Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Orazbaeva_D_1241_ribay_Ekologia_negizderi.doc
Скачиваний:
562
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
8.09 Mб
Скачать

2.6. Негізгі тіршілік орталары

Әртүрлі организм түрлерінің тіршілік жағдайлары түрліше болады. Олардың кейбіреулері, мысалы, ұсақ кенелер немесе бунақденелілер бүкіл өмірін өсімдік жапырақтарында өткізсе, ал кейбіреулері әртүрлі кеңістікті мекендейді (сібір бұғысы, мұхиттағы кит, жыл құстары).

Әртүрлі түрлер өкілдерінің тіршілік еткен жерлеріне байланысты оларға әртүрлі экологиялық факторлар әсер етеді. Біздің планетамызда бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше негізгі тіршілік орталарын бөлуге болады. Олар: су- тіршілік ортасы, жер-ауа -тіршілік ортасы, топырақ -тіршілік ортасы, тірі организмдердің денесі.

Су - тіршілік ортасы

Тіршілік іс-әрекеттерінің әртүрлілігіне қарамастан барлық су мекендеушілері өз ортасының негізгі ерекшеліктеріне бейімделуі тиіс. Бұл ерекшеліктер ең алдымен судың физикалық қасиеттері: су тығыздығымен, жылу өткізгіштігімен, тұздар мен газдарды еріту қабілеттілігімен анықталады.

Су тығыздығы- оның итерушілік күшімен анықталады. Тез жүзуге қабілетсіз көптеген ұсақ жәндіктер суда қалқып жүреді. Су ағынымен бірге жүріп, тіршілік ететін ұсақ организмдер жиынтығы планктон деп аталады. Оларға ұсақ балдырлар, бактериялар, ұсақ шаяндар, балық уылдырықтары және дернәсілдері, медузалар, кейбір ұлулар және т.б. түрлер жатады. Планктонды организмдер су ағысымен қозғалады, өйткені олар ағысқа қарсы тұра алмайды. Суда планктондардың болуы - қоректенудің фильтрациялық типінің болуына мүмкіңдік береді. Қоректенудің бұл типі теңіз лилиясы, мидия, устрица сияқты теңіз түбінде отырыңқы тіршілік ететін жануарлар мен қатар, жүзгіштерде де дамыған. Судан сүзіп алынған сүзінділер бұл жануарлардың қорегі болып табылады.

9-сурет. Су- тіршілік ортасы

Судың тығыздығы суда тез қозғалуға кедергі жасайды, сондықтан тез жүзетін балықтар, дельфиндер, кальмарлар сияқты жануарлардың бұлшық еттері жақсы жетілген және денесінің пішіні доғалданған. Жарық судың тек аздаған тереңдігіне ғана өтеді, сондықтан өсімдіктер судың жоғары беткі қабаттарында ғана өседі, ал өте тереңдікте өсімдіктер болмайды.

Судың жылу режимі -құрлыққа қарағанда суда тұрақтылау болады. Жылудың жылдық өзгеру құбылысы мұхиттың жоғары қабатында 10-15°C, ал континентті суларда 30-35°C аралығында өзгеріске ұшырайды. Сулардың терең қабатында жылу тіпті өзгеріске ұшырамай, бірқалыпта болады.

Су организмдерінің тіршілігін тежейтін негізгі фактор- оттегінің шектеулі мөлшері. Оның ерігіштігі өте жоғары емес және су ластанғанда немесе қайнағанда оттегінің мөлшері азаяды. Сондықтан тоғандарда әркезде оттегінің жетіспеушілігінен су мекендеушілерінің жаппай өлімі кездеседі.

Ортаның тұздылық құрамы су организмдері үшін өте маңызды. Теңізде тіршілік етуші түрлер тұщы суда, ал тұщы суда мекендеушілер, керісінше, теңізде тіршілік ете алмайды. Әлемдік теңіз суында жерде кездесетін элементтердің барлық түрі кездеседі. 1л суда еріген минералды заттардың массасы –тұздылық деп аталады. Тұздылық бірлігі промилле (%), ол 1 л суда еріген 1г заттың қатынасы.

