Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Терапия казак.doc
Скачиваний:
4434
Добавлен:
24.03.2016
Размер:
6.68 Mб
Скачать

Ауруханадан тыс пневмония

Ауруханадан тыс пневмониялардың ең жиі өкілдері – пневмококктер, стафилококктер және гемофильдік таяқша тудыратын пневмониялар.

Пневмококтік пневмония крупозды пневмония түрінде көрініс береді, өкпенің бөлігі, бірнеше бөлігі зақымданады, сегментарлық қабынуы да мүмкін (ошақты пневмония, бронхопневмония), циклды дамиды. Ауру адамның шағымдары – дене қызуының көтерілуі (тұрақты қызба түрінде), қалтырап тоңу, басында құрғақ жөтел, кейін тот түсті қақырық бөлінетін (патогномониялық симптом) жөтел, терең дем алғанда және жөтелгенде кеуденің шаншып ауыруы (плевропневмония) және ентігу. Аурудың басында болатын белгілер: ауырған жақтың бет ұшының қызаруы, ұшық бөртпелері (герпес), тыныс алу кезінде танаудың қампайып керілуі, тыныстың жиілеуі, кеуденің ауру жақ жартысының тыныс алу кезінде қалыңқы болуы. Зақымданған өкпе бөлігінің үстінде - өкпе дыбысының тұйықталуы, дауыс дірілі мен бронхофонияның күшеюі, қатқыл тыныс немесе бронх тынысы реңді дыбыс фонында крепитацияның (indux) естілуі. Аурудың нағыз өршіген кезінде болатын белгілер: перкуссиялық тынық дыбыс, дауыс дірілі мен бронхофония күшейген, бронх тынысы естіледі. Аурудың шешілу сатысында болатын белгілер: перкуссиялық тынық дыбыс әуелі тұйық дыбыспен алмасады, кейін қалыпты өкпе дыбысына көшеді, қайтадан крепитация (redux) пайда болады, дауыс дірілі мен бронхофония біртіндеп әлсірейді. Рентгенологиялық тексергенде - өкпе бөлігінің аумағында гомогенді қарайғандық болады, плеврада сұйықтық көрінеді, кейде сегментарлық қарайғандық болуы мүмкін. Қанда – лейкоцитоз, лейко-формулада солға қарай ығысу, лейкоциттерде улану түйіршіктерінің болуы, ЭТЖ өсуі. Қақырықта пневмококктер табылады.

Стафилококтік пневмония грипп індетінен кейін дамиды, ошақты пневмония түрінде басталады. Кейінгі даму барысы – ауыр, тез іріңді деструктивті процестер (абсцесс, іріңді плеврит) қалыптасады, деструкциялы процестердің дамуы стафилококтердің өкпе паренхимасын ыдырататын ферменттер өндіруімен байланысты. Рентгенограммада –алғашында полисегментарлы инфильтрация, 5-7 күннен кейін сақина тәрізді ауалы қуыстардың пайда болуы (ұсақ бронхтардағы клапандық механизм және жедел ошақты эмфизема), кейін ішінде сұйықтық деңгейі бар некроздық қуыстардың қалыптасуы көрінеді. Пневмония жиі пневмоторакс түрінде асқынады. Қанда - лейкоцитоз, нейтрофилез бен солға ығысу, нейтрофильдердің улану түйіршіктері, ЭТЖ өсуі.

Гемофильдік таяқша тудыратын пневмония. Ауру өкпенің созылмалы обструктивті ауруларының фонында дамиды, өкпенің төменгі бөліктері зақымданатын ошақты пневмония түрінде көрініс береді. Қызбаның екінші толқыны болуы ауруға тән белгі. Дамуы ауыр, менингитпен, плевра эмпиемасымен, перикардитпен асқынады. Пенициллинмен емдегеннен нәтиже болмайды.

Ауруханаішілік пневмония

Ең жиі өкілдері – фридлендер пневмониясы, анаэробты инфекция, ішек таяқшасы және көкшіл-ірің таяқшасы туғызатын пневмониялар.

