Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

Моральдық мәселелер

Конфуцийдің адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы - оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде каралады.

Конфуций еңбектерінен біз «бес тұрақтылықты» (у-чан) табамыз. Олар: адамгершілік, адамды сүю (жень), әділеттілік (и), әдеттілік (ли), даналық, ақыл-оймен токулық (чжи), сенімділік (сань). Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.

Конфуций моральдың «алтын ережесін» алғаш көрсеткен деген пікір әдебиетте бар. Оқушы бұл кісіге: «Бір сөйлеммен сіздің моральдық іліміңізді бізге жеткізе аласыз ба?» - деген сұрақ койыпты, Оған ол: «Өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама», - деген екен.

Конфуций өзінің моральдық ілімінде «адамдардың өзаралықтығына» «алтын ортаңғылыққа», әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.

Біздің баса көрсеткіміз келетін «тұрақтылық» - ол «ли» (әдеттілік). Конфуцийдің айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлауы керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді.

Расында да, қазақ халқы бодан болған өзінің тарихында, әдет-ғұрпынан толықтай айырылып қала жаздады. Әсіресе кеңес заманында әдет-ғұрпын сыйлаған адамдарға «ұлтшылдық» таңба тағылып, қудаланған болатын. Сондықтан халықтың «мәңгүрттенуі» де көбінесе осыған байланысты болды.

Бүгінгі таңдағы жаңару үстінде біз өз мәдениетіміздің көп жағымен «қайтадан танысып» халықтық дәрежемізді көтерудеміз.

Конфуцийдің айтуына қарағанда, адамдарды екі түрге бөлуге болады. Олар: «ізгі адам» (цзюн-цзы) және «ұсақ адам» (сяо-жень).

«Ізгі адам» өз алдына үлкен талаптар қояды, ал «ұсақ адам» талапты басқалардың алдына қояды.

Ізгі адамға ұлкен істерді тапсыруға болады, ұсақ адамға сенуге болмайды. Ізгі адам басқа адамдармен тіл тауып, бірақ өмірде өз жолын іздейді. Ұсақ адам басқа адамдармен бірге болғанымен, ұрыс-керіс тудырады. Ізгі адам адамгершілік жолында өзінің өмірін қиюға дайын, ұсақ адам өзінің өмірін ит сияқты орда бітіреді.

Әлеуметтік-саяси көзқарастар

Конфуций өзінің әлеуметтік көзқарастарында әрбір топтың тарихи қалыптасуында өз орны болуы керектігі және олардың арасындағы қарым-қатынастары әдет-ғұрыптың негізінде ретке келіп отыруы керектігін көрсетті. «Елбасы әрқашанда ел басы орнында, қызметші - қызметші орнында, әке - әке орнында, ұл -ұлдың орнында», - болуы керек дейді ұлы ойшыл.

Сонау көне заманда Кун-фу-цзы заң мен моральдың арасын айқын ашып, өзінің таңдауын моральдық нормаларға, адамдарды зандардың талабын орындауға мәжбүр еткеннен гөрі, адамның сана-сезіміне ықпал жасап, керекті талаптың әділеттілігіне көзін жеткізу арқылы қоғамды басқарған ұтымды деген пікір айтты. «Егер адамдарды заңдардың негізінде жазалап, шектеп ұстасақ, онда олар қылмыс жасамауы мүмкін, бірақ олардың жүрегінде жаман қылықтарға деген жиіркеніш қалыптаспайды. Егер адамдарды моральдық талаптарға сай тәрбиелесек, онда олар өздерінің жаман қылықтары мен пиғылдарынан ұялып, шынайы дұрыс жолға түседі».

«Мемлекеттік істерді қалай жүргізуге болады?» - деген оқушыларының сұрағына Конфуций былайша жауап береді: «Азық-түлік молынан болуы керек, қару-жарақ та жеткілікті болып және қарапайым адамдардың үкімет басындағыларға сенімі болуы керек».

«Егер мемлекет басына күн туса, онда қайсысын құрбан етуге болады?», — деген келесі сұраққа ол былайша жауап береді: «қару-жарақты құрбан етуге болады. Ал тағы да құрбан етуге керек болса? Онда азық-түліктен бас тарту керек. Сонау көне заманнан осы уақытқа шейін адамдар аштықтан өледі. Бірақ халықтың жүрегінде үкіметке деген сенім азайса, онда ол мемлекет тұрақты болуы мүмкін емес». Бұл пікірді біздің қазіргі заманымызға таратып, реформаларға баға берсек, Қытай реформаларының алға басуы -халық пен үкімет басындағы адамдардың арасындағы берік сенімдіктің болуы. Халық саяси-экономикалық шешімдерді жұмыла іске асырады, ал басшылар өз халқына таза пиғылмен қызмет етеді.