Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

Рефераттар тақырыптары:

Философия және миф.

Философия және дін.

Философия және өнер.

Философияның негізгі бағыттары: материализм, идеализм, реализм.

Философия - дүниеге деген ерекше көзқарас.

Философия құндылықтары және бүгінгі өтпелі қоғам.

Философияның жоғары білім саласындағы алатын орны.

Философия мен жеке ғылымдардың байланысы.

Философияның танымдағы әдістемелік қызметі.

XX ғасырдың аяғындағы адамзат тудырған жалпы мәселелерді шешудегі философияның рөлі.

Ойланыңыз:

Неміс ағартушысы Г.Лессинг: «Егер Құдай мені өзіне шақырып: «Бір қолымда Дүние жөніндегі толық ақиқат, екіншісінде ақиқатқа деген іңкәр бар. Қайсысын таңдап аласың?» - десе, мен: «О, Жаратқан, бүкіл ақиқаттың иесі сенсің, маған тек сол ақиқатқа іңкәрлікті берсеңіз болғаны», - дер едім» - дейді. Осы көркем сөзбен берілген ойды сіз қалай түсінесіз?

«Ешкім де философияны жастық шағында ысырып тастап, қартайғанда одан шаршамасын. ... философия жасқа да, кәріге де керек, біріншіге жастық жігерді болашақ алдындағы пісіп-жетілген батылдықпен ұштастыруға, екіншіге өмірдің соңында рухани жаңарып, өткенге қуану үшін» деген пікірді грек философы Эпикур айтқан екен. Бұл ойдың маңызы неде?

Француз ағартушысы Д.Дидро айтқандай, «Ең тамаша ойшылдар философиямен ғасырлар бойы айналысты. Бірақ соған Қарамастан, онда бірде-бір дау туғызбайтын пікір жоқ». Неге олай?

«Өткен және болашақ замандардағы қасіреттерге философия жоғарыдан қарағанмен, қазіргі қасіреттер философияға жоғарыдан Қарайды» деген ойды француз жазушысы Франсуа де Ларошфуко айтқан екен. Бұл ой-пікір біздің қазіргі өтпелі заманьшызды бағалағанда, қандай тебіреністерді тудырады?

«Жалғыздықтың шеңберінде өмір сүру үшін я жануар болмаса Құдай болу керек» - дейді Аристотель. Бірақ үшінші бар, ол-философ», дейді Ф.Ницше.Бұл пікірді қалай түсінуге болады?

.

Қайғы таныммен бірге басталады», - дейді француз ойшысы Ф.Камю . Сіз бұл пікірді қалай түсінесіз?

«Философия қоғамға тәуелді болмауы керек, керісінше, қоғам философияға тәуелді болуы керек»,-деген екен орыс философы Н.Бердяев.Бұл тұжырым қазіргі өтпелі қоғамдақандай ойларды туғызуы мүмкін?

«Егер өлім болмаса, адамдар философиямен айналысар ма еді?»-дейді неміс философы А.Шопенгауер. Оған қалай қарайсыз.

I бөлім. Мәдениет аясындағы философияның тарихи типтері

II тарау. Көне заман мәдениеті аясындағы философия

§ 1. Философия тарихы дегеніміз не?

Философия б.ғ.д. ҮІ-Ү ғ.ғ. пайда болып, өзінің бүгінгі ахуалына келді. Қайсыбір философия, Гегельдің айтуына қарағанда, оймен ұсталып қалынған өз заманы, дәуірі. Философия тарихы, олай болса, адамзаттың ой-өрісінің даму тарихы, шегіне жеткен ең жалпы адам мен Дүниенің қарым-қатынасы жөніндегі мәселелерді шешудегі өз заманымен шектелген ойлау, рух талпынысы.

Философия тарихы сонау көне заманнан бері қалыптаса бастады. Оның қайнар көзі - Дүние мен адамның байланысы жөніндегі алғашқы жиналған ойлар мен пікірлер, оларды белгілі бір жүйеге келтіріп, сараптау қажеттігі, соның негізінде әрбір философтың өзінің ой-пікірін жеке көрсетуге тырысуында жатса керек. Сондықтан Кон-фу-Цзы, Платон, Аристотель сияқты көне замандағы ірі ойшылдар өздерінің көзқарасын бұрынғы тарихта қалыптасқан пікірлермен салыстырып, оларға баға береді.

Сонымен қатар сол көне заманда өз шығармашылық еңбегін тек қана әдейі философия тарихына арнаған ойшылдар да болды. Оған, мысалы, III ғ. өмір сүрген Диоген Лаэртийді, Секст Эмпирикті жатқызуға болар еді. Д. Лаэртийдің «Атақты философтардың өмірі мен ілімдері, нақыл сөздері», С.Эмпириктің «Ғалымдарға қарсы» деген еңбектері арқылы біз көне замандағы философия ішіндегі ой-тартысты, әрбір ойшылдың шығармашылық тәжірибесінің ерекшелігін байқаймыз.

