Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

Гносеология (дүниетаным) мәселелері

Таным мәселелеріне келгенде біз Б.Спинозаны рационализм бағытына жатқызамыз. Ол әркашанда сезімдік танымды ой елегінен өткізген білімнен айыру керек екендігін басым айтқан. Сезімдік таным әрқашанда бұлдыр, көмескі. Тек ақыл-ой ғана айқын білім береді. Ғылымдардың ішіндегі ең айқыны - математика.

Сезімдік танымның бұлдырлығы ол тек қана сыртқы затты ғана көрсетіп коймай, сонымен қатар оны өзінің денесіндегі өзгерістермен, әсіресе сезім мүшелерімен байланыстырады.

Санадағы сезімдік бейнелердің бір-бірімен байланыстары кездейсоқ. Мысалы, аттың ізін көрген әскери адам жақындап қалған жауды есіне елестетсе, қарапайым шаруа соқа мен жыртылған жерді елестетеді, - дейді Б.Спиноза.

Бірақ сезімдік танымды толығынан жалған деп есептеуге де болмайды, олардың кайсыбірінде аз да болса ақиқаттың жұрнақтары бар. Мысалы, надан адамның «күн - кішкентай зат және жерге өте жақын орналасқан», - деген жалған пікірінің өзінде күннің өмір сүріп, бізге ықпалын тигізіп жатқаны жөнінде ақиқаттық пікір бар, - дейді ұлы ойшыл.

— Күнбе-күнгі өмірден алатын сезімдік таным — қалың бұқараның негізгі тәжірибесі, соның арқасында олар бір-бірімен карым-қатынасқа түсіп, өмір сүріп жатады. Ақыл-ой аркылы алынатын білімнің шындығының өзін біз оқтын-октын тәжірибе арқылы тексеріп отыруымыз кажет, - деп қорытады Б.Спиноза.

Абстрактілік білім де тәжірибеден шығады, өйткені адамдар дүниеден алған тәжірибесін сөз аркылы корытады. Бірақ сөзге адамдар өзінің тәжірибесіне сәйкес әртүрлі мағына береді. Сондықтан біреулерге адам - тік жүретін жануар, екіншіге - күлетін пенде, ал үшіншіге, ол ойлай алатын тіршілік т.с.с. Сондықтан сөз заттың кейбір ғана қасиеттерін белгілеуі мүмкін, яғни оның мағынасы затпен толық тең емес. Ал схоластика мектебі универсалияларды (ең жалпы ұғымдарды) дүниемен теңеп, оларды шынайы болмыс деп есептейді. Философия саласындағы көп дау-дамайлар көбіне «ойды дұрыс көрсететін сөздерді қолданбағаннан, иә болмаса басқаның айтқан сөздерін дұрыс түсінбегеннен туады», - дейді ұлы ойшыл.

Б.Спиноза нағыз шынайы білімге тек қана ақыл-ой, зерде (ratio, intellectus) арқылы жетуге болады деген пікірде болды. Ақыл-ой арқылы сөздерді жалпы ұғымдық дәрежеге көтеріп, оның мән-мағынасын айқьшдауға болады. Ғылымдағы ең құнды ұғымдар математика саласынан шығады. Олар бір-бірімен байланысты, жүйелі, сондықтан сезімдік танымға қарағанда анағұрлым биік дәрежеде. Егер Б.Спинозаның ойынша, сезім заттың сыртқы жағын бейнелесе, онда ақыл-оймен біз заттың ішкі сырын ашамыз. Сондықтан болар, Б.Спиноза өзінің «Этика» деген еңбегінде «геометрикалық әдісті» пайдаланып, анықтама, аксиома, теорема деген ұғымдарды мораль саласын талдауға пайдаланады.

Б.Спинозаның ойынша, шындықты танып-білудің үшінші түрі - ол интеллектуалдық интуиция. Интуиция дегеніміз - тікелей, сезім мен ақыл-ой елегінен еткізбей-ақ ақиқатқа жету. Ол бүкіл Дүниенің біртұтастығын тануға мүмкіндік береді. Адам рухының шығармашылық касиетінің негізінде біз шынайы аяқталған шексіздік идеясын ашамыз. Ол бізге интуиция аркылы ғана беріледі.

Тағы да бір ерекше атап кететін нәрсе - ол Б.Спинозаның таным теориясының (гносеология) оның болмыс ілімімен (онтология) қосылып жатқанында. Оның себебі - субстанция-табиғаттың ойлау қасиеті бар.

