үлгілері, жер бетінің бедері т.б.

3. Символикалық көрнекілікке: карталар, картограммалар, схемалар, диаграммалар, кестелер жатады. Мысалы, кестенің бірнеше түрлері бар. Олар: хронологиялық, синхрондық, тақырыптық, графикалық кестелер.

4. Экранды-динамикалық көрнекілік шындық дүниені бейнелейді. Олар: диапозитивтер, диафильмдер, эпипроекторлар, оқу киносы, оқу теледидары.

5. Дыбысты техникалық көрнекілікке грампластинкалар, магнитофондар, радиоқабылдағыштар жатады.

Көрнекі құралдар оқу материалдарын, әсіресе, теориялық ережелерді есте жақсы сақтау және жеңіл түсіну үшін қолданылады.

5. Оқытудағы білімнің беріктігі принципті. Оқытуда оқушылардың алған білімдерінің берік болуы жоғарыда айтылған принциптердің ойдағыдай іске асырылуына байланысты.

Принциптің негізгі талаптары:

  • Оқу материалын ұмыттырмай қайталап оқыту.

  • Өткен материалдардағы өзекті мәселелерді, ең басты, негізгі идеялар мен қағидаларды есте сақтауды талап ету;

  • Өткен материалдар мен жаңа материалдар арасындағы байланыстардың маңызын әсерлі, қызықты етіп түсіндіру;

  • Өткендерді қайталау кезінде тек еске түсіру мақсат емес, алған білімдерді белгілі жүйеге келтіріп, тереңдету, байыту мақсатын көздеу керек;

  • Білімнің берік болуы әр түрлі шығармашылық жаттығулар негізінде қалыптасқан білім мен дағдыларды керек етеді.

  • Егер оқушы алған білімдерін өз өмірінде немесе күнделікті практикалық іс-тәжірибеде қолдана білсе, сонда білімнің беріктігі артады.

6. Түсініктілік принципі. Түсініктілік принципі оқытуды оқушылардың дайындық деңгейіне сай ұйымдастыруды талап етеді. Сонымен бірге оқушыларға тапсырма «ең таяу даму зонасына» сәйкес берілуі тиіс, яғни тапсырманы мұғалімнің басшылығымен терең ойлап орындауды оқушылардан талап ету керек. Егер тапсырма аса ауыр болса, онда оқушылардың ықыласы төмендейді, сенімі кетеді, күшіне зиян келеді.

Түсініктілік принципінен оқыту ережелері туады. Мысалы:

1. Жеңілден қиынға көшу. Мұнан оқушыларды таным іс-әрекетіне бірте-бірте үйрету, яғни нақты фактілерден жалпы қорытындыға көшу ұғымы туады. Дара фактілерді жинақтау негізінде жеке нәрседен жалпы қорытындыға көшуді индуктивті жол деп атайды.

2. Қарапайымдылықтан күрделілікке көшу. Мәселен, оқушыларға құрмалас сөйлемді түсіндіру үшін, оларды ең алдымен жай сөйлеммен таныстыру қажет.

3. Белгіліден белгісізге көшу деп оқушылардың өткен сабақтан алған біліміне сәйкес жаңа сабақ материалын меңгеруін, яғни өткен сабақ үстінде білімді терең түсініп, игеруін айтады.

7. Оқытудың мақсаттылық принципі. Әрбір сабаққа дайындалу үшін ең алдымен оның мақсатын анықтайды. Мақсатсыз сабақ жақсы нәтиже бермейді. Өйткені оқыту әдістері олардың мақсаттарына байланысты. Осыған орай, әрбір баланың және ұжымның ерекшеліктерін еске алып, мұғалім оқыту жұмыстарының формаларын, мазмұнын, әдістерін іріктеп алады. Оқыту мен тәрбие жұмыстарын осындай мақсатпен ұйымдастыру мұғалім мен оқушылардың іс-әрекетерінің үнемі жоспарлы түрде өтуіне игі әсер етеді.

8. Ізгілендіру принципі- оқушыға деген ерекше сүйіспеншілікті, құрметті талап етеді. Балаға сенім артып, оның жеке басының қасиеттерін ескеріп, оқу-таным әрекетінің жемісті болуына қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасау керек.

Оқу процесінде, сабақтарда балаларды қорқытпай, қысымшылық жасамай, керісінше, олармен жылы қарым-қатынас жасау міндет.

Бұл принцип гуманитарлық бағдарды жүзеге асыруды керек етеді. Мектептерде білім мазмұнын жалпыадамзаттық және ұлттық рухани игіліктерге қарай бағыттау, қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін, дәстүрін, көркемөнерінт.б. терең оқып-білу міндетін іске асыру керек. Бұл принципті іске асырудыа халық педагогикасының маңызы зор. Халық педагогикасы қазақ халқының ғасырлар бойы атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан тәрбие жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Әсіресе, балаларды ізгілікке тәрбиелеуде халық педагогикасының қағидалары мен салт-дәстүрлерінің орыны ерекше.

