Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК Байболат Л.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
21.09.2019
Размер:
1.08 Mб
Скачать

14 Сабақ Өркениеттің іргетасы

1. Сөздікпен жұмыс істеңіз:

Тәрізді, бірдей, бұлақ, қиын, сәт, құпиялы, тану, кәрілік, жастық, інжу, маржан, ұрпақ, құдіретті, күш, дидарласу, қарыз, қасиет, бұлақ, білімнің қайнар бұлағы.

2. Ойтүрткі

Сұрақтарға жауап беріңіз:

а) Кітап оқуды жақсы көресіз бе?

ә) Тарихи кітаптар ұнай ма?

б) Мектепте қандай кітаптарды көп оқыдыңыз?

в) Кітап – досым деп ойлайсыз ба?

3. Топ болып мына сұрақтарды талқылаңыздар:

а) Қазір Сіз кітап сатып аласыз ба?

ә) Жеке кітапханаңыз бар ма?

б) Қандай кітаптарды көбірек жинайсыз?

в) Әр түрлі саладан сөздіктер аласыз ба?

г) Мамандығыңызға қатысты кітаптар жинайсыз ба?

ғ) Қандай кітапханаға жиі барасыз? Неге?

д) Кітапхана Сіз үшін қандай әлем?

е) Тарихтан қандай ұлы кітапханаларды білесіз?

ж) Кітап туралы мақал-мәтел, афоризмдер білесіз бе?

з) Кітап ұлттық байлық дегенге қалай қарайсыз?

и) Соңғы кезде қандай кітаптар оқыдыңыз?

4. Мына сөздердің синонимін табыңыз: тәрізді, қайнар, кездесу.

5. Мәтінді оқыңыз:

Өркениеттің іргетасы мен күмбезі

«Кітап – асыл досымыз. Жақсы кітап – жақсы қоғам тәрізді. Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей. Білімнің қайнар бұлағы, сенің рухани қазынаңның қайнар бұлағы – кітап. Кітап өміріңнің қиын сәттерінде сенімді сырласың болады. Кітап оқу – үйренудің ең жақсы түрі, әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі, алтын қазына.

Өркениеттің жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оның оқыған кітабының санымен анықталады. Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені тану үшін де кітап керек.

Кітаптар – кәріліктің жақсы достары, сонымен бірге жастықтың ең жақсы жетекшілері де. Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын бойына жинайды да, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді. Мәдениетті адам болып тәрбиеленуге екі құдіретті күш әсер етеді – көркем өнер мен ғылым. Бұл екеуімен де кітап бетінде дидарласасың.

Білімге құмартып, кітапты бүкіл жан-дүниеңмен сүй. Ол сенің ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің соңына дейінгі сенімді серігің. Өз кітапханаңды құра біл.

Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын. Егер мен байысам, тек қана кітап сатып алар едім».

6. Мына сөздердің қарама-қарсы мағынасын беріңіз:

а. Асыл -

в. Қиын -

ә. Дос -

г. Кәрілік -

б. Жақсы -

ғ. Бай -

7. Көп нүктелердің орнына қажетті сөздерді қойыңыз.

а) Білімнің қайнар бұлағы - ... .

ә) Рухани қазынаң - ... .

б) Сенің ең жақсы досың, сенімді серігің - ... .

в) Асыл досымыз - ... .

г) Әлемдегі құпиялы ұлы ғажайыптардың бірі, алтын қазына - ... .

8. Мына сөйлемдерді мәтінге сәйкес аяқтаңыз:

Білімнің қайнар бұлағы ...

Кітап өміріңнің қиын сәттерінде ...

Өзіңді өзің тану үшін ...

Кітаптар – кәріліктің ...

Мәдениетті адам ...

Бұл екеуімен де ...

Білімге құмартып, кітапты ...

Өз кітапханаңды ...

Өз бойымдағы барлық ...

