Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / философия Серик Мырзалы.doc
Скачиваний:
4129
Добавлен:
27.04.2015
Размер:
5.29 Mб
Скачать

§ 2. Көне Қытай мәдениеті аясындағы философия

Өз уақытында Гегель айтқандай, Күннің өзі шығыстан шыққаннан кейін, біз де философияның тарихын Шығыс елдерінен бастаймыз.

Бірақ мұның өзі «Шығыстық» тұжырымға әкелмеуі керек. Жоғарыдағы көрсеткеніміздей, философия бір уақытта дүние жүзінің кемінде үш жерінде - Қытай, Үнді, Грецияда дүниеге келеді. Философияның мәселелері бір болғанымен, бұл үш цивилизация оларға үш түрлі жауап береді, ұқыпты оқырман оны оқыған кезде байқайды ғой деген үміттеміз.

Сол үш цивилизацияның бірі - ұлы Қытай елі. Ол - бүгінгі таңда заманның қойған Талабына сәйкес жақсы Жауап тауып, өте тез дамып келе жатқан ел. Ғалымдардың айтуына қарағанда, XXI ғасырдың отызыншы жылдарында Қытай дүние жүзіндегі ең дамыған елге, дүние жүзінің экономикалық орталығына айналмақ.

Қытай елінде болып жатқан жаңару үрдістері сол елдің терең түп-тамыры — 4-5 мың жылға кететін мәдениетімен, сол халықтың дүниетанымы мен дүниесезімі (менталитеті), философиясымен байланысты. Синологтардың (қытайтанушылар) айтуына қарағанда, Қытайдың моральдық философиясының негізгі қағидалары бүгінгі заманның талабына сай келіп, реформаларды жеделдетуге өзінің зор ықпалын тигізуде.

Ендеше сол халықтың тудырған философиясын зерттеп, өзімізге керек жақтарын ойымызға түйейік.

Қытай философиясына кіріспестен бұрын, бір-екі ауыз сөзді осы халықтың мифологиясына арнау керек, өйткені қай халық болмасын оның мәдениеті мен философиясының түп-тамыры, қайнар көзі сол көне аңыздарға барып тіреледі. Қытай аңыздарында Дүниенің жаратылуына көп көңіл бөлінген. «Алғашқы тұңғиықтың (хаостың) ішінде үлкен жұмыртқа пайда болып, оның ішінен дәу алғашқы адам - Пань-Гу шықты», - дейді Қытай мифологиясы. Содан кейін ол оң қолымен сермеп қалғанда, хаос қақ жарылып, жер мен аспан пайда болыпты. Әрі карай оның тынысы желге айналып, дауысынан күн күркірейді, бір көзінен күн туса, екіншісінен ай пайда болады, Дүниенің төрт бөлігі оның екі қолы мен екі аяғынан, өзендері оның қанынан, жаңбыр шыққан терінен пайда болыпты.

Қытай мифологиясында Дүниенің екі бастауы еркектік жағы - ян - ол жеңіл, ақшыл бөлшектерден, ал әйелдік жағы - инь керісінше, ауыр, караңғы түсті бөлшектерден тұрады. Олардың бір-бірімен әртүрлі өлшемде қосылуы бүкіл болмыстағы барлық заттар мен құбылыстарды құрайды.

Б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Қытай елінде мифологиялық дүниетанымнан философияға қөшу үрдістері басталады. Сонау көне заманнан бастап, Қытай философиясында үш негізгі ағым пайда болды. Олар: даосизм - бұл ағымды Қытайдың натурфилософиясы деуге болар еді. Екінші ағым - Конфуциандық - ол Қытай халқының моралдық философиясы, үшінші - Фа-цзя мектебі -ол Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы. Бұл ағымдар сонау көне заманда пайда болып, осы уақытқа шейін осы халықтың дүниетанымында елеулі орын алады.

Даосизм ағымы

Даосизм бағытының негізін қалаушы - Лао-Цзы (VI-V ғ.б.ғ.д.) «Даодецзин» деген кітапта бұл кісінің айтқан ойларын оның оқушылары мен ізбасарлары IV б.з.д. ғ.ғ. жинақтаған.

Даосизмнің онтологиялық (болмыс) мәселелері

Лао-Цзы философиясының негізгі ұғымы - Дао қытай тіліндегі көп сөздер сияқты, өзінің бойына әртүрлі мағына сіңірген ұғым.

Дао, бір жағынан, Дүниенің қайнар көзі, алғашқы негіз ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан ол - аспан заңдылықтары, бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты.