Жер – ауа тіршілік ортасы

Бұл ортаның өзіне тән ерекшеліктері бар. Мұнда оттегі мен жарық мөлшері көп мөлшерде, кеңістіктерде температураның өзгерісі күрт өзгереді, қысым әлсіз және ылғал жетіспеуі жиі болып тұрады. Ауа тығыздығы сумен салыстырғанда тіпті аз, сондықтан ауада тұрақты өмір мүмкін емес. Көптеген түрлер ауада ұшатын болса, ал ұсақ жәндіктер, өрмекші, микроорганизмдер, өсімдік тұқымдары мен споралары ауа ағынымен таралады, қоректену мен көбею жердің беткі қабатында өтеді. Ауа сияқты мұндай тығыздығы онша емес ортада организмдерге тірек қажет. Сондықтан жер беті өсімдіктерінде арқаулық ұлпа, ал жер үсті жануарларында ішкі және сыртқы қаңқа дамыған. Құрлық мекендеушілерінің 3/2 бөлігі белсенді және енжар ұшуды меңгерген. Олардың көпшілігі бунақденелілер мен құстар.

Ауа жылуды нашар өткізеді. Организмдердің ішінде түзілетін жылуды сақтау мүмкіншілігі және жылықанды жануарлардың тұрақты температураны ұстауы ауаның осы қасиетімен түсіндіріледі. Жылықанды жануарлардың дамуының өзі жер ортасында болған. Қазіргі сүтқоректілердің - кит, дельфин, морж, тюленьнің ата тектері бір кездері құрғақшылықта тіршілік еткен. Ылғалды және құрғақ жағдайларда өзін қамтамасыз етумен байланысты жер үстін мекендеушілердің алуантүрлі болатын бейімделушіліктері бар. Өсімдіктерде бұл күшті дамыған тамыр жүйесі, жапырақ пен сабақтың жоғарғы бетінде су өткізбейтін қабат, лептесік арқылы судың булануын реттеуге қабілеттілігі.

Жануарларда тері және дене құрылысының әртүрлі ерекшеліктері және су тепе-теңдігін реттейтін олардың тіршілік әрекеттері бар, мысалы, олар су ішетін жерге көшуі мүмкін. Кейбір жануарлар бүкіл өмірінде құрғақ азықпен қоректенеді, мысалы, қосаяқ және күйе көбелек. Бұл жағдайларда организмге қажет су қорек құрамындағы бөліктердің тотығуы есебінен пайда болады.

Жер үсті организмдер тіршілігіндегі маңызды роль атқаратын экологиялық факторларға судың мөлшері, ауа құрамы, күшті жел, бедер жатады. Мұнда ең маңыздысы- ылғалдылық пен климат. Жер ауа ортасы жер климатына және олар тұрған жердегі ауа райы жағдайларының өзгеруіне бейімделуі тиіс.

Топырақ-тіршілік ортасы

Топырақ- тірі организмдердің іс-әрекетінің нәтижесінде түзілетін құрлық бетінің өте жұқа қабаты. Топырақтың ішінде өте көптеген микроорганизмдер тіршілік етеді, мысалы, бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар, құрттар, буынаяқтылар және т.б. Ал ірі жануарлар топырақтан өздерінің жолдарын қазады. Топырақта бүкіл өсімдіктердің тамырлары кездеседі.

Ең негізгі топырақ ортасының ерекшелігі- тіршілігін жойған өсімдіктердің мүшелерінің ыдырауы нәтижесінде үздіксіз органикалық заттардың келуі. Бұл көптеген жануарлар мен саңырауқұлақтар үшін энергияның баға жетпес көзі. Сондықтан топырақ - тіршілікпен қаныққан орта. Топырақ түзілу процесінде топырақта тез қозғалатын жануарлар маңызды орын алады. Олар топырақты қазып, оның аэрациясы үшін жағдайлар жасайды, органикалық және минералды заттарды араластырады. Топырақ организмдері тіршілік ортасымен байланыс жасауына қарай үш негізгі топқа бөлінеді.

