Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

§ 6. Қайта өрлеу заманындағы ғылыми жетістіктер және олардың философиялық-ой пікірге тигізген әсері

Қайта өрлеу заманындағы жаңа келе жатқан капиталистік қатынастар жаратылыстану ғылымдарына қарай бетбұрысты туғызды.

Негізінен, ғылым Орта ғасырдағы ашылған университеттер мен суретші, мүсінші, сәулетші т.с.с. өнер кайраткерлерінің өнерханаларында дамыды. Егер университеттерде схоластикалық ағым осы уақытқа шейін әлі де болса басым болса, өнерханаларда математика, геометрия сияқты ғылымдар жақсы дами бастады. Адамның дене құрылысының өлшемі терең зерттелді. Сәулетшілер үлкен ғимараттардың жобасын жасау жолында олардың геометриялық пропорцияларын зерттейді. Механикалық заңдылықтарға көңіл бөледі.

Ғылым мен өнер саласындағы Қайта өрлеу заманының ең жан-жақты дамыған тұлғасы, тарихта өз ізін калдырған Леонардо да Винчи болды (1452-1519 жж.) ұлы суретші, мүсінші, инженер, ойлап тапқыш - ол өз заманы емес, бүкіл адамзат тарихында болған шығармашылық мүмкіншілігі ғажап адам еді. Оны біз тіпті жан-жақты дамыған адамның идеалы деп те атасақ артык болмас.

Ол өзінің әйгілі «Джакондасымен» (Мона Лиза) я болмаса «Құпия кешкі отырыс» суреттерімен ғана емес, сонымен қатар ғылыми-анатомиялық, физиологиялық зерттеулерімен, неше түрлі техникалық жобаларымен (қазіргі танкті, мата тоқу станогін, әуе ұшағын, парашютті, гидротехникадағы шлюздерді ойлап шығарған) тарихта мәңгі қалды. Ол өз заманындағы механика, физика, астрономия, геология, ботаника, анатомия және физиология мәселелерімен айналысты.

Өзінің философиялық қөзқарастарында Л. да Винчи адам мен табиғатты салыстырып, адамның дүниедегі барлық тіршіліктен жоғары екенін, ал ол жасаған мәдениет туындылары табиғаттын «жасаған» заттарынан анағұрлым биік екенін көрсетті.

Өз заманындағы схоластикалық ғылымға қарсы шығып, Леонардо да Винчи эмпиризмнің алғашқы нышандарын жасады. Тәжірибе арқылы ғана ақиқатқа жақындауға болады. Әрі қарай тереңдеу үшін мақсатқа лайықты тәжірибе-эксперимент керек. Бірақ табиғат тәжірибеден тыс қалған көп себептерден де тұрады. Сондыктан ақиқатқа жетудің соңғы жолы теория. «Ғылым қолбасшы болса, практика - әскер», - дейді Л. да Винчи.

Егер ғылым Дүниенің сандық жағын ғана зерттей алатын болса, онда өнер дүниенің сапалық, қайталанбайтын, әсем нақтылы жағын көрсете алады. Бұл жағынан ұлы суретші өнер ғылымнан биік деген пікірге келеді. Расында да, Л. да Винчи шығармаларын алып қарасақ, онда адамның дене кұрылысының өлшемдері анатомия ғылымына сәйкес, ал бет-әлпеті мен жан дүниесін ол терең психолог ретінде көрсете білген.

Н.Коперниктің дуниеге деген көзқарасқа енгізген төңкерісі

Астрономия ғылымы көне заманда пайда болған ілімдердің біріне жатады. Ертедегі көшпенділер аспандағы жұлдыздар мен планеталарға қарап, өздерінің бағыттарынан таймай көшіп-қонып отырған. Біздің карастырып жатқан Қайта өрлеу заманындағы астрономияның әрі қарай дамуына түрткі болған теңізбен сауда-саттық жасау, алыс елдерге мұхитты қак жарып бару болды. Ол үшін теңіз жолдарын әрі карай мұқият анықтау қажеттігі астрономиялық ізденістерді жандандырды. Екінші үлкен мәселе -Юлий Цезарь заманында жасалған күнтізбені түзеу, ол да астрономиялық зерттеулермен байланысты болды.

