Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
lab_omyrt_1179_asyzdar.docx
Скачиваний:
110
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
1.91 Mб
Скачать

Орындайтын тапсырмалар

1. Жүйесімен танысып, альбомға жазып алу.

Жүйесі

Буылтық құрттар типі - Annelida

Белдеулілер тип тармағы - Clitellata

Аз қылтанды құрттар класы - Oligochaeta

Күрделі аз қылтанды құрттар отряды - Neoligochaeta

Өкілі: жауын құрты - Lumbricus terrestris

2. Тірі жауын құртын қағаз бетіне салып, арқа-қаралау жағын, құрсақ- ақшылдау жағын тауып, денесінің алдыңғы жағы жұмырлау және жіңішкелеу екендігін, артқы ұшының жалпақтау екенін ажырату керек. Жауын құртының сегменттеріне, 32 және 37 сегменттер аралығындағы терінің кеңейген жері - белдеушесіне назар аударыңыздар. Лупаның көмегімен 2-ші сегментінде орналасқан ауыз тесігін және соңғы сегментіндегі аналь тесігін табыңыздар.

3. Алдын ала эфирмен немесе 10 процентті спиртпен жансыздырылған жауын құртының денесіндегі шырышты кетіріп және құрсақ жағын астына қаратып, бас және артқы ұштарын табақшаның түбіне инелермен түйреу керек. Бас жүйке түйінін бүлдірмеу үшін 3-ші сегменттің тұсындағы ортаңғы ұзынша сызықтың бір жағынан түйрейді. Сосын, ортаңғы ұзынша сызықты бойлай скальпелмен немесе алмаспен тіледі. Әрбір 1-2 см-ден соң, дененің тілінген шеттерін иіп және оны қиғаштап инелермен шаншу керек. Жауын құртының дене қуысына ашылған ішегіне, ішек қапталынан көрінетін перделерге (диссепименттерге) назар аударыңыздар. Арқа қан тамырын, өңештің айналасындағы сақиналы тамырларды("жүрекшені") қараңыздар.

Перделерді (диссепименттерді) бойлай ішектің екі жағынан орналасқан көптеген ақшылдау түтікшелер-метанефридияларды (зәр шығару мүшелерін) көрсету керек.

Жауын құрттың гермафродитті жыныс жүйесімен танысыңыздар. Мұнда жыныс аппаратының біраз бөлігі үлкейтіп көрсететін құралсыз-ақ көрінеді. Аталық жыныс жүйесі: тұқым қапшықтары-үлкен ақшылдау дене тәрізді (10,11,12 сегменттерінде) болады, тұқым бездері мен тұқым шашатын жолдары (14,15 сегменттерінен) көрінеді. Ал аналық жыныс жүйесінен: жұмыртқа бездері (13 сегментінде), тұқым қабылдағыштары (9,10 сегменттерінде) көрінеді. Жауын құрттың ішкі құрылысының суретін салып, мүшелерін белгілеңіздер.

4. Лупалармен жауын құрттың ішкі құрылысының ылғалды препаратын рельефті кестемен салыстыра отырып, қандай жүйелерінің мүшелері көрініп тұрғандығына талдау жасау керек.

5. Жауын құртының терісінен уақытша препарат дайындап микроскоптың кіші ұлғайтқышымен қарап, қылтандарын тауып, сегментіндегі қылтандар санын анықтау керек.

6. Микроскоптың кіші ұлғайтқышымен жауын құрттың тұрақты көлденең қимасы бар препараттарын қарап, тері-ет қапшағының құрылысына, төселген эпителий жасушаларының бар болуына байланысты дененің екінші қайтара пайда болған қуысының бірінші қуыстан айырмашылығына назар аударыңыздар.

7. Қайталауға арналған сұрақтарға жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.

Қайталауға арналған сұрақтар

1. Жауын құрттың сыртқы құрылысында қандай ерекшеліктер бар?

2. Жауын құртының тері-бұлшық ет қапшығы қандай құрылысты болып келеді?

3. Ас қорыту жүйесінің құрылыс ерекшеліктері неде және олардың бөлімдері мен атқаратын қызметтері қандай?