Геобионттар- топырақты тұрақты мекендеушілер, яғни олардың барлығы тіршілік (циклі) кезеңдері топырақ ішінде өтеді (жауынқұрт, қанатсыз жәндіктер).

Геофилдер- даму кезендерінің тек бір бөлігін топырақ ішінде өткізетін жануарлар. Оларға көбінесе бунақденелілер: шегіртке, қоңыздар, ұзынаяқты масалар жатады. Олардың дернәсілдері топырақта дамиды, ал ересек түрлері жер үсті тіршілік иелері болып саналады.

Геоксендер- топырақты жасырыну немесе тығылу үшін пайдаланатын жануарлар (індерде болатын тарақан, кеміргіш, сүтқоректілер).

10-сурет. Топырақ тіршілік ортасы

Топырақ мекендеушілері қозғалу дәрежесі мен көлеміне қарай да үш топқа бөлінеді.

Микробиота- қоректік тізбектің негізгі звеносын құрайтын топырақ микроорганизмдері (жасыл және көк жасыл балдырлар, бактериялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар).

Мезобиота - топырақ ішіндегі ұсақ қозғалғыш жануарлар, (топырақ құрттары, бунақденелілердің, кенелердің ұсақ дернәсілдері).

Микробиота-ірі қозғалғыш бунақденелілер (жауынқұрттардан бастап жер қазғыш омыртқалыларға дейін).

Ылғал жетіспейтін аймақтарда негізінен дала және шөлдерде тұзды топырақ кездеседі. Бұндай құрғақ және ыстық климатта топырақ жауын-шашынмен жартылай жуылады. Натрий және кальций тұздарымен қаныққан топырақ- сор топырақты жер деп аталады. Осы тұзды топырақта өсетін өсімдіктер галофиттер деп аталады (бұзаубас, сарсазан, сарыбарақ, сораң, сорқаңбақ, жантақ, және т.б.). Кейбір галофиттер жапырақтары арқылы тұз бөледі немесе оларды өз организмінде жинақтайды.

Ал тұзды топырақта тіршілік етуге бейімделген жануарларды – галофилдер деп атайды. Оларға кейбір шөл қоңыздарының дернәсілдері жатады.

Тірі организмдер денесі тіршілік ортасы

Паразитизм - табиғатта кең таралған құбылыс. Паразиттердің қожайынның денесіне енуі де, оның клеткалары мен ұлпаларының ішіне енуі де мүмкін. Олар үшін қожайын денесі - тұтас әлем. Сонымен қатар, пайдалы бірлесіп өмір сүрушілік болады. Мысалы, күйіс қайыратын жануарлар өздерінің қарнында тіршілік ететін бактериялар мен инфузорияларсыз қорегін қорыта алмаған болар еді. Адамның ас қорытуы да сол сияқты пайдалы микрофлораның көмегімен іске асады. Қожайынның ұлпалары мен мүшелерінде тіршілік ететін паразиттер қоректің қоры шектеусіз көп жағдайда тіршілік етеді.

Сол сияқты қожайын организмдері оларды сыртқы әсерлерден қорғайды. Оларға кебу, температураның ауытқуы қауіп төндірмейді. Паразиттердің тіршілік циклындағы негізгі экологиялық қиыншылық олардың бір қожайыннан екіншіге ауысуы. Сондықтан сыртқы ортаға түсетін кезеңінде оларда қорғаныш қабықшалары дамиды. Мысалы, аскарида жұмыртқалары қалың көп қабатты жабындармен қорғалған. Қожайындары ауысатын кезеңде паразиттердің көпшілігі өледі.

11-сурет. Тірі организм денесі тіршілік ортасы

Қоректің өте көптігінен қамтамасыз етілетін жоғары өнімділік- осы өлім арқылы реттеледі. Сондықтан паразиттерге «жұмыртқалардың көп санының заңы» тән. Паразиттер иесінің денесіндегі орналасқан орнына байланысты екі топқа бөлінеді.