Егер мен байысам, тек қана ...

9. Мына етістіктер мен сөз тіркестерін пайдаланып, мәтінді әңгімелеңіз:

Жақсы кітап, білімнің қайнар бұлағы, рухани қазына, сырласың болу, қиын сәттер, құпиялы ұлы ғажайыптар, алтын қазына, анықталу, кітаптың саны, адамзат, ақыл-ойы, жинау, жеткізу, мәдениетті адам, екі құдіретті күш, әсер ету, дидарласу, құра білу, жақсы қасиеттер, сатып алу.

10. Сөз тіркестерін оқыңыздар, мағынасын басқа сөздермен беріңіздер.

Асыл дос, сенімді сырлас, білімнің қайнар бұлағы, өзіңді өзің тану үшін, анықталады, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, дидарласу, білімге құмарту, жан-дүниеңмен сүю, сенімді серігі.

11. Мына пікірлермен келісесіз бе? Тақырыпқа сәйкес пе?

1. Кітап оқу адамның есте сақтау қабілетін ұштайды (развивает память).

2. Кітапты әрдайым дауыстап оқу (читать вслух) қажет.

3. «Аз сөйлеп, көп тыңда» деген сөздің кітапқа да қатысы бар.

4. Жазушылар кітапты көп оқиды.

5. Қазақ жазушысы О.Бөкеев кейіпкері − кітапқұмар.

6. Орыс жазушысы Н.Островский де әйгілі кітапқұмар болған.

12. Мәтінге тақырыпша беріңіз.

Тақырыпша мәтіннің мазмұны туралы түсінікті толықтырып, негізгі ойды нақтылау үшін қойылады.

13. Мәтінді фразаларға бөліңіз.

14. Мәтін авторының қорытынды пікірін (соңғы азат жол) өз ой-пікіріңізбен жалғастырыңыз.

15. Мәтіннен ІІ жақ тәуелдік жалғаулы сөздерді табыңыз.

16. Мәліметтерге назар аударыңыз. Қазақстанмен салыстырыңыз.

Кітап шығару жөнінен Жапония – алдыңғы қатардағы елдерің бірі. Қазіргі кезде халықтың үштен бірі кітап оқымайтын халге жетіпті. Жеті мың студентке анкета таратып көрген екен, бірінші курс студенттерінің отыз пайызы оқулықтан басқа кітап оқымайтын болып шығыпты. Ал, қалғандары күніне 5-10 минут қана, онда да қалалық транспорт үстінде отырып оқиды екен. Міне, бұл − кітап оқу жағынан кешегі Кеңес Одағы жағынан кейінгі екінші орын алып келген кітапқұмар халық.

Ал, Австралия ше? Австралиялықтардың 30 пайызының көркем әдебиетте жалпы шаруасы жоқ. 18 пайызы аптасына үш-ақ сағат бірдеңе оқитын көрінеді. Халықтың жартысынан көбі ешқандай кітап сатып алмайды. Кітапханаларға бармайды.

Көркем сөздің алтын бесіктерінің бірі болған Италия енді, міне, әдебиетімен де, оқырмандарымен де мақтана алмайды. Бүкіл халықтың 28 пайызы ғана қолдарына кітап ұстағансиды екен. Сонда жыл бойына оқитындары – бір кітап, әрі кеткенде, бес кітап. Ал, елдің 53 пайызы жалпы кітаптың не екенін білмейді. Француздардың да 65 пайызы кітап оқымайтын көрінеді.

(Қадыр Мырза Әлі. «Жас Алаш»)

а) Мәтіннен бұрынғы өткен шақта берілген сөздерді табыңыз.

ә) Мәтіннен болымсыз етістік түрінде берілген сөздерді табыңыз.

б) Мәтіннен сан есімдерді табыңыз.

в) Мәтінге тақырып қойыңыз

Тақырып мәтінде түйінделген негізгі ойды білдіруі тиіс.