Адам, ерік және сезім қысымы ( аффект ) мәселелері

Б.Спинозаның ойынша, адам табиғаттың ажырамас бір бөлігі, олай болса, ол толығынан табиғат заңдылықтарына тәуелді. Егер Дүниеде механикалық заңдылыктар үстем болатын болса, адам арқылы табиғаттың екінші ойлау қасиеті өзінің көрінісін табады. Бірақ адамның дене кұрылысы толығынан табиғатқа бағынады. Сезімдік идеяларда да адамның денелік, табиғи жақтары басым болады. Ал адамның жан дүниесінің өзінен шығатын идеялар, егер олар сезімдік танымнан анағұрлым алшақ болса, соншалықты айқын, таза, ақикатты. Оның ойынша, «дене жан-дүниені ойлауға итере алмайды, ал жан да денені қозғалтып, иә болмаса тұрақтата алмайды». Яғни субстанцияның бұл екі қасиеті бір-бірімен қатар өмір сүріп отырады.

Адамның жан дүниесінде бір-бірінен бөлек неше түрлі идеялар болғаннан кейін, онда сүю, керек қылу, еріктікті аңсау сияқты күрделі кұбылыстар болуы мүмкін емес дейді Б.Спиноза. Табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде адам бүкіл дүниелік шытырман қарым-қатынастарға кіреді. Соның ішінде ол ең алдымен өзін сақтап қалуға тырысады. Ал мұның өзі оның неше түрлі сезімдері мен іңкәрларын тудырады. Оны философ аффектілер (сезім қысымы) дейді. Олардың ішіндегі ең негіздігісі - құштарлық (appetitus), ол денені сақтап қалу жолында пайда болады. Жан-дүние саласына кіріп, құштарлық іңкәрлікке (cupiditas) айналады. Тағы екі күшті сезім - ол қуаныш пен қайғы (laetitia & tristitia).

Б.Спиноза көне замандағы Платон мен Сократқа ұқсап, барлық дұрыс емес іс-әрекеттер танымдағы қателіктермен байланысты деп есептеген. Адам өзін қоршаған жағдайларды дұрыс түсінсе, онда ол өзінің іс-әрекетінде қателеспейді, өзін бақытты сезінеді, бірақ ол басқаларға бақытсыздық болып көрінуі де мүмкін. Ойшыл Дүниедегі ең жоғарғы игілік - ол Құдайды танып-біліп, оған деген зерделік (интеллектуалдық) махаббат деңгейіне көтерілу дейді. Ал Құдайдың субстанция мен табиғатқа тең екенін есімізде сақтасақ, ал адамзаттың рухының сол табиғаттың модусы (көрінісі) болса, онда адамның ғылымның қиын да ауыр жолына түсіп дүниетануы оның жүрегінде бақыт сезімін тудырып, оны лэззатқа жетелейді.

Әлеуметтік, мораль мәселелері

Ізгілік пен залымдық, жақсылық пен жамандык, Б.Спинозаның ойынша, нақтылы қалыптаскан әлеуметтік ахуалдан шығатын нәрселер. Оған Құдайдың ешқандай қатысы жок. Ізгілік, жақсылык дегеніміз - ол адамға пайда әкелетін, ләззатқа жетелейтін нәрселер, ал залымдық, жамандық дегеніміз - ол адамға, оның өміріне, алдына қойған мақсат-мұраттарға нұқсан келтіретін, зардаптык сезім тудыратынның бәрі.

Моральдық саланың ең терең себептері адамның «өзін-өзі сактау» заңында жатыр. Әрбір адамның өз мүдделері бар, сол үшін олар бір-бірімен күреседі.

Б.Спинозаның ойынша, адамның өмірі тек коғамның шеңберінде ғана болмақ. Әр адамның өз өмірін сактап қалуға деген талпынысы олардың бәрін қоғамға біріктіреді. «Ал мемлекеттік дәрежеге өту, негізінен, Т.Гоббстың «шарт жасау» мәселесінде емес, еңбектің бөлінуімен, адамдардың сан алуан кажеттіктерін өтеу керектігінен туады», - дейді ұлы ойшыл.

Қоғамның рухани өміріне тоқтала келіп, Б.Спиноза бұл саладағы Библияның құндылығын өте төмен бағалайды. Діни құжаттардың қайсысы болмасын өте көп қайшылықтардан тұрады. Олардың тек қана қарапайым халықтың моральдық қасиеттерін тәрбиелеуге деген маңызы бар. Ал дүниетанымға келер болсақ, оған тек ақыл-ой, зерде арқылы жетуге болады. Діни соқыр сенімді алатын болсақ, оның дүниеге келуінің негізгі себебі - қарапайым надан халықтың табиғаттың қаһарлы, түсініксіз күштерінен қорқуында жатыр. Мысалы, өлім мәселесін алайық. Адам қандай амал қолданса да, одан құтыла алмайды, сондықтан өлімнен үрейленіп қайғыру - босқа уакыт өткізгенмен тең. Өлімнен қорқу -құлдықтың бір түрі. Оны ойлағаннан гөрі, адам өзінің күш-қуатын өмірлік мәселелерге арнағаны жөн. Адамның қуаныш пен зардапқа, қайғыға толы өмірі - ол тек бүкіл Дүниенің шексіз кішкентай өмірінің бөлігі ғана. «Мұндай ой адамға жұбаныш әкеледі», - деп қорытады ұлы ойшыл.