Үшіншіден, сонау көне заманда жасалған Птоломейдің Геоцентрлік жүйесі діннің қағидаларына сай келгенмен, жаңа уақытта практикалық жағынан ескірді.

Осындай жағдайда поляк ғалымы Н. Коперник (1473-1543 жж.) астрономия ғылымына өзінің түбегейлі өзгерісін енгізді. Негізгі еңбегі - «Аспан аймақтарының айналуы жөнінде». Бұл еңбектегі негізгі идея - Жер ғарыштың ортасы емес, ол біріншіден, өзінінің діңгегінен айналады, екіншіден, Күнді айналады; Күн -дүниенің ортасында тұрған шамшырак (Гелиоцентризм) Бұл жаңа болжам күн мен түннің ауысуын, планеталардың орбиталарын жете түсінуге мүмкіндік берді. Н.Коперник айдың жерді айналатыны жөнінде де алғаш болжам жасады

Сонымен қатар Н.Коперник бұрынғы аристотельдік-птоломейлік жүйенің кейбір қағидаларын қалдырды. Ол - алыстағы қозғалмайтын жұлдыздарды бұл Дүниенің шеті деп түсіну және жер мен басқа планеталардың орбиталарының бәрі де дөңгелек, ал қозғалыстары біртекті деген пікірлер.

Бірақ мұндай кемшіліктеріне қарамастан, Н.Коперниктін, ашқан жаңалығы діни көзқарасқа үлкен соққы жасап, Жаңа дәуірдегі ғылымға аттанатын жол ашты.

Джордано Бруноның натурфилософиялық ілімі

Джордано Бруно (1548-1600 жж.) Қайта өрлеу заманының ұлы тұлғасы, ғылыми ақиқатты батыл қорғап, сол кездегі инквизицияға қарсы шықты.

Ол Дүниеге деген пантеистік көзқараста болды. «Құдай дегеніміз — шексіздіктегі шексіздік, ол барлығында: барлық жерде, олардан бөлек, я болмаса жоғары емес...». «Табиғат дегеніміз — ол заттардың ішіндегі Құдай» деген пікір таратқан. «Барлық заттар Ғарыштың ішінде, Ғарыш барлық заттарда, біз оның ішінде, ол бізде», - деген Д.Бруно ойы ертедегі философиядағы микро және макрокосмның теңдігін көрсеткендей болады.

Құдайдың өзі сол табиғат болғаннан кейін, Д.Бруно бүкіл Дүниенің жаны бар деп түсінеді. Дүниежүзілік жан – заттарды қалыптастыратын, олардың ішкі күш – қуаты. Олай болса, бәрі де мақсатқа лайықты өмір сүреді (телеологизм). Ал оны білу – ғылымның негізгі ісі, - деп түсінді Д. Бруно.

Д. Бруно тағдырына аянышты әсерін тигізіп, оны тарихи тұлғалық дәрежеге көтерген, әрине, оның космологиялық идеялары. Ол Н, Коперниктің идеяларын әрі қарай дамытып, «Күн – біздің Дүниенің орталығы ғана, ал Ғарышты алатын болсақ, ондағы саны шексіз жұлдыздардың әрбіреуі - өзінше күн және олардың да планеталары бар. Ал онда өмір, рух болуы мүмкін», - деген батыл болжам айтты. Әрине, мұндай көзқарастың тарауына христиан шіркеуі үзілді – кесілді қарсы болды.

