Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Orazbaeva_D_1241_ribay_Ekologia_negizderi.doc
Скачиваний:
562
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
8.09 Mб
Скачать

6 Тарау Экологиялық жүйе

6.1. Экологиялық жүйенің құрылу заңдылықтары

Биоценоздағы тірі организмдер тек бір-бірімен байланысып, ғана қоймай, өлі табиғатпен де байланыста болады. Бұл байланыстар заттар және энергия арқылы іске асады.

Тірі организмдерге керекті қорек, су, отттегінің келуі –бұл қоршаған ортадан келетін заттар ағыны. Клеткалар мен организмдердің жұмысы үшін қажетті энергия қоректің құрамында болады. Өсімдіктер күн сәулесінің энергиясын тікелей қабылдап, оны органикалық қосылыстарда жинақтайды. Кейін ол энергия биоценозда қоректік қатынастар арқылы таралады.

Энергия алмасуы мен заттар ағыны – тірі организмдер арқылы зат алмасу процесінде өте жоғары дәрежеде жүреді. Мысалы, адам өзінің өмірінде ондаған тонна қорек пен су пайдаланады, ал өкпе арқылы бірнеше млрд. литр ауа жұтады. Көптеген организмдер ортамен қарқынды қарым-қатынаста болады. Өсімдіктер өздерінің массасының әрбір грамын құрау үшін 200-800 г су жұмсайды. Өсімдіктер фотосинтез үшін қажет заттарды топырақтан, су мен ауадан алады.

Егер біздің планетамызда бүгінгі таңда 7 млрд адам, 800 мың түр өсімдіктердің млрд-ған особьтары мен жануарлардың 1,5 млн түрін құрайтын бірнеше млрд-ған особьтардың әрқайсысының тіршілігіне қажетті қоректік заттар мен су және ауаны есептегенде, өте үлкен сан мөлшері шығады.

Тіршілік үшін қажет тірі денедегі қорлардың бейорганикалық әлемнен келетін заттар ағыны –осындай қарқындылықпен жұмсалса, онда биогенді элементтер Жерде әлдеқашан таусылған болар еді. Бірақ тіршілік тоқталған жоқ және тоқталмайды да, өйткені биогенді элементтер организмдерден қоршаған ортаға үнемі қайта оралып отырады. Өсімдіктер синтездеген органикалық заттардың ыдырауы түрлер арасындағы қоректік қатынастар нәтижесінде биоценозда іске асады. Ақыр соңында осы қосылыстар өсімдіктер қайтадан пайдаланатын элементтер мен заттарға дейін ыдыратылып, нәтижесінде биологиялық зат айналым жүзеге асады.

Сонымен биоценоз-күрделі жүйенің бөлігі болып табылады. Биоценоз қоршаған ортамен заттық-энергетикалық байланыссыз тіршілік ете алмайды.

Зат айналымды қолдайтын, кез келген тірі организмдер мен бейорганикалық компоненттер жиынтығы –экологиялық жүйе немесе экожүйе деп аталады.

Табиғи экожүйелер әртүрлі көлемде және кеңістікте орналасады: организмдер тіршілік ететін кішкене шалшық, мұхит, шалғын, тоғай, тайга, дала- бұлардың барлығы әртүрлі масштабтағы экожүйенің мысалдары. Кез келген экожүйе тірі бөлігі биоценоздан және оны қоршаған тірі емес табиғаттан тұрады. Ұсақ экожүйелер жалпы Жер экожүйесіне дейінгі ірі экожүйенің құрамына енеді. Біздің планетамыздағы жалпы биологиялық зат айналым көптеген жеке заттардың қарым қатынасынан құралады.

Экожүйе зат айналымды тек төрт құрамды бөлігі болған жағдайда ғана қамтамасыз ете алады. Олар: биогенді элементтер қоры, консументтер, продуценттер және редуценттер.

