Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

§ 4. Исламдық ортағасырлық мәдениет аясындағы арабтық-мұсылмандық философия

Дүниежүзілік философия тарихында Шығыстағы Көне Қытай, Үнді, Парсы т.с.с. елдеріндегі пайда болған философиялық көзқрастардан тыс Орта ғасырларда дүниеге келіп, өзінің ерекше болмысымен тарихта танылған Орта Азия мен Араб елдеріндегі ұлы философиялық ой-пікірлерді айтуға болады.

Көне заманның аяғында құл иеленушілікке негізделген қоғам сарқылып, Орта ғасырларда «тарихи белсенділік» Шығыс халықтарының үлесіне тиеді. Оның негізгі себебі - тайпалық-рулық, соғыс демократиясының негізінде өмір сүріп жатқан, көпқұдайлыққа табынған араб тайпаларыньщ басын біріктіру қажеттігі еді. Осы қажеттіктің негізінде Ислам дүниеге келіп, сол діннің негізінде Арабтар империясы пайда болады. Ол Индтан Атлантика мұхитына дейін созылған мемлекет болды. Көшпенді араб тайпалары бастарының бірігуі олардың арасындағы қақтығыстарды тоқтатып, жаулап алынған Батыс пен Шығыс, Орта Азиядағы халықтардың мәдениетімен танысуға, бейбіт жағдайда өндіргіш күштердің дамуына, сауда-саттық пен теңіз арқылы байланыстардың өсуіне әкелді.

Араб империясы Батыста Испанияға дейін жетіп, өзінің мәдениеті, діні, философиясын жаңа елдерге таратты. Мысалы, бүгінгі таңда дүниежүзілік сөздікке кірген «арсенал», «адмирал» «тариф», «авария», «медицина», «алгебра» т.с.с. сөздер араб сөздіктерінен шықкан.

Аз уақыттың ішінде арабтар мемлекетті басқару, соғыс жүргізу, мәдениетті дамыту салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Оның бәрі басқа халықтардың мәдениетіндегі жетістіктерді өз дүниетанымен ұштастыру арқылы келсе керек.

Дүниежүзілік мәдениетке қосқан арабтардың үлесі көп. Соның ішінде философияға келетін болсак, олардың өшпес еңбегі -Антикалық дәуірде пайда болған философиялық ілімдердің бәрін ұқыпты зерттеп, өз тіліне аударып, оны әрі қарай дамытуы.

Бұл үлкен «аудармашылық қозғалыс» ретінде тарихта қалды. Эвклидтің еңбектері мен Плотомейдің «Альмагестінен» бастап, Платон мен Аристотельдың шығармаларының бәріне дейін араб ғалымдары өз тіліне аударып, халықтың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Бұл қозғалыс VII ғасырдың аяғынан бастап XI ғасырға дейін созылды.

Ал арабтардың өздерінің ғылымға қосқан үлесіне келер болсак, Абу-Миамардың «Зидж Абу-Миамар» деген еңбегі сол кездегі астрономиялық ілімнің биік шыңы болды. Аль-Батанидің жасаған астрономиялык кестелері латын тіліне аударылып, Еуропалық астрономия оқулығына айналды. Синус пен косинустарды астрономиялык есептеулерге алғаш енгізген де - сол кісі.

Цбн-Юнус уакытты өлшейтін маятник ойлап шығарды. Джабир Цбн-Афьян - алғашкы обсерваторияның негізін қалаған адам, ал Абу-Муса Джабирді «химия ғылымының әкесі» деп атайды. Закария Разидің «Барлығын қамтитын кітабы» да латын тіліне аударылды, ол заманының ең ұлы дәрігерлерінің бірі болған.

Арабтардың философия саласына енгізген еңбектері - ерекше әңгіме. Оны осы тарауда талдайтын боламыз.

ХІ-ХІІ ғасырларда арабтардың барлык игерген мәдениет кұндылықтары Батыс Европа халықтарының тілдеріне аударыла бастайды.

Араб мәдениеті, әрине, Орта Азия халыктарының тағдырына, мәдени дамуына өзінің зор әсерін тигізді. Негізгі нәтижелердің бірі Орта Азия халықтарының бірқұдайлыққа көшіп, Ислам дінін қабылдауы болды. М.Вебер уақытында айтқандай, ислам - көшіп-қонған жауынгер халықтарының діні. Біздің жартылай жерде отырған, жартылай көшпелі өмір салтын ұстаған қазақ халқының дүние сезіміне бұл дін сай келіп, оның бергі тарихы осы діннің аясында өмір сүріп және бүгінгі таңға дейін дамып келеді.

Аль-Кинди - араб философиясын бастаушы ұлы тұлға

Аль-Кинди (800 Ж.-879 ж.) ақсүйектер отбасында дүниеге келеді. Бағдад қаласында білім алып, өзінің пісіп-жетілген уақытын осы қалада өткізген.

Аль-Кинди өз заманының жан-жақты дамыған ғалымы болды, ол айналыспаған ғылым саласын табу қиын. Ол 200-ден артық кітап жазған, бірақ көбі осы уақытқы шейін сақталмаған. Негізгі еңбектері: «Аристотельдің кітаптарының саны және философияны ұғу үшін не керек?», «Бірінші философия жөнінде», «Бес мән-мағына жөніндегі кітап» т.с.с.