Орта ғасырларды алатын болсақ, онда философия тарихы көбінесе тарихтағы болған ұлы философия еңбектеріне жасалған комментарийлер (түсініктер) арқылы көрінді. Мысалы, Әл-Фараби Аристотельдің шығармаларын тек қана араб тіліне аударып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзінің кең түсініктемелерінде оларға баға беріп, басқа грек ойшылдарының еңбектерімен салыстырып, олардың бір-бірімен сабақтастығын қөрсете білді.

Алайда Гегельдің еңбектеріне дейін ХҮ-ХҮП ғ.ғ. философия тарихтарында бұл пән әлі белгілі бір жүйеге келтірілген жоқ, оның ішкі байланыстары, қисыны әлі ашылған жоқ-ты.

Гегель өзінің «Философия тарихы жөніндегі лекцияларында» адамзаттың философиясындағы ой-пікірдің тарихи бір-бірімен сабақтастығы, әрбір дәуірдің белгілі соған сәйкес философия ой-өрісін туғызатындығы, сонымен қатар сол дәуірдің шеңберінде шектелетіндігі, келесі дәуірдегі ойшылдардың өз заманына сәйкес бұрынғы көзқарастарды дамытатындығы айқындалды.

XIX ғ. екінші жартысында пайда болған марксизм ілімі философия тарихын таптық тұрғыдан қарап, бұл пәннің шенберінде қалыптасқан материализм және идеализмағымдарының күресі - осы ғылымның өзегі деп есептеді. Қоғамды материалистік тұрғыдан түсінудің негізінде, олар «философия ой-өрісі дамуының ең түпкі қайнар көзі - өндіргіш күштер, соған сәйкес ғылым мен техниканың дамуында» деген терең пікір айтты.

XX ғасырдағы ойшылдардың көпшілігі философия тарихындағы тарихи сабақтастықтан гөрі, әрбір қалыптасқан философиялық жүйенің ерекшеліктеріне, соны тудырған тарихи тұлғаның кайталанбауына, оның дүниетанымы мен сезімінің оқшау тұрған рухани құндылық екендігіне аса көңіл аударды.

Әрине, философия тарихының қалыптасуы мен дамуының ішкі заңдылықтары бар. Әр философ, қайсыбір адам сияқты, өз дәуірінің тұлғасы, сондықтан оның ой-толғауында сол заманның мұң-мұқтаждықтары, философиялық ой-өрісі көрінбей қоймайды.

Әрбір географиялық аймақтағы тұратын халықтардың сол жерге мыңдаған жылдардың ішіндегі бейімделуінің негізінде өзінің дүниетанымы мен дүниені түйсінуі, өзінің философиясы қалыптасады. Оны ғылымда менталитет деген ұғыммен береді. Сондықтан біз Шығыс, Батыс философиясы, Африка, Америка т.с.с. философиясы деп оларды ерекше қараймыз.

Сонымен бірге философияның келесі күрделі ерекшелігі оның тарихына өз әсерін тигізбей қоймайды. Ол Дүниеге деген көзқарастың көптүрлілігі, ішкі және сыртқы жағына шексіз Дүниені танып-білудегі кемеліне келген соңғы ақиқаттың үзілді-кесілді түрде болмауы. Сондықтан соңғы ақиқат ешбір философиялық ағымда, ешбір аса ірі тұлғаның қолында жоқ және ол болашақ тарихта да болмайды.

Бұл философияның іргетасты ерекшелігі тарихтағы пайда болған әр философия ағымының, әр ірі тұлғаның дүние сезімінің, тебіренісінің қайталанбауын, оның орны бөлек рухани құндылық екенін көрсетеді. Сондықтан әрбір философиялық ағымның ішінен

бүгінгі таңда бізге керек даналық пікірді, көзқарасты табуға болады. Мысалы, көне замандағы Шығыс ойшылдарының «ортаңғы жолымен жүру» қағидасы бүгінгі таңдағы біздің «біржақтылығымыздың» қателігін көрсетпей ме?

Көшпенділердің Дүниеге деген көзқарасындағы табиғатты аялау, оған табыну қажеттігі бүгінгі таңдағы Дүниені қайта өзгерту жолында экологиялық дағдарысқа келіп тірелген адамзатқа қаншалықты қажетті десеңізші!!!

Ал үнді философиясының негізгі қағидаларының бірі ахимсаны (ешқандай тіршілікті зәбірлемеу) алсақ, оның мән-мағынасы да осы уақытқа шейін соғыстан құтыла алмай келе жатқан адамзатқа сабақ болатындай. Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді.