27-сурет. Экожүйедегі өнімділік пирамидасы және энергия ағыны

Продуценттер - күн энергиясын пайдаланатын жасыл өсімдіктер немесе органикалық заттарды биогенді элементтерден құрайтын жасыл өсімдіктер. Олар (алғашқы өнімді өндірушілер) автотрофты организмдер, яғни біздің планетамыздағы бүкіл тірі әлемді органикалық заттармен қамтамасыз ететін жасыл өсімдіктер әлемі.

Консументтер- өсімдіктер синтездеген органикалық заттарды жаңа формаға айналдыратын тұтынушылар, яғни олар (латынша-«consumo»-тұтынамын) продуцентттер жасаған органикалық заттарды пайдалантын гетеротрофты организмдер. Бұларға жануарлар, көптеген микроорганизмдер, кейбір насеком қоректі өсімдіктер жатады. 1-ші қатар консументтері-өсімдік қоректі, 2-ші қатар консументтері-жыртқыш жануарлар болып табылады.

Редуценттер- органикалық қосылыстарды минералды қосылыстарға дейін ыдырататын организмдер, яғни олар (латынша «reduceus, reducentis» - қалпына келтірушілер, деструктор) органикалық заттарды ыдырататын және оларды басқа организмдер игеретін бейорганикалық заттарға айналдыратын ағзаар. Редуценттер биологиялық зат айналымның соңғы звенолары. Олардың қатарына саңырауқұлақтар, бактериялар, сонымен қатар өсімдіктер және жануарлардың өлі қалдықтарын өңдейтін кейбір ұсақ түрлер жатады (28-сурет).

Заттар үздіксіз экожүйенің әртүрлі звеноларында айналымға түседі және Жер бетінде 4 млрд жыл тіршіліктің үздіксіз жүру себебі, зат айналым процесінің тұрақты жүзеге асуында. Бұның негізін биоценоздағы органикалық қоректік байланыстары мен өсімдіктердің фотосинтезі құрайды, бірақ биологиялық заттар айналымы тек заттар арқылы ғана емес, ол сонымен қатар организмдердің іс әрекеттерінің нәтижесі болып табылады. Ал кез келген тіршілік тұрақты энергияны қажет етеді. Тірі денені құрауға бірнеше қайта пайдаланылатын химиялық элементтерден ерекшелігі жасыл өсімдіктермен ұсталатын күн сәулесінің энергиясын организмдер шексіз пайдалана алмайды.

28-сурет. Өлі сүрек ыдыратушылары:

1 және 1а- жылтыр қоңыз және оның дернәсілі, 2 және 2 а-бүғы-қоңыз және оның дернәсілі, 3 және За- үлкен емен қоңызы және оның дернәсілі, 4 және 4а- иісті ағаш қажаушы және оның дернәсілі, 5- жалпақ қызыл қоңыз, 6-көң құрты, 7- қара құмырсқа, 8-есекқұрт, 9- жауын құрты.

Экологияда энергия мен заттар айналымы автотрофтыларға сырттан энергия мен заттардың берілуі, тасымалдануы ретінде және қоректік тізбек бойынша организмдерден бір қоректік деңгейден екіншісіне өтуі ретіңде қарастырады.

Энергия ағыны - бұл органикалық қосылыстардың химиялық байланыстар түрінде бір деңгейдегі организмнен екіншісіне энергияның ауысуы.

Заттар ағыны - продуценттерден редуценттерге заттардың химиялық элементтер мен олардың қосылыстары түрінде берілуі және әрі қарай химиялық реакциялар арқылы тірі организмдердің қатысуынсыз заттардың процестерге қайта келуі.

Зат ағыны тұйық циклде өтеді, сондықтан ол зат айналым деп аталады. Заттар үздіксіз экожүйенің әртүрлі звеноларында айналымға түседі және барлық уақытта қайтадан зат айналымға түсуі мүмкін, ал энергия бір рет ғана пайдаланылады.