Дүниенің негізінде жатқан Даоны біз: «...мәңгілік, ол өзгермейді, бітімсіз, танылмайды», - дейміз. Оған қаншалықты мұқият қарағанмен, ол көрінбейді, зер қойып тыңдасақ - естілмейді, оған ат қояйық десек, қалай атарымызды білмейміз: оның аты жоқ. Ол - еш нәрсе, бейболмыс. Дао - бүкіл өмірге келетіннің терең қақпасы.

Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан алуан заттарға келер болсақ, олардың әрқайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар уақытпен шеңберленген, яғни бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып мәңгілікке кетеді.

Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы «Де» деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Де оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін кұрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптасады. Сондықтан бұл Дүниеде Даоны құрметтейді, «Дені» бағалайды.

Адам жерге бағынады, жер - аспанға, аспан - Даоға, Дао - өз-өзіне.

Дао – мәңгілік және аты жоқ-ты. Солай бола тұра, оны ешбір бұл Дүниедегі нәрсе өзіне бағындыра алмайды.

Теңізге әр жерден келіп құйылып жатқан кіші-үлкен өзендер сияқты, Дао өзінің бойына Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарды сіңіріп, қайтадан өз бойынан оларды тудырып отырады.

Сонымен Бейболмыс - бірінші, нақтылы дүние, болмыс -екінші. Дүниедегі барлық заттар болмыстан шығады, ал болмыс бейболмыстан туады. Қазақстанның философ-ғалымы А.А.Хамидов атап көрсеткендей, «Шығыс философиясында бейболмысқа креативтік (сrеаtiо - лат сөзі, тудыру) күш беріледі. Сондықтан Батыстағы белгілі тұжырым –«Ex nihilo nigil fit»(жоқтан еш нәрсе тумайды) шығыс ой-пікіріне сәйкес келмейді.Шығыстың ой-пікірінен шығатын тұжырым –«Ex nihilo totum fit»(жоқтан барлығы пайда болады).

Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама-қарсылықтың бір-біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс-тұрысында, іс-әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады. «Сұлудың сұлулығы білінген кезде, түрсіздік те пайда болады. Жақсылықтың жақсылығы білінген уақытта жамандықта пайда болады... Сондықтан болмыс пен бейболмыс бірін-бірі тудырады, ұзын мен қысқаны бір-бірімен салыстырып қана білеміз, биік пен аласа бір-бірімен майысады, әртүрлі дыбыстар бір-біріне қосылып, гармония (һаrmоnіа - грек сөзі, үйлесімді) тудырады. «Қарама-қарсылыққа айналу даоның қозғалысы». «Мінді мінсіздікті сақтайды». Бұл бос сөз бе? Ол адамның жетілуінің жолын көрсететін қағида. Сондықтан қиындықтан өту үшін жеңілден бастау керек, ұлы нәрсе кішіден басталады, көп нәрсе аздан тұрады, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек... кім көп жинаса, соншалықты көп жоғалтады. Кім өлшемді сақтаса, сәтсіздікке ұшырамайды. Кім өз шегін білсе, қауіптен құтылады. Егер жеңілдікті іздесең, қиындықтар өз-өзінен пайда болады».

Даосизмнің жоғарыда көрсетілген нақыл сөздері өзінің терең даналығымен бізді таңғалдырады. Онда Дүниенің терең мәні, адамның өмір сүруіне қажетті қасиеттер көрсетілген. Тек оқы да, бойыңа тоқы. Аз күнде улылық дәрежеге көтерілем деп, беліңді шойыртып алма, күнбе-күн аз-аздап, шаршамай-талмай еңбек ет, сонда ғана белгілі нәтижелерге жетуге болады. Даосизмнің бұл нақыл сөздері жастарға, я болмаса қарапайым адамдарға ғана емес, біздің саяси және экономикалык элитаның кейбір өкілдеріне қандай керек десеңізші!!!

Даосизмдегі дүниетанымдық мәселелер

Даоны тану жолында сезімдік, іңкәрлік бізді оған ешқашанда жеткізбейді. Адам сезімдік жолмен тек қана шектелген нақты заттарды ғана тани алады. Сондықтан адам іңкәрліктен арылып, тыныштық жағдайға келгенде ғана Дүниеге тереңдей алады.

«Дүние әртүрлі заттардан тұрғанмен, олардың бәрі де гүлдейді де, соңынан тамырына қайтып оралады. Оны біз тыныштық дейміз, ол бізді мән-мағынаға жеткізеді, мән-мағына тұрақтылыққа әкеледі. Тұрақтылықты білген адам жетілудің шыңына жетеді. Жетілген адам іңкәрліктен айырылады, іңкәрліктен айырылған адам даоға жетеді. Даоға жеткен адам – мәңгілік. Даоны түсінген адам қауіптен құтылады».

