Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1178_aza_1179_tili_UMP_1_kurs.doc
Скачиваний:
12
Добавлен:
21.02.2016
Размер:
40.12 Mб
Скачать

Бөж тапсырмасы

«Басшысы келіспесе, ел жетім» деген тақырыпта өз ойыңызды жазыңыз.

X АПТА

ҚОҒАМ ЖӘНЕ ЖАСТАР

1- сабақ

Жастар және қоғамдық ұйымдар. Қарсылықты салалас құрмалас сөйлем

Қарсылықты салалас – құрамындағы жай сөйлемдері бір – біріне қарама - қарсы мәнде айтылғандықты білдіретін салаластың түрі. Жалғаулықсыз қарсылықты салалас, біріншіден құрамындағы жай сөйлемдер бір – біріне қарама – қарсы айтылады, екіншіден, баяндауыштары қарсы мәндес сөздерден болып келеді. Мысалы: Ағаңның да сенің алдыңнан шықпақ ойы бар еді, - жұмыстан қолы тимеді.(Н.Ғабд.) Бас болмақ оңай, - бастамақ қиын.

Жалғаулықты қарсылықты салалас: бірақ, сонда да, дегенмен, алайда, әйтсе де, сонда да, сөйтсе де, әйткенмен деген қарсылық мәнді жалғаулық шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Күн сайын бір жаңалық болады, алайда бұл жаңалық ананы бұрынғыдай онша мазасыздандырмайды.(М.Г)

1-тапсырма. Сөйлемдерді оқып, қарсылықты салалас құрмаластың жасалу жолына мән беріңіздер.

Тәуелсіздікті ата – бабаларымыз ғасырлар бойы аңсады, бірақ ол бізге оңай жолмен келген жоқ. Жастардың терең білім алуына барлық жағдай жасалуда, алайда сол мүмкіндікті пайдалана алмай жүрген жастарымыз қаншама! Көпшілік жастар өз қалаған мамандықтары бойынша еңбек етуде, дегенмен басқа салада еңбек етіп жүргендері де бар. Оның басшылық қабілетіне күмән келтірген едік,- ол біздің күмәнімізді сейілткендей болды. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында, әйтсе де олардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып отыр ма? Жастардың аяғынан тік тұруына қиындықтар мен кедергілердің бар екені рас, сонда да мен жастарға сенемін!

2-тапсырма. Сөйлемдерді оқып, түрлеріне қарай ажыратыңыздар. (жай, құрмалас)

Жастар – өзінің ерекше әлеуметтік және психологиялық сипаты бар, қоғамның үлкен бір бөлігі. Жастар – өзіне ғана жататын сипаттары, өздерінің тәртібі, құндылығы бар әлеуметтік қоғамның негізгі бөлігі.Жастар қатарына 16-30 жас аралығындағы адамдарды қосады, бірақ бұл көрсеткіш әр мемлекетте әр түрлі. Мысалы, жас жұмысшының қоғамдық және профессионалдық қалыптасуы 25 жасында аяқталады, ал жас ғалым болып 35 жасында қалыптасады, яғни бұл жаста адам «жас» деп саналмайды. Жастар – қоғамның ең мобильді бөлігі. Ол әлеуметтік құрылымға өзінің белсенді әсерін тигізе алады.

3-тапсырма. Берілген сөйлемдерді аяқтап, қарсылықты салалас сөйлем жасаңыздар.

Көптеген жастарымыз болашақ мамандықтары бойынша білім алуда,----------- Енді біреулері қоғамның сан алуан саласында еңбек етуде, ----------------------- Еліміздің атынан халықаралық ғылыми сайыстарға қатысып жүргендері қаншама, ------------------------------------ . Өнерпаз жастар өз өнерін халыққа паш етуде, ---------------------------------- . Олимпиадаларда еліміздің көк байрағын желбіретіп жүргендер де аз емес, -------------------.. Ал енді біреулері қоғамдық – әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға, жастар саясатын дамытуға ат салысуда, ----------------------------- .

4-тапсырма. Қоғамда өзіндік орны бар үлгілі жастар туралы әңгімелеңіз.

5-тапсырма. Құрмалас сөйлемдер арқылы мына сұрақтарға жауап жазыңыздар.

- Біздің елімізде жастарға жағдай жасалған ба?