9. Проблемалық принцип- оқу процесінің мазмұны, әдістері, ұйымдастыру формалары проблемалы сипатта болуын талап етеді. Проблемалы оқыту білімді дайын түрде бермей, оқушылардың ізденуін, дербестігін, шығармашылық ойлауын дамытуға бағытталады. Проблемалық принцип оқушылардың ойлау процесінің психологиясына негізделеді. Өйткені ойлаудың басталуы проблеманың болуына байланысты, басқаша айтқанда, ойлау-проблемалық сұрақ немесе міндеттен басталады.

10. Интеграциялау принципі- Бұл жалпы білім мазмұнын анықтауда оқу бағдарламалары мен оқулықтарды жазып шығаруда ескеретін маңызды принцип. Интеграция- әртұрлі пәндердегі негізгі принциптер мен заңдылықтарды өзара тығыз диалектикалық бірлікте қарастыруды көздейді.

Сондай-ақ мазмұны жағынан бір-біріне жақын пәндердің (тіл мен әдебиет, әдебиет пен тарих, математика мен информатика, өнер мен еңбек, этика мен эстетика т.т.) өзара және жеке пәннің ішіндегі материалдардың арасындағы байланыстарын анықтап, оқушылардың білімін тереңдетуге болады. Осыған орай интеграцияланған пәндердің, сабақтардың ролі ерекше.

11. Теория мен практиканы байланыстыру принципі негізіне классикалық философияның ақиқат пен танымдық қызметтің дерек көзі- тұрмыс және практика екендігі туралы тұжырымы алынған. Орынды ұйымдастырылған тәрбие әрқашан өмірдің өзінен, практикадан бастау алып, онымен тығыз байланыста болады, сонымен өсіп келе жатқан әулетті белсенді тіршілік қамына дайындайды. Оқудың өмірмен, теорияның практикамен тығыз байланысты болуы оқу мазмұнына, оқу-тәрбие процесінің келелі ұйымдастырылуына, оқудың тиімді формалары мен әдістерін пайдалануға, еңбек пен политехникалық дайындыққа бөлінген уақытқа, сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне тәуелді келеді.

12. Оқудың өмірмен ұштастық принципін іске асыру негізі- теориялық тұжырымдар мен озат мектеп ұжымдарының тәжірибесінен туындайды. Атап айтқанда, мектепте игерілетін білімдердің қажеттігін оларды қоғамдық-тарихи практикамен байланыстыра, оқушыларды сендіре, дәлелдеу, оқу процесін білімнің, оған қоса мектепте алатын құндылықтарының өмірлік қажетті дүние болатынын түсініп, сезетіндей дәрежеде алып бару, балаларға қазіргі заманның жаңа технологиялары, өндірістік қатынастары, озат еңбек әдістері жөнінде әңгімелеу, оқушыларды өз білімдерін практикада тексеріп, қолдануға табандылықпен үйрету, қоршаған дүниені білім көзі және сол білімді қолдану саласы ретінде пайдалану және т.б.

13. Ынталандыру принципі- бұл принциптің маңызы өте зор. Оқуға, білімге, мұғалімнің жеке басына деген, сондай-ақ оқу жұмысының барлық әдістеріне, түрлері мен формаларына, оқушыларда ынта-ықылас болса, олардың оқу-таным әрекеті сенімді, ерікті, қуанышты болады.

Сондықтан мұғалім, ең алдымен, сабақтарын қызықты, тартымды, әсерлі етіп өткізуге міндетті.

14. Ұнамды көңіл-күй сақтау принципі- бала табиғатының дамуы мен оның іс-әрекетіне байланысты туындайды. Ұнамды көңіл-күйден адам жаны нәр алады, ой-өрісі сәулелене түседі, оқу жеңіл, жылдам және жағымды сезіммен қабылданады. Егер оқушының кітап оқуға зауқы болмаса, оны ауыр да азапты еңбек сипатында қабылдаса, одан табысты нәтиже күтудің өзі бей-берекетсіз іс. Сондықтан да, оқу баланың ұнамды көңіл-күйін көтеріп, оны қуанышты оқиға ретінде қабылданатын дәріс жұмысына дайындау қажет. Ұнамды қатынас болмаған жерде оқу процесі өз ықпалын жояды. Ықыласы болмаған адамды оқыту- бос әурешілік. Көңілін қорқыныш, өшпенділік, жек көрушілік жайлаған баланы оқыту оның санасына шынайы болмыс деректерін зорлап ендірумен бірдей. Мұндай жолмен қабылданған білім ұзаққа бармай ұмытылады, одан келер пайда болымсыз. Сондықтан педагогтар бар шеберлігін қосып, мектеп оқу еңбегі мен білім тартымдылығын көтеруге ат саласады. Бала жанын сенім шуағымен жылытып, оның алғашқы қадамдарына қолдау көрсетеді. Мектеп өмірін мұғалімдер жарқын да қызықты істер, оқиғалармен толтырып, олардың бәрі балалық шақтың балдәурені секілді оқушы есенде ұзаққа сақталуына негіз қалайды.