4. Тыныс алуы мен қан айналу жүйелері қалай жүзеге асады?

5. Жүйке жүйесінің күрделенуін қалай түсіндіруге болады?

6.Буылтық құрттардың метанефридия зәр шығару жүйесінің жалпақ және жұмыр құрттардың протонефридия зәр шығару жүйесінен айырмашылығы қандай?

7. Жауын құртының көбеюі қалай өтеді?

Келесі сабаққа тапсырма: "Былқылдақденелілер немесе Моллюскалар типі. Бауыраяқтылар класы " тақырыбы бойынша дайындалып келу.

17-сабақ

Тақырыбы: Былқылдақденелілер немесе моллюскалар типі. Бауыраяқтылар класы.

Мақсаты: "Үлкен тоспа ұлуының сыртқы және ішкі құрылыстарындағы ерекшеліктермен танысу.

Қажетті құрал-жабдықтар: Үлкен тоспа ұлуының басқалшағының коллекциялары, ішкі құрылысының ылғалды препараттары, түрлі түсті кестелер.

Жалпы түсінік

Үлкен тоспа ұлуы су тоғандардың түбінде тіршілік етеді. Денесінің алдыңғы бөлігінде екі қармалауышы (33-сурет, А) және бір жұп көзі болады. Тұлғасын бақалшақ қаптайды, бақалшақтың кең аузынан бүкіл бауырын алып жататын аяғы байқалады. Бақалшақ төрт-бес бұратылып, ұшы үшкірленіп бітеді. Тоспа ұлудың бақалшағы мүйіз тектес заттан түзіледі. Тіршілігінде бақалшақтардың қызметі зор: тірек қызметін атқарады, жауларының шабуылынан қорғайды, ортаның әр түрлі әрекетінен сақтайды.

Үлкен тоспа ұлудың денесі бас, тұлға және аяқтан құралады да, бірінен -бірі айқын бөлінбейді, үлкен бұлшық етті аяғы бауыр жағында орналасқан. Сондықтан оларды бауыраяқтылар деп атайды. Ұлудың баспен жалғасқан тұлғасының алдыңғы жағында ерекше қатпар-шапанша (мантия) тұлғаны қаптап жатады. Денесі мен шапанша аралығындағы бос орын шапанша қуысы деп аталады.

Ас қорыту жүйесі (33-сурет,Б). Ас қорыту мүшелері ауыздан басталады. Ауыз тесігі жұтқыншаққа жалғасады. Мұнда тіл, жақ болады және тамақты үгітіп ұстау үшін сирек араның тісі тәрізді жауып жатқан үккі (терка) немесе радуласы болады. Өсімдіктермен қоректенетін үлкен тоспа ұлуы анда - санда тілін сыртқа шығарып өсімдіктердің жұмсақ бетін тістерімен қырып жалағандай жинап жейді. Жұтқыншақтың өңешке айналар жерінде арнаулы бір жұп қант безі болады. ауыз қуысына жұп сілекей безі де ашылады. Жұтқыншақ жұқа қабырғалы өңешке жалғасады, ал кейбіреулерінде жемсауға айналады. Одан кейін ортаңғы ішекке кішірек қарын жалғасады. Қарынды қызметі әртүрлі бауыр қоршап тұрады.

33- сурет. Тоспа ұлудың жалпы көрінісі және ішкі құрылысы:

А-1-бақалшақ, 2-тұлға, 3-басы, 4-көзі,5-қармалауыш, 6-аяқ, 7-тыныс алу тесігі, 8-шапанша (мантия)

Б-1-тіл, 2-өңеш, 3-қарын, 4-ішек, 5-бауыр, 6-жүрек қарыншасы, 7-құлақша, 8- өкпе, 9-аналь тесігі.

В-1-жүйке тармақтары, 2-жүйке түйіндері.

Бауырдан шыққан секреттерде ас қорыту ферменттері бар, олар қорытылған тамақты сіңіруге жәрдемдеседі және оларда органикалық заттар жиналады. Ортаңғы ішек артқы аналь тесігіне айналады. Ол бірнеше иірімделіп мантияның жоғарғы жиегіне келіп ашылады.