  1. Эктопаразиттер-иесінің денесінің сыртқы бетінде

тіршілік ететін паразиттер (кене,

сүлік, биттер және т.б.).

2. Эндопаразиттер-иесінің денесінің ішінде тіршілік ететін

паразиттер (көпшілік құрттар,

бактериялар, вирустар және т.б.).

Иесі мен паразиттер арасында

күрделі байланыс эволюция

процесінде пайда болады.

Паразитизмнің үш түрі бар.

1. Пәтершілік - ұсақ организм

иесінің денесіне өтіп, қоректену

үшін иесінің қорегімен

және шырынымен қоректенеді. 12-сурет. Паразитизм түрлері

2. Жыртқыштық - жыртқыш жемтігін бірден жоя алмайтын жағдайда оның денесінің сөлдерімен немесе ұлпаларымен үнемі қоректенеді. Бұндай жыртқыш белгілі бір жағдайларда иесінің денесінің ішіне енеді де паразитке айналады.

3. Кездейсоқ ену - ірі жануарлар қорегімен бірге ұсақ организмдерді жұтуы мүмкін. Олардың кейбіреулері өлмейді, олар жаңа жағдайларға бейімделіп, паразиттерге айналады.

Көптеген паразиттердің жоғары өнімділігі - олардың өмір сүру үшін күресімен сипатталады. Адам аскаридасы 5-6 айда 50-60 млн жұмыртқа, ал шошқа цепені жыл бойына 600 млн жұмыртқа салады және 18 жыл өмір сүреді.

ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Топырақ-омыртқасыз жануарлардың тіршілік ортасы

Мақсаты: әртүрлі топырақ типтерінің сынамасындағы омыртқасыз жануарлардың түрлік құрамын және санын анықтау.

Қажетті құрал-жабдықтар: топырақ сынамалары, тор, сүзгіш, суы бар ыдыс, штатив, 100 Вт лампа;

Жұмыс барысы:

Топырақта көптеген омыртқасыз жануарлар мекендейді. Олардың түрлік құрамын анықтау өте қызық. Топырақ сынамаларын жылдың жылы мезгілдерінде орманнан, шалғындық жерлерден алу керек. Омыртқасыз жануарлар көп орналасқан топырақ, өсімдік қалдықтары бар топырақ және шіріген қилары бар жер- көнді жер болып саналады.

Қыста ыдыстағы үй өсімдіктерінің топырағын пайдалануға болады. Ол үшін екі апта көлемінде алдын ала суғарылуы керек.

  1. Топырақ сынамасын 2 см қалыңдықта металл торға себіңіздер. Оны кең воронкаға қойыңыздар. Воронканы штативке бекітіңіздер. Воронканың астына суы бар ыдыс қойыңыздар.

  2. Топырақ бетінен 25 см қашықтыққа 100 Вт лампа жағыңыздар.

  3. Әрбір сағат сайын лампаны 5 см сынамаға қарай түсіріңдер, оны 5 см қашықтық қалғанға дейін жақындатыңыздар. Ыдысқа түскен топырақ организмдерін бинокуляр көмегімен қарауға болады.

  4. Жұмыс нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыздар.

ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Аэробты жағдайда эндопаразиттердің өлімі

Мақсаты: анаэробты паразит - грегариндердің тіршілігін бақылау.

Қажетті құрал-жабдықтар: тарақан, микроскоп, жабын және зат шынысы, препаровальды ине, эфир, су, сағат, қалам, жұмыс дәптері.

Жұмыс барысы:

1. Ең алдымен жәндікті эфирге салып қойыңыздар. Кейін оның ішек-қарнынан уақытша препарат дайындаңыздар. Ол үшін алдымен жәндіктердің қанаты жұлынып, кейін кеуде және құрсақ және дене бөліктерін қайшымен ұқыптап кесіп, препаровальды инемен ішек түтікшесін алып, зат шынысына салады.