-Спорт саласында жетістікке жеткен қандай жастарды білесіз?

-Өнерпаз жастардан кімдерді ерекше атар едіңіз?

-Білім, ғылым саласында елімізді шетелге танытып жүрген жастар бар ма?

6-тапсырма. Шағын мәтінді оқып, осы мәселе төңірегінде пікірлесіңіздер.

Жастардың мүмкіндігіне қарай қоғамдағы болып жатқан оқиғалардан өзін оқшау ұстамағаны жақсы. Өйткені олар – елдің келешегі. Ата жолын жалғастыратын мұрагер. Бүгінгі аяқталмай жатқан істі мәреге жеткізетін де солар. Сол үшін де жастарға белсенділік, сергектік, кәсібилік өте қажет. Мұндай болу жастардың табиғатына да жарасады. «Егер біз лаулап жанбасақ!..» деген өлең жолдарының мағынасы әлі өз күшінде. Онда жастарымыздың саяси өмірге араласып, қатысып тұруы міндетті емес пе?

2-сабақ

1-тапсырма. Сөздік жұмысын жүргізіңіздер.

Үрдіс, көкейкесті, ержету, сіңіру, қол жеткізу, жас шыбық, ат салысу, тұғыр, табыну, кемелдену, қоғам құндылықтары, әлемдік қауымдастық, талаптарға сай келу, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті.

2-тапсырма. Осы сөздер мен сөз тіркестерін пайдаланып, қарсылықты салалас құрмалас сөйлем құрастырыңыздар.

Мысалы: Ол жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп ержетті, алайда айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмады

3-тапсырма. Мәтінді түсініп оқыңыздар. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыздар.

Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып

беремін. (Әл Фараби)

Қоғамның басты байлығы – дарынды жастарда

Дарынды жастарды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап, танып білу үрдісі өте ертеде басталды. Дарындылық «дарын» сөзінен шыққан. «Дамудың ерекше қолайлы, ішкі алғы шарттары» дегенді білдіреді. Дарындылықтың ең басты белгісі – оқу бағдарламасын табысты меңгеру және шығармашылық қабілет. Жастардың шығармашылық қабілетін дамыту және оны тәрбиелеу –бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелердің бірі. Өйткені, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір, дарынды жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де солардың мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты – біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңірдіңіздер», - деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

Ал белгілі әнші Б.Тілеухан: «Біз ата – бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырмыз. Ендігі кезек - жастарда. Жастар – жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себептен жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге ат салысу – басты парызымыз. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны – Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек», - дейді. Яғни, елінің болашағын ойлау үшін жастардың бойында отаншылдық сезім болу керектігін баса айтады.

Егемен елдің ертеңгі тағдыры барша Қазақстандықты тынымсыз ойландыруға тиіс. Сондықтан, алдыңғы буын ағалар ел ертеңі – жастардың ашық демократиялық қоғам құндылықтары негізінде тәрбиеленгенін қалайды. Өз Отанының патриоты болғанын, әлемдік қауымдастықтың талаптарына сай келетін жоғары білікті, білімді, басекеге қабілетті маман болғанын тілейді.(интернеттен)

3-тапсырма. Шағын мәтінді түсініп оқыңыздар. Мәтін мазмұнын басшылыққа ала отырып, сұхбат құрастырыңыздар.

Елбасы білімді жастарға арнаған бір сөзінде: «Халқымыз дарынды ұлға, талантты қызға қай заманда да кенде болмаған. Олардың бәрі де халқымыздың тарихында өшпес із қалдырып, аспанымызда шоқжұлдыздай жарқырап тұр... Ендігі кезекте алған білімдеріңізді туған елдеріңіздің кәдесіне жаратып, мемлекет артқан үмітті ақтаңыздар. Қазақстанның жарқын болашағы жолында аянбай еңбек ететіндеріңізге мен сенімдімін»,- деп еді.

Есте сақтаңыздар: өшпес із қалдырды – ұмытылмастай пайдалы іс жасады, үлгі – өнеге көрсетті, кенде болмаған- мұқтаж, зәру болмаған, кәдесіне жарату – бір пайдаға асу, қажетке жарау, үмітті ақтау – сенімнен шығу, тілекті орындау, аянбай еңбек ету – жанын салып, тартынбай еңбек ету.

