Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

§ 3. Таным құрылымы

Таным - өте күрделі үрдіс, оған адамның бүкіл жан дүниесі: түйсіктері, ақыл-ойы, ыркы, сезім тебіреністері, ішкі көкей көзі (интуиция) – бәрі де өзара бір-бірімен байланысты түрде қатысады. Шынайы таным үрдісінде оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Дегенмен де танымды жете түсіну үшін біз теориялық деңгейде оларды бір-бірінен ажыратып карастыруымызға болады. Осы тұрғыдан келгенде, біз сезімдік танымнан бастауымыз қажет сияқты. Сезімдік танымның негізгі формалары түйсіктер, кабылдау және елестету болып табылады. Айнала қоршаған дүниемен адам өз түйсіктері арқылы байланысты. Адам белгілі бір затты көріп, оның жылы-суықтығын, жұмсак-каттылығын, ащы-тәттілігін т.с.с. анықтай алады. Әрине, түйсіктерді толығынан айнала қоршаған ортадағы физикалық құбылыстармен теңеуге, сонымен қатар ажыратуға болмайды. Кең түрде алғанда, түйсіктер бізді дүниемен байланыстыратын, сол жөнінде деректер беретін бейнелеудің ерекше түріне жатады. Олар, әрине, коғамдық-тарихи дамудың нәтижесі, адамзат практикасымен тығыз байланысты.

Адамның түйсіктері бір-бірімен байланысты, олар өзара бір-бірін толықтырып, сәйкестендіріп отырады. Соның нәтижесінде адам дүниені қабылдауға мүмкіндік алады. Затты қабылдау дегеніміз оның ащы-тұщылығын, түрлі-түстілігін т.с.с. қасиеттерін бөлек-бөлек ажырату емес, оның біртұтас бейнесін тудыру болып табылады. Сонымен қатар ерекше ескеретін нәрсе - адам қабылдаған заттың барлық қасиеттерін бірдей бейнелей алмайды. Ол заттың тек оған қажетті жақтарын ерекше белгілейді. Мысалы, егер көктемде біз алқызыл апорт алмасын көрсек, оның біртұтас бейнесінің ішінде оның хош иісіне ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені біздің оны жегіміз келеді. Егерде осы ахуал күзде болып, жаңа ғана он алма жеп, сол апортты көрсек, оны қабылдағанда оның түсіне, әсем жақтары мен формасына ерекше көңіл бөлеміз, яғни оны жейтін тамақ емес, эстетикалық зат ретінде қабылдап, ләззат аламыз.

Әр адам дүниедегі заттарды өз жасына, өмірден алған тәжірибесіне, білімі мен кәсіби іс-әрекетіне, тіпті мінез-құлқына байланысты сана-сезіміндегі калыптасқан категорияларды (ұғымдарды) пайдаланып қабылдайды. Мысалы, жеңіл машинамен әуестенетін адамның санасында неше түрлі солар жөнінде ақпараттар бар. Егер ол бұрын көрмеген машинаның жаңа моделін көшеде байқаса, оның жанына келіп, бұ_рынғы білімдерін пайдаланып, бір минуттан кейін сол көлік жөнінде белгілі бір пікірге келеді, яғни ол оны игереді. Ал басқа адам ол машинаға көңіл де аудармауы мүмкін. Музейге койылған мәрмәрдан жасалған жас әйелдің дене бітімінен бір адам асқан сұлулықты, жетілгендікті көрсе, екінші надан адам оны нәпсілік тұрғыдан қабылдауы мүмкін.

Енді елестетуге келер болсак, оның санаға тіпті жақындығы байқалады. Өйткені көзге елестетін зат, я құбылыс көз алдыңда жоқ, бірақ сіз оны елестете аласыз. Мысалы, жақсы көретін досыңызды, я болмаса ауылдағы туысыңызды дәл қазір жаныңызда болмағанмен көзге елестетуге болады.

Адамның сана-сезімінің тағы да бір керемет ерекшелігі -өткендегіні есте сақтау. Физиологиялық тұрғыдан келгенде, ол адам жүйкесінің өткендегі болғанды ақпарат ретінде сақтау қасиеті болып табылады. Оның негізгі екі түрін көрсетуге болады. Біріншісі сезімдік бейне болса, екіншісі - сөздік-ұғымдық түрі.

Сонымен сезімдік таным бізге заттардьщ айнадағыдай бейнесін бермейді, оның қалыптасуына адамның қажеттілігі мен мүддесі, мақсат-мұраты мен идеалдары, неше түрлі сезім толқындары, қысқасы, бүкіл жан дүниесі қатысады.