Қорыта келе, біз оқырманды философия тарихын жете игеруге шақырамыз. Оның шеңберінде телегей-теңіз дана ойлар, нәзік дүниесезімді, таңғаларлық ой-өрістерін табуға болады. Ол сіздің өзіңіздің ой-өрісіңізді кеңейтіп, Дүниеге терең көзқарас қалыптастырып, өміріңіздің терең мән-мағынасын табуға көмектеседі.

Ендеше сол философия тарихына саяхатымызды бастайық.

Философияның дүниеге келу мәселесі

Философияның дүниеге келу уақыты ғылымда нақтылы көрсетілген. Жалпы алғанда б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Шығыста да, Батыста да адамзаттың ұлы ойшыл-бабалары дүниеге келіп, философиялық ой-пікірді туғызды. Олар: Қытайда - Лао-Цзы, Кон-фу-Цзы, Парсы елінде - Заратустра, үнді елінде - Гаутама Сидхартха, соңынан Будда (ағарған) аталған, Грецияда - Сократ, Фалес, Анаксимандр т.б., Палестинада - Илия, Исая, Иеремия т.б.

XX ғ. немістің ұлы философы К.Ясперс бұл заманды «кіндікті уақыт» дейді. Өйткені бұл заманға дейінгі адмзаттың өмірі шектеліп, қайталана беретін өте баяу рухани өмірдің негізінде өтіп жатты және оның өзі саналы түрде танылмаған болатын.

Ал «кіндікті уақыт» келген заманда «Адам болмыстың өзін және өзімен өзінің шекарасын сезінеді, өзінің алдына ең биік мақсаттар қойып, өзінің санасының тұнғиығынан абсолютті таниды. Осының негізінде философтар Дүниеге келді. Адам жеке пенде ретінде тәуекел деп, өзін бүкіл Дүниеге қарсы қойды», дейді К. Ясперс.

Ал мұның себебін іздей келе, К.Ясперс діни жауапқа жақындап қалып, дегенмен: «Бұл мәселе шешілмеген, ашық сұрақ», -деген пікір айтады.

К.Ясперстің бұл айтқан сөздерін қорытсақ, философия адам рухының оянған кезінде, яғни оның өзіндік сана-сезімі пайда болып, өзін-өзіне, басқа адамдарға, бүкіл дүниеге қарсы қоя алатын уақытында дүниеге келеді.

Әрине, философияның дүниеге келу мәселесін идеалистік жолмен түсіну, белгілі бір «құдіретті күшке», «абсолюттік идеяға», «абсолюттік рухқа» сілтеуге әкеледі. Ол бізді қанағаттандырмайды. Сол себепті осы мәселені материалистік тұрғыдан талдап көрелік.

Философияның дүниеге келген тарихы қола заманнан темір дәуіріне өтумен тығыз байланысты. Темірді игеру адамзат тарихына түбегейлі өзгерістер әкелді. Соқаның басына кигізілген үшкір темір жерді терең жыртуға, яғни оны өңдеуді жетілдіруге әкелді. Нәтижесінде мол өнім алынып, байлықтың көзі ашыла бастады. Қоғамдық қарым-қатынастардың дамуы тереңдей түсіп, әсіресе ерекше атап өтуге тұратын - ақшалық-тауарлық байланыстар тез өсті. К.Маркстің уақытында айтқанындай, алтынның «сезімдік заттық» мағынасынан өтіп, адамдар оның «абстрактылық» құдіретті қасиетін ашты. Алтынның ең құдіретті қасиеті - оны басқа заттарға теңеу мүмкіндігі. Әрине, алтынды қолға алып, оны көзбен көріп, салмағын байқап, тіске салып жұмсақтығын анықтауға, оны «сезімдік зат» ретінде қарауға әбден болады. Бірақ, сонымен қатар ой арқылы белгілі алтын көлемін төрт қойға, болмаса екі сиырға, жылқыға теңеуге де болады, яғни адамдар заттардың құнын анықтап, оларды бір-бірімен салыстыра алатын жағдайға көшеді. Мұның өзі адамдардың абстрактылық ойлау дәрежесін көтеріп, қоғамдық сананың пайда болуына әкеліп жеткізді.

Темір заманында болған үлкен өзгерістердің бірі - ол интеллигенцияның (іntеllеgеns - лат. сөзі, ақылды) дүниеге келуі. Яғни байлық көзін өсуінің негізінде дене еңбегінен арылып, өзінің өмірін толығынан ой еңбегіне арнаған адамдардың пайда болуы (дін қызметкерлері, өнердің әр түрімен айналысатындар, ойшылдар, тарихшылар т.с.с.)

Осы ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуі ғылым мен өнердің өте тез дамуына, Дүниеге деген философиялық көзқарастың тууына өзінің зор әсерін тигізді. Тағы да К.Ясперсті тыңдасақ, «Адамның рухани оянған кезінде, басқа ғылымдардан бұрын философия пайда болады».