Тыныс алу жүйесі. Үлкен тоспа ұлуы өкпемен тыныс алады, сондықтан әлсін-әлі су бетіне шығып, тыныс тесігі арқылы өкпесіне ауа толтырып алады. Өкпенің қабырғасындағы қан тамырларда оттегін сіңіріп, көмірқышқыл газды бөлу арқылы газ алмастырады.

Қан айналу жүйесі. Жүрегі екі бөліктен тұрады: қарынша және құлақшадан(жүрекшеден). Қарыншадан ілгері және кейін қарай қолқалар шығады, олар артериялар мен капиллярға тармақталады. Қан капиллярдан дене қуысында жатқан мүшелерге құйылады. Мүшелердің арасындағы қуыстарды шая отырып, мүшелерді оттегімен, қоректік заттарымен қамтамасыз етіп, жолшыбай көмір қышқылын және диссимиляция қалдық заттарын ала кетеді. Бұл қуыстардан қан, тамырларға қайта жиналып, бірақ енді веналық жүйе арқылы көмір қышқыл газына қаныққан қан өкпеге жеткізіледі. Оттегінің көпшілігі қанда еріген күйінде болады.

Жүйке жүйесі (33-сурет, В). Жүйке жүйесі жақсы дамыған жүйке ганглияларынан тұрады. Олар мыналар: бір жұп бастың-ол бастың үстінде орналасқан. Оның қызметі көзі және басқа сезім мүшелерін, ас қорыту жүйесінің алдыңғы бөлімін, сол маңайдағы байланысы бар мүшелерді жүйкемен қамтамасыз етеді, бір жұп аяқтың-ол аяқты және оның бұлшық еттерін, басқа да мүшелерді жүйкемен қамтамасыз етеді, бір жұп висцеральдық ганглиилер (ішек жүйке түйіндері) дененің ішіндегі бірнеше ішкі мүше жүйелерін жүйкемен қамтамасыз етеді. Ол ішек үстінде орналасқан жүйке түйіндері болғандықтан жүйкемен ішкі мүшелерді кеңірек қамтиды бір жұп плевральдық-ол мантияны жүйкемен қамтамасыздандырады. Содан кейін әр жұп жүйке түйіндері өзара қысқа комиссуралар арқылы қосылады, одан бір жұп аяқтың, бір жұп бастың және бір жұп құрсақтың т.б. түйіндерімен де байланысады.

Сезім мүшелері. Терідегі батыраңқы орналасқан сезімтал жасушалар мен қармалауыштар үлкен тоспа ұлудың сипап сезу қызметін атқарады. Сондай-ақ тоспа ұлуда тепе-теңдік мүшесі де болады, ол-ішінде әктенген ұсақ денешігі бар көпіршік және сезімтал түкті жасушалар. Ұлудың денесі қалпынан өзгерген кезде көпіршектегі әкті денешік орнынан жылжып, тітіркенуді денеге жеткізу.

Зәр шығару жүйесі. Негізі зәр шығару жүйесі бүйрек. Бүйректер метанефридиялар сияқты, олардың бір ұшы үлпершекке (целомға), екінші жағы мантия қуысына жалғасады. Бүйректің қуысы, қан тамырларымен тығыз байланысты. Бүйрек эпителийлері денеден шығарылып тастауға тиісті заттарды осы тамырлардан бөліп алып, бүйректе жинала береді де дүркін-дүркін сыртқа шығарылып отырады. Бүйректің сыртқа шығарылатын тесігі аналь тесігінің қасынан ашылады. Ұлудың денесінде бүйректен басқа диссимиляция қалдықтарын сіңіріп отыратын ерекше бездер де бар.

Көбеюі. Үлкен тоспа ұлу гермафродит, жыныс мүшелерінің негізгі бөлімі-аналық жасушасы мен сперматозоид бөледі де, айқаспалы ұрықтанады. Ұлу су өсімдіктерінің сабағына жұмыртқалап, жұмыртқадан жетілген жас тоспа ұлушалар өрбиді, яғни тура дамиды.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]