29-сурет. Экожүйедегі энергия мен заттар тасымалдану сызбанұсқасы

Энергияның бір жақты келуі- табиғаттың маңызды құбылысы. Бұл процесті физика заңдарымен түсіндіруге болады. Бұл заң бойынша энергия бір түрден басқа түріне (қоректің химиялық энергиясы) ауыса алады, бірақ энергия ешуақытта қайтадан жасалмайды.

Термодинамиканың 2-ші заңы бойынша энергия бір түрден екінші түрге айналғанда, яғни жұмыс кезінде энергия жылулық түріне өтіп, қоршаған ортаға таралады. Клеткалар мен органдардың күрделі жұмысы организмнен энергияның шығындалуы арқылы орындалады. Зат айналымның әрбір циклі тірі организмдердің белсенділігіне байланысты, жаңа энергияның қатадан түсуін барлық уақытта талап етеді.

Күн сәулесінің энергиясы. Күн жердегі барлық энергияның бірден бір табиғи көзі, бірақ күн сәулесінің жер бетіне түскен энергияның барлығын организмдер толық пайдалана алмайды. Жасыл өсімдіктерге түсетін күн сәулесі ағынының жартысына жуығы фотосинтез кезінде сіңіріледі және сіңірген энергияның аз бөлігі (1/100-1/10 дейінгі) биохимиялық энергия түрінде жинақталады. Күн энергиясының көп бөлігі булануға жұмсалып, жылу түрінде жоғалады. Сонымен, планетадағы тіршілік тұрақты зат айналым мен күн энергиясының ағынына байланысты.

Биоценоздағы организмдердің іс әрекеттерінің бұзылуы экожүйедегі зат айналымның күрделі өзгерістеріне әкеледі. Бұл топырақ құнарлығының кемуі, төмендеуі, өсімдік өнімінің төмендеуі, жануарлардың өсуі мен өнімнің төмендеуі және табиғи ортаның біртіндеп бұзылуы сияқты экологиялық апаттардың негізгі себептері.

    1. Қоректік тізбектер. Қоректік торлар

Биоценозда қоректік торлар - жасыл өсімдіктер жинақтаған энергия мен заттарды бір-біріне беретін организмдердің көптеген қысқа қатарларынан тұрады. Әрбір алдыңғы түр келесіге қорек болатын мұндай қатарлар - қоректік тізбек, ал қоректік тізбектің бөлек звенолары - қоректік деңгей деп аталады. Қоректік тізбек әрқашан өсімдіктен немесе олардың қалдықтарынан басталады.

30-сурет. Өсімдік-шегіртке-бақа-жылан-қаршығадан құралған қоректік тізбек пирамадасы

1-ші қоректік деңгей, яғни жасыл өсімдіктер –продуценттер, яғни шөпқоректі жануарлар- І-ші реттік консументтерді құрайды. Ал шөпқоректі жануарлармен қоректенетін 1-ші реттік жыртқыш 3-ші қоректік деңгейді, яғни 2-ші реттік консументтер деңгейін; сол сияқты 2 реттік жыртқыштар 4-ші қоректік деңгейді, яғни 3-ші реттік консументтер деңгейін түзеді ( 30-сурет).

Қоректік тізбектегі организмдердің қарым қатынасының мысалы ретінде аралас орманды қарастыруға болады.

Орман өсімдіктері жануарлар қорегінің көзі болатын негізгі биомассаны өндіреді (синтездейді). Ағаштардың жас қабықтарымен мен бүршіктерімен қоректенетін бұғы құрамында энергия жинақталған органикалық заттарды алғаш тұтынушылар. Белсенділіктің әртүрлі түрлері энергияның шығындалуына соқтырады, бірақ жануарлар организмінде жұмсалатын энергиямен салыстырғанда оның жинақталған мөлшері анағұрлым артық болады. Өз денесінде осылай энергияны жинақтаған бұғы келесі тұтынушыға энергия мен қоректік заттың көзі болып есептелінеді. Бұғыны жеген қасқыр энергия, қорек затқа ие болады. Қасқыр өлген кезде, энергияның көп мөлшері топыраққа түседі. Топырақтағы бактериялар мен редуцент-саңырауқұлақтар – ыдыратушылар - өсімдіктерге қажетті минералды заттарға айналдыра отырып, өлексені ыдыратады. Жасыл өсімдіктер, бұғы, қасқыр, бактериялар мен саңырауқұлақтар энергия ағыны жүретін қоректік тізбекті құрайды.