Фридлендер пневмониясының қоздырғышы – клебсиела (Фридлендер таяқшасы), иммунитет жетіспеушілігі күйде (қарт адамдарда, маскүнемдерде, қант диабетінде, ұзақ уақыт иммунодепресанттармен емделетін адамдарда) бой көрсетеді. Аурудың некрозды сипаты болатындықтан тез қуыстар пайда болады. Науқас адам аурудың бірінші күнінен бастап тұтқыр, жабысқақ (таңдайға жабысатын) қан аралас сұрғылт-жасыл түсті, от шалған ет иісті қақырық тастайды. Қақырықта капсуласы бар грам теріс таяқша болады. Клиникасы жағынан крупозды пневмонияны еске түсіреді. Рентгенологиялық тексергенде өкпенің жоғарғы бөлігінде құйылма пневмония көрінеді, кейін өте тез іріңдік (абсцес) қалыптасады. Даму барысы ауыр.

Анаэробты инфекция тудыратын пневмониялар (аспирациялық пневмониялар) әлсіреген адамдарда жұтыну бұзылғанда немесе ауыз-жұтқыншақ ішіндегі тамақ бөлшектері аспирация болғанда дамиды. Аспирацияланған бактериялар жоғары бөліктің артқы сегменттеріне және төменгі бөліктердің жоғарғы сегменттеріне енеді. Сондықтан ауру осы жерлердің пневмониясы немесе абсцесі болып көрініс береді. Қақырықта анаэробтардың (пептострептококтер, фузобактериялар, бактероидтар, анаэробты стрептококтер, актиномицеттер, бифидобактериялар) көп мөлшері табылады.

Ішек таяқшасы тудыратын пневмониялар асқазан-ішек жолының және несеп-жыныс жүйесінің ауруларымен ауыратын және несеп пен нәжісті ұстай алмайтын науқастарда кездеседі. Өкпенің төменгі бөліктері зақымданады. Жиі плевра эмпиемасы бой көрсетеді. Қақырықта ішек таяқшасы анықталады.

Көкшіл-ірің таяқшасы тудыратын пневмония ауыр, жүдеп титықтаған науқастарда (лейкоз, АИЖВ-инфекциясында т.б.) кездеседі. Аурудың даму барысы жедел және ауыр, инфильтрацияның тез тарауы, плеврит пен іріңдеудің қосылуы тән.

Иммунитет жетіспеушілігі күйінде дамитын пневмониялар

Пневмонияның бұл тобы әр түрлі жағдайда (лейкоздар, агранулоцитоз), оның ішінде туа болатын иммунитет жетіспеушілігінде және адамның иммунитет жетіспеушілігінің вирусты инфекциясында, ятрогендік иммуносупрессияда туындайды. Бұл топқа жататын науқас адамдарды шартты түрде иммунитет жетіспеушілігімен қатар нейтропения болатын және нейтропения болмайтын деп екі топқа бөледі.

Бірінші топта пневмонияға қоса нейтропения байқалады, көбіне грам теріс бактериялар (ішек таяқшасы, клебсиела, көкшіл-ірің таяқша) себеп болады. Нейтропениялы пневмония клиникасының басты ерекшелігі – инфекцияның дүлей дамуы. Нейтропения пневмонияның клиникалық белгілерінің дамуына мүмкіндік бермейді: жөтел, өкпедегі сырылдар бірнеше рет сирек кездеседі. Жиі аурудың жалғыз белгісі қызба болады. Бұл адамдарда өкпе зақымдануының жоққа жақын күйінде өкпеден тыс жалпы белгілер (жүдеу, субфебрилитет т.б.) көрініс береді.

Иммунитет жетіспеушілігі бар, бірақ нейтропения жоқ күйде кездесетін пневмонияны жиі грам оң бактериялар, клеткаішілік микроорганизмдер, вирустар, саңырауқұлақтар, қарапайымдар тудырады.