Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

Джайнизм философиясы

Джайнизм (Джина - жеңіс) философиясының негізін қалаған Махавира деген ойшыл болған.

Джайнизм «жеңіс» деген сөзден шыққан. Адам кімді жеңу керек? Басқаларды ма, әлде бүкіл Дүниені ме? Жоқ, бүл Дүниедегі шынайы жеңіс - ол адамның өзін-өзі жеңуі.

Джайнизм философиясында 9 ұғым бар. Олар: тірі (джива), өлі (аджива), ізгі, күнә, жанның бұзылуы (ашрава), самвара - жанның тазалануы, тәуелділік, карманы бұзу - нирджара, жанның денеден құтылуы - босау.

Джайнизм философиясының негізгі ұғымдарының бірі - свят-вада (свят - белгілі бір жағдайда) әрбір заттың шексіз әртүрлі қасиеттері мен белгілері бар. Уақыттың шеңберінде олардың бәрі өзгеріп отырады. Сондықтан бірде-бір затты толығынан танып-білу мүмкін емес. Зат жөніндегі біздің тұжырымдарымыз шектелген болуы керек.

Джайнизмнің «үш маржаны», ол - дұрыс сенім, дұрыс білім, дұрыс жүріс-тұрыс.

Адам өз-өзін жеңуі үшін бірнеше қағидаларды ұстауы керек. Олар:

Апариграха дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау;

Сатья - әрқашанда ол қандай киын болса да шындықты айту;

Астея - ұрламау, өлейін деп жатсаң да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап қана алу;

Ахимса - еш нәрсеге зәбірлік жасамау, өйткені барлық тіршіліктің жаны бар.

Тарихта мыңдаған жылдар өтсе де, джайнизмнің адам алдына қойған талабына әлі де болса қазіргі өркениет жеткен жок.

Уақытында Үнді елінің XX ғ. ұлы азаматы Махатма Ганди ахимса қағидасына сүйене отырып, өз халқын бейбіт жолмен ағылшындардың бодандығынан алып шыққан болатын.

Ал бүгінгі таңда ахимсаның рөлі бұрынғыдан да жоғары болып отыр. Мысалы, бүгінгі таңдағы «аңшыларға» келетін болсақ, олар күннен-күнге әлсіреп келе жатқан табиғатқа қаншалықты теріс әсерін тигізіп жатыр! Жануарды өлтірген - бір қадам адам өлтіруге жақын, ал адам өлтірілген жағдайда - соғыстың да бітпейтіні хақ. Сондықтан аң аулап, хайуандық инстинктерді оятқанша, табиғатқа тек «фото аулауға» шығу - бүгінгі таңның талабы.

Нарықтық заманға өту жолында бүгін көп адамдар бірін-бірі алдау жолына түсіп, біреу мың теңгенің затын ұрлап түрмеге түссе, екіншісі миллиондаған теңге тұратын байлықты басып қалып, іскер деген атақ алып жүр. Егер джайнизм дүниеге байланба десе, біздің журналистер «Бай және бақытты болған жақсы» деген бағдарламаларды телеэкраннан көрсетеді. Сен бай болып, айнала қоршаған адамдар қайыршы болса, ондай өмірден қандай ләззат алуға болады?!

Сонымен джайнизм философиясының гуманистік моральдық құндылықтары - ұлы Үнді халқының рухани ақмаржаны, ол бүгінгі таңға шейін қоғамдық сананың ажырамас бөлігі. Әсіресе бұл құндылықтар бүгінгі барлық адамға керек материалдық қажеттіктерді өтеп, күнбе-күн жалған қажеттіктерді жасап, жарнама арқылы солардың жолына миллиондаған адамдарды салып қойған Батыс қоғамына ауадай қажет. Мұның өзін кейбір Батыс ойшылдарының өздері де мойындап отыр.

Буддизм

Үнді елінде пайда болып, дүниежүзілік үшінші дінге айналған философия ілімі - буддизм.

Буддизмнің негізін қалаған Үнді елінің шакья тайпасынан шыққан Гаутама Сидхартқа (563-483 б.ғ.д.).