Қоректік тізбекті екі типке бөлуге болады: жайылымдық тізбек жасыл өсімдіктен басталып, одан әрі жайылымдағы фитофагтарға, сонан соң жыртқыштарға жалғасады, яғни өсімдіктерден шөпқоректі жануарлар арқылы энергияның ағыны жүзеге асатын тізбек жайылымдық қоректік тізбек деп аталады.

Ал детриттік тізбектер өлі органикалық заттардан детритофагтарға, одан жыртқыштарға жалғасады. Мысалы, жайылымдық тізбек: жасыл өсімдік→ шөпқоректі жануар →жыртқыш, ал детриттік тізбек: өлі органикалық зат (детрит)→ микроорганизмдер→ (бактериялар, саңырауқұлақтар) немесе детритофагтар (қос жақтаулы ұлулар, құрттар, бунақденелілердің дернәсілдері)→ детритофагтар жыртқыштарынан (құстар, жер қазғыштар және т.б.) құралады.

Энергия ағыны өлі органикалық заттан басталып және ыдыратушылар жүйесі арқылы өтетін қоректік тізбек түрі детриттік қоректік тізбекті құрайды. Өлі ұлпаларды ыдыратын редуценттер жүйесіндегі бактериялар, саңырауқұлақтар мен басқа организмдер өзінің ролі жөнінен шөпқоректі жануарларды еске түсіреді.

Қоректік тізбектер бір бірінен оқшауланбай, қайта керісінше, айқасып жатады. Олар қоректік торлар деп аталатын құрылымдар түзеді. Қоректік торлардың құрылу принципі мынадай: әрбір продуценттің бір емес, бірнеше консументтері болады. Өз кезегінде олардың арасындағы полифагтар, яғни консументтердің қоректің бір емес, бірнеше көзін пайдаланады.

ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Экожүйенің «ыдыратушы» редуцент организмдері

Мақсаты: Экожүйенің «ыдыратушы» организмдерімен, яғни қалдықты пайдаланушылармен, өсімдік және бактериялармен танысу

Қажетті құрал-жабдықтар: қағаз парағы, ұлғайтқыш әйнек, микроскоп, жұмыс дәптері

Жұмыс барысы:

1. Үлкен қағаз парағын алып, оны ағаш түбіне қойып, бұрыштарын таспен бастырып, бір аптаға қалдырыңыздар. Бір аптадан кейін ұлғатқыш әйнектің көмегімен, онда не жиналғанын мұқият қараңыздар. Ол жерге қоңыз, құрттардан бастап, ақ зең өрмегімен аяқталатын әртүрлі ыдыратушыларды көресіз. Сонымен қатар қағазда бактерия да болады, бірақ оны микроскопсыз көру мүмкін емес.

2. Қағаз парағынан табылған организмдердің тізімін құрыңыздар.

3. Олардың арасындағы негізгі байланыстарды анықтаңыздар.

4. Жұмыс нәтижелері бойынша қорытынды жасаңыздар.

ПРАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Жасанды экожүйе «аквариум» моделін жасау

Мақсаты: Жасанды экожүйе «аквариум» моделін жасап, олардағы тіршілік құбылыстарын бақылау.

Қажетті құрал-жабдықтар: тығыны бар төрт шыны банка немесе пробирка, су, элодея өсімдігі, ұлу, жұмыс дәптері.