2. Кейін оған су тамызыңыздар. Грегариндер- анаэробты бір клеткалы паразиттер. Оларды микроскоппен анық көруге болады. Ал аэробты ортада олар тез өледі. Осы құбылысты микроскоппен қарап, бақылаңыздар.

3. Жұмыс нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыздар.

ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Топырақ түзу процесіндегі құрттардың ролі

Мақсаты: жауын құртының топырақ түзу процесіндегі іс әрекетін бақылау.

Қажетті құрал-жабдықтар: бірнеше жауын құрттары, құм, қара топырақ, шыны түтік, сызғыш, шай жапырақтары, қалам, жұмыс дәптері.

Жұмыс барысы:

  1. Шыны түтікшені 2/3 көлемде субстратпен толтырыңыздар. Оған мына қабат бойынша: 3 см қара топырақ, 2 см құм, 3 см қара топырақ салынады. Түтікке он жауын құрты салынады. Субстрат ылғал болуы керек. Осының үстіне шай жапырақтары салынады. Ол құрттарға қорек болып табылады. Дайындалған шыны түтікшені қараңғы жерге қойыңыздар.

  2. Бірнеше күн өткеннен кейін шай жапырақтары топыраққа араласады. Жеті күн өткеннен соң, жауын құртының топырақ қабаттарын араластырғаны анық байқалады. Ол топырақ түбіндегі бөліктерді беткі қабатқа және керісінше, бетіндегі бөліктерді түбіне апарады. Бұл жер беті қабаттарының өнімділігінің жоғарылауына әкеледі.

3. Жұмыс нәтижелерінен қорытынды жасаңыздар.

§ ТАПСЫРМАЛАР

1. Кейбір омыртқалы су жануарларының мысалы, акуланың қаңқасы шеміршектен, ал жер беті жануарларының қаңқасы сүйектен тұрады. Экологиялық тұрғыдан бұл жағдайларды қалай түсіндіресіз?

2. Әртүрлі құрылысты жануарлардың, мысалы, ақ аю мен түйелердің қоршаған ортаға бейімделуінде қандай ортақ қасиеттер бар?

3. Берілген сипаттамалардың ішінен сол ортаға тиістілерін таңдап, оны кестеден белгіле.

6-кесте

Орта сипаттамалары

Орта түрлері

су

жер ауа

топырақ

тірі организм денесі

1

тығыздық

2

жарық өткізгіштік

3

температура

тербелісі

4

тұщы су мөлшері

5

оттегі мөлшері

6

жылу өткізгіштік

7

дыбыс өткізгіштік

1. жоғары, төмен, орташа, өте жоғары

2. болмайды, төмен, орташа, жоғары

3. әлсіз, орташа, жоғары

4. аз, көп, бір қалыпты

5. өте аз, аз, бір қалыпты, көп

6. төмен, орташа, жоғары, өте жоғары

7. төмен, орташа, жоғары

4. Ауада үнемі желден көтерілген майда буынаяқтылар мен өрмекшілер, тұқымдар мен споралар кезедседі. Неліктен құрлықта өзі арқылы ауаны сүзіп, қоректенетін отырыңқы жануарлар болмайды?

5. Музейлер үшін тереңдікте тіршілік ететін балықтарды сақтауда ихтиолог- ғалымдар күрделі мәселелерге кезігеді. Бұл балықтар кемеге көтерілгенде жарылып, ішкі және сыртқы мүшелері бұзылады. Неліктен бұлай болатынын түсіндіріңіздер.

6. Ауданы 1га орман массасы жылына 18 млн м3 ауаны көмірқышқыл газы мен шаң тозаңнан тазартады. Ал ауданы 40га орман 5 жылда қанша м3 ауаны тазартады?

7. Жаздың ыстық күнінде қала көшесімен салыстырғанда, қалалық паркте ауа температурасы 2,2 °C төмен, ал орманмен салыстырғанда 1,5°C жоғары. Егер қала көшесінде ауа температурасы 31°C болса, онда орманның ауа температурасы қанша?