Будда жөніндегі аңыздарға қарағанда, ол үлкен гүлдеген бақтың ішінде туып-өсіп тәрбиеленіпті. үйленіп, балалы болыпты. Бірақ күндердің бір күнінде қалаға келіп, халықтың шексіз зардабын көріп, 29 жасында тәтті өмірден бас тартып, ел аралап кетеді. 6 жыл ел кезіп, өзінің тәнін қинап, ел кезген брахмандармен сұхбаттасып, Дүниенің терең мәнін іздейді.

Бірақ одан еш нәрсе шықпағаннан кейін, ол адамның зардап шегуінің себебі неде және одан қалай кұтылу керектігі жөнінде ойланады.

Күндердің бір күнінде ол алып ағаштың түбіне келіп отырып, ақырында ақиқатқа жетеді - ол Буддаға - яғни ағарған, даналық деңгейге кетерілген әулиеге айналады. Сол күннен бастап ол өзінің ашқан ілімін кеңінен халықка тарата бастайды. Будданың ашқан «Төрт ақиқаты»:

Бұл Дүниедегі өмір зардапқа толы. Оның көбін ешбір адам аттап өте алмайды, өйткені адам бұл дүниеге жылап келеді, жылап кетеді; адам ауырып зардап шегеді; әке-шешесінен, ағайын туғанынан, сүйген жарынан, жолдас-жораларынан айырылып қайғырады. Мұның сыртында өмірден тілегеніне жете алмай, қиналады. «Адам болу өте қиын. Өтпелі пенденің өмірі қиын».

Зардапты жеңу үшін оның шыққан қайнар кезін, себебін білу керек. Оның себептері: өмірге деген құштарлық, өмірде болуға деген іңкәрлік, ләззатқа тоймаушылық. «Құмарлықтан күшті от жоқ; жек көруден артық пәле жоқ; денеден артық бақытсыздық жоқ; тыныш өмірден артық бақыт жоқ». «Ол мені аяғына басты, ол мені ұрды, ол мені жеңді, ол мені жалаңаш қалдырды». Мұндай ойларды ішінде сақтаған адамның жек көруі тоқталмайды. «Адамдар дамыл таппай, қорқып қашқан қояндай, айнала жүгіріп жүр».

Зардаптың себебі анықталғаннан кейін оны тоқтатуға болады, «өйткені ешқашанда бұл дүниеде жек көру жек көрумен тоқтатылмайды, тек қана жеккөруді жоқ кылу арқылы оны тоқтатуға болады. Міне, бүл – мәңгілік шындық. Егер адам құмартудан құтылса, надандық пен жек көруден арылса, еш нәрсеге байланбаса ғана әулиелік жолға түседі!»

Зардапты тоқтатын жол бар, ол - сегіз қырлы. Олар:

Дұрыс көзқараста

Дұрыс сөйлеуде

Дұрыс бағытта ойлауда

Дұрыс өмір салтында

Дұрыс жүріс-тұрыста

Дұрыс бетбұрыста

Дұрыс күш салуда

Дұрыс зейін қоюда.

Міне, осы сегіздік жолына түскен адам толығынан зардаптан айырылып, нирванаға жетеді.

Сонымен ләззат пен құмарту жолына түскен адамдар тұрпайы, пайдасыз, дөрекі, ал денесімен күресіп, оны қинаған адамдар зардаптан шыға алмайды. Тек ортаңғы жол дүниені көрсетіп, білім әкеліп, екі жолдың ортасымен өтіп адамды тынышталуға, құдіретті білімге, даналыққа, нирванаға әкеледі.

Буддизмнің айтуына қарағанда, бұл Дүниедегі заттар мен құбылыстардың бәрі де бір-бірімен байланысып, бір-бірінен туып, бір-бірін алмастырып жатыр. Дүниеде өзімен-өзі өмір сүріп жатқан еш нәрсеге тәуелсіз екі-ақ нәрсе бар, ол - кеңістік пен нирвана.

«Нирвананы ешкім тудырған жоқ, нирвана жөнінде ештеңе айта алмаймыз: ол пайда болды ма, әлде пайда болмады ма, пайда болуы керек пе, әлде керек емес пе, ол өткенде ме, әлде болашақта ма, оны көзбен керуге, құлақпен естуге, иісін сезінуге, дәмін алуға, ұстап қарауға бола ма, әлде болмай ма». Онда нирвана болмағаны ғой.

