Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

§ 15. Мазмұн және форма

Келесі талдайтын категориялар - мазмұн және форма, өйткені біз болмысты талдауда әрі қарай тереңдей түсеміз. Мазмұнға зат, я болмаса құбылыстың барлық құрамдас бөліктерінің жиынтығы, олардың касиеттері мен байланыстары, кайшылықтары жатады. Форма деп мазмұнның өмір сүру тәсілін, оның ішкі ұйымдасу тәртібін айтамыз.

Мысалы, М.Әуезовтьщ «Абай жолы» роман-эпопеясын алсақ, оның мазмұнына қазақ халқының сайын даласындағы XIX ғ. сан қилы оқиғалар, Абайдың өмір кезеңдері, оның философиялық толғаулары т.с.с. жатады. Романның формасына келер болсақ, оған әртүрлі тараулардың бір-бірімен байланысы, автордың стилі, көркем сөзінің ерекшеліктері т.с.с. жатады. Ол - романның ішкі формасы.

Сонымен қатар роман баспадан оқушыларға арналып, арзан қағазға басылып, жұмсақ мұқабамен түптелуі мүмкін, ол - оның сыртқы формасы. Ол басқаша да болуы мүмкін: қымбат ақ кағазға басылып, ішінде суретшінің жасаған құлды түрлі түсті суреттемелері де болуы мүмкін.

Заттың сыртқы формасы кейбір жағдайда өте мәнді болып келеді. Мысалы, ұшақтың, сүңгуір қайықтың, автомобильдің т.с.с. сыртқы формасы мақсатқа лайықты болмаса, ол өз қызметін дұрыс атқара алмас еді. Сондықтан ғалымдар құстың қанатын, балықтың дене формасын зерттеп, оны осы өндірістерде пайдаланады.

Тарихи форма категориясын философияға енгізген ұлы Аристотель болды. Оның ойынша, материя пассивті, енжар, өзіндік дамуға мүмкіндігі жоқ, езілген саз сияқты. Оны Дүниеге келтіретін, дамытатын - форма ғана. Материя формасыз, форма материясыз өмір сүре алмайды.

Жаңа дәуірде материяның ішкі өзіндік күш-қуатын мойындап, оның белсенділігі мен форманың оған тәуелділігін көрсеткен Ф.Бэкон болған-ды.

Тарихи түрде Гегель алғашқы рет мазмұн категориясын философияға енгізіп, оны материя мен форма арасындағы дәнекер ретінде қарайды.

Маркстік философияда мазмұн мен форма даму үрдісің анықтауда пайдаланылатын категориялар ретінде қаралады.

Бүгінгі таңдағы нәтижелерге келер болсақ, мазмұн мен форманы бір-бірінен айыруға болмайды, қайсыбір мазмұн формаланған, форма - мазмұнды; олар қайшылықты бірлікте, даму үрдісінде бір-біріне өтуі мүмкін; бір-біріне сай келгенде ең тиімді даму урдісі жүреді.

Мазмұн мен форманың арақатынасын талдауда екі бір-біріне қарсы пікір бар. Сонау Аристотельден келе жатқан көзқарас форманың белсенділігі.

Екінші, негізінен алғанда, маркстік философиядағы көзқарас - мазмұнның бастаушылығы мен форманың тұрақтылығы. Заттың мазмұны басқалармен өне бойы байланыста болғаннан кейін өзгеріске ұшырап, белгілі бір кезеңде ескі формаға сыймай, оны өзгертеді, жаңа пайда болған форма мазмұнның әрі қарай дамуына жағдай туғызады.

Біз, жалпы алғанда, екінші пікір дұрыс па деген ойдамыз. Сонымен қатар қоғам өмірінде саналы адамдар өмір сүргеннен кейін, олар жаңа формаларды тудырып, мазмұнды соған сай етіп өзгертеді. Ол әсіресе айқын өтпелі даму кезеңдерінде көрініп отыр. Экономика саласындағы жаңа меншік формаларын өмірге енгізу шаруашылық үрдістердің күрт дамуына жағдай жасады. Муниципалдық, зейнеткерлік реформалар жаңа формаларды енгізу арқылы жүруде, соның арқасында бұл салаларда да үлкен өзгерістер байқалады; қоғам өміріне жаңа формаларды енгізу, негізінен алғанда, жаңа заңдарды қабылдау арқылы іске асып жатыр.

Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді, оның бәрі де қоғам өміріндегі форманың белсенділігін, оның мазмұнға қарағанда алда жүретінін көрсетеді.

Сонымен қатар форманың мүмкіндіктерін асыра бағалау формализм деген теріс кұбылысты тудырады. Ол әсіресе басқару жүйесіндегі шен иелерінің кызметіне байланысты. Ондай адамдарды халық «қағаздық жан» (бумажная душа) деп атайды. Олар мәселені мазмұнына қарап шешудің орнына неше түрлі ұсақ-түйекке арқа сүйеп, тежейді.

Реформа барысындағы көп өзгерістер өмірге жаңа заңдар, формаларды енгізумен байланысты екенін жоғарыда көрсеттік. Бірақ, сонымен қатар барлық енгізілген жаңалықтар жақсылыққа әкелді деп айту да қиын. Мысалы, бұрынғы совхоздар мен колхоздарды жою, тіпті жақсы пайдалы жұмыс істеп тұрған кейбір шаруашылықтарды жасанды түрде банкроттау, әрине, ауыл шаруашылығын дамытуда жасалған үлкен қателіктердің бірі болды. Тиімді саясат арқылы сол ескі формаларға жаңа мазмұн беріп дамытуға, әрине, болар еді. Қазіргі уақытта кішігірім фермерлер өндірісті дамытуға күштері жетпей, қайта бірігу үрдісінде. Алып жерлерді игеріп жатқан каланың лендлордтары тек өз қамын ойлауда, бұрынғы ауылдың құрылымы әсіресе әлеуметтік сала жан аярлық халде. Олай болса, әңгіме тек жаңа формаларды енгізуде ғана емес, сонымен қатар жаңа жағдайда дамуға мүмкіндік жасай апатын ескі формаларды да ұқыпты пайдалануда болса керек.