8. 1 м3 қала ауасында 5000 микроб болады. Егер орманның ауасында қаламен салыстырғанда микроб 9 есе аз болса, онда 1 м3 орман ауасында қанша микроб болады?

9. Судың беткі қабатында тіршілік ететін организмдерге қандай антропогенді фактор әсер етеді?

Жауабы: судың мұнай және улы химикаттармен ластануы.

10. Суда белсенді қозғалатын барлық органимздерге қандай қасиеттер тән?

Жауабы: үлкен бұлшық етті күш, кез келген кедергіні төмендетуге қабілетті торпедо тәрізді дене пішіні, дене ұзындығының оның диаметріне жақын қатынасы.

11. Жерде неге бірде бір түр өзінің шектеусіз көбею қабілеттілігін тіршілігінің соңына дейін орындай алмайды?

Жауабы: оған организмдердің санын тежейтін факторлар: қор жетіспеушілігі, қолайсыз орта жағдайлары, паразиттер мен ауруларының және жыртқыштарының болуы т.б. әсер етеді.

12. Бір кененің ұрпақтары 1жылда жердің 1м қалыңдығын жабатындай санды құрай ала ма? Бұл табиғатта орын ала ма? Жүрмесе, неліктен, түсіндіріңіздер?

Жауабы: бұлай болуы мүмкін емес, өйткені кененің санын шектейтін факторлар- қоректің жетіспеушілігі, қолайсыз орта жағдайлары, аурулары, жаулары және т.б. олардың тіршілігінің соңына дейін шектеусіз көбеюін тежейді.

!!! ҚОСЫМША ХАБАРЛАР МЕН МЫСАЛДАР

1. Топырақ организмдерінің іс -әрекеті нәтижесінде шөптер мен жапырақтар ғана емес, тіпті алып ағаштар да тез жойылады. Із түссіз 500 жылдық еменнің жойылуы үшін небәрі бірнеше жыл ғана керек.

2. Топырақта және тау жыныстарының бұзылуы өте баяу өтеді. Табиғатта қалыңдығы 5 см топырақ қабаты түзілу үшін ғалымдардың есептеулерінше, 2000 жыл керек. Бұл ұлы табиғи байлықтар ғасыр бойы, мың жылдықтарда құрылады. Біз өзіміздің жерімізді құрметтеп және оны бұзатын процестерден сақтауымыз керек.

3. Қазіргі уақытта дүние жүзінде жыл сайын әртүрлі деградация процесінің нәтижесінде құнарлы жерлердің 7 млн га қайтымсыз жоғалады. Егер дүние жүзінде орташа норма 1 адамға 0.3 га жер болса, бұл 21 млн адам үшін тіршілік базасы болып саналады Ал планетамыздың қоныстануы әрбір 5 күн сайын 1 млн адамға көбеюде.

4. Сүректі ағаштардың көпшілігі, әсіресе кедей топырақты құнарландырады. Мысалы, қарағайдың түбіндегі топырақта 40-50 жылдан кейін қалыңдығы 2 см болатын қарашірік қабаты түзіледі, ал егер қарағаймен бірге қандыағаш өссе, онда ол жерде қарашірік қабаты 9 см ге дейін болады.

5. Орманды жердің 1 га -да 20 кг кене, 200 кг «тірі шаңдар», амеба және басқа да қарапайым жануарларды есептегенде, барлық топырақтың жануарларының жалпы салмағы 1 т-дай. Бұл дәл осындай аудандағы тіршілік ететін ірі аңдар мен құстарды қосқанда барлығы жерүсті жануарларының массасынан әлдеқайда көп.

6. Орманның ең еңбек сүгіш санитарлары- құмырсқалар. Олар өздерінің ұяларына минут сайын 2-3 ондаған бунақденелілерді тасиды, 1 сағатта жарты мың, ал күніне 20 мыңдай бунақденелілерді тасиды. Жаз бойы бір құмырсқа тұқымдасының жойған бунақденелілерінің саны 2 млн. Олардың ішінде көпшілігі орман зиянкестері екендігі анықталған.