Енді абстрактіліқ ойлау формаларына келер болсақ, онда ең бірінші үғымдарды атап өтуіміз қажет. Ұғымдарда заттар мең құбылыстардың адамға деген жалпы, мәнді, қажетті жақтары бейнеленеді. Уақытында көркем түрде Г.Гегель ұғымды табиғаттың жаны деген болатын. Өйткені қайсыбір ұғым мазмұнына заттың біршама мәнді қасиеттері кіріп, оның көлемін сондай қасиеттері бар көп заттар құрайды. Ұғымдар, бір жағынан, дүниедегі заттар мен құбылыстардың бізге керек сан алуан касиет-терінің бар екенін және олардың бір-бірімен байланыстарының байлығын бейнелесе, екінші жағынан, адамның танымдағы белсенділігі мен нәтижелілігін, ой мен білімнің құнарлы күшін көрсетсе керек.

Жалпы алғанда, ойлау дегеніміз ұғымдарды ретімен байланыстырып, белгілі бір пікірге келу, пайымдау болып табылады. Мысалы, адам ұ ойлай алатын пенде десек, оның негізгі қасиеттерінің бірін көрсетеміз.

Бірнеше бір-бірімен байланысты пікірлерді салыстырып, белгілі бір қорытындыға келуге болады. Мысалы:

Адам ойлай алады;

Нұрлан - адам;

Нұрлан ойлай алады.

Алғашқы екі пікірді қорытудан үшінші пікір пайда болды.

Сонымен адам ойланған кезде белгілі бір зат жөніндегі сезімдік деректерді ұғыммен қамтуға тырысады. Соның нәтижесінде сезімдік әртүрліліктің бірлігі анықталады, яғни зат жөнінде жаңа білім пайда болады. Егер сезімдік деректер әр алуандықты көрсетсе, ұғым олардың бірлігін алға тартады. Мұны біз ғылыми тілде категориалдық (ұғымдық) синтез (біріктіру) дейміз. Кейбір әдебиет беттерінде оны дискурсивтік ойлау әдістері дейді.

Сонымен қатар адам таным қабілеттерінің бірі ретінде интеллект деген ұғымды келтіруге болады. Ол адамның ең жоғарғы, бүкіл дүниені біртұтас ретінде қамтуға бағытталған, яғни философиялық дәрежеге көтерілген ойлау қабілеті болып есептеледі.

Енді интуиция (көкей көз) мәселесіне келер болсақ, ол -тікелей шындыкқа жету, оның акиқаттығын анық та айқын көру, ешқандай дәлелдеуді талап етпеу. Мәселенің қиындығы сол саған ашылған шындықты басқаға жеткізу болса керек. Ол үшін оны тағы да ой елегінен өткізу қажет. Ал мұның өзі интуиция адамның бүкіл сана-сезімімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Қайсыбір көкей көз арқылы берілген шындық сол мәселемен талай күндер, ясылдар бойы айналысқан, оның бүкіл жан-тәнін баурап алған адамға келеді. Ал оның өзі сол мәселенің шешілуі тіпті адамнын саналы түрде ғана емес, сонымен қатар бисаналык жолмен жүріп шешілгенінің көрінісі емес пе?

Таньш үрдісі адамның ырқымен (воля) де тығыз байланысты екенін байқаймыз. Ол адамды таным жолында белгілі бір мақсаттарға, нәтижеге жеткізуге көмектеседі. Адам өз ыркы арқылы бүкіл күш-жігерін жинақтап, оны зерттеуге ұмтылдырады. Алайда ырық әрқашанда сананың ең алдымен моральдық құндылыктардың бақылауында болуы қажет. Ол әсіресе бүгінгі таңдағы жаратылыстану ғылымдарында қажетті. Өйткені адам дүниеге тереңдеген сайын табиғаттың орасан зор күштерімен кез болып, ар - ұжданы дамымаған ғалымды сол күштерді өз мүддесіне жаратуға бағытталған пейілі мен іс-әрекетін тудыруы ғажап емес. Мұндай жағдайда, ол адамзатты үлкен кайғы-қасіретке, тіпті бұрын-соңды болмаған апатқа әкелуі мүмкін. Көне Грек елінде өз атын тарихта қалдыруды армандаған, бірақ қолынан ұлы іс келмейтін Герострат деген кісі Артемида құдайына арналған ғажап кесенені жағып жіберген екен. Сол сияқты бүгінгі уакытта ғылым саласында қызмет етіп жатқан геростраттар жоқ деп кім айта алар екен?

Таным үрдісінде аса бағаланатын нәрсе ол адамның таланттылығы. Біріншіден, ол адамға берілген табиғи дарынмен тығыз байланысты екенін байқауға болады. Егер біреу көркемөнерге жакын болса, екінші — математика, физикаға, үшінші -тілдерді игеруге ынтық болуы мүмкін. Адамдардың бұл қабілеттері белгілі бір әлеуметтік жағдайларды жасау, сонымен катар тұлғаның қажымас еңбегінің арқасында талантқа, яғни шығармашылық қабілетіне айналуы мүмкін. Кері жағдайда, адам табиғи дарынын таланттық деңгейге көтере алмай, оны сөндіріп алуы да ғажап емес.

Танымның негізгі мақсаты - акиқатқа жету, соның нәтижесінде ғана оны практикалык өмірде пайдалануға жол ашылады.