Аль-Киндидің онтологиялық көзқарастары

Аль-Кинди болмыс мәселелеріне тоқталған кезде, екі субстанция жөнінде айтады. Бірінші субстанция ол сезімдік заттар, оларды сан мен сапалық жақтарын зерттеу арқылы білуге болады. Субстанцияның сандық жақтарын сан жөніндегі ғылым зерттейді; екінші ғылым -- сапалық үйлесімдіктерді, заттардың мөлшерлік қатынастарын салыстырады.

Заттардың сапалық жағын геометрия және астрономия ғылымдары зерттейді. Бұл ғылымдарды біз математика саласына жатқызамыз. Оларды игермей, адам субстанцияны білмейді. Соңғыны білмеген адам философияны білмейді. Философияны білмеген адамға екінші субстанцияға жетуге жол жабық. Өйткені ол тұрақты және өзгермейді...

Аль-Кинди: «Адамзат өнерінің ішіндегі ең ғажабы - философия», - дейді. Оның мақсаты заттардың шынайы табиғатын ашу, соның негізінде өзіміздің жүріс-тұрысымызды, іс-әрекетімізді анықтауымыз, сәйкестеуіміз керек.

Ақиқатты ашу үшін себебін табу керек. қайсыбір затты танудың себебі - ақиқатқа жету, өйткені болмыстағы бардың ақиқаты да бар. Ақиқат қажетті танылады. Ең ізгі нәрсе - бірінші ақиқат - Алла-тағала жөніндегі ғылым. Бір денені табу үшін ең алдымен 4 сұракка жауап беру керектігін айтады ойшыл.

Ол бар ма?

Ол не?

Ол қандай?

Себебі неде?

Аль-Кинди жағалай қоршаған болмысты Ай астындағы Дүние санайды. Ал айдың ар жағында әлемде ешқандай қозғалыс: деп Дүниеге келу, кету, құру жоқ. Ол - тек қана жер бетіндегі болмысқа тән нәрселер. Бізді қоршаған болмыс 4 элементтен тұрады: от, ауа, жер, су, олар өзгермейді, тек солардан тұратын заттардың элементтері ғана азайып, көбеюі мүмкін.

Адам дүниетанымының екі түрі бар. Біріншісі бізге жақын, бірақ мән-мағынадан алыста. Ол - сезімдік тану. Ол өне бойы өзгерісте, тұрақты емес, уақытша ғана өмір сүретін заттарды танумен байланысты. Оның сан жағы тұрақты емес: үлкейеді, кішірейеді, теңеледі, теңсізденеді. Оның сапасы жағы да өзгерісте: ол өзіне ұқсайды, ұқсамайды, күшіне енеді, әлсізденеді... Осы өзгеріп жаткан Дүниедегі заттардың бітімі қабылданады да, оны адам есіне, ақыл-ойына жеткізеді.

Екінші таным түрі мән-мағынаға жақын болғанымен, бізден алыс, ол - ақыл-ой танымы. Жеке материалдық заттар сезімдік қабылдауда ғана болады. Қос түрақты мен текті алатын болсак, оларды түйсіктер арқылы кабылдай алмаймыз, бірақ оларды ақыл-ойдың елегінен өткізе алуға болады. Қорыта келе, Аль-Кинди адамның дүниетану мүмкіншілігін мойындап, айнала қоршаған ортаны зерттеп, ғылымды дамытуға шақырады.

Аль-Киндидің философиялық көзқарастарын әрі қарай дамытып, Аристотельдің еңбектерін араб тілінде аударып, оған көлемді түсініктер жасап және өзінің ерекше философиядағы ойларымен тарихта қалып, философия тарихында «Екінші мұғалім» атағын алған Әл-Фараби болды.

Әл-Фараби (толық аты Абу Насыр Мухамед Ибн Тархан Ибн Узлақ ат Тюрки) Қазақстан жерінде, Отырар қаласында 870-950 жж. дүниеге келген. Жас кезінде білім іздеп, Таяу Шығыста Бағдад пен Алеппо қаласында білім алып, араб тілі мен грек тілін меңгеріп, антикалық философияны зерттейді.

Әл-Фарабиді араб философы деп толығынан бағалауға болады, өйткені ол, араб рухынан нәр алып, өз еңбектерін сол тілде жазған. Сонымен қатар оны қазақ халқының философы деп те атауға болады, өйткені ол біздің елде дүниеге келіп, сонынан қазақ халқын құраған көп түрік тайпаларының біреуінен шыққан, біздің сол кезде өмір сүрген бабаларымыздың дүниені түйсінуі мен дүниетанымын бойына жас кезінде сіңірген.

Бірақ ең жақсысы - оған Шығыс философиясының жұлдызы, тіпті дүниежүзілік философияның ең ірі тұлғаларының бірі деген баға берсек, ол дұрыс болар еді.

Әл-Фарабидің философиялық еңбектері көп. Солардың ішінен «Ғылымдарды іріктеу жөнінде», «Ізгі қаланың тұрғындарының көзқарасы жөнінде», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жөнінде» деген еңбектерін атап өтуге болады.