7. Шөп бақасы тәулігіне 7- ге дейін зиянды омыртқасыздарды жеп қоректенеді. Осындай 720 бақа орманда 2-4 га жерді жазғы мезгілде млн-ға жуық орман және ауыл шаруашылық зиянкестерінен тазартатынын көрсеткен. Сондықтан бақалардан келетін пайда өте үлкен.

8. Шөл жануарларында ылғалды үнемдеуге ғажайып бейімделушіліктері қалыптасқан. Мысалы, қара денелі қоңыздарда суды пайдалануда «тұйық. цикл» кездеседі. Зат алмасуының бөлінуге арналған өнімдері ерітінді түрінде ішектерге бөліп шығару мүшелерінен келіп түседі, бірақ ішектің сыртқы бөлігінде су қайтадан сорылып, жаңа цикл үшін пайдаланылады. Бунақденелілер кеңірдек арқылы тыныс алады, ал бұл жағдай құрғақ ауада ылғалдылықтың көп жоғалуына әкеледі. Қара денелі қоңыздардың қанаты мен су өткізбейтін денесіндегі қақпағы кірігіп кеткен. Сондықтан «қақпақ» астында дене қуысы су буларына қаныққан. Осы қуысқа тыныс түтікшелері ашылады, сондықтан қоңыздарға кеңірдек арқылы құрғап кету қауіп емес.

9. Су және ауа орталарының әртүрлі тығыздығы жануарлардың қозғалу жылдамдығының шегін анықтайды. Дельфиндер 45 км/сағ, ал ең тез қозғалатын балық-тунец 75-90 км/сағ жылдамдықпен жүзеді. Ауада қаршыға жылдамдығы 290 км/сағ, қарлығаш жылдамдығы 180 км/сағ жетеді. Жер бетінде жүгірудің рекордсмені-гепард. Оның жылдамдығы 120 км/сағ. Адам суда жүзгенде орташа жылдамдығы 7 км/сағ, ал жүгіргенде - 36 км/сағ жетеді.

10. Ағылшын микробиологтары теңіздердегі бірнеше белгілі жағажайдағы бактериялар санын есептеп, олар күннің ортасына қарағанда, таңертең суда қауіпті микробтар көп болатындығын анықтады. Күннің ультракүлгін сәулесі суды стерилдейді. Сондықтан таңертең суға шомылмағаныңыз жөн.

11. Африка мен Мадагаскарда колбаса ағашы өседі. Оның ғылыми аты-кигалия. Оның піскен жемісінің ұзындғы 60 см және ол қуырған колбасаға өте қатты ұқсайды. Олармен жирафтар қоректенеді, кейде жемістер жерге түссе, олармен мүйізтұмсық, бегемот, зебра, киіктер қоректенеді. Адамдар кигалия жемісін жемейді, бірақ олардан шарап дайындайды, дәрілер және мата бояйтын қызыл бояулар жасайды.

12. Байкалда 300 түрлі бір клеткалы ұсақ жәндіктер өмір сүреді. Мұнда 255 түрлі бүйірімен (бокоплав) жүзетіндер бар. Олардың ішінде ескекаяқты шаяндардың орны бөлек. Бұлар жер жүзінде екі жерде Байкал мен Камчаткадағы Кронец көлінде ғана кездеседі. Эпищура көлдегі балықтардың сүйкімдісі және көл суының жақсы сүзгісі. Ұсақ балдырмен қоректенетін эпищура желбезегінен бір жылда өтіп тазаланатын су мөлшері осы көлге құятын өзен суынан 7.5 есе көп болатынын ескерсек, Байкал суының таза болу себебі мен оны кім тазалайтындығын түсіну қиын емес.