3- сабақ

Қазақстанның жарқын болашағы – білімді ұрпағында

1-тапсырма. Елбасының жастар Конгресінде сөйлеген сөзін оқып, жай және құрмалас сөйлемдерді табыңыздар, пікірлесіңіздер.

«Біз өте шешуші, әрі жауапты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Бүгінгі әлемде экономикалық проблемалар, ұлтаралық соғыстар мен жанжалдар, халықаралық терроризм деген қатерлер бар. Оған ғаламдық дертке айналған аштық, жалаңаштық, кедейлікті қосыңыздар. Бүкіләлемдік банк мәліметтеріне сүйенсек, жер бетінде 1 млрд. 200 млн – ға жуық адам кемтарлықта, жоқшылықта өмір сүреді екен. Міне, осындай теңсіздіктен, кедейліктен терроризм мен түрлі жанжалдар туады. Дегенмен, осындай қауіп – қатерге қарамастан, ХХI ғасыр – жаңару, өсу, адамзаттық құндылықтардың салтанат құру ғасыры. Бұл – сендердің дәуірлерің! Прогресс қанша алға басқанымен, қай кезде де адамзаттың негізгі құндылықтары – мәдениет, ілім – білім, спорт, еңбек болып қалмақшы. Сондықтан да біз ұлы тарихи миссияны орындаймыз. Жаңа мемлекет құрамыз. Ол ерікті, демократиялық, дамыған, бейбітшілік сүйгіш елге айналу үшін сендер де өз үлестеріңді қосасыңдар!» (Астана ақшамы. 2002ж. 27 шілде.)

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіздер.

-Біз өмір сүріп отырған кезең неге шешуші, әрі жауапты болып отыр?

-Бүгінгі әлемде қандай қатерлер бар?

-Қандай мәселелер ғаламдық дертке айналып отыр?

-Терроризм мен түрлі жанжалдар неліктен туады?

-Елбасы ХХI ғасырды қандай ғасыр деп атады?

-Адамзаттың негізгі құндылықтары не?

-Біз құратын жаңа мемлекет қандай болмақ?

-Жаңа мемлекет құруға өз үлесіңізді қалай қосасыз?

3-тапсырма. Берілген сөйлемдердің астыңғы қатардан екінші сыңарын тауып, қарсылықты салалас құрмалас сөйлем жасаңыздар.

Біз халықаралық терроризмді, ұлтаралық соғыстар мен жанжалдарды қаламаймыз, ---------------------------------------------------------------------------------. Аштық, жалаңаштық, кедейлік сияқты ғаламдық дерттер де жанжалдардың тууына себепші болады, ------------------------------------------------------------------ . ХХI ғасыр – адамзаттық құндылықтардың салтанат құру ғасыры,--------------- . Қай кезде де адамзаттың негізгі құндылықтары – мәдениет, ілім – білім, спорт, еңбек болып қала береді, ------------------------------------------------------- .Дамыған мемлекеттердің қатарына қосылудың оңай еместігін түсінеміз, ----------------------------------------- .

Екінші сыңары: әйтсе де оған жол бермеуіміз керек; сонда да сол мақсатқа жету үшін өз үлесімізді қосуға тырысамыз; дегенмен оған төніп тұрған қауіп – қатерлер де жоқ емес; алайда кейбір жастарымыз осының бәрін бірдей өз бойында қалыптастыра алмайды; бірақ әлемде соған итермелейтін мәселелер бар.

4-тапсырма.

Сабақты бекіту сұрақтары:

1. Жастар деп кімдерді атаймыз?

2. «Еліміздің жарқын болашағы – дарынды жастардың қолында» дегенді қалай түсінесіз?

3. Елбасы бүгінгі жастарды неге «ерекше ұрпақ» дейді?

4. Неліктен мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты?

5. Алдыңғы буын ағалар жастардың қандай болғанын қалайды?

6.Әнші Б.Тілеухан жастарды неге теңейді? Еліміздің болашағын кемелдендіру үшін жастарымыздың бойында қандай қасиеттер болу керек дейді?

6. Халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған қандай дарынды ұл – қыздарымызды білесіздер?

7. «Жастар –тәуелсіз Қазақстанның биік тұғыры» дегенді қалай түсінесіз?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]