«Нирвана бар, оған зердемен жетуге болады. Ақиқат жолымен өмір сүріп жатқан оқушы, егер ол сезімдік құмартудан айырылса, нирванаға жетеді. «Дүниеде жел бар ма?» «Бар». Онда маған желдің түсін, бітімін, көлемін: үлкен бе әлде кіші ме, ұзын ба әлде қысқа ма, көрсетші», - дейді Будда. Шәкірті оған былай дейді: «Ол мүмкін емес, мен оны көрсете алмаймын, желді қолмен ұстауға, құшақтап қамтуға болмайды, бірақ ол бар».

Будда оған жауап ретінде: «Сол сияқты, нирвана бар болғанымен, мен оны саған көрсете алмаймын», - деп қорытады.

Қорыта келе, буддизм ілімі зардапты тоқтату үшін адамды бұл Дүниедегі қызыққа байланбауға шақырады, өйткені ол адамды өзінің шексіз бір-бірімен байланысты ағымына салып, Дүниеге тәуелді келу заңының шеңберінен шығармайды, олай болса, бітпейтін зардап шектіреді, өйткені бұл Дүние — «Мая» — ұлы сағым, елес, алдамыш.

Сондықтан құмартуды суытып, Дүниеге қызығудан бас тартып, бірте-бірте сөну, өшуді буддизм нирвана дейді. Яғни нирвана дегеніміз - өмірден бас тарту, бейболмысқа өту. Сонымен, Қытай философиясы сияқты, буддизмде де біз бейболмыс ұғымының іргетастылығын байқаймыз.

Буддизм философиясы дүние жүзінде бірінші болып адам рухын ашып, оның құдіретті күшін көрсеткен философия. Касталарға бөлінген, адамды аяққа басып, хайуаннан төмен көрген қоғамда, «мен табиғаттың, қоғамның соқыр заңдылықтарынан, тәуелді Дүниеге келу заңынан жоғарымын, мен - адаммын» деген философияны буддизм дүниеге әкелді.

Адам сыртқы табиғатқа қарап, оған: «Мен сенен жоғарымын, өйткені мен сені өз ішімде болса да құрта аламын, мен өз еркіммен сенімен байлайтын құмартуды тоқтата аламын», - дейді.

Адамзат тарихында мұндай батыл өмірден бас тартушылық ешқашан еш жерде болған жоқ.

Сонымен қатар буддизмнің гуманистік-адамгершілік жақтары - ой тазалығы, іс-әрекет тазалығы, тіршілікті зәбірлемеу, зұлымдыққа зорлықпен қарсы шықпау, дүние қумау, кем-тар адамға қол ұшын беру т.с.с. адамзат рухының әрі қарай шыңдалуына зор әсерін тигізді.

Үнді философиясындағы материалистік көзқарастар

Әрине, Үнді философиясында идеалистік ағымдар басым болғанымен, сонымен қатар онда материалистік көзқарастар да пайда болды.

Үнді философиясындағы натурфилософиялық көзқарастарға келетін болсақ, олар дүниені 5 тұрақтыдан тұрады деп есептеген. Олар - жер, су, от, ауа, кеңістік. «Осы дүниеде бес тұрақты қосылған, оған джива неге керек (джива - жан-дүние). Егер 5 тұрақтының бірі болмаса, онда ол қосынды да жоқ. Ет, қан, май, сүйек, және оларды біріктіретін тарамыстан дене тұрады. Бірақ дживаны ешкім көрген жоқ. Жұрт джива естиді деп айтады. Бірақ құлақпен біз естиміз бе?» - деген материалистік көзқарастарды біз кездестіреміз. «Джива (жан) дегеніміздің өзі - дене. Ал дененің бәрі қартаяды, өзгереді, құриды. Ең алдымен ескіріп, тесіліп, содан кейін құлайтын үй сияқты, сезім, манас (ақыл), жел де, ет пен қан да, сүйек те шіріп, әрбіреуі өзін тудырған заттарға айналады», - деген сөздерді оқуға болады.