Сондықтан ол 1592 ж. ұсталып, түрмеге түсті. Инквизиторлар 8 жыл бойы ұлы ойшылға: «Көзқарастарыңнан бас тартсаң, өміріңді қалдырамыз», - деді. Бірақ Д. Бруно олардың ықтиярына көнбей, ақырында отқа жағылды.

Қорыта келе, философия бірте – бірте діни көзқарастан алшақтап, ақыл – ой елегінен өткізілген нақтылы өмірден алған тәжірибеге сүйене бастады. Табиғат жөніндегі ғылыми деректердің, табиғи құқ және моральдық мәселелердің мәні өсе бастады. Ал бұл үрдістер Жаңа дәуірдегі ғылымның, жалпы танымның негіздерін қайта қарауға, философияның жеке ғылымдармен тығыз байланысының орнығуына әкелді. Сонымен келесі тарауда Жаңа капиталистік қоғам дүниеге келіп тудырған философияға тоқталатын боламыз.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Қайта өрлеу заманы деп кай ғасырларды айтамыз?

  2. Гуманизм дегеніміз не?

  3. Қайта өрлеу заманы адам мәселесін калай шешеді?

  4. Н.Кузанский өзінің негізгі еңбегін «Ғылыми білімсіздік» деп атауының сыры неде?

  5. Н.Кузанский сенім мен акыл-ой мәселесін қалай шешеді?

  6. Н.Макиавеллидің адам туралы ілімінің ерекшелігі неде?

7. Н.Макиавелли саясат пен моральды калай бір-бірінен айырады?

  1. Фортуна дегеніміз не?

  2. Діни реформациядағы М.Лютердің енгізген өзгерістері қандай?

10. Жан Кальвиннің діни философиясының ерекшелігі неде?

  1. Протестанттық этиканың негізгі құндылықтары қандай?

  2. Н. Коперниктің ғылымға енгізген төңкерісі неде?

  3. Дж.Бруноның натурфилософиясының ерекшелігі неде?

Рефераттар тақырыбы:

Қайта өрлеу заманы философиясындағы гуманистік ағым.

Николай Кузанский Қайта өрлеу заманының көрнекті философы.

Н.Макиавеллидің әлеуметтік-саяси қөзқарастары.

Н.Макиавеллидің саясат пен моральдың қарым-қатынасы жөніндегі көзқарастары.

Діни реформация Қайта өрлеу заманындағы рухани өзгерістердің айқын көрінісі.

Л. да Винчи - Қайта өрлеу заманындағы жан-жақты дамыған

тұлға

Н.Коперниктің ғылымда жасаған төнкерісі.

Дж.Бруно және оның философиялық көзқарастары.

Протестанттық этика және оның маңызы.

Қайта өрлеу заманындағы фатум жэне фортуна мәселелері.

Ойланыңыз:

Фортуна өте мейірбанды адамдардан гөрі, не болса сол болсын деп батыл кірісетін адамдарды сүйеді (Эразм Роттердамский).

Менің адалдығым мен сенімділігімнің кепілі - менің кедейлігім. (Н. Макиавелли).

Қайсыбір философияның бастауында таңғалушылық, дамуында зерттеулер, соңында білместік жатыр. (М.Монтень).

Сен өздеріңнің қағидаларыңмен Дүниені төңкеріп тастағың келеді, - дейді біреулер. Бірақ төңкеріліп жатқан бұл Дүниені төңкергеннің несі жаман. (Дж.Бруно).

Адам - көп түрлі өзгеретін табиғаты бар жануар. (Пико делла Мирандолла).

Қандай қиындык болса да, өмірден бас тартпа. (М.Монтень).

Білімге деген іңкәрліктен артык батылдық жок. (М.Монтень).

Құдай басқа тіршіліктердің бәрінің бейнесі мен қалпын шеңберлеп, олардың алатын орнын анықтаған. Тек сен ғана, адам, ешқандай шеңбермен кысылған жоқсың, сондықтан өз бейнеңді өз шешіміңмен анықтай аласың. (Пико делла Мирандолла).