15. Педагогикалық процестің бағыттылық принципі. Педагогикалық процестің бағыттылық принципі жеке адамның әр жақты дамуына, оқыту мен тәрбие үйлесімдігіне ықпал жасайды.

Кешенді ықпал жасау идеясы қоғамдық құрылыстың өз табиғатынан шығады-оқыту мен тәрбие жұмысы жүйесінің тұтас, мызғымас бірлігі.

Ақыл-ой, адамгершілік және еңбек тәрбиесін тығыз бірлікте қамтамасыз ету педагогикалық процестің бағыттылық принципінің негізін құрайды. Адамның білімге, әр түрлі іс-әрекетіне сенімділігі, сонымен бірге ақыл-ой тәрбиесі қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек процесінде дамиды. «Еңбек білім берумен қатар жүрмейінше, саяси және қоғамдық тәрбиемен қатар жүрмейінше, тәрбиелік пайда келтірмейді, бейтарап процесс болады»-дейді А.С.Макаренко.

Педагогикалық процестің басты идеясы- оқыту мен тәрбие жұмысында мақсаттың, міндеттердің, принциптердің, заңдылықтардың мазмұнының, әдістер мен формалардың бірлігі, тұтастығы және өзара байланыстылығы. Бұл идеяны іске асыру үшін ең алдымен ғылымның соңғы жетістіктеріне сәйкес әр түрлі жабдықтармен, оқыту машиналарымен, техникалық құралдармен, атап айтқанда, символикалық экранды-динамикалық дыбысты-техникалық құралдармен жабдықтау, оқыту және тәрбие процесінің сапасын және тиімділігін арттырады.

Оқыту мен тәрбие процесінде моральдық-психологиялық жағдайдың да мәні өте зор. Сабақ үстінде, тәрбиелік шараларды өткізу процесінде тәрбиешілер мен оқушылар арасындағы бір-біріне тілектестік, жанашырлық, қамқорлық және қиын жағдайларды өзара көмек іс-әрекетінің сапасына тиімді ықпал жасайды.

Сонымен, тұтас педагогикалық процесте кешенді ықпал жасау-бұл әр түрлі іс-әрекеттерін нақты жоспарлау, әр түрлі жұмыстарды (саяси-идеялық, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек т.б.) табиғи бірлікте жүзеге асыру.

Қорытындылай келе, айтарымыз: принциптер әрқашан белгілі жүйеде, бір уақытта, тығыз байланысқан күйде іс-әрекетті комплексті, параллель жүзеге асып барады, оларды кезекпен немесе бірінің орындалуымен екіншісіне тізбекті өте пайдалану мүмкін емес. Принциптер арасында басты не екінші дәрежелісі болмайды, әңгіме тек олардан туындайтын талаптардың ауқымдығы мен жалқылық дәрежесі жөнінде болуы мұмкін. Барша принциптер өзара кіріге ұштасқан, сондықтан бірінің талаптары, екінші бір принцип талаптарымен мәндік жақындыққа түсіп жатады. Олардың бәрінің де қызметі-бағыттау, оқудың сапалы нәтижелеріне жетудің жолдарын көрсету. Білімдендіру ісін гуманизациялаудың мәні-оқушының тән-дене және ақыл-ес мүмкіндіктерін сақтау және дамыта түсу. Сондықтан оқу еңбегінің нәтижесі оған жұмсалған оқушы күш-қуатының деңгейімен салыстырылып, бағаланады. Принициптер баланың табиғи және әлеуметтік мүмкіндіктерін, күш салулары мен еңбек нәтижелерін қалыпты мөлшерлеп отырады, егер қандай да себептермен ауытқуға түспесе, олар арасындағы теңдіктің сақталған.

Педагогикалық процестің заңдылықтары Ю.К.Бабанский, И.Я.Лернердің,И.Ф.Харламовтың және И.П.Подласыйдың ғылыми педагогикалық еңбектерінде кең көлемде баяндалған.

Оқыту процесінің заңдылықтарына:

1.Оқытудың мақсат-міндеттерінің қоғам талабынан туындап, сонымен бірге оның мазмұны мен амал-тәсілдері және ұйымдастыру формаларының өзгеріп, жаңартып, толығып отыруы заңды процесс болып табылады.

2.Оқытуда оның білім беру, тәрбиелеу және даму қызметтерінің өзара байланысты болуы заңдылық.

3.Оқыту процесінде баланың таным белсенділігі артады, ақыл-ой қабілеті дамиды, ғылыми ұғымдарды, олардың мәнін, ерекшеліктерін түсініп, меңгереді.

4. Оқыту – тәрбиенің негізгі құралы. Сондықтан оқытуда тұлғаның жеке басының қалыптасып дамуы да заңды процесс.

5. Оқыту барысында әрбір тұлғаның жас және дара ерекшеліктерін ескеру, соған байланысты таным әрекетін ұйымдастырып отыру да заңдылық боп есептеледі.

6. Оқытудың адам және табиғаттың жалпы даму заңдылықтарына байланыстылығы.