Жұмыс барысы:

1. «Аквариум» моделін жасау үшін берік, мықты жабылатын тығыны бар төрт шыны банка немесе үлкен пробирка керек. Олардың барлығы сумен толтырылады. Кейін бір банканы белгілеп, оған ұлу, екіншісіне элодея өсімдігін және ұлу, үшіншісіне тек элодея өсімдігін салып, ал төртіншісіне су құйып (бақылауға) қалдырады.

2. Кейін өсімдіктер мен жануарлар арасындағы қарым қатынасты, тірі заттардың санын, ұлу мен элодеяның жағдайларын сипаттайтын барлық өзгерістерін анықтап, бақылау күнделігіне жазыңыздар. Тәжірибеде жарықтың қандай маңызы бар екенін түсіндіріңіздер және оның жануарларға әсерін бақылаңыздар.

3. Қорытынды жасай отырып, мынадай сұрақтарға жауап беріңіздер.

Су жануарлары үшін қорек көзі не блып табылады?

Балдырлардың тіршілігі үшін қандай жағдайлар қажет?

Неліктен балдыр мен ұлу сулы ортада бір бірінсіз ұзақ тіршілік ете алмайды?

§ ТАПСЫРМАЛАР

1. Қоректік тізбек дегеніміз не? Жерүсті ауа және су тіршілік орталарының қоректік тізбегіне 2-3 мысал келтіріңіздер.

2. Ақ қоян, кәдімгі түлкі, бұғы, орман шөптері қандай қоректік деңгейге жатады?

3. Су экожүйесінің бірінші, екінші, үшінші қоректік деңгейлеріне жататын организмдерден 2-3 мысал келтіріңіздер.

4. 1-сі тұщы су қоймасының инфузориясынан, 2-сі бақбақ тұқымынан, 3-сі жоңышқадан, 4-сі масадан, 5-сі хламидомонада балдырынан басталатын 5 түрлі қоректік тізбектің барлығы адаммен аяқталуы тиіс.

5. Мына организмдердің ішінен қайсысы детритофагтарға жатады?

саңырауқұлақ, қырықаяқ, жауынқұрт, балдыр, кене, термиттер, құмырсқа, қоңыр қандала, бактерия, дафния, өзен шаяны.

6. Үш организмнен тұратын қоректік тізбек құрастырыңыздар. Бұл тізбектен продуцент- 1 реттік консумент-2 реттік консумент болатын организмдерді атаңыз.

7. Саз тасбақасы -балық -маса -инелік дернәсілі -шаян –балдыр- қоғадан тұратын қоректік тізбек құрастырыңыздар.

8. 1 қатардағы консументтерге жататын жануарларды атаңыздар.

сиыр, арыстан, амеба, өрмекші, қоян, тышқан, жасыл шегіртке, қаршыға, қаз, түлкі, шортан, киік, дала тасбақасы, жүзім ұлуы, дельфин, колорада қоңызы, сиыр цепені, капуста ақ көбелегінің жұлдызқұрты, ақ аю, ара, қан сорғыш маса, инелік, алма жемісжегілері, бит, сұр акула.

9. Шаруашылықта үлкен арық канал қазылып, ол сумен толтырылған. Оған қорексіз, бірден балықтар жіберіп, балықтардың санының өсуін күтуге бола ма?

10. Жер үсті ауа тіршілік орталарының қоректік торына мысал келтіріңіздер.

11. 31-суретте көрсетілген тундра биоценозындағы өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің арасындағы қоректік байланыстарды сызықпен белгілеп көрсетіңіздер.

31- сурет. Тундра биоценозы

Суреттегі продуценттерге 1 қатардағы және 2 қатардағы немесе 3 қатардағы консументтерге жататын түрлерді бөліп жазып, көрсетіңіздер.

12. 32- суретте көрсетілген дала биоценозының өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің арасындағы қоректік байланыстарды сызықпен белгілеп көрсетіңіздер.

32- сурет. Дала биоценозы

32-сурет бойынша продуценттерге, 1-ші және 2-ші консументтерге жататын түрлерді жазып көрсетіңіз.