Дүниетану жолындағы жасалған ұғымдарды сараптап, олардың біртекті мән-мағынасын анықтау қажеттігін даосизм асыра көрсетті. «Тәртіпті орнатқан кезде аттар қойылды. Заттардың аттары пайда болғаннан кейін, оларды шектеу қажет. Ол қателіктерден құтылдырады».

Өзіңді танысаң, басқаларды да білесің, Бір отбасынан басқалардың бәрін де тануға болады. «Бір елді танып білсең, бүкіл жер бетіндегі елдерді білгенің», - дейді даосизм.

Әсіресе жастарға ой салатын мынандай нақыл сөзбен аяқтайық: «Дана адам білімі бола тұра, оны көрсетпейді, надан адам білмесе де, білімді сияқты болып көрінгісі келеді».

Даосизмнің моральдық, әлеуметтік-саяси көзқарастары

Даосизмнің моральдық ілімі Кун-фу-Цзы іліміне қарама-қарсы. Конфуций адамдардың бір-біріне жақсылық жасау керектігі қағидасын сынға алып, олар оны «мен - саған, сен - мағанға» теңеп, «оның ешқандай моральдық мәні жоқ, тек қана пайда табушылыққа итереді» деген ойды айтады.

Даосизмнің этикалық идеалы - жақсылық жасауға ұмтылмау. Сондықтан ондай адам - ізгі адам. Мұндай идеяға оларды итерген өмірде көп кездесетін жақсылықтың жамандық болып оралуы болса керек. Сондықтан даостардың ізгі адамы еш нәрсе жасамай жеңіске жетеді. «Күреспей-ақ жеңіске жетеді», - дейді даостар.

Даосизмнің әлеуметтік-саяси көзқарастарына келетін болсақ, қоғам өмірінде адамдардың тәтті тамағы, жылы киімі, тұрақты үйі болса, онда олардың өмірі қуанышты. Сонда ғана көрші мемлекеттер бір-біріне алыстан карап, бір-бірінің әтештерінің шақыруын, иттерінің үруін тыңдап, өздерінің қартайып өлгендеріне шейін бір-біріне тимейтіндігін айтады.

Даосизм ілімі адамдарға білім беруге, оларды ағартуға қарсы, ал білімді адамдардың өзін іс-әрекет жасауға жібермеу керек деген пікір айтады. Өйткені әрекет жасамау, барлық заттардың өзінің мақсатына лайықты өзгеруіне, өзіне-өзі жеткілікті болуына әкеледі.

Ал енді басқару мәселесіне келетін болсақ, онда олардың пікірінше, «ең жақсы елбасын, яғни тек оның бар екенін ғана халық біледі. Ал халық сүйетін және көтеретін елбасы - екінші дәрежеде. Содан кейін халықты қорқытып ұстайтын елбасы келеді. Егер халық елбасынан жиіркенсе - онда ол ең жаманы».

Даосизм елдің әділеттік аркылы басқарылатынын, соғыстың қулық арқылы жүретінін айтады. Елді басқару дәрежесіне көтерілу еш нәрсе жасамау арқылы болмақ (У.Вей заттың табиғи қалыптасуына тежеу жасамау).

Егер елбасы еш нәрсеге килікпесе, онда қоғам өмірінде тыныштық орнап, барлығы да өз орнымен келе береді. Егер үкімет тыныш болса, онда халықтың көңілі де жайлы. Бірақ үкімет неше түрлі іс-әрекетте болса, онда халық бақытсыздыққа ұшырайды.

Даостар үкімет басындағы адамдарды байлыққа, қымбат заттарға қызықпауға шақырады. Әсіресе тәкаппарлықтың зияндылығын аса көрсетеді. «Ең бақытсыздық - өз іңкәрінің шегін білмеуде, ең қауіптілік - асқан байлыққа жетуге ұмтылуда».

Даостар - соғысқа қарсы. Соғыста болған жеңісті мадақтау -адамдарды өлтіргенмен тең. Сондықтан ізгі басшы көршілермен тату тұруға, егер қайшылықтар пайда болса, оны бейбіт түрде жол беру арқылы шешу керектігін айтады. Сондықтан қашанда соғысты бірінші болып ашудан бас тартқан жөн деп есептейді.

Конфуций ілімі - Қытайдың моральдық философиясы

Конфуций (551-479 б.ғ.д.) - Қытай халқының ұлы ойшылы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізгі еңбегі - «Лунь-уй» (әңгімелер мен пікірлер).

Конфуций философиясында қойылған онтологиялық (болмыс) мәселелерге келер болсақ, ойшыл өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-өрістің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, «Лунь-уй» кітабында: «Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады? Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерге жатқызуға болмайды», -дейді ұлы ойшыл.