Екінші материалистер мәселені тереңірек қарап, Дүние алғашқы материядан - пракритиден жаратылған деген пікір айтады. Пракритидің 3 гуны (гун - қасиет) бар. Олар - саттва, раджас және тамас.

Саттва - ашық, оған ешқандай таңба түспеген, бізге біліммен бақыт әкеледі.

Раджас - құмарту қасиеті, ол іс-әрекетке итереді.

Тамас - жайбаракаттық пен жалқаулықты, үйқы мен миғұлалықты көрсетеді.

Үнді материалистерінің ойынша, пракритидің бұл 3 гуны бір-бірімен күресте болады. Егер раджас пен тамас жеңілсе, онда саттва үлкейеді. Раджас пен саттва жеңілсе, онда тамас ұлғаяды. Тамас пен саттва жеңілсе, раджас күшейеді.

Саттва ұлғайған адам өлгенде таза әлемге жетеді.

Раджас ұлғайған адам өлгенде, ол тағы карманың шеңберінде туады.

Тамас үлғайған адам өлгенде, олар адасқандардың ішінде қайта дүниеге келеді.

«Саттваға тұрақтылар жоғарыға бағыттайды, раджасқа ортада қалады, тамасқа - төменге, қараңғыға кетеді».

Үнді философиясында чарвака бағытының қағидалары қарапайым адамдардың арасында кең тарағанға ұқсайды.

"Осы өмірде бақытты болуға тырысайьқ!

Өлмейтіндер бұл өмірде жоқ екен.

Ол өлген сәтте күлге айналады.

Қалайша, ол бұл өмірге тағы келеді.

Олай болса чарвактар өмірдің мәнін байлық пен ләззат алудан көрген, олар о дүниені мойындамаған.

Дүниеге құмарту, одан ләззат алудан ол бізге зардап әкеледі деп неге қашамыз? Біз өмірден ләззат алып, зардаптан құлылуымызға болады. Ол балықты ұстап алып етін жеп, сүйегін лақтырып, күрішті қабығымен алып, оны тазалап жеген сияқты деген пікір айтады.

Чарвактар әсіресе брахман дініне қарсы шығып, о дүние, жұмақ, тозақ ұғымдары адамдарды қорқытып, сондай көзқарасты тарату арқылы өзін асырап жүрген, ақылы мен еңбекқорлығы жоқ адамдардың айласы деген пікір айтады.

«Егер құрбандыққа шалынған жануар аспанға аттанса,

Онда соны жасаған адам өзінің әкесін неге шалмайды?»

«Бұл өмірде ойнап күл де, қарызға алсаң да іхид іш (іхид -шараптың бір түрі). Ертең-ақ күлге айналғанда, қайта өмірге келесің бе? Егер денеден кеткен басқа әлемге аттанса, онда ол өзі сүйетіндерге неге қайта оралмайды?» - деген өткір сұрақтар қойып, өз заманындағы брахмандармен күрескен.

Үнді философиясында Дүниенің негізін екі бастамадан -пракрити (материя) және пурушадан (жан) шығармақ болған ағымды да кездестіруге болады.

«Білгің келсе, пракрити мен пуруша екеуінің де бастауы жоқ; біл, сананың өзгеруі пракритиден шығады; себеп пен іс-әрекеттің қайнар көзі пракритиде. Пуруша пракритидің тудырған гундарынан ләззат алады», - дейді.

Қорыта келе, біз көне Үнді философиясынан тамаша ойлар кездестірдік.

Олардың көбі біздің казіргі заманға лайық, бүгін өмір сүріп жатқан адамдарға өзінің зор әсерін тигізеді.

Бүгінгі қоғамның интеллектуалдық топтарында кейбір адамдардың Үнді дініндегі секталарға қызыға қарауы, соған кейде мүшелікке кіруі ол, әрине, бүгінгі таңдағы елдегі рухани дағдарыспен байланысты. Сонымен қатар Үнді халқының бейбіт рухы, адамның бұл өмірде орын табу жөніндегі толғанысы өзіне баурап, тартпай коймайды.