13. 1699 жылы Кембридж ғалымдары өсімдіктің қалыпты өсуіне не қажет екенін көрсететін тәжірибе жасады. Джон Вудворд Лондонның әртүрлі жерлерінен алынған банкадағы суларға су жалбызының бұтақтарын орналастырды. Ол алдын ала бұтақтарды өлшеп, кейін 77 күн өткеннен кейін салыстыру үшін оларды қайта өлшеді.

13-сурет. 11 аптадан кейінгі салмақтың артуы

Ең таза су көзі- жаңбыр суында өсірілген өсімдік өзінің салмағының жартысын, ал лай суда өсірілген өсімдік- өзінің салмағын екі есеге көбейткен. Ал Гайд-парктен алынған қалдық суда өсірілегн өсімдіктің салмағы басқалардан көбірек болды.

Бірақ өсу бақ үйіндісінің шіріген жапырақтарынан бір ас қасық қосқан Гайд-парктен алынған суда өте жақсы нәтиже берген. Бұл өсімдік өзінің алғашқы салмағын төрт есеге көбейткен. Вудворд өсімдіктің өсуіне "жер затының әсері" деп ұйғарған. Қазір бізге жауын суымен салыстырганда лай суында және сонымен қатар бақтағы құнарлы топырақтың құрамында минералды және микроэлементтердің көп болатындығы белгілі.

Тіпті өсімдіктер түтін мұржаларынан шығатын минералдардың нәтижесінде жауын суында да қалыпты дами алады. Шіріген жапырақтары бар суда өсімдіктің ең жақсы өсу себебі, онда тіршілік ететін майда организмдерге- жапырақты шірітетін микробтарга және микроэлементтер мен минералды ерітуді тездететін микробтарға байланысты.

14. Ең ғажайып жыртқыш өсімдік болып, АҚШ-тың кедей топырақтарында өсетін венерина- мухоловка саналады. Оның жапырақтары ортасынан қайрылған және оған бунақдене қонғанда,жапырақтар тез жабылып қалады. Әрі қарай жемтік-құрбан шырында еріп, қорытылып кетеді.

15. Криль-кішкене таңқышаянға ұқсас жануарлар планктонының ірісі. Көптеген киттер судан сүзіп, осы крильдермен қоректенеді. Мысалы, ең ірі кит –көк кит күн сайын 4 т-дан артық таңқышаянмен қоректенеді.

16. Балық кездескен ең үлкен тереңдік -10 911 м. Бұл тереңдіктегі судың қысымы өте зор. Ол 7250 кг/см3. Бұл балық- теңіз тілі деп аталатын ерекше жалпақ балық.

?? ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ

1. Топырақта өтетін өсімдіктер үшін пайдасыз процесс –

а/ ауадан азоттың фиксациялануы

б/ аммоний қосылыстарының тотығуы

в/ натрийдің нитраттарға дейін тотығуы

г/ нитраттың азотқа дейін тотықсыздануы

2. Су ағынымен бірге жүретін, жүзгіш организмдер жиынтығы

а/ плейстон

б/ бентос

в/ нектон

г/ планктон

3. Су түбінде тіршілік ететін органимздер жиынтығы –

а/ планктон

б/ нектон

в/ фитопланктон

г/ бентос

4. Геобионтар дегеніміз –

а/ даму кезеңінің жартысы топырақта өтетін организмдер

б/ даму кезеңінің барлығы топырақта өтетін организмдер

в/ даму кезеңінің барлығы ауада өтетін организмдер

г/ даму кезеңінің барлығы суда өтетін организмдер

5. Галофиттер-

а/ қышқылды топырақта өсетін өсімдіктер

б/ тұзды топырақта өсетін өсімдіктер

в/ тұзды топырақта тіршілік ететін жануарлар

г/ қышқылды топырақта тіршілік ететін жануарлар

6. Эктопаразиттер –

а/ иесінің денесінің ішінде тіршілк ететін

б/ иесінің денесінің сыртында болатын

в/ аралық иесі болатын

г/ аралық иесі болмайтын паразиттер3ТАРАУ

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]