Дала биоценоздарында қандай организмдер редуценттер функциясын атқарады?

Егер далада қасқырлар, сұңқарлар, түлкілер мен тышқандардың бәрі толығымен құрып кетсе, не болар еді?

13. 33-суреттегі орман биоценозының қоректік торының сызбанұсқасын құрайтындай, жануарлар түрлерінің атауларын бос тікбұрыштарға толтырыңыздар.

33-сурет. Орман биоценозының қоректік торы сызбанұсқасы

!!! ҚОСЫМША ХАБАРЛАР МЕН МЫСАЛДАР

1. Тундралы экожүйеде бірлестік кедей болып келеді. Мұнда басты шектеуші фактор жылудың жетіспеушілігі. Қатты желде, ұзақ қысқы түндерде, мәңгі суықтарда, өте төменгі температураларда өсетін өсімдіктер екі ярусты өсімдік жамылғысын құрайды. Өсімдіктің өлген бөлігін редуценттердің төменгі белсенділігіне байланысты өңдеуге үлгірмейді және шымтезек түрінде жиналады. Өлі органикалық заттар қоры жылдық өсімнен 30-90 есе жоғары болуы мүмкін. Өлі өсімдік қалдықтарының экожүйеде жиналуы - биологиялық жылдамдықтың баяулауының көрсеткіші.

2. Бір арыстанның күнелтуі үшін жылына 50 зебра қажет. Фолкленд аралында қара ала балықшы су қайтқан кезде жартастардан бауыраяқты «таақша» ұлуларды теріп қоректенеді, бірақ олардың орташа көлемді особьтарға ғана шамасы жетеді. Көлемі 45мм- ден артық ұлулар одан құтылып кетеді.

3. Қоректік тізбек арқылы қоршаған ортадан өсімдіктерге түсетін заттар мен энергиямен қатар, тұрақты улы қосылыстар да беріледі. Олар аз мөлшерде организмге қауіпсіз, бірақ үнемі қоректену мен қайтадан түсіп отыру нәтижесінде организмде жинақталады. Осындай улы өсімдіктерді жеген жануарлармен қоректенген жыртқыштар өздеріне улы химикаттарды күштірек жинақтайды. Мысалы, жәндіктермен қарсы күресте қоладнылатын ДДТ уының жыртқыштар немесе балық жегіш құстардың денесіндегі мөлшері оның судағы немесе топырақтағы мөлшерінен 500 000 есе жоғары. Уланудың нәтижесінде жыртықштардың өлімінің көп болуы табиғатта көп айтылады және ол адамдарға қоршаған ортаның ластануы туралы күшті дабыл болып табылады.

4. Микроорганизмдердің үлкен армиясы (1га топырақта 1000-1400 кг және 1200 кг микроскоптық саңырауқұлақ) өсімдіктерге қажетті минералды тұздарды топыраққа қайтару және организмдердің заттарды ыдырату жұмыстарын үнемі іске асырады.

5. Орманның әрбір га на жыл сайын 2 т-ға дейін қылқан бұтақтары және бүрлер түсіп отыратыны белгілі. Микроорганизмдермен бірге саңырауқұлақтар орман төсенішінің бұл массаларын «алғашқы өңдеуден» өткізіп, органикалық заттарды минералды заттарға дейін ыдыратып, табиғаттағы зат айналымда үлкен роль атқарады.

6. Масалардың тобы табиғи қоректік қажетті звено. Бұлардың суда тіршілік ететін дернәсілдері, балықтардың майшабақтары үшін қорек болса, ал өздерін құстар жейді.

7. Ағаштарда қанша жапырақ болады? деген сұраққа Донецк университетінің ғалымдары В.Овчаренко мен Р.Синельникова жауап берді. Олар ағаштардағы жапырақтың санын бұтақтардың саны мен диаметрі бойынша дәл есептейтін формула құрастырған. Мысалы, қалыпты дамыған талшынның орташа 19 000 жапырағы, теректің әртүрлі түрлерінде 70-114 000 жапырақ болады. Есептеулердің мынадай тәсілі қалаларды жасылдандыру мамандарына өсімдіктен бөлінген оттегі мен олардағы қонған шаңның мөлшерін есептеуге көмектеседі.

8. Жаңбырша саңырауқұлағы үлкен қашықтыққа желмен таралатын ұшатын көптеген споралардың бұлттарын түзеді.30-см лік диаметрлі жаңбырша-7 000 000 000 000 спора түзеді. Егер осы спораның бәрі өсіп, ересек саңырауқұлақтарға айналатын болса, онда жер шарын айналатын сақина бірнеше мың рет қоршаған болар еді.

9. Бұл ғажап құлақ- өлі сүректермен қоректенетін саңырауқұлақтың жеміс денесі. Егер саңырауқұлақтар өлі денелерді жемесе, бүкіл жер беті әртүрлі өлекселер мен қоқыстарға толып кетер еді.

?? ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ

1. Табиғи экожүйе тұрақтылығы–

а/ өсімдіктің жоғары өнімділігімен

б/ организмдерге заттар массасының берілуімен

в/ түрдің алуантүрлілігімен

г/ микроорганизмдердің қарқынды жұмысымен байланысты

2. Арыстан мен жолбарыс бірдей қоректік деңгейде деп есептеуге болады, өйткені олар

а/ өсімдік қоректі жануарлармен қоректенеді

б/ ұқсас тіршілік орталарында өмір сүреді

в/ дене көлемі жағынан шамалас

г/ әртүрлі жемдік базалары болады

3. Дайын органикалық заттармен қоректенетін организмдерді

а/ автотрофтылар

б/ гетеротрофтылар

в/ продуцент

г/ хемотрофтылар деп атайды

4. Азот түзуші бактерия

а/ продуцент

б/ 1 қатардағы консумент

в/ 2 қатардағы консумент

г/ редуцент деп аталады.

5. Биологиялық алуантүрліліктің жойылуының негізгі себептері

а/ ресурстарды пайдаланудың өсуі

б/ табиғи тіршілік ортасы территорияларының қысқаруы

в/ түрлердің эволюциялық қартаюы

г/ тұрғындардың санының өсуі

6. Экожүйедегі шөп қоректі жануарлардың жоғалуы, табиғи жайылымда

а/ бәсекелестік қарқындылығының жоғарылауы және өсімдік түрлерінің әртүрлілігінің көбеюіне

б/ бәсекелестік қарқындылығының төмендеуі және өсімдік түрлерінің әртүрлілігінің азаюына

в/ бәсекелестік қарқындылығының төмендеуі және өсімдік түрлерінің әртүрлілігінің көбеюіне

г/ бәсекелестік қарқындылығының жоғарылауы және өсімдік түрлерінің әртүрлілігінің азаюына әкеледі.

7. Биоценозда непентес өсімдігі

а/ продуцент

б/ 1 қатардағы консумент

в/ 2 қатардағы консумент

г/редуцент ретінде қарастырылады.

8. Экологиялық жүйе дегеніміз

а/ энергия алмасуы мен заттар ағыны

б/ зат айналымды қолдайтын, кез келген тірі организмдер мен бейорганикалық компоненттер жиынтығы

в/ зат ағынының тұйық циклі

г/ органикалық қосылыстардың химиялық баланыстар түрінде бір деңгейдегі организмнен екіншісіне энергияның ауысуы

9. Қоректік тізбек деп

а/ өсімдіктен басталатын тізбек

б/ алдындағы түр келесіге қорек болатын қатар

в/ өсімдік, жануардан тұратын тізбек

г/ жануарлардан аяқталатын тізбек.

10. Жайылымдық тізбек

а/ өлі органикалық заттан басталады

б/жасыл өсімдіктен басталады

в/ шөп қоректі жануардан басталады

г/